Руханият • 11 Сәуір, 2019

Семейде ақын Бауыржан Жақыптың «Жан дауысы» шығармасы сахналанды

1806 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақыптың «Жан дауысы» шығармасы Семей ядролық полигонында болған жарылыстар қасіретіне, ел мен жердің мұңына, бейбіт өмір мен соғыс алапатының шарпысқан тарихи күндеріне арналған.

Семейде ақын Бауыржан  Жақыптың «Жан дауысы» шығармасы сахналанды

Биыл Семей полигонындағы ядролық атом бомбасының алғашқы сынағы өткеніне 70 жыл,  халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының бастау алғанына 30 жыл толып отыр. Осыған орай Солтүстік Қазақстан облысынан келген С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры Семейге гастрольдік сапармен арнайы келіп, Бауыржан Жақыптың «Жан дауысы» шығармасын сахналады. Режиссері Фархат Молдағали.

- Шыңғыстау-Абыралы туған жерім, ата-бабаларым мекені, оның жан жарасы әрқашан менің көңілімнің түкпірінде, жүрегімде қалатыны сөзсіз,-деді ақын Бауыржан Жақып,-полигоннан зардап шеккен ауылымның, Мәскеуге басыбайлы тәуелді болған қазақ жерінің қырық жыл бойы жарылыстардан көз ашпауы үлкен қасірет. Бұны кез келген шығармашылық адамы өзінше бейнелеуге тырысады. Мәселен, жазушы Медеу Сәрсеке «Семей қасіреті» деген деректі кітап жазса, мен поэзия тілімен беруге тырыстым. Дегелең тауының топырағы шығып, қопарылған көрінісі, сылдырап аққан бұлақтардың тартылып қалуы, ана мен бала қасіреті осылардың барлығын да «Тартылған өзіннің мұңы», «Қураған тоғайдың соңғы сөзі», «Желдің жоқтауы» сияқты көптеген бөлімдерімде жазып,  «Жан дауысы» шығармама топтастырдым. Бұл киелі Абай елінің, зардап шеккен Абыралы жерінің ғана емес, бүкіл қазақ даласының қасіреті болғандықтан да, «Тәттімбет күйінің күмбірі», «Шыңғыстау. Шәкәрім қажының шындығы», «Таңат жайлауы. Әміре әнінің әуені» сияқты бөлімдерде ойымды толық жеткізуге тырыстым. Абайды құрметтеп, Мұхаңша толғанып, Олжас Сүлейменов ағамыздың сол бір ерлігін еске түсірдім.  Осыдан көп жыл бұрын Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында, профессор Дариға Тұранқұлованың актерлері осы шығармамнан  үлкен бір қойылым қойған еді. Енді міне, бүгін шығармамды сахналап режиссер Фархат Молдағали да келіп отыр. Талабы бар жас. Осы елдің, Семейдің тумасы. Мәскеуде шеберлік курстарынан өтіп жүр, атақты режиссер Маман Байсеркеновтың шәкірті. Солтүстік Қазақстаннан 50 адам болып келіп отырған С. Мұқанов атындағы осы театр ұжымына, басшысы Біржан Жалғасбаевқа шексіз алғысымды білдіремін.

«Жан дауысы» сахналық қойылымы халықтың көңілінен шықты. Абай атындағы театрдың залы көрерменге лық толды, тіпті ине шаншар жер болмады. Театр актерлері де бар өнерлерін ортаға салып, полигон зардабын, жер жарасын, халық мұңын музыкалық-драма тілінде жеткізе білді. Қызылжардан жеткен өнер ұжымы осы сапар үшін бір ай көлемінде тыңғылықты дайындық жүргізген екен. Шығарманың сахнаға шығуына демеушілік жасаған «Ақшың» корпорациясы, «Абыралы-Дегелең» қоры. Бауыржан Жақыптың «Жан дауысы» шығармасын тамашалауға Қазақстанның Халық әртісі Бекен Имаханов, жазушы Медеу Сәрсекелер де келіп қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Ал Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина қала әкімі Ермак Сәлімовтың атынан құттықтауын жеткізді.

- Бауыржан Жақыптың «Жан дауысы» шығармасын сахналау туралы шешім шыққанда, премьера Семей қаласында болу керектігін бірден ұқтық. Мақсатымыз өткен жараның аузын тырнау емес, осындай күн енді болашақта қайталанбасын деп халыққа ой салу болды,- деді С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының режиссері, Абралы өңірінің тумасы Фархат Молдағали,  – біздің ұжым гастрольмен еліміздің ірі қалаларында, тіпті шетелдерде, Румыния елінде болдық. Десе де, туған жерім Семейге келу мен үшін ең маңызды, рухани серпіліс болып табылады.

 Қызылжарлық  труппа  Бауыржан  Жақыптың «Жан дауысы» шығармасымен қатар, Мұхтар Әуезовтың «Қарагөз» және Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» шығармаларын да сахналап, семейліктер назарына ұсынбақ. 

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА                  

«Еgemen Qazaqstan»

суретті түсірген автор

СЕМЕЙ