Үкімет • 02 Сәуір, 2019

ЕЭО мүше мемлекеттер шекарасында 32 ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау пункті орнатылады

682 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ресейдегі алдын ала хабарлау пунктері секілді Қазақстан сәуірден бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен шекараға жақын жерлерде 32 ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау пунктін орнатуда. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров «Ветеринариялық және фитосанитариялық (карантиндік) қауіпсіздік мәселелері туралы» Үкіметі отырысындағы баяндамасында айтты.

ЕЭО мүше мемлекеттер шекарасында 32 ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау пункті орнатылады

«Әрбір бақылау пункті Қазақстанның басқа да қызметтерімен және шекаралас Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің осыған ұқсас қызметтерімен өзара ақпараттық іс-қимыл жасасу үшін техникалық жарақтандырылған. Сондай-ақ әрбір бақылау бекетінде экспресс-талдау жүргізуге арналған жылжымалы зертхана және кері қайтару мүмкін болмаған, ел аумағын залалдау қаупі жоғары болған аса қауіпті жүктерді жоюға арналған қазіргі заманғы пеш (инсениратор) бар», дейді министр.

Оның айтуынша, аталған пункттерде тауарлардың келіп-кетуіне бақылау жүргізу басқа да мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жүргізуін қажет етеді.


Мәселен, шекарашылар мен кеденшілерден тауарлардың шекара арқылы өткені туралы шұғыл ақпаратты бақылау пункттеріне жеткізу, Ішкі істер департаментінің автоинспекторларынан және Көлік комитетінің көліктік бақылау инспекторларынан көлік құралдарын тоқтату және құжаттарын тексеру, қажет болған жағдайда, кері қайтарылатын жүктерді шекараға дейін алып жүру бойынша жәрдем қажет болады.


Бұл тауарлардың импорты мен транзитін тиімді бақылауға, ветеринариялық, фитосанитариялық және тамақ қауіпсіздігі талаптарына, сондай-ақ техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін өнімдерді ел аумағына кіргізуге жол бермеуге мүмкіндік береді.


«Шекарада бақылаудың күшейтілуі аса қауіпті аурулар бойынша елімізді саламатты деп тану мәселелерінде бұған дейін қол жеткізілген жетістіктерді сақтап қалуға және шошқалардың классикалық обасы, құс тұмауы бойынша саламатты екенімізді танытуға көмектеседі. Ал бұл өз кезегінде экспорт географиясын кеңейтуге және қазақстандық өнім экспортының көлемін арттыруға мүмкіндік береді», деді Сапархан Омаров.


Мұндай жұмысты жүргізудің маңызды екеніне барлық бақылау-қадағалау органдары, оның ішінде Бас прокуратура да түсіністікпен қарауы тиіс.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен, қоғамдық бірлестіктермен, халықаралық ұйымдармен ветеринариялық және фитосанитариялық саламаттылықты қамтамасыз ету бойынша бірлесіп жұмыс істеу маңызды.