Әдебиет • 10 Сәуір, 2019

Құндақтаулы құпия қойнауыңда...

1569 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгін назарларыңызға ақын Бауыржан Әліқожаның бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз. Ол 1990 жылы 10 сәуірде Түркістан облысы, Арыс ауданы (бұрынғы Отырар) Қожатоғай ауылында дүниеге келген. «Айтұма» жыр жинағының авторы. Бірнеше ұжымдық жинақтар мен антологияларға өлеңдері енген. Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Журналистика факультеті «Баспасөз және электронды БАҚ» кафедрасының аға оқытушысы.

Құндақтаулы құпия қойнауыңда...

Топырақ

Өн бойыңа сіңгендей тылсым дұға,
Түйіріңде қадір бар бір сұңғыла.
Жерге біткен қоп-қоңыр болмысыңмен,
Дүниені көтеріп тұрсың мына.

Қойының – алтын, бітеді гүл де саған,
Жомартсың-ау, болыпсың кімге сараң.
Сан қырыңды жүргенмен зерттеп бәрі,
Тағлымыңды бес күнде білмес адам.

Батырмайсың алалап нала-мұңға,
Құнарысың баланың, дананың да.
Сонша байлық иесі болсаң-дағы,
Бұл ғаламның жатсың-ау табанында.

Құндақтаулы құпия қойнауыңда,
Жетелейсің әр жанды ойлануға.
Тас қаладан қашамын қажып кейде,
Саған аунап жатсам, – деп қойлы ауылда.

Тіл бітірген, таранған тоты баққа,
Өзіңді аңсап құлайды жапырақ та.
Қасиетіңді сезінер, қайран дүние,
Айналғанда бір күні топыраққа.


***

Бір жерден көргендеймін сізді бұрын,

Дедің-ау шуақ шашып ізгілігің.

Қалдым мен жанарыңа арбалдым да,

Көгендеп байлап алды қыз қылығың.


Көрдің қайдан еш жерде жүздеспедік,

Айтатындай жоқ тағы бізде естелік.

Болған болса жайдары жүздесулер,

Бәрін-бәрін ақтарып тізбес пе едік?!


Біз бәлки кездестік пе басқа әлемде,

Әлімсақтан біздерді қосқан әлде.

Танитын сияқтымын мен де ежелден,

Бір жайтты кешпесекте бастан өңге.


Аса алмай жан-күйімнен ерге біткен,

Отырмын бір сезімге тербеліп мен.

Жүректі жұдырықтай бүлк еткізіп,

Жылыұшырай бересің сен неліктен?!


Кеңімес бұл дүние тарсынғаннан,

Жетелер әр шыңдарға таң сынды арман.

Толтырған көңілімді хұсни нұрға,

Жаныма неге ерекше жансың, қарғам?!


Үйлескен өн бойына ар, әдебі,

Жарасқан ақ жүзіне қара меңі...

Жырласам тіл жетпейтін болмысыңды,

Сала алман бояумен де бар әдемі.


***

Шаттыққа толы гүл өңің, –
Бақытқа толы əлемім!
О, менің – ғажап Жүрегім,
О, менің тұнық Өлеңім!

Өзіңе тартып тұратын,
Жанарыңдағы тереңдік.
Болар ем асқан Ұлы ақын,
Жаза алсам соны өлең ғып!

Себілген сен бір – алтын дəн,
Мен үшін туған қарағым, –
Жанымды нұрға толтырған,
Жайдары жаздай жамалың.

Осындай ма едің сұлулық?!
Тұрасың төгіп шуақты.
Шаңырағымдағы жылу, құт
Өзіңмен енген сияқты.

Шалқыды шабыт көз ілмей,
Жырлайын сені мен бүгін.
Кіршіксіз əппақ сезімдей,
Тұмса бұлақтай мөлдірім!

Тəңірдің керім тартуы, –
Болмысы бөлек, Жарығым.
Өзіңді сүю арқылы,
Махаббатты кең таныдым.

Есентай  өзені


Өмір, сенің өзгерген бе ережең,

Неге, бұл маң көкірегіме жаяды «у»?!

Бәрі орнында,

Сол қалашық...

Сол өзен...

Алшақтанған тек жанымнан Ай ару...


Тұсады ақыл ол жайлы ойды желдірген,

Енді ешқашан іздемеуге көндірді.

Беу, «Есентай», саған жалғыз келдім мен,

Табылмастан сырласатын тең құрбы.


Жылы жүзбен жырға орап әр уақытты,

Өтті күндер аққайыңды саялап.

Біз осында тастап кеткен бақытты,

Мына екі жас ұстап отыр аялап...


Ерке өзенім, есіп аққан кешегі,

Саған сонша не көрінді, ей, күрсініп?

Әлі айдардан керім самал еседі,

Баққа орайды...

Тоқтамайды тіршілік...


Қайда кеткен күміс күлкің сыңғырлы,

Жолыңды ізде!

Қоңыр күзге кінә артпай.

Баурайыңда күн түгілі, түн нұрлы,

Мөлдіреп ақ ғашықтарды жылатпай!

***

Осы болды-ау саған жайсыз тиген күз,

Мезгіл мұңы серігіңе айналмақ.

«Өзімді емес, өлеңімді сүйген қыз»,

Адасқанға қона қойсын қайдан бақ?


Өлең–өзім екендігін кеш ұқтың,

Түйсік сезім бірін-бірі жеңе алмай...

Енді алдында тұрғаның не есіктің,

Баяғыдай ішіме еркін ене алмай.


Түніменен маза бермей елесім,

Таңды ұйқысыз қарсы алдың ба тағы да...

Бақыт құстың қонарына сенесің,

Жоғалмас-деп- жаралған жан бағыма.


Елегізіп, көше жаққа елеңдеп,

Махаббаттың оңаша айтып қилы әнін, –

Зарықтың ба «жаным қашан келер» деп,

Бар мұңыңнан құтқарардай дидарым.


Көңіліңнің мені аңсайды айдыны,

Кездесуге тапқысы кеп бір амал...

Жанарыңа жасырынған қайғыны,

Жасың жусын ағыл-тегіл жылап ал...


Өмір-сынақ абайсызда сүрініп,

Шыны-ғұмыр кетпесе екен бүлініп...

Қауышатын кезге сеніп,

Бір үміт...

Тұрды үзілмей кірпігіңде ілініп.


Аңсар

Шырайлым-ау, шырмай берді елесің,
Түнде түстен, күндіз естен бір шықпай.
Неге мені айналдыра бересің,
Ақ апамның қолындағы ұршықтай.

Сырғыр уақыт сені ойлаумен сәт сайын,
Бар жарамды жазардайсың сен емдеп.
Бір жарқ етіп жүрек отын жақса, Айым,
Күздей көңіл көктем болып көгермек.

Қандай ғажап қуаты бар бейнеңнің,
Көрсем болды тау қопарар күй кешем.
Өзге қызға қарамауды үйрендім,
Бағалай да алмас едім сүймесем.

Айнамкөзсіз азап-өмір, соны ұқтым,
Тағдыр жазса тастамаспын жанымнан.
Атыңды айтып күбірлейтін болыппын,
Апталар-ай, сартап болып сағынған.

Сенбесеніз, сенсеңіз де көкем-ау,
Не екенін де енді білдім шөлдеудің.
Өмір деген тым басқаша екен-ау,
Бұрын қалай ғұмыр кешіп келгенмін.

Пәк сезімді еркін ұшқан құс делік,
Мұң торына түсірмесін абайла.
Бір әдемі жатқандаймын түс көріп,
Мені оятып алмаңдаршы жарай ма?


Ай

Ұзақ түнге сұлу Аймен сырласып,
Мұңын шағып отырады бір ғашық.
Себезгілеп нұр төгеді толған Ай,
Жымыңдаған жұлдыздармен жымдасып.

Түн баласы бірге екеуміз қайда да,
Жанымды ұғар бұл әлемде Ай ғана.
Көлеңкемдей жүреді ылғи ілесіп,
Кенелтердей бір сезімге қаймана.

Төңкерілген кесе сынды бүгінгі Ай,
Бұлтқа кіріп жатып алды бұрылмай.
Торқа түгі қоюланып түнектің,
Қара қайғы бастадың ба-ей ырылдай?

Қара қайғы-қап-қара түн үрейлі,
Қорқыныштар елестетіп дүлейді,
Төбе шашы тік тұрды ма дүниенің,
Дымы ішінде кірпік іліп сілейді.

Көкте жүзген секілдімін Ай кезбе,
Бұдан басқа сұрамаңдар жайды өзге.
Жер бетінде мені жоқ деп есепте,
Жоғалады Ай қара аспанда қай кезде.

Мен мұңдансам Айда бірге мұңданар,
Мен нұрлансам Айда бірге нұрланар.
Оның хаты-мөлдір жаңбыр шер жуған,
Жауабымды алып ұшты тырналар.

Саған барар айналғандай жол мұзға,
Өміріңді сүре аларсың жалғыз да.
…О, несі екен есім ауа береді,
Есімі Аймен басталатын сол қызға.



Купеде

Жанарыңнан қалқажан, жалын көрдім,

Нұрланғанын байқаймын тағы іргемнің.

Ертең біздер кетеміз бөлек-бөлек,

Соқпағына сіңісіп сағым белдің.


Бал татыған сары қыз, қаймақ ерін,

Жігіттердің көз құрты жайдары өңің.

Уылжыған 18 дер шағың ғой,

Сәл ұмсынсаң жететін Айға көңлің.


Тоқ омырау, тоқ бөксе, тоқ балтырлым,

Аямапты өзіңнен Хақ тартуын.

Жайнап тұрған осынау жер бетінде,

Сендегідей сұлулық жоқ-ты, алтыным.


Батыршалыс, бөлек қыз, бай мінезге,

Жалындаған қонбайды қайғы көзге.

Аққуысың, көліңнің шаттығысың,

Әрі өзіңді бар тосқан айдын өзге.


Меруерт тісті көрсеткен күлкің қандай,

Оны көрген жанарға нұр тұнғандай.

Шіркін, балдай тамсанып қылығыңа,

Бір-ақ сәтте дүние құлпырғандай!


Мойындарсың сезімнің бұла күшін,

Бір әулеттің ертеңгі шуағысың.

Ақ келін боп шәй құйып отырарсың,

Бір жігіттің еселеп қуанышын.