Руханият • 01 Сәуір, 2019

Арғынбек Ахметбекұлы: Ахат ағам әкесін ақтауға бүкіл өмірін арнады

922 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бүгінде жасы сексеннен асқан абыз қария, абайтанушы, композитор Арғынбек Ахметбекұлы Абайдың 45 өлеңіне, Шәкәрімнің 2 өлеңіне ән шығарған, оның жиыны 65 ән-романсы бар. Арғынбек Ахметжанов 1959 жылдың 9 қаңтарында Алматыдағы республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің үшінші бетінен Шәкәрімнің суреті мен өлеңдерін тұңғыш рет көреді. Келесі жылдың қысында, Абай ауданына Шәкәрімнің баласы Ахат аға келеді.

Арғынбек Ахметбекұлы: Ахат ағам әкесін ақтауға  бүкіл өмірін арнады


– 1959 жылдың 1 сәуірінде Абай аудандық комсомол комитетінің екінші секретары болып сайландым. Соған байланысты отбасыммен Қарауылға көшіп келдім, – деп бас­тады әңгімесін Ар­ғынбек аға. – Елге сол кездері жиі келе бастаған Ахат ағамен алғаш көрісіп, танысқаным әлі жадымда. Сол сәтте ағамызбен кез­десіп, Шәкәрім туралы не бі­летінімді алдына жайып салып, ақ­тарыла әңгімелестік. Сондағы Ахат ағамның маған «...Жап-жас болып, осыншама ойлы өлеңдерге қалай құмар болып жүрсің...?» деп жылы лебізін білдіргені есімнен кетпейді. Әрі менің әндерді нотаға түсіре алатын қабілетімді  байқап қалып, тіпті жақын тартып кетті. Ахат ағамның әкесі Шәкәрімнің ақталып шығудағы жанкешті еңбегінің нәтижесін көре алмағаны өкінішті-ақ.

 Арғынбек аға осы жерге келген кезде тоқтап, парлап кеткен көзінің жасын сүртті.

– Егер кенже ұлы Ахат ағам болмаса, кейінгі ұрпаққа Шәкәрім шығармалары қаз-қалпында жетпес те еді, – деді сосын Арғынбек аға ойлы жүзбен сөзін жалғап, Шә­кә­рімді ақтау жолында ол әке­сінің 6 ұлынан қалған жалғыз тұяғы ре­тінде бүкіл ғұмырын арнады.

Ахат аға өз басының алғаш 5 жыл­­ға айдалу, сотталу мерзімі біт­­кен 1935 жылдан бастап әке­сін ақтап, мұрасын жинаумен шұғыл­даныпты. 1937 жылы екінші рет сотталып, 1939 жылы ақталып  шық­­қаннан кейін де бұл ісін талмай жүргізген. Кеңес Одағының көсемдеріне бір­неше рет әкесі Шәкәрім­нің жа­зық­сыз екенін дәлелдеп, өтініш-арыз жазады. Соның нәтижесі 1958 жылдың 29 қазанында КСРО Бас прокуратурасының  «В связи с недоказанностью обвинений реабилитировать Шакарима Кудайбердиева» деген шешімі болып табылады. Бұл ше­шім Ахат ағаның Ал­матыдағы «Әуезов көшесі, 77» мекен-жайына жолданған.

Алдымен жоғарыда ай­тылған, Арғынбек аға өмір бақи сақ­тап жү­ретін «Қазақ әдебиетіне» Шәкә­рімнің суретімен сегіз өлеңін бас­тыртып, Шәкәрімді танытуды бас­тайды. Одан кейін 1961 жылдың шілде айының аяғында Абай ауда­нына келіп, Шыңғыстаудың сыр­тындағы құрқұдықта жатқан әке­сінің сүйегін, 30 жылдан кейін қазып алып, Жидебайдағы Абай зиратының жанына жерлеп, жаназасын шығартады. Көптің алдында арулап қою мақсатын жүзеге асыруы – перзенттің асқан ерлігі еді, – дейді күрсінген Арғынбек аға.

– Шәкәрім 1958 жылдың со­ңында ақталды, десек те оған қар­­сы болған­дар­­дың ол кезде көзі тірі емес пе еді?! Олар қалай тыныш отырды? – деген сұ­рақ қой­дық Арғынбек ағаға.

– Ол рас, Мәскеуден жеткен ақталғаны туралы арнайы шешімге қарсы болып дүрліге көтерілген Абзал Қарасартов бастатқан қас­­тандыққа  қатысушылар айылдарын жимады. Бірақ, олардың өз қыл­мыстарын жасыру үшін ойлап тапқан  айқайларын халық керек қылмады. 1960 жылдары Ахат аға ұстаздық еңбек демалысына шық­­қан соң, Жидебайдың басына көшіп келіп, Абай мұражайының шырақшысы болып қызмет еткен еді. Тағы да сақтықпен, ешкімді қасына алмай, әкесінің зиратына силикат кірпіштен сандықша тұрғызды, ескерткіш тақта орнатты. 1976 жылы жасының ұлғайғанына байланысты, Семей қаласына Бә­тіш шешеміз екеуі көшіп келді. Үкімет басшылары қамқор болып, орталықтан екі бөлмелі пәтер бер­ді. Жидебайдағы қызметін енді ол Семейдегі Абай мұра­жайында жал­ғастырды.       

– Арғынбек аға, бүгінде Шә­кәрімді «мен ақта­дым» деп таласушылар көп, осы­ған жалғыз тірі куәгер ретінде не уәж айтасыз?

– Шәкәрімді ақтаудың Ахат ағадан кейінгі әрекеттері мен амал­­дары Абай ауданында толассыз­ жүре бастады. Шешім келген соң, Абзал Қарасартов бастатқан қарсылықтан соң біраз үнсіздік орын алды. Бі­рақ ол ұзаққа бармады. Ел тыныш жатпады. 1962 жылдың сәуір айын­да Абай аудандық партия комитетінің  бірінші басшысы болып Кәрім Нұрбаев ағамыз келген. Сол жылдың қинуар (қаңтар дегені) айынан мен Семей облыс­тық комсомол комитетінің нұсқау­шы­­сы қызметінде болдым. Кәрім аға­мыз Семейге келісімен Абай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызметімді жалғастыруымды ұсынды. Оған келістім, сөйтіп 25 мамыр күні пленумда бірінші хатшы болып сайландым. Ауданның жаңа басшысы Кәрім Нұрбаев Шәкәрімге қатысты істі облыс, республика басшыларының алдына қойып, аудан жұртшылығының тілек-талаптарын орындауға кірісті. Ел азаматтарымен ақылдаса отырып, арнайы комиссия құрып, оның жос­парлы түрде жұмыс істеуін ұйғарды. Комиссия 1962 жылдың тамыз айында құрылып, жұмыс істеуін бастады.

– Комиссияда сізбен бірге бол­ған басқа алты адам кімдер, осыларды нақты ай­тып беріңізші.

– Шәкәрімді ақтауға қатысқан жиыны 7 адамнан тұратын комис­сияның құрамында мына адамдар болды. Сақтай Биғозин – ма­мандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Сол жылы Абай аудандық партия комитетінің идео­логия жөніндегі хатшысы болатын. Мінезге байыпты Сақтай аға­мыздың сол жылдарда жасы отыз­дың ішінде еді. Комиссияның төрағасы болып Сәкең тағайын­далды. Бәтташ Сыдықов – аудан­ орталығы Қарауылдың іргесіндегі Абай колхозы төрағасының саяси-тәрбие жөніндегі орынбасары. Үшінші адам Кәмен Оразалин – бірнеше кітабы жарық көр­ген, Жазушылар одағының мүшесі, Ұлы Отан со­ғысына қатысып, майдандастары туралы жазған «Жексен» повесі бар. Кәмен ағамыздың да жас мөлшері 40 жасты еркін орап ал­ған кез. Балтақай Толғанбаев – елдің, жердің жайын жетік білетін, шежірелі қарт. Мұхтар Әуезов­тің қадірменді досы. Сол жылдары жасы да 60-тың жуан ішінде деу­ге болады. Әсемхан Слямханов Абай аудандық партия комитеті партия кабинетінің меңгерушісі болып қызмет істейтін. Мінезі аса биязы, ашық өңді, аса ұқыпты адам еді. Дінсіләм Жанұзақов – Абай ауда­н­дық партия комитетінің нұс­қаушы қызметін атқарды. Аса білімді, мә­дениетті, жібек мінезді, іс­кер аза­­­мат еді. Жетінші адам  мен  өзім бас­тауыш мектептің және ән-күй пәнінің мұғалімімін, Семей педагогика институтының орыс тілі және орыс әдебиеті факультетінің үшін­ші курсында сырттай оқимын. Бұл 1962-1963 жылдардағы оқиға.

– Мамандықтары мен қыз­мет­теріне қарасақ, бұлардың басым көп­шілігі, яғни бесеуі әде­биет­шілер мен қазақ тілі пәнінің мұғалімдері екен.

– Комис­сия­дағылардың ең кі­ші­сі мен, жасым 26-27-ге келген, қолымдағы өзім­ше тырбанып жи­наған Шәкәрім мұ­ра­сының көшір­мелері де әжеп­тәуір еді. Ко­миссия төрт ай ішін­де Шәкәрім туралы үш жүздей адаммен әңгімелесіп, көзіқарақты отыздан артық адамнан түсінік жинап, қағазға түсіріп, аудандық пар­тия комитетінің кабинет мең­герушісі Әсемхан ағамызға тапсырып отырдық. Ол кісі Абай аудан­дық советі атқару комитеті мен аудандық партия комитетінің төрт-бес машинкасына біздің әкеп тапсырған қағаздарымызды редакциялап, бастырып отырды.

Арғынбек ағаның айтуынша, Абай ауданындағы Құндызды ауы­лының тұрғыны Айғанша Базар­баева Шәкәрім­нің үлгісімен тымақ тігуді, сырмақ ою мен киім тігуді меңгеріп алады. Мы­са­лы, Шәкәрім үлгісі бойынша тымақты төрт өзек­ті, құлақтары ықшам, жағаға ти­­мей­тіндей етіп тігетін болыпты. Бұл өнерпаз апамыз 40 жыл­дан астам уақыт бойы осы өнерін жал­ғас­тырған екен. Сол жылдары жасы 72-дегі Рахым Жандыбаев есімді зерделі ақ­са­қалдың қызықты әңгімелерін қағазға түсі­ріп жазып алған едім, – дейді Арғынбек аға.

– Бұл арада Ахат аға айтып отыратын тағы бір әңгіме ойыма оралып тұрғаны, – деді Арғынбек аға алысқа көз тігіп, сол 1960 жыл­дардың ба­сын­да елге келген Ахат ағаны құр­бы-досы, Қасқа­бұлақ­тың тұр­ғыны Үбіғали Ақы­наев үйіне қо­наққа шақырып, сый-сия­пат көр­сетеді. Үбіғалидың 1937 жылдары отасқан жұбайы Са­ғи­ла не­гізінде Ахат ағаның ал­ғаш­қы махаббатпен қо­сылған тұңғыш жұбайы еді. Екеуі кездес­кенде Үбіғали: «...Мына сандық­тың ішіндегі асылын мен алып, өзі бос қалды. Аламын десең өзіңе қай­­тарайын», депті қалжыңдап. «Сан­дық» деп Сағиланы айтқаны. Үбіғали ағамыздың үйіндегі Сағила шешеміздің қолынан сан жылдар дәм татып, әңгімесіне тәнті болған жастардың бірі мен едім. Сағила шешеміз, Шәкәрімдей атасына сан рет өзінің көрсеткен үлгісімен та­қия тігіп берген. Шәкәрімнің бізге жеткен суретіндегі тақияны осы Сағила келіні тіккен. Шәкәрім ою оюда, тақия, тымақ, сырмақ тігу, арба жасау, тағы басқа қолөнерге шебер адам болған ғой. Сағила бірақ, 1937 жылы Ахат аға ұсталып кеткен соң, Үбіғалиға тұрмысқа шығып, аман қалады. Сөйтіп жүріп, атасы Шәкәрім мұрасына, өнеріне қатысты көп дүниені сары алтын­дай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізіп кетеді. Ал Ахат ағам Бәтіш шешейге үйленген.

– Арғынбек аға, заманында сол ко­мис­сияның ең жас  мүшесі ре­тінде қан­дай істердің басын қа­йырдым, бүгінгі ұрпаққа қан­дай дүниелерді жет­кіздім деп есептейсіз?

– Өмірдегі, өнердегі ұстазым Шә­кәрімұлы Ахат Құдайбердиевтің бағыт-бағдары, сілтеген жолы ма­ған шамшырақ болды. Менің жас­тайымнан музыка әлеміне деген әуес­тігім, Абай, Шәкәрім әндерінің халыққа таралуына ықпал етті. Сол 1960 жылдың қысында алғаш рет Ахат ағамен танысқанға дейін,  1954 жылы Абай өлеңіне жазған «Тоты құс түсті көбелек» және «Шың­­ғыстау» ат­ты  әндерім 1957 жы­лы «Наши песни» деп аталатын Семей облысы компо­зиторларының жинағына енді. Ел ішінде бұл әндерім кеңінен таралып, сазгерлік өнеріммен әйгілі болдым. Ахат аға нота білетін сауатымды байқап, соны әрі қарай дамытуды қалады.

Жоғарыда айтылған комис­сияның да тапсырмасы осы талабыма сай өрбіді. Ол уақыттарда әншілердің айтқандарын жазып алатын магнитафон қолымызда жоқ. Тек әндердің сөздерін ғана жазып алуға мүмкіндігіміз болды. Ал бізге айтып берген әншінің дауысынан әндерді нотаға түсіру қиынның қиыны ғой. Небәрі 3-4 айдың ішін­де оның бәріне қалай үлгере аласың?               Комиссияның тапсырмасы бойынша халық ақыны Шәкір Әбенов, Қабыш Кәрім­құлов және тағы басқалар Шәкәрім әндерін  жинақтап, қағаз бетіне түсіруіме мүмкіндік жасады. Өзім ауыл қарияларынан соғыс жылдары, жас кезімнен үйреніп алған Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Кетермін, артымда сөз, әнім қалар» деген әнін толықтай тапсырдым.               Бұл арада 15 жасынан Шәкәрім әндерін айтатын Қабыш Кәрімқұловтың да еңбегі зор болды. Сол жылдары Ал­матыда тұратын Ахат аға­ның тапсыруымен, Құрманғазы атын­дағы Алматы мемлекеттік кон­сер­ваториясының фольк­­­­­лорлық лабораториясының Асқан Серік­баева бастатқан қызметкерлері 1965 жылы Абай ауданы «Бірлік» сов­хозында тұратын Қабышты іздеп тауып, магнит таспасына ол білетін Шәкәрім әндерін жазып алды. Міне, осы жинақта Қабыш Кәрімқұлов орындаған: «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Жаңа ойдан шығарған бір бөлек бұл ән», «Қорқыттың сарыны», «Қорқыт, Қожа Хафиз түсіме енді де», «Анадан алғаш туғанымда», «Сұраған жанға сәлем айт», «Ойладым бір сөз жазайын да», «Мұтылғанның өмірі» сияқты оннан астам ән бар. Біздің комиссия мүшелеріне Қабыш айтып берген әндер де осылар болатын. Шәкәрім дүниеден озғанда құрқұдықта қал­ған денесіне шырақшы болып, тастан белгі қойып, Ахат ағаға да­ көрсетіп берген осы – Қабыш. Әке­сі Кәрімқұлды және шешесін қай­тыс болғанда осы құр­құдықтың маңына жерлеп, зиратын көте­рген де – осы Қабыш. Ел ішінде «халық жауының» әндерін бар дауысымен ешкімнен қорықпай, неше жыл бойы шырқаған да – осы Қабыш. Ахат аға зейнеткерлік демалысына шыққаннан кейін, Алматыдан Жиде­байға көшіп келген соң, Қа­быш­ты өз жанына көшіріп алады.

Комиссия мүшелерінің төрт ай ішінде істеген жұмыстарының ең бастысы – іздеп тауып, әңгімелескен адамдардың сөздерін қағазға түсі­ріп, қолдарын қойдыру немесе өз­­­дері жазып берген естеліктерді жи­­­­­нақ­тап бастыру болатын. Ал әр сөй­­лескен адамның қолдарындағы Шә­кәрім кітаптарын немесе қисса-дастан, өлең көшірмелерін жинап­ алу міндетімізде болған жоқ, біз ең бастысы Шәкәрімді толық ақ­тау­ға жанталастық.Оның кінәсіз екен­дігін дәлелдеуге тырыс­тық. Ко­миссия мүшелерінің бұл жинақ­таған дүниелері өз қорларын­да да қал­ды.

Сол 1960 жылдан бергі, одан бұрынғы Қасқабұлақтағы үлкен­дердің аманаты менің бүкіл өмірімді билеп алды. Міне, менің комиссия­да жас болсам да атқарған шаруаларым.

Раушан НҰҒМАНБЕК,

«Egemen Qazaqstan»

СЕМЕЙ