Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілерге халықпен жақын болу үшін әлеуметтік желілерді кеңінен қолдану қажеттігін тапсырған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң облыс әкімдері бірінен соң бірі әлеуметтік желілерде өз парақшаларын аша бастады. Облыс әкімі Даниал Ахметов те 8 сәуір күні фейсбукте өз парақшасын іске қосты.
«Айшылық алыс жерлерден көзді ашып, жұмғанша жылдам хабар алғызған заманда» әлеуметтік желінің шенеуніктер үшін ғана емес, әлеумет үшін де маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Бүгінде өңіріміздің қала-аудандарында да жергілікті атқарушы орындар әлеуметтік желіні кеңінен қолдануда. Мәселен, Риддер қаласының әкімі Жомарт Мұратов халықпен тығыз қарым-қатынас орнату үшін whatsapp (ватсап) әлеуметтік желісінде 14 топқа тіркелген екен. «Бұл топтар қаладағы барлық сала өкілдерін қамтиды деуге болады. Жастар да, қоғамдық бірлестіктер де, БАҚ өкілдері де осы топтарға тіркелген. Олардың ішіндегі ең белсенділері - кәсіпкерлер. 2013 жылы ашылған топта 223 қатысушы бар. 14 топтың қатысушылары бұл жерде қала әкіміне өздерін толғандырған сауалдарын тікелей қоя алады. Ақыл-кеңес сұрайды. Шаһар басшысы олардың өтініш-тілектеріне өзі жауап беріп отырады, бөлімдерге тапсырма береді. Сонымен қатар қала әкімінің Instagram, Twitter, Telegram әлеуметтік желілерінде де өз парақшасы бар», - дейді Риддер қаласы әкімінің аппарат басшысы Асхат Сағидолдин.
Шығыс Қазақстан облысы,
Риддер қаласы