Қазақстан • 30 Наурыз, 2019

«БАЛА ДАУЫСЫ»: Алматы қаласының ең үздік дауысы анықталды

1859 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жыл сайын жас өрендердің басын қосатын «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауының төртінші маусымы Алматы қаласындағы Оқушылар сарайынан бастау алды. Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» Қорының бірегей жобасы болып саналатын еліміздегі ең ауқымды балалар ән байқауы осы жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.

«БАЛА ДАУЫСЫ»: Алматы қаласының ең үздік дауысы анықталды

Байқаудың негізгі мақсаты – музыкалық және шығармашылық дарыны бар балаларды анықтау және қолдау көрсету, олардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға және болашақта талап-қабілеттерін дамытуға көмектесу. Байқаудың бірінші маусымынан бастап балабақша мен мектептерге кеңінен тарап кеткен 56 жаңа ән жазылды, іріктеу кезеңдеріне 20 156 бала қатысып, телевизиялық эфирлерде 12 концерттік шоу, 24 күнделік, 128 бейнероликтер көрсетілді. «Бала дауысының» көптеген түлектері қазіргі таңда «Жандану әлемі» Қорының қолдауымен музыкалық мектептер мен колледждерде тәлім алуда. Байқаудың іріктеу кезеңдерінің еліміздің барлық өңірлерінде өтуі «Бала дауысының» бірегейлігі болып табылады.

Алматы қаласының әнші балалары асыға күткен байқаудың биылғы іріктеу сынына жастардың сүйікті әншісі Әли Оқапов пен заманауи музыка сарапшысы, әнші Фарида Ниязова тәлімгерлік жасады. Биылғы байқаудың іріктеу кезеңінің сынына Алматы қаласынан 600-ден астам бала қатысты. Таудай талаппен келген әр бала өзінше дарынды да. «Бала дауысы» ұлттық ән байқауының ұйымдастырушысы Толғанай Хасенованың айтуынша, биылғы байқау жаңа форматта өтеді. Бақ сынайтын балаға да, бәйгеге баптап қосқан ата-анаға да қобалжудың қажеті жоқ – байқау ашық әрі әділ жүргізіледі. Басты шарт – осы. Іріктеу сынында әр бала өзінің вокалдық қабілетін көрсететін және қалаған тілдегі үш әнді шырқады. Жалпы шығармашылық топ 29 наурыз бен 22 мамыр аралығында 8 және 12 жас аралығындағы нағыз таланттарды таңдайды.

«Бала дауысы» сияқты республикалық деңгейдегі ән байқауының болуы кішкентай өрендер үшін маңызды әрі қажетті. Себебі болашақта музыка бағытын таңдайтын бүлдіршін бала күнінен тәжірибе жинақтап, түрлі дайындық сатыларынан өтеді. Мұндай жобалардың түйіні – танымалдылық. Кішкентай әншілер дегенімізбен, бұл – шығармашылық, бұл – музыка, бұл –  өнер. «Бала дауысы» жобасына биыл үшінші жыл тәлімгерлік жасап отырмын. Өткен жылдары Орал және Қызылорда қалаларындағы байқауда тәлімгер болғанмын. Бұдан бөлек «Голос – дети Казахстана» жобасында да қазылық жасаған болатынмын. Сол себепті қабілетті баланың дауысын танып, өнерін бағалауда тәжірибем бар деп ойлаймын. Әрине, біз үшін баланың дауыс қуаттылығы, орындау шеберлігі, жалпы вокалдық қабілеті басты мәселе, дегенмен бұдан бөлек баланың көрерменнің көзайымына айнала алатындай сүйкімділігі де болуы керек. Мыңның, миллионның жүрегін жаулап алу оңай емес, жасына қарамастан әншінің сахнаға деген іңкәрлігі, ән салуға құштарлығы, жігері, әдемі қимыл-қозғалысы, артистизм, осының бәрі де бойынан көрініп тұруы тиіс. Әр баланың тек өзіне тән қайталанбас ерекшелігі болады. Біздің міндет – сол ерекшелікті тану», дейді тәлімгер Әли Оқапов.

Таңғы 9-дан кешкі 7-ге дейін тапжылмай отырып, талапкерлер арасынан үздік дауыстың иесін тану Әли мен Фаридаға оңайға соққан жоқ. Күн ұзақ жүргізілген кастинг нәтижесінде Алматы қаласының ең үздік  әншісі деп 10 жастағы Мирас Максимов танылды. Жобаның ақтық сынына Алматы қаласының атынан жолдама алған ол еліміздің барлық облыс орталықтары және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан жүйрік шыққан 17 ең үздік баланың қатарында байқаудың супер-мәресінде ән шырқайды. Мирасқа таңдау білдірген Ә.Оқапов оның болашақта отандық сахнаның лайықты мақтанышы болатынына сенім білдірді. Ақтық сында бүлдіршіндерді әділ-қазылар құрамына кіретін қазақ эстрадасының әйгілі жұлдыздары, танымал продюсерлер мен хореографтар күтеді. Іріктеуге келген әрбір бала естелік сыйлықтар мен дипломдарға ие болып, байқаудың күнделіктері түсіріліміне қатысады. Балалардың ата-аналары мен тәлімгерлері де шетте қалмайды, олардың қалауымен балдырғандардың шығармашылығын дамыту бойынша шеберлік сағаттары және бала психологиясы мәселелері бойынша кеңестер өткізіледі.

         Күз айында өз өңірінде үздік деп танылған еліміздің ең мықты 17 дауысы «Жұлдызды арман үйінде», Алатаудың баурайында орналасқан «Бөбек»  ұлттық орталығында бас қосады. Мұнда жеңімпаз балаларды күнделікті кәсіби музыканттар, хореографтар, стилистер байқаудың ақтық сынына, телевизиялық түсірілімдерге  дайындайды.

         24-26 қазан аралығында Алматы қаласының Республика сарайында өтетін «Бала дауысының» супер-мәресінде байқау аясында жазылған жаңа әндер шырқалып, «Балалық шақтың мейірімді ғаламшары» атты спектакль-мюзиклдің тұсаукесері өтеді. Көрермендер ақтық сынға дейін жеткен өнерлі балалардың қатысуымен өтетін қайталанбас шоудың куәгері бола алады. Байқаудың барлық ақтық кезеңдерін кәсіби қазылар алқасы және онлайн-дауыс беру арқылы телекөрермендер бағалайды.

         Барлық қатысушылар арнайы сыйлықпен марапатталып, ең үздік деп танылған дауыс иесі еліміздің таңдаулы музыкалық білім ордасында оқуға  мемлекеттік грант және Париждегі ертегі әлемі Диснейлэндке саяхат жасауға жолдама алады.

Алматы