Парламент • 10 Сәуір, 2019

Заңнамадағы көлік мәселелері туралы түзетулер қаралды

833 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Заңнамадағы көлік мәселелері туралы түзетулер қаралды

Заң жобасы көлік саласындағы заңнаманы жетілдіру, жолаушылар мен жүкті тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, ұлттық заңнаманы халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес келтіру, сондай-ақ құқықтық қайшылықтар мен олқылықтарды жою мақсаттарында әзірленді.

Құжатпен еліміздің бірқатар заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Заң жобасында автокөлік құралдарын тексеру негіздемелерінің тізбесі белгіленеді, бұл көліктік бақылау органдарының жаппай тексеру тәжірибесін болдырмауға мүмкіндік береді.

Жолаушыларды тасымалдау сапасын арттыруға және тасымалдаулардың ауқымын кеңейтуге бағытталған бірқатар ережелер енгізіледі. Мәселен, халықаралық жүйелі рейстер кезінде Қазақстан аумағындағы пункттер арасында жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады. Қазақстандық тасымалдаушылар бір шекара маңындағы облыстың аумағы бойынша орналасқан елді мекендер арасында тасымалдауларды жүзеге асыра алатын ереже көзделеді. Таксидің ақпараттық-диспетчерлік қызметі реттеледі.

Сонымен қатар, Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметі реттеледі. Оның жұмыс істеуінің құқықтық негіздері және қызметін қаржыландыру тәртібі, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мен уәкілетті ұйымның арасындағы құзыреттердің аражігі айқындалады.

Заң жобасымен теміржол көлігімен жүктерді тасымалдау қағидаларын, теміржол көлігіндегі жол жүрісі қауіпсіздігін бұзушылықтарды тергеп-тексеру қағидаларын бекіту жөніндегі, сондай-ақ кемелерден ластануды болғызбау жөніндегі қағидаларды, теңіз порты мәртебесін беру қағидаларын және Қазақстан Республикасының аумақтық суларында жүзу қағидаларын бекіту жөніндегі уәкілетті органның құзыреті нақтыланады және толықтырылады.

Теміржол көлігіндегі жол жүрісі қауіпсіздігін бұзушылықтарды, апаттар мен аварияларды тергеп-тексеру, теңіз кемелерімен болған авариялық жағдайларды тергеп-тексеру және авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру тетіктері заңнамалық тұрғыдан бекітіледі.

Одан басқа, теңіз кемелерін бақылау және қадағалау толықтырылады және жіктеледі: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзетін кемелерді және шет мемлекеттің туын көтеріп жүзетін кемелер мен теңіз портындағы кемелерді бақылау және қадағалау қарастырылған. Кемелерді тексеру санын оңтайландыру мақсатында кемелерді міндетті түрде қарап-тексеру – алты айда бір реттен жиілетпей тексеру мерзімділігі, сондай-ақ кемені жоспардан тыс қарап-тексеру үшін негіздемелердің тізбесі белгіленеді.

Заң жобасы Палатаның қарауына жіберілді.