Руханият • 11 Сәуір, 2019

Ағайынды Күлменовтердің «Мұздай темір құрсанып...» көрмесі ашылды

1404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында ҚР Мемлекеттік орталық музейінде ағайынды Күлменовтердің «Мұздай темір құрсанып...» көрмесі ашылды. Алматы қаласының Жетісу әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған көрменің ашылуында «Көркем» академиясының президенті, «Құрмет» орденінің иегері, академик Аманқос Ақанаев және ағайынды Махмұт, Тұрсынжан Күлменовтер сөз сөйледі.

Ағайынды Күлменовтердің «Мұздай темір құрсанып...» көрмесі ашылды

Бүгінде ағайынды Күлменовтердің қолынан шыққан өнер бұйымдары еліміз ғана емес, көптеген шетелдерге белгілі. Күлменовтердің шығармашылығы туралы Франция, АҚШ, Германия, Венгрия, Тунис, Түркия, Польша сияқты елдердің журналистері көптеген ғылыми-деректі фильмдер түсірген.

Төменде темірші-шеберлердің шығармашылық жетістіктері ұсынылып отыр:

Ағайынды Махмұт, Тұрсынжан, Айтберген Күлменовтер  Қазақстан Дизайнерлер Одағының мүшелері, ҚР қазіргі заманғы қару өнерінің негізін қалаушылары, XII Дүниежүзілік жастар және студенттер фестивалінің лауреаттары (Мәскеу қ., 1985 ж.), «Дизайн кеше, бүгін, ертең» республикалық конкурсының I дәрежелі дипломанттары (Алматы, 1999 ж.).

Олардың жұмыстары ҚР Мәдениет және Ақпарат министрлігінің мемлекеттік бағдарламасының тапсырысымен 2006 жылы «Өнер» баспасы шыққан «Темірші — Кузнецы» альбомына енген.

Бұл көрмеге теміршілердің жеке коллекциясынан  алынған 80-нен астам жұмыстары қойылған.

Күлменовтер шығармашылықпен ғана емес, ғылыми жұмыспен де айналысады. Олардың жетекшілігімен «Көк бөрі»  республикалық ғылыми-зерттеу және қолөнер шеберханасы құрылып,  онда студенттердің сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын дайындаудың және металды өңдеудің ежелгі технологияларын жаңғырту әдістемесін зерттеуіне мүмкіндіктер бар.

Ағайындылар «ЭКСПО-2017 – этноауыл», «Қазақ хандығының 550 жылдығы», «Алматы күні – 2015» мемлекеттік, ғылыми, тарихи-этнографиялық жобаларды іске асыруға белсенді қатысты. 40 жылдық ғылыми-зерттеу және практикалық жұмыстары үшін, ағайынды ұсталар ҚР Мәдениет және Ақпарат Министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған (2007 ж.). Сондай-ақ, оларға «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» халықаралық атағы берілді (Түркия, 2008 ж.).   

2000 жылы Күлменовтердің эскизі бойынша ҚР Мәдениет және өнер қайраткерлеріне тапсырылатын «Алмас қылыш» наградасы құйылып жасалды. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасының желісімен 1993 жылы түсірілген  көркем фильмге арнап қару-жарақ пен сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жасаған.  

«Отырар сазы», «Мұрагер», «Сазген», «Адырна» фольклорлық оркестрлері үшін, «Батыр Исатай Тайманұлы», «Есет батыр», «Райымбек батыр», «Қобыланды батыр» музейлері үшін, сондай-ақ еліміздің көптеген облыстық, өлкетану музейлері үшін көптеген бұйымдар жасаған.

Ағайынды Күлменовтердің қолөнер жұмыстары республикамыздың 16 облысының музейлерінде және шетелдік жеке коллекцияларда сақталған.

Соңғы жаңалықтар