Алыптар туралы ертегі
Ертеде ағайынды үш жігіт болыпты. Орталарында жалғыз өгізі бар екен. Өгіздің алыптығы сондай, үш ағайындының үлкені оның басын, ортаншысы белін, кішісі артын күзетеді екен. Бұлардың аралары, яғни ағайындылардың бір-бірінен арақашықтығы түстік жер. Бір күні өгізі шөлдеген соң үш жігіт оны о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін айдын көлге суаруға алып барады. Шөлдеген өгіз көлдің суын тауысуға тақаған тұста, айдынның түпсіз тереңінде шөгіп жатқан алып жайын ашуланып, өгізді жұтып жіберіпті. Сол мезетте алапат дауыл тұрып, аспандай ұшып жеткен қарақұс көлдің табанында қайраңдап қалған балықты іліп алып, шырқау көкке көтеріліп жоқ болады...
Екінші бір жерде қойшы жігіт биік таудың бөктерінде қойын жайып жүрсе керек. Содан нөсер жаңбыр құйып кетіп, сасқалақтаған шопан қой бастар үлкен серкенің бауырына тығылады. Жоғарыдағы алып қарақұс аузына тістеген балықты жәукемдеу үшін өте биік шыңның ұшар басына барып қонып, балықты ішіндегі өгізімен қоса боршалайды. Құс қонған биік тау қойшы тығылған серке мүйізінің ұшы екен.
Содан әлгі серкенің бауырына тығылған жігіт «аспан ашылды ма екен» деп, көкке қарай бергенде көзіне ұсақ қиқым түсіп кетіпті. Ол қиқым манағы алып өгіздің жауырыны екен. Қойшы көзін уқалап, «қиқымды» бір тамшы жаспен далаға шығарып тастайды. Қызық болғанда қойшының көзінен аққан тамшы жас үлкен көлге айналып, мұз болып қатып, оған әлгі серке жүре алмай тайып жығылып мертігіпті. Қойшы болса қалған қойын айдап өз жөніне кетеді. Осы оқиғадан кейін:
«Қойшы қойын келеді,
тауға жайып,
Көк серкесі қалыпты
мұзға тайып,
Көздің жасын бір тамшы
ағызғанда,
Қу жауырын ақырда
болды ғайып» – дейтін өлең қалған деседі.
Содан жаз болып, шілденің ыстығы көтерілген заматта, қырық тоғанағы бар керуен жолға шығады. Олар ыстықта жүре алмай түнгі салқынмен жүріп отырады. Кенет тап-тақыр жазық жерде үлкен тау пайда болып, бұған таңданған 40 керуенші түйелерін шөгеріп, таңның атуын күтеді. Таң рауандаған тұста қатты жер сілкініп, барлығы ұйқысынан шошып оянады. Қараса, олардың тау деп тоқтағаны ана қойшының көзінен ағып түскен өгіздің жауырыны екен де, оның басын түлкінің күшігі дірілдетіп кеміріп жатыр. Оны керуеншілер жер сілкінді деп ойлаған.
Содан барлығы қаптап жүріп түлкіні соғып алады. Оның үстіне қараған бөлігінің терісін сыпырғанда, әр адамға бір ішік, бір тымақ үлес тиеді. Терінің астыңғы бөлігін алуға әрекет еткенімен барлығы жабылып, түлкіні аудара алмай, ақыры қояды. Бұлар осылай әлектеніп жатқанда, қолында көтерген жас баласы бар бір әйел келіп, өлген түлкіні бір саусағымен аударады да, жарты терісін сыпырып алып, баласының басына өлшеп көрсе, ол жарты шекесіне де жетпейді. Әйел айтады:
– Сіздер алған терілеріңізді маған беріңіздер, мен балама тымақ тігіп берейін. Ертең ол қырқынан шығуы тиіс еді, соның тойы, барлығыңыз үйге жүріңіздер, – дейді. Бұл әйел манағы қойшының қатыны екен.
Сұрақ: Осы алыптардың қайсысы үлкен?
Бұл ертегі-жұмбақ ғұлама ғалым Ағжан Машанидың (Машанов) 1970 жылы жарық көрген «Әл-Фараби» атты еңбегінен алынып отыр. Ғалым атамыз аталмыш жұмбақтың жауабын Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз өзі шешкен депті. Яғни, осындағы алыптар – өгіз, жайын (балық), қарақұс, серке, Шопан ата, түлкі, әйел. Бұлардың бәрі ежелгі жұлдыз аттары. Нақтырақ айтқанда, алып жұлдыздар. Өгіздің ашығып шөлдеуі – су азайған қыстың басы. Өгізді құстың көкке көтеріп әкетуі – қыстың ортасы, яғни Үркердің көтерілуі. Өгіз, серке, самұрық үшеуінің бір жерге түйісуі – жылдың тоғыс амалы, нақтырақ айтқанда Наурыз. Өгіздің жерге түскен жауырыны – Үркердің жерге құлауы. Яғни, үркер-жауырын 40 жолаушының астына төселуі, үркер көктен көрінбейтін 40 күн шілде. Шілдеден кейін шөп шабу, егін орағы сияқты қарбалас басталады. Бұл қарабалас – түлкі терісінің сыпырылуы екен.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»