07 Қыркүйек, 2012

Шаруалар қарақшы-барымташылардан күштірек

284 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шаруалар қарақшы-барымташылардан күштірек

Жұма, 7 қыркүйек 2012 7:28

Мадагаскар арал-мемлекеті – экзотикалық сипаты бар ел. Кейде қала мен ауылының арасы қосылып жатады. Қалада да мал – тіршілік көзі. Енді сол малға қатысты қақтығыстар жиі кезігеді. Тіпті ол адам өліміне де апарып соқтырады.

 

Жұма, 7 қыркүйек 2012 7:28

Мадагаскар арал-мемлекеті – экзотикалық сипаты бар ел. Кейде қала мен ауылының арасы қосылып жатады. Қалада да мал – тіршілік көзі. Енді сол малға қатысты қақтығыстар жиі кезігеді. Тіпті ол адам өліміне де апарып соқтырады.

Жақында, нақтырақ айтқанда, осы қыркүйектің алғашқы күні елдің оңтүстік-шығысындағы Бетрука қаласына жүзге тарта қарулы қарақшы-барымташылар шабуыл жасап, тұрғындардың мыңға тарта сиырын, ол зебу деп аталады, айдап кетеді. Бұл оқиға дереу полицияға да хабарланады. Полиция тіпті авиацияны пайдаланып, барымташылардың ізіне түседі. Бірақ олар бір қырғынның алдын алуға үлгермейді. Қырғын дегенде, қарулы қарақшылардың жергілікті халыққа жасаған зұ­лымдығы емес, керісінше, ашын­ған шаруалар барымташыларды қырып салыпты. Таспен, балтамен, найзамен қаруланған шаруалар бір түнде-ақ 67 қарақшының көзін жояды. Ал олардың өз араларынан тек 12 адам ғана жараланыпты.
Мұндай оқиғаның жалғасы болатыны белгілі. Қисынға сал­ғанда, қарақшылар кек қайтаруы тиіс. Соны ескерген полицияның жергілікті жасағы ауыл, қала маңдарын қорғауға алады. Бірақ тағы да күтпеген жағдай болады. Әбден ашынған шаруалар тағы да шабуылға шығып, барымташыларды тұрақтарына дейін індете қуып барып, олардың 27 адамын өлтіріп қайтады. Енді полиция шаруалардан қарақшы-барымташыларды қорғауға мәж­бүр болады.
Әрине, мұны саяси оқиғалар­дың қатарына жатқызуға бола қоймас. Сөйтсе де, қарақшы-ба­рымташы болса да, 90 адамның өлтірілуі назар аударарлық жағ­дай. Халық қиянатқа, қылмысқа қарсы бас көтеріп, өздерін өздері қорғауға шешімді қадам жасаған. Оның үстіне, бұл елдегі қалып­тасқан өмір салтына өзгеріс ене бастағанын аңғартады екен. Зебу сиыры – бұл елдегі қасиетті мал. Сөйтсе де оның сүтін ішіп, етін жеуге болады. Ал барымта­шы­лық – белгілі дәрежедегі табыс көзі, сонымен бірге жастардың өздерінің «есейгендерін» көрсе­теді, қылмысты дүниеге жолдама да береді екен.
Мадагаскар шаруаларының қарақшы-барымташыларға қарсы белсенді әрекетке көшуі елдегі қалыптасқан жағдайды өзгертер, енді барымташылар аяғын бай­қап басады дейсің. Бұған дейін сол барымташылар түрлі қару­лар­мен жарақтанып, тіпті полицияны, лауазымды адамдарды сатып алып, еркін қимылдапты. Сірә, шаруа халықтың өз күште­ріне сенімі енді қарақшы-барым­ташылардың басынуына жол бермес.
Басқа елдегі жағдайды айт­қан­да, әркез өз елің есте тұрады. Қарақшы, барымташы деп си­паттамағанмен, бізде де мал ұр­лайтындар, биылғы жылы оларға шөп ұрлайтындар да қосылыпты, тапа-тал түсте көлікпен келіп жұрттың малын, басқадай дүни­е­сін тартып алып кететін көрінеді. Мұндай фактілер айтылып, жазылып жатыр. Олар әбден басын­ған. Соларға қарсы халықтың өзін көтерсе дейсің. Мадагас­кар­дағыдай қырып салмағанмен, ұр­лықпен оңай олжа іздегендердің адымын аштырмайтын әрекеттер керек-ақ.

Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар