Әуел баста 1969 жылы Көкшетау қаласындағы балық зауытының еншілес кәсіпорны ретінде Зеренді көлінің жағасында салынған тұқымбақтың жалпы ауқымы 352 гектар жерді құрайды. Тұқымбақ алғашқы жылдары ақсақа тұқымдас балықтардың 80 миллионға жуық, карп тұқымдас балықтардың 20 миллионға таяу балаңқұрттарын шығаруға мүмкіндігі болған. Солай шығарған да. Тұқымбақтың Арқаның жүздеген көлдерін балаңқұртпен қапысыз қамтамасыз етіп, дәуірлеген кезеңі – 1979-1992 жылдарға сәйкес келеді. Елдегі экономикалық байланыстар үзіліп, балық шаруашылығын дамыту қожыраған 1994-2002 жылдары тұқымбақтың басына қиыншылықтың қара бұлты үйірілді. Дәл осы жылдары балаңқұрт өндіру күрт азайып, тұқымбақтағы аса қажетті құрылғылар талан-таражға ұшырады. Тұйықтан шығар жол іздеген кезде 2002 жылы «Көкшетау» ұлттық паркіне берілген. 2014 жылдан Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының құзырында.
Бұл арада айта кететін бір жай, ұлттық парктің мәртебесі. Мәселен, тұқымбақ жанына орналасқан Зеренді көлі ұлттық парктің еншісінде. Ал оның мәртебесіне байланысты көлден балық аулауға болмайды. Көл ұлттық паркке берілмей тұрған ілгерідегі жылдары дәл осы жерде 16 балық аулау бригадасы жұмыс істеген еді.
– Негізінде, балықтың ауланғаны дұрыс. Сонда көл суы тазартылады. Балық ауланбағаннан кейін бірте-бірте өлі көлге айналады, – дейді тұқымбақтың басшысы Валерий Пономаренко, – қазір бұл көлде шабақ тектес құнсыз балық қаптап кетті. Ал бұл су айдыны балық өсіруге өте қолайлы, суы таза әрі терең.
Жалғыз Зеренді көлі ғана емес, Бурабай баурайындағы «Бурабай» ұлттық паркіне жататын көлдерде де дәл осындай жағдай қалыптасып отыр. Осы бір қиын түйін түпкілікті шешімін күткелі не заман?! Бірақ өкінішке қарай, бұл жергілікті жерде шешілетін мәселе емес. Ұлттық парктердің жарғысына өзгерту енгізу Үкіметтің ғана құзырында.
Бүгінгі таңда Ақмола облысында әкімдіктің қаулысымен бекітілген балық шаруашылығын дамытуға арналған 524 су айдыны бар. Осы көлдердің 334-і 237 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Балықты бей-берекет ауламай, белгіленген тәртіптің сақталуын қорықшылық қызмет жүзеге асырады. Көкшенің көлдері балықсыз емес, 240 өндірістік бригада балық аулауда. Табиғат пайдаланушылардың құзырына берілген су айдындары да табиғатты қорғау заңдылықтарына сәйкес қадағаланады. 2017 жылы тәртіп бұзған 263 балықшыға әкімшілік хаттама толтырылып, 3 миллион 741 мың теңге айыппұл салынған. Оның 3 миллион 410 мың теңгесі өндіріліп алыныпты.
Өңірдегі көптеген су айдындарына тән мәселе – көлдердің тайыздығы. Тереңдігі 2-2,5 метрді ғана құрайтын көлдерде табиғат пайдаланушылар толық қуатымен жұмыс істей алмай отыр. Арқада қыс қатты. Аязды күндері тайыз көлдер түбіне дейін қатып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, табиғатты пайдаланушылар жиі-жиі мұз ойып, көлге оттегін жіберуге мәжбүр. Міне, осындай қат-қабат шаруаның әсерінен балықтың өзіндік құны да қымбаттап кетеді.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы табиғат пайдаланушылардың иелігіндегі көлдердің жай-күйіне жіті бақылау жасап тұрады. Су айдындарына балаңқұрт жіберу мәселесінде кемшілік жоқ. Мәселен, табиғат пайдаланушылар жоспар бойынша 21 433,2 мың дана балаңқұрт жіберуді межелесе, бұл көзделген көлем 55 555 мың данаға жеткізілген. Яғни, жоспар 259 пайызға орындалған. 2018 жылдың мамыр айында Көкшетау қаласының іргесіндегі Қопа көліне 12 728 кило тасмаңдай, 12912 кило бір жастағы ақ амур балықтары жіберілді. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл балықтар көлді тазалау үшін қажет екен.
Бұған дейін Көкшетау төңірегіндегі су айдындарында ұшыраса қоймайтын тауарлы балық түрлерін Ресейден әкелген. Тұқымбақ негізінен сиговый балықтар мен карп тұқымдас балықтардың балаңқұрттарын алумен айналысады. Мұның ішінде бағалы балық – сиговый.
– Бірақ карп тұқымдас балықтар да қажет, – дейді тұқымбақ директоры Валерий Пономаренко, – тауарлы балық шаруашылығын дамыту үшін түрін де көбейткен ләзім. Әрине, ақсақа тұқымдас балықтар қымбат. Мысалы, Көкшетау қаласының сауда сөрелерінде балықтың бұл түрінің әр келісі орта есеппен 800 теңге тұратын болса, карп тұқымдас балықтардың келісі 500 теңгенің көлемінде. Тұтынушының да сатып алу мүмкіндігін ескеруіміз керек қой.
Балық біткен тұтынушының дастарқанына дәм болып жеткенше толып жатқан қияпат шаруа бар. Балық шаруашылығы 1990 жылдың басынан бастап күрт құлдыраған. Оған себеп алдымен облыс орталығындағы балық зауытының өз жұмысын тоқтатуы. Зауыт тоқтаған соң тұқымбақ та тоз-тоз болып кете жаздапты.
Валерий Григорьевич жарты ғасырда бір рет жөндеу жұмысы жүргізілмеген тұқымбақтың ішін аралап көрсетті. Қажетті құрылғылардың бәрі ескірген. Әйтсе де, лаждап жұмыс істеуде. Өткен жылы 37 миллион балаңқұрт өндіріпті. Биыл да сол деңгейден табылмақ. Қазірдің өзінде Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының табиғат пайдаланушылары балаңқұрттарға тапсырыс беріп жатыр екен.
Әуел баста миллиондап саналатын балаңқұрттардың көптігіне таң қалғанбыз. Бірақ тұқымбақ басшысының айтуына қарағанда, балаңқұрттың бәрі бірдей аман қалмайды екен. Бұл ең алдымен табиғат пайдаланушылар меншіктеп отырған көлдегі судың құрамына, балықтың азығына, жыртқыш балықтардың қанша мөлшерде екеніне байланысты. Кейбір көлдерде елу пайызға дейін аман қалуы мүмкін. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Ал суы тайыз, балдыр басқан көлдерде 20-30 пайызы ғана санатқа қосылмақ. Соның өзінде табиғат пайдаланушылар ұтылмайды. Мәселен, көліне жіберілген бір миллион балаңқұрттың 30 пайызы аман қалғанның өзінде бір жылдан кейін 300 мың келі балық аулануы әбден мүмкін.
Тұқымбақтың құрал-жабдығы тозғаннан кейін аналық балықтарды бағу қиындапты. Қазір карп тұқымдас балықтардың 150 аналығы ғана бар. Бұл арада мынадай бір әдісті де қолданады. Мәселен, табиғат пайдаланушылар аналық балығын тұқымбаққа әкеледі де, уылдырығын тапсырады. Әрине, күні бұрын келісімшарт жасасады. Әдетте келісім бойынша уылдырықтан пайда болатын балаңқұрттың 50 пайызы тұқымбақта қалады да, келесі жартысын табиғат пайдаланушы алады.
Өңірдегі балық шаруашылығына жете мән берілсе, алдымен көл жағалай қонған ауыл тұрғындарына жұмыс болар еді. Екіншіден, табиғат пайдаланушылар тек тауарлы балық өндірумен емес, туризмді дамытуға да айта қаларлықтай септігін тигізер еді. Бұл үшін ең алдымен тұқымбақтың жұмысын жандандыруымыз керек. Тұқымбақ бағалы балық түрлерін көбірек таратса, ел экономикасына да серпін берері даусыз. Бүгінде еліміз бойынша балық шаруашылығы экономиканың 0,5 процентін ғана құрайды. Көрсеткішті жақсарту бағытында жергілікті жерде бар жұмыстың жандануы тұқымбақтың тағдырына байланысты.
– Тұқымбақты жаңғыртудың жаңа жобасы жасалды, – дейді Валерий Григорьевич, – облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшылары да дабыл қағуда.
Арқадағы көп көлді балаңқұртпен қамтамасыз етіп отырған тұқымбақ кадрға зәру. Балықшы, биолог, ихтиолог жетіспейді. Жыл сайын Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінің студенттері тәжірибеден өткенімен, жалақысы аз, дайын пәтері жоқ жерге келіп жұмыс істеуге құлықты емес. Сөз арасында қазір тұқымбақта 22 адамның жұмыс істейтіндігін, олардың жалақысы орташа есеппен 60 мың теңгені құрайтынын айта кетуіміз керек. Инкубация цехтарын жөндеуден өткізіп, қайтадан қалпына келтіру керек. Су айдынына су айдайтын станса, гидроқұрылғы, өндірістік ғимараттар салынып, арнаулы мақсаттағы техникалар сатылып алынса іс ілгері баспақ.
Ең басты мәселе, тұқымбақты жаңа заман талабына жауап бере алатын, әлемнің озық үлгісіндегі қажетті құрылғылармен қамтамасыз ету. Екіншісі, балаңқұрттар өсіп-жетілуге қажетті су айдындарын тазарту. Бәлкім, ұлттық парктердің еншісіндегі Зеренді мен Бурабайдың терең, таза сулы көлдерінде балық аулауға рұқсат беру. Міне, сонда тауарлы балық шаруашылығы бір серпіліп қалар еді.