06 Наурыз, 2010

МАЛМЕН ҒАНА ТІРЛІК ЕТІП ОТЫРҒАН МОҢҒОЛИЯ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ЕНДІГІ КҮНІ НЕ БОЛМАҚ?

1007 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
Моңғол жерінде 50 градустық аяздар болып, нағыз жұт орын алды. Әсіресе, Баян-Өлгий аймағындағы малмен тіршілік етіп, өмір сүріп отырған қазақтардың малдары кырылып қалды. Ішім-жемдері де, күнкөрісі де тек мал­дың еті, сүті, жүні мен терісі арқылы өтеледі. Осылайша малмен ғана тірлік етіп отырған ол жақтағы қазақтардың ендігі күні не болмақ? Халқымыз “Жұт айтып келмейді” деп бекер айтпаған. Биылғы қыс ерекше, халық үшін үл­кен ауыртпалықтарын әкелді. Еліміздің солтүс­тік және шығыс облыстарында қардың қалың түсіп, аязды қыстың ұзаққа созылуы, әсіресе, ауылдық жерлердегі шаруа адамдарына ауыр тиді. Мал жем-шөптен тарықты, орынсыз шығын­дарға жол берілді. Облыс, жергілікті әкім­діктер қолдан келген көмегін беріп, көмір-отын бөлгенімен, алапат қысқа қарсы тұру оңай болмады. Мен жақсы білемін, біздің Жамбыл облысында 1968 және 2005 жылдары қар қалың жауып, шаруа адамдарын қатты састырған. Ол кездері малды ауылдарға қуатты, бронды техникалармен жол ашып, тікұшақпен азық-түлік, жем-шөп жеткізіліп ел-жұртты, малдарды аман алып қалған едік. Шығыс Қазақстанда болған аязда жылы үйде, жақсы қорада отырып біраз шаруашылық ауыртпалық көрді. Ал енді Моңғолиядағы жерлестеріміз 50 градус аязда киіз үйде, қи отынмен жағылатын темір пештің жанында, малы даладағы ашық қоршауда екенін көріп отырмыз. Не деген қиын жағдай. Ол қандастарымыздың біздің елге жаппай көшіп келмеуінің біраз себептері бар. Бірін­шіден, қолдарында біраз малы барлар оны жақ­сы бағасына сата алмай отыр, дүние-мүліктері мен үйлері де өтпейді. Олар соны қимайды. Екіншіден, мұнда келе қалғанда да алаңсыз өмірге тап бола қалатындығына сенімсіз. Өйт­кені, жағдайы болмаған соң бізге келіп, кейін қайтып кеткен қандастарын көріп, болашақ­тарына сенімсіздік танытады. Мәселен, квотасын белгілеу үшін Көші-қон комитетіне бару керек болса, азаматтық алу үшін Ішкі істер министрлігіне, визаға қол жеткізу үшін Сыртқы істер минис­трлігіне, жұмысқа тұру үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, ал балаларын балабақша, мектепке орналастыру үшін Білім және ғылым министрліктерінің табалды­рығын тоздыруға тура келеді. Жаңа өңірге бейім­делу, мемле­кеттік тіл білмейтін шенеуніктерге мә­се­лесін жете түсіндіре білу мәселелері өз алдына. Моңғол елі кейбір елдер сияқты жерлестері­мізді қуып, қудалап жатқан жоқ. Моңғолияның әлеуметтік жағдайы да белгілі. Олар біздің қан­дас­тарымызға көмектеспек тұрмақ жалпы ел үшін Біріккен Ұлттар Ұйымынан көмек сұрап отыр. Ресми түрде өткен аязда Моңғолияда 3-3,5 млн. мал қырылды делінген. Моңғолияның Қазақстандағы елшісінің айтуынша, 5 млн. мал қырылғанның өзінде еліне аса салмақ емес, тек ауыл тұрғындарына ауыртпашылық пен қиындық жағдай тудырып отыр. Ал енді малдары қырылғаннан соң қандастарымыздың ол елде қимайтын ешнәрсесі де қалған жоқ. Жұтқа ұшыраған Моңғолияға көршілес елдер қолұшын беруде. Ресей 13 млн.рубльге 34 вагон, Қытай 1,5 млн.долларға мал азығын жөнелтті. Ал біздің еліміздің көмегі сол бол­сын, Моңғолиядағы қандастарымызды елімізге алып келсек, сол үлкен көмек болар еді. Қазір көші-кон комитетінен қайыр шама­лы, сырттан қазақтар келмегендіктен, квота 78 пайыз ғана орындалған. Бұл – елімізге 20 мың қандасымыз келе алмай отыр деген сөз. Көші-қон комитеті квотаны арнайы, елімізге келген­нен кейін ғана тапсыруы қажет. Жағдай жасап, жеке көшіп келегендерге ақшалай көмектесіп, көшіп келу жолына, көлігіне қаражаттарын төлеу керек. Қазіргідей қиын жағдайда көшіп келушілерге, олардың отбасыларын, үй-жиhаз жүктерін тасымалдауға арнайы жүк машина бөліп, оралмандарды көшіріп алуға болады ғой. Ол үшін арнайы көлік басқармасын ашу қажет секілді. Туысқандарымыздың үйдің бұрышынан сығалап, базар жағалап, жұмыссыз жүргендері жақсылыққа жеткізбейтіні, бізге де абырой болмайтыны түсінікті. Әйтпесе неге келмесін? Мысалы, Көкшетауда басқа елдерден қоныс аударғандарға арнап 100-ден аса үй салынды, бірақ оларға оралмандар орналаспай, бос тұр. Өйткені, Қытай жерінен келген қазақтарға үймен бірге қора-жай, мал, атқаратын жұмыс керек. Бұлар болмаса олар қалай күн көрмек? Жоғарыда айтқандарды ескере келе мынаны ұсынамын: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы, Сыртқы істер және Ішкі істер минис­трліктері, “Нұр Отан” ХДП, депутаттардан, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінен Үкіметтің басқаруымен комиссия құрып, Моң­ғолиядағы қандастарымыздың нақты жағдайын зерттеп, олардың елге оралуына жағдай туғызу мақсатында шешім қабылдау керек. Көші-қон комитетін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен бөліп, көші-қон саясатын жетілдіру, экономикалық және демократиялық саясатпен үйлесімді байланы­сын қамтамасыз ету мақсатында дербес агент­тік құру керек. Оны басқаруды ұлтымыздың жо­ғын жоқтай алатын, өзге елде жүрген қандас­тарымызға жаны ашитын азаматқа тапсыру керек. Оралмандарға 2010 жылға арналып 20 мың квота бөлінсе, қазіргі кезде ауыр жағдайға тап болып отырған Моңғолиядағы қазақтарға берілуі тиіс. Квота – шектеу. Егер квотасыз-ақ көшіп келе беруіне рұқсат етіп, жатырқап қарамай, мүмкіндігі мол жағдай жасап, бауы­рымызға тартсақ, көшіп келушілер көбейер еді. Көшіп келген жерлестерімізді әр облысқа бөліп, оларды орналастыруда қалыпты жағдай жасау жергілікті атқарушы органдарға қатаң тапсырылуы тиіс. Білім және ғылым минис­трлігі оралмандар балаларының жоғары және арнаулы оқу орындарында оқуына арнайы квота қарастырғаны дұрыс. Жалпы, оралман­дардың балаларының жан-жақты білім алып маман­дануына барлық жағдай тудырылуы керек. Амангелді МОМЫШЕВ, Мәжіліс депутаты. ТҮБЕКТЕ ТУҒАН ҚЫЗ “Мен түбекте туғанмын. Ауылымның аты ­– Тұщықұ­дық, сонау Маңғыстау түбегін­де жатыр. Қазақтар кейде бір кішкентай  ғана мүйістің өзін түбек деп жатады ғой, ал менің ауылым Каспий теңізінде, нағыз түбектен орын тепкен. Берекесі ұйыған, қазақылығы ауасының өзінен сезілетін, бар болмысы мен тіршілігі нағыз қазақы ауыл”. Бұл ­– Парламент Мә­жілісінің депутаты Гүлнәр Сейітмағамбетованың сөзі. Біз мектепте оқып жүргенде ұстаздарымыздың дені ер мұға­лімдер еді. “Ел ағасы – ықтырар” дейді. Осы сөздің өзінің екі түрлі мағынасы бардай көрінеді. Біріншісі, кәдімгі тура мағынасында, ол– айбын, егер дұрыс іс жасамасаң одан ығып жүресің деген болса, екіншісі ­– әлдеқалай тағдырдың бір тәлкегі­мен жаураған тұсыңда, оның пана­сынан ық табасың дегендей. Біздің ұстаздарымыз сондай жандар еді. Ол кісілер бізге сапалы білім берді, соның арқасында біз математика, физика, химия тәрізді нақты пәндерге жүйрік болдық. Менің мамандық таңдауыма да сол ұс­таздарымның әсері тиді. Алғашын­да дәрігерлікке барсам ба дегенмін, бірақ ол ойым жүзеге аспады, себе­бі, түлектерге арналған  жолдамада дәрігерлік жоқ, есесіне химия-тех­нология институтына бір орын бар екен. Ұстаздарымның қамшылауы­мен математикадан емтихан тапсыратын сол институтқа тартып отырдым. Сөйтіп, Шымкентте оқып, инженер-құрылысшы деген мамандық алып шықтым. Жолдама бойынша оқығаннан кейін, ауылға келіп, құрылыста 4 жыл шебер болдым, қоғамдық жұмысқа араластым. Солай жүріп, аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болдым, одан партия, ал депутаттыққа дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқардым. Жоғарыда айттым ғой, біздің ауыл береке-бірлікке ұйыған ауыл деп. Мен сізге аналарымыз туралы айтайыншы. Мысалы, өз анамның атын атап өстім, себебі, әкемнің үлкен ағалары болды. Ал өз әкең ағалары тұрғанда сені балам екен деп олардың көзінше еміренбейді. Осылайша ағайынды кісілердің балаларының бірнеше анасы болатын. Абысындардың татулығы қандай, тіпті арасында қыңыр мінездісі табылса да, ол туралы сыртқа әңгіме шықпайды, бірін-бірі татулықпен тәрбиелеп отыра­тын. Ал жұмыстан әке келе жат­қандағы үйдегі дайындық қандай еді?! Шешем папам демалып жат­қанда үйдегі тыныштықты қадаға­лап,  қай кезде де бізді әке атын сес көрсете тәрбиеледі. Бірақ бізді сол аналарымыз жасқады десем өті­рік айтқан болар едім,  біз де еркін өстік, бірақ бағыттап отыратын. Жалпы, қазақ балаларын кере­мет тәрбиелеген. Шешем: “Селтең-деп далада босқа жүруге болмайды, үйрен”, деп іс тігуді, жіп иіруді, киіз үй жасауларын жасауды үйретті. Текемет басу, ала­ша, кілем тоқу де­ген­нің бәрін біліп өстім. Мен анам­ның бі­реу­дің сыр­тынан әң­гіме айт­­қа­нын да ес­­ті­­меп­пін. Абы­­сыны, қайнылары мен қа­й­ын­сің­лі­ле­рі, қайы­напа­лары бар, со­лар тура­лы бір бө­тен сөз айт­пайтын. Өйткені, олар­дың бар­лығы ке­л­ген жұр­тының адамдары, өмірлік жа­рының, іш­тен шық­қан бала­ларының туыстары. Сондықтан, олар туралы өсек айтуға болмайды, қысқасы, бұл тақырыпқа “табу” қойылған. Осының бәрі біздің халқымыздың ұлттық құндылығы. Бірақ мен қазір сондай аналар мүлде жоқ деуден аулақпын, бар ғой, екі жақтың да туыстарының көңілінен шығып, жұмысын да атқарып, баласын да тәрбиелеп жатқандар. Бірақ, заман өзгергенде адамдар да соған бейім­деліп, құндылықтар ауысыңқырап кеткендей. Ақша, дүние қуу дендеп, тіпті адамға деген сыйластықтың өзін байлығына қарап өлшейтіндей жағдайлар жаныма тиеді. Қазір заман жаман емес, тұрмыс деңгейі өсіп, білімді шетелден ала алатындай да өзгерістер жүруде. – Сіздің әңгімеңізден шығады, қалай ойлайсыз, қазіргі күні адам тәрбиесінде, көзқарастардың қа­лып­тасуында қоғам қаншалықты рөл атқаруда. Қоғамның  күші осы мәселеде айтарлықтай дәрежеде ме? – Жақсы жағына қарай дейсіз бе? Жоқ, олай айта алмайтын сияқтымын. Мен қазіргі жастардың түрлі ұйымдары мен бірлестік­терінің жұмыстарына көп наза­рымды саламын. Сонда не бай­қадыңыз десеңіз, бір жалаңдықты, науқаншылдықты көремін. Өткенде Зей­неп апай Ах­ме­това – Баукеңнің келіні мынадай ой айтты. Бұрын­ғы патша за­ма­нында қыздарды тәрбиелейтін “Инс­титут бла­городных девиц” деген болды ғой, сол тәріздес қазақ қызының ибасы, келін болуы, адал ас беруі, көпшілік ортада өзін өзі ұстауы сынды та­ғылым беретін бір орталық ашсам деген арманым бар деді. Мен со­ған бар пейілім­мен қосыламын. Әйтпесе, енді бір 20-50 жыл ішінде түріміз ғана қазақ болып, басқа бол­мысымыз түбірі­мен өзгеріп кете ме деп қорқамын. Бір қуанаты­ным, қазір ана тілімізде жазатын газеттердің деңгейлері, оларда жарық көретін мақалалардың өзектіліктері мен сараптау жағы, талдаулары өсіп келеді. Бірақ газет-журнал оқы­майтын ұрпақ қалыптасып қал­ғанын ескере отырып, телебағ­дарламалардың ішкі мазмұнына көбірек ден қоюымыз қажет деген ойдамын. Біздің тәрбиешілеріміз кітап, кино болатын. Киноны айтсақ, жылап жіберуіміз мүмкін. “Айтыңызшы, қосылып жылайық”, дедім Гүлнәр Сүлейменқызына. Мен өткенде әріптестерім Алдан Смайыл мен Бекболат Тілеуханды жұбатып басу айттым: Біраз уақыт бұрын кино түсірілмей қалып еді ғой, қазіргі кинолар көңілден шықпағанымен, әйтеуір түсіре, түсіре бір жақсы кинотуынды да өмірге келер, – деп. Әйтпесе бұл не, қазақ киносын көрген адам мен қазақпын деуге арланатындай, намыстанатындай күйге түсті. Киноның өзі адамның отансүй­гіштік, патриоттық сезімдеріне қозғау салуы керек қой. Неге біз “Қыз Жібекті” әлі күнге дейін қанша жыл өтсе де көре береміз, тіпті жас балалар да қызыға тамашалайды. Себебі, онда біздің болмысымыз тұр, қашпаған қасиет, тұнған тәрбие, адалдық, зияттық бар. Қазақты алба-жұлба қылып, жаман киіммен көрсеткеннен киногерлердің не ұтамыз дейтінін бір ұқпай-ақ қойдым осы. Қой, саған бірыңғай бір көңіл­сіз жәйттерді айттым білем, өт­кенде түрік лицейінің оқытушы­лары қазақ балалары өте алғыр, оларды халықаралық білім сайыстарына алып шығу үшін 2 жыл ғана жеткілікті, ал өзімізде 4-5 жылдай уақыт керек дейді. Бұл  нені көрсетеді, біздің алға ұмтылу қабілетіміздің, сіңіре білуіміздің деңгейінің жоғарылығын көрсетеді. Сол себепті, біз, мына үлкендер осындай жақсы ұрпағымызды дұрыс бағыттай білсек, керемет дамитын боламыз. Біздің аналары­мыз тәубешіл, шүкіршіл болатын, біз де тәубе дейміз, еліміздің абыройы биік, әлем танып жатыр, тек өзімізге өзіміз сын көзімен қарап, кемшін жатқан тұсымызды жөндесек деген ой ғой. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ. ГҮЛ КҮНГЕ ҚАРАП БҮР ЖАРАДЫ Ал кішкентай бүлдіршін өзінің аттасы, сенатор Светлана Жалмағамбетова әжесіндей болғысы келеді Кішкентай Света өмірге келгенде анасы Құралай Ыдырысова Астанада  Мәдениет және ақпарат ми­нис­трлігінде қызмет іс­тейтін. Шыр етіп дү­ние есігін ашқан ба­уыр еті – сәбиінің есімін қоюдың өзі ата-анадан үлкен жауап­кершілікті  талап етеді. Ертең бала есейгенде ұял­май­тын­дай, қайта өзі мақтан тұтатындай бір мағы­налы есімді таңдамайынша, көңіл де көнши ме?! Құралай ана да көп ойланып, толғанумен болды. Ондайдың қадірін білмейтін емес. Өзі де халқымыздың жастайынан ат үстінде жүрген іскер де тәрбиелі қыздарының бірі.  Бұрынғы Көкшетау облысы әкімінің орынбасары қызметінде бүкіл әлеуметтік салаға жетекшілік етіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының өзінде талай іске қажыр-қайратын бекем қоя білген жан. Ал, 1999 жылы Ақмола облысының әкімшілік-аумақтық орталығы Көкшетау қаласына көшірілгенде, әуелі облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы бастығының орынбасары болды. Кейін осы мекеменің бастығы боп тағайындалды. Бұрын облыс әкімінің орынбасары болып жүргенінде республикалық деңгейде өтетін әртүрлі іс-шараларда бастары қосылып қалатын ақмолалық  әріптесі, жасы да, жолы да үлкен апайы Светлана Жалмағамбетовамен жақын танысып, жан жылылығын сезінгені де сол өзгерістер тұсында  ғой. Жұмыс десе шаршауды білмейтін бұл кісіде бір тыным жоқ. Өзі де босаңсымайды, бұларды да қарап отырғызбайды. Керек жерінде маңайындағы әр қыз-келіншекке жылы сөзін де аямай, бойларына қанат бітіріп, жігерлендіріп  жіберетіні тағы бар.  Қол астында  қызмет  істегенінде  ақыл-кеңесін айтып, білгенін үйретуден  аянып қалған жері жоқ. Сондайда бір байқағаны, анасына, бауырларына да қамқорлығы өзгеше. Осының бәрі көз алдынан көлбей өтіп, ақыры ол сәбиіне Светлана есімін лайық көрді. – Сөйтіп, сәбиім халқымыздың  бір қайраткер, ақыл-парасаты мол, өнегелі қызының есімін иеленді. Осының бәрі өз перзентім де сол кісідей еліне қалт­қы­сыз қызмет етсе деген аналық ақ тілектен ғой. Мен де бар ниетіммен құлыншағыма соны хош көріп отыр­мын. Жалпы, қай бала болсын, жастайынан ел қамын жеген осындай аға-апаларын біліп, соларға еліктеп өссе, келешегіне де жаман ба?! – дейді Құралай Ғазизқызы. Бүгінде  Светлана есімді иеленген нәресте төрт жаста. Том­пи­ып қаладағы “Ақбота” балабақшасының қазақ то­бына барады.  Ең қызығы, ол теледидар жа­ңа­лық­тарынан өзінің аттас әжесін көрсе, қуанғанынан ұшып кете жаздайды. Әлі кішкентай, көп нәрсені түсіне бермейтін бүлдіршін өзінің ырымдап қойған есімін, ол есімнің кім екендігін балғын жүрегімен осылай сезініп,  осылай  түйсінеді. Осынау  құлыншағы өнерлі, зейінді, талабы таудай болып өсіп, қазақтың қызы деген қастерлі атты кір келтірмей ұстаса деп армандайды анасы. Өйткені, өзі бұл күнде Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжіне жетекшілік етіп, осы салада шәкірт тәрбиелеп жүрген соң,  алдарына жарытып не бір кітап оқымайтын, не бір ақын-жазушыны білмейтін ұл-қыздарымыздың да  баса-көктеп  келіп жататынына қарадай қарны ашады. Ал,  сүйкімді Света болса, бақытты балалық шақтың бағында  гүлдей жайнап, еркін өсіп келеді. Өмірдің айдынында  басқа жақсы-жайсаң­дарымызбен бірге, тағы кімнен үлгі алары, кімге ұқсағысы келетіні қазірден-ақ белгілі. Ол – халқымыздың қайраткер қыздарының бірі, сенатор Светлана  Жалмағамбетова әжесі.  Әлі төрт жастағы балғынның  ертеңгі келе­ше­гінің нұрлы болуына анасы ырымдап қойған осы есім­нің де  өзінің игі ықпалын молынан тигізетіндігіне еш­бір шүбә жоқ бізде. Қайырбай ТӨРЕҒОЖА, журналист. Көкшетау. АС — АДАМНЫҢ АРҚАУЫ Майра АЙСИНА, Мәжіліс депутаты. Қазіргі заманғы рекордтар деңгейінің қаншалықты жоғары екендігі ешкімге де құпия емес. Жаттығу жүктемелерінің артуы және жарыс қызметінің қарқын­дануы, климат жағдайы мен уақыт белдеуінің жиі ауысуы, тау-қыратты жерлерде жаттығулар өткізу – мұның бәрі спортшылардан дене және моральдық күштің орасан зор жүктемесін талап етеді. Және спортшылардың функ­цио­налдық жай-күйін қамтамасыз ету, жаттығу процесі мен жарыс қызметін медико-биологиялық қамтамасыз етудің маңызды құрам­дасы толыққанды тағам мөлшері және теңдестірілген тамақтану болып табылатыны даусыз. Тамақтану – бұл кез келген адам үшін маңызды мәселе, ал спортшы үшін тағы да көптеген белгісіз жәйттер бар. Мәселен, денсаулыққа зиян келтірмей, барынша жоғары нәтижеге қол жеткізудің оңтайлы тәсілін табу –өте күрделі міндет. Бүгінгі мәселе табиғаттың барлық құрауыштарының пайдалы қасиеттеріне бай қандай да бір әмбебап препарат жасау туралы емес, бұл әрине, мүмкін де емес, алайда мемлекеттік бюджет есебі­нен спортшылар мен басқа да спорттық жарыстарға және оқу-жаттығу жиындарына қатысушы­лардың тамақтануын қамтамасыз ету шығыстарының қазіргі норма­ларын қайта қарауға болады және ол қажет. Бүгінгі күні спорттық колледж­дер мен спорттағы дарынды бала­ларға арналған мектеп-интернат­тағы оқушылар күніне 880 теңгеге, еліміздің ұлттық құрама команда­сы­ның спортшылары 1140 теңгеге тамақтанады, бұл олар үшін нәрлі­лігі 2300 килокалориялық азық-түлік жиынтығын қамтамасыз етеді. Салыстыратын болсақ, мане­кен­шінің тәуліктік қуаттылығы 1500 килокалорияны, үйдегі жайлы жағдайдағы адамның орташа қуаты 2880, тігінші мен студенттікі 3000 килокалорияны құрайды. Түсінді­рудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Ғалымдардың ұсынымдары бойынша спорттың әр түрі үшін қуат пен негізгі азықтық заттардың тәуліктік көрсеткіші дененің 1 кг салмағына 66 ккал-дан 84 ккал-ға дейін ауытқиды. Ғалымдардың есептеуінше, дайындық және жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізу, қазақстандық спортшының организмін толық қалпына келтіру үшін кемінде 6 мың килокалория көлемінде тәуліктік тағам мөлшері қажет екен. Бұдан басқа, спортшы үлкен спорттағы қызметін аяқтаған соң, патология кезеңіне өтетін, емделуі мол қаржылық қаражатты талап ететін әртүрлі кәсіптік аурулары­мен, жарақаттарымен өзімен өзі жеке қалады. Осыларды талқы таразысына сала келгенде спорттық колледждер мен спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттағы оқу­шылар үшін тамақтану нормасын тәулігіне 2 айлық есептік көрсеткіш және еліміздің ұлттық құрама командасының спортшылары үшін 3 айлық есептік көрсеткіш сома­сына дейін арттыру, сондай-ақ біз­дің еліміздің спортқа еңбек сіңірген шеберлері мен спорт ардагерлерін жеке әлеуметтік санат ретінде тегін негізде мемлекеттік медицина ме­ке­мелеріне бекіту мәселесі шешілуі тиіс деп білеміз. Тиісті құзырлы органдар, әсіресе, ел Үкіметі аталған мәселеге түсіністікпен қарайды ғой деп сенеміз. ҚАЛАЛЫҚТАРДЫҢ БАС АУРУЫНА АЙНАЛДЫ Людмила ХОЧИЕВА, Мәжіліс депутаты. Өкінішке қарай, бүгінде ас­тана тұрғындары “Астанаэнергос­быт” ЖШС-нан тұрғын үй-ком­муналдық қызметтер үшін төлем бойынша, оның ішінде электр энергиясы және сумен жабдықтау бойынша қате есептелген түбір­тек-шотты алып ыңғайсыз жағдайға қалуда. Коммуналдық қызметтер үшін ақыны суға, электр энергиясына және газға нақты тұтынылған ре­сурсты көрсетіп беретін есептегіш құрал орнату арқылы төмендетуге болады. “Астанаэнергосбыт” ЖШС-ның бақылаушылары әр ай сайын тұрғындардың пә­тер­ле­ріне келіп, су мен электр энер­гияөсы­ның көрсеткіштерін жазып алады. Алайда, бұл түбіртек шоттардағы көрсеткіштер ба­қы­лау­шылардың жазбаларымен сәйкес келмейді. Сондай-ақ, есеп­теу құралдары­ның көр­сет­кіштері әрбір айдың 20-сынан 30-31-і күндеріне дейінгі аралықта 965454 телефоны арқылы, 9.00-ден 21.00-ге дейін демалыссыз қабылданады, атал­ған нөмір бойынша қоңырау шалу өте қиын, тіпті мүмкін емес десе де болады. Қоңырау шала алмасаң, неғұрлым көтеріңкі болып келетін тәуліктік орташа көрсеткішпен есептейді. Комму­нал­дық қызмет көрсету ережесіне сәйкес тұ­тынылған электр энер­гиясына ақы айдың 25 жұлды­зынан кешік­тірілмей жүргізілуі керек. Бізге белгілі банктік ақша аударымдары 2-ден 3 күнге дейін жүреді, ал бақылаушылар айдың 25 жұл­дызынан кейін пәтерлерді электр энергиясынан ажыратып тас­тайды. Міне, осы жерден қайта қосылудың әбігері басталады. Алдымен өтінім жасау қажет, сонан соң бақылаушының келуін күтесіз (9.00-ден 18.00 ге дейін), ол есептегіштердің көрсеткішін алып, акт толтырады, содан соң, сіз абоненттік учаскеңізге барып түзетулер енгізіп (егер бірінші рет ажыратылмасаңыз), 975 теңге ақысын төлейсіз, түбіртекті үлкен кезекке тұрып операторға көрсе­туіңіз керек. Міне, осылай жаңа компьютерлік бағдарламалардың арқасында бүкіл қала қарыз бо­лып отыр, себебі, бағдарлама­лар тұ­тынушылар ұсынған нақты көр­сеткіштері бойынша есеп­теулерді тү­зетпейді. Коммуналдық қызмет ақысын төлеуге байла­ныс­ты ша­та­сулар өте көп, тұтынушылар ан­ық­тау мен қайта есептеуге уа­қыт­тарын жоғалтуда. Жарық, жылу, су үшін ақы төлеу қа­лалықтар үшін үлкен бас ауруына айналды. Жоғарыда айтылғандардың негізінде Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі шара қолдануы және алдағы уақытта коммунал­дық қызмет үшін ақы төлеудің шетелдік тәжірибелерін зерттей отырып, бүгінгі заман талапта­рына сай икемді жүйе жасауға бастамашылық жасауы тиіс. ДЕПУТАТТАР ЖҮЗДЕСТІ Мәжілістің Қаржы және бюд­жет комитетінің мүшесі Құрман­ғали Уәли мен Әлеуметтік мәдени да­му комитетінің мүшесі Қы­лыш­бай Би­сенов Қырғыз Республикасы Жо­гор­ку Кенешінің депутаттары Ор­зубек Назаров және  Пархат Тө­лен­­­дібаевпен кездесті, деп ха­бар­лады осы палатаның баспасөз қызметі. Бауырлас қырғыз елінің депу­тат­тары бұл сапарларын екі елдің парламентаралық байланыстарын нығайту жолындағы іссапар деп мәлімдеді. Мәжіліс депутаттары өткен жылғы маусым айында болған Қазақстан-Қырғызстан Парла­ментаралық комиссиясының жұ­мы­­сында қаралған мәселелерге тоқ­талып, алдағы кезде Бішкекте өтетін екінші отырыста көтерілуге тиісті жағдайларға көңіл аударды. Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.