Жақында Мексикада Латын Америкасы елдері басшыларының басқосуында күтпеген жағдай болды: Венесуэла және Колумбия президенттері Уго Чавес пен Альбаро Урибе сөзге келіп қалды. Сонда жұрт бұл екеуі айқайының тіпті осы басқосудың жұмысына салқыны тиер ме екен деп сескенген.
Әрине, айтысқан жақтар өздерінікін құп көреді. Сол “сөз соғысынан” кейін әр жақтың ресми өкілдері өз басшыларының әрекеттерін түсіндіріп, екінші жақты айыптағаны бар. Әдетте мұндайда өз басшысының арсын-гүрсін сөздері мен шәлкем-шалыс әрекеттеріне түсіндірме беріп үйренген Венесуэла жағы бұрынырақ қимылдады.
Олардың пікірінше, дауды бастаған Колумбия президенті Урибе. Ол Венесуэла тарапынан колумбиялық компанияларға жасалып отырған саясатты АҚШ-тың Кубаға жасаған қоршауына теңепті. Сонда Чавес өз мінезіне сай шарт кетіп, өзі билік басына келген 1999 жылдан кейін екі ел арасындағы тауар айналымы сегіз есе өскенін айтады. Сонда Урибе дөрекі түрде оның сөзін бөлмек болған екен, Чавес оған ескерту жасап, өз сөзін аяқтауға мүмкіндік беруді өтініпті. Бұл – венесуэлалықтардың айтатыны.
Колумбиялықтардың пікірі өзгешелеу. Урибенің баспасөз хатшысы Маурисио Веласкестің айтуынша, осынау кикілжің бастамашысы Уго Чавес болған. Ол жұрт көзінше Колумбия президентіне 300 жалдамалы баскесерді Венесуэлаға өзіне қастандық жасау мақсатымен жасырын жібердің деген айып тағады. Оған Урибе байқап сөйлесейші, алдымен өзіңді сыйлаған жөн ғой дегенді айтса керек. Сонда Чавес тағы тулайды, тіпті жүріп жатқан жиыннан кетіп қаламын деп қорқытады. Сонда Урибе: “Еркекше бетпе-бет сөйлесейік, әйтпесе сіз кейде сырттай біреуді жамандағанды жақсы көресіз”, депті.
Солай десе де, Веласкестің пікірінше, бұл соншалықты мән бере қоятын, тіпті басшылардың басқосуына ықпал ете қойғандай дау-дамай емес. Бірақ басқалардың айтуына қарағанда, екі президенттің сөз қағыстыруы тым тереңдеп кеткені соншалық, оларды тоқтатуға Куба басшысы Рауль Кастро араласыпты. Әдетіне басып, Чавес айқайлап кетіп, өзінің колумбиялық әріптесіне “құрып кетші” дегенге дейін барған сияқты.
Бұл екі ел басшылары біраздан бері дүрдараз. Оның да өзіндік себебі бар. Колумбия өзінің әскери базаларын АҚШ-тың пайдалануына рұқсат еткен. Оны Венесуэла өзіне қарсы әрекет деп бағалап, тіпті соғыс ашамыз деп доқ та көрсеткен. Содан былтырдан бері екі ел арасы салқын. Реті келгенде бұл елдің басшылары бір-бірін тістеп қалады. Көбіне Уго Чавес қапы жібермейді. Бір жағы мұнайы көптеу де, одан түскен қыруар қаржыға қару-жарақ сатып алып, көршілеріне қоқаңдайтыны бар.
Бұл екі ел соғыса қоймасын. Соғыса қойғанда, қару-жарағы баршылық, дегенмен, 26,3 миллион халқы бар Венесуэланың 45 миллион халқы бар және айтарлықтай әлеуетті одақтастары бар Колумбияны жеңе қоюы екіталай. Ал оның үстіне Уго Чавестің мұндай дарақылықтан беделі көтеріле қоймасы да анық. Ол бұрын да осындай жосықсыз әрекеттерімен сиықсыз болып жүрген. Осыдан үш жыл бұрын Испания королі Хуан Карлос 1-мен дауласып, ақыры монархтың “Аузыңды жапшы” деген сөзін естіп, масқара болғаны бар.
Әрине, басшы да пенде, оның да тозатын жүйкесі бар, оған да адами қасиеттер тән. Бірақ жүктелген жауапкершілік ерекше. Содан да ол қашан да аңдап сөйлеуге тиіс. Өзінің басшысының орынсыз әрекеттерінен зардап шегіп жатқан елдер де бар.
РУ-ТАЙПА БОЛЫП АТТАРЫН БӘЙГЕГЕ ҚОСПАҚ
Қырғыз ағайындар қызық: екіге бөлініп, айтысып жатады. Кейде ол асқынса, аяғы революцияға ұласып кетеді. Біреуі билікке жетсе, оған оппозиция дайын. Бұрын көбіне оңтүстік және солтүстік деп бөлінер еді. Енді ру-тайпа болып бөлінуді ұсынып жатқандар бар.
Халықты бөліп, сол бөлінгендерді бір-біріне қарсы қойып, сонда әлсіреген халықты жеңу де, билеу де оңай. Бұрыннан солай. Соған бір мысал осы қырғыз елінің өзі.
Парламентті, нақтырақ айтқанда, оның бір палатасын ру-тайпа өкілдерінен жасақтау туралы ұсыныс айтылғаннан кейін-ақ бұл елде ақпарат құралдарында оны қолдаған да, сынаған да пікір айтыла бастады. Осыған орай біраз фактілер алға тосылды. Бұл елде жетекші сары бағыш, ичкілік, бұғы, мұндыз, саяқ, адыгене, тағы басқа рулар бар екен. Кешегі Кеңес өкіметінің басшылары осы рулардың өкілдерін республика басшылығына кезекпен қойып, бір жағы елдегі тепе-теңдікті ұстап отырса, екінші жағынан рулардың жігін ажыратып, халықты бөліп отырыпты. Одақтас республикалар пайда болғанда, ел компартиясының бірінші хатшысына ичкілік Ысқақ Раззақов сайланса, екінші кезекте сары бағыш Тұрдахын Үсібалиев тізгін ұстапты. Одан кейін билікке ичкілік Әбсамат Масалиев келеді. Соңғы буын жақсы танитын Асқар Ақаев сары бағыш екен. Одан билікті ичкілік Құрманбек Бакиев алып отыр.
Жұрт рулық-тайпалық құрылымға қайта көшу керек деп ұсыныс айтып жатқанда, біршама ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, ол бүгінде де жүзеге асып жатқандай екен. Президент Қ.Бакиевтің руластары Молдамұса Қонғантиев – ІІМ басшысы, Елмырза Сатыбалдиев – қорғаныс, қауіпсіздік жөніндегі кеңесші, Тәжіхан Қалымбетов – вице-премьер, Ысқақ Масалиев – парламент депутаты. Бірақ өкімет басшысы, парламент спикері, басқа да көптеген министрлік қызметтер барлығын еске алсақ, бәрін Бакиев жинап алды деуге де келмейтіндей. Оның есесіне сары бағыштар экс-президент Асқар Ақаевтан кейін, қауіпсіздік кеңесінің экс-хатшысы Болат Жанұзақов, ІІМ экс-басшылары Кеңешбек Дюшебаев пен Темірбек Ахматалиевтердің қызметінен қуылғаны бар. Бірақ оны да заңды деуге болғандай: президент кеткен соң, оның шашбауын көтерген бір-екі адамның кетуінде оғаштық жоқ. Бірақ бір күн ғана, 2005 жылғы 24 наурызда ішкі істер министрі болған Кеңешбек Дюшебаевтың өкпесі үлкен. Билік басында сары бағыш отырғанда, оның биліктегі күні ұзағырақ созылар еді.
Сірә, содан болар, ру-тайпалық құрылымды пайдалану ұранын көтеріп жүргендердің бірі сол Дюшебаев. Бұл билікті халыққа жақындатады, дейді ол. Бұл пікірді ұлттық университет оқытушысы Азамат Борончиев те айтады. Оның ойынша, Қырғызстан құқықтық тұйыққа тірелген. Билік үшін күрестің барлық заңдық тәсілі түгесілген. Зайырлы оппозиция да жоқ. Мұндай жағдайда таңдау ру-тайпалық құрылымға түседі. Бұл ұсынысқа қарсылар да жетерлік және олардың уәжі де негізді. Ең алдымен “Демократия және азаматтық қоғам үшін” коалициясы ел басшылығына, парламентке және БАҚ өкілдеріне арнаған үндеуінде мұндай арандатушылық бастамаға түбегейлі соққы беру керектігін айтады. Өйткені, бұл Қырғызстан халқын бөлшектеп, қоғамға рушылдық лаң кіргізеді. Бұл негізінен бұрын билікте болғандардың әрекеті екеніне назар аударады.
Қазақта “Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын” деген ынтымаққа шақырған жақсы сөз бар. Руға бөлініп, ол ресми мәртебеге жеткенде ауылдан да, аймақтан да, елден де береке кетеді. Оны тарих талай дәлелдеген.
Мамадияр ЖАҚЫП.