Президент • 10 Сәуір, 2019

Қазақстан Президентіне кімдер үміткер бола алады?

4435 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

19 наурыз күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Президенті ретіндегі өкілеттілігін тоқтататынын мәлімдеген соң заң бойынша ел басқару тізгіні Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа табысталды. Осы тарихи оқиғадан соң қоғам арасында «Алдағы сайлауға қандай кандидаттар түседі және Президент кім?» деген сұрақ туындады. Сарапшылар кезекті сайлау Конституциясының 41-бабына сәйкес 2020 жылдың желтоқсан айының бірінші жексенбісінде өтеді деп болжаған. 9 сәуір күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы ел халқына Үндеу арнап, кезектен тыс сайлау 9 маусым күні өтетінін мәлімдеді. Заң бойынша Президентікке үміткер болу үшін қандай талаптар қойылады?

Қазақстан Президентіне кімдер үміткер бола алады?

Сайлау мерзімі белгіленген соң партиялар өз кандидаттарын ұсына бастайды. Сонымен, Президенттік лауазымға кімдер үміткер бола алады?

Конституцияның 41-бабы 2-тармағына сәйкес ел Президенті болып қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда туған және соңғы он бес жыл бойы тұратын, жоғары білімі бар Республика азаматы сайлана алады.


«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі N 2464 Конституциялық заңының 54-бабында Республика Президентіне қойылатын талаптар  нақты көрсетілген. Ол бойынша кандидат Конституцияның 41-бабының 2-тармағында белгiленген талаптарды қанағаттандыруға, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс істеуі, сондай-ақ Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына және осы Конституциялық заңға сәйкес белсендi сайлау құқығына ие болуға тиiс.


Орталық сайлау комиссиясы кандидаттың Конституцияда және осы заңда қойылатын талаптарға сай келетінін бес күн ішінде анықтайды. Ол үшін республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттамасынан үзiндi көшірме, кандидаттың дауысқа түсуге келiсiм беруi туралы өтiнiшi, кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжаты болуы тиіс.


Кандидат сайлау жарнасын Орталық сайлау комиссиясының шотына енгізеді. Сайлау жарнасы – ең  төмен жалақының елу еселенген мөлшері.


Егер сайлау қорытындысы бойынша үміткер Республика Президенті болып сайланса немесе дауыс беру қорытындысы бойынша кандидат 5% дауыс жинаса және кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарна кандидатқа қайтарылады. Қалған жағдайда жарнаны қайтару мүмкін емес, ол республикалық бюджет кірісіне айналады.

Президенттiкке кандидаттың Қазақстан Республикасында соңғы он бес жыл тұрып жатқандығын, мемлекеттік тілді еркін меңгергенін  Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. Қазіргі таңдағы ел Президентінің мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау рәсімі болмайды.


Конституцияның 41-бабы 1-тармағы бойынша Қазақстан Республикасының Президентін конституциялық заңға сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды. Осы баптың 5-тармағына сәйкес елу пайыздан астам дауыс жинаған кандидат сайланады. Егер кандидаттардың бір де бірі көрсетілген дауыс санын ала алмаса, қайтадан дауысқа салынады, оған көп дауыс алған екі кандидат қатысады.


Сондай-ақ 42-баптың 5-тармағына сәйкес бір адам қатарынан екі реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды. Бірақ, бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды.


«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес, Президенттің кезектен тыс сайлауы  Президенттің кезекті сайлауы үшін белгіленген қағидаларға сәйкес өткізіледі. Сайлау іс-шараларын өткізу мерзімін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.