Спорт • 19 Сәуір, 2019

Гүлісхан Нахбаева, гроссмейстер: Бірден шабуылға көшкенді ұнатамын

11055 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Елордада классикалық шахматтан командалық әлем чемпионаты өтті. Айтулы додада Қазақстанның ерлер құрамасы 8-орыннан көрінсе, қыздар құрамасы өз тарихында алғаш рет үздік бестікті түйіндеді. Осыған орай, қыздар құрамасының мүшесі, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш гроссмейстер Гүлісхан Нахбаеваны әңгімеге тартқан едік.

Гүлісхан Нахбаева, гроссмейстер: Бірден шабуылға көшкенді ұнатамын

– Қазақстан чемпионысыз. Солай бола тұра жақында өткен әлем чемпио­натында неге бірінші тақтада сынға түспедіңіз?

– Бұл сұраққа бапкердің жауап бергені дұрыс.

– Онда сұрақты басқаша қояйын. Қыздар құрамасының бапкері Арман Пашикянның жұмысына көңіліңіз тола ма?

– Расын айтсам, бапкердің жұмысы көңілімізден шықпады. Пашикян чемпионат басталардан бір күн бұрын ғана келді. Командамен толыққанды танысып үлгерген жоқ. Сондықтан болар, мені бірінші тақтадан ысырып тастағаны. Әйтпесе байрақты бәсекелерде кем дегенде 5-6 ұпай алып жүрген едім. 2012 жылы Ыстанбұлда өткен бүкіләлемдік Олимпиадада бірінші тақтада ойнап, төрт дүркін әлем чемпионы, бірнеше дүркін Олимпиада чемпионы, бірнеше дүркін Гран-при жеңімпазы Хоу Ифанмен тең түсіп, жалпы 6,5 ұпай жинағанмын. Ал 2013 жылы Астанада өткен әлем чемпио­натында Еуропа чемпионы Валентина Гунинаны ұтып, жалпы 5,5 ұпай еншіледім.

– Керемет! Бірақ Пашикян мұн­дай шешімді құраманың өзге де бап­кер­лер­імен ақылдасып қабылдаған бо­лар?

– Кеңесіп шешсе, қуанар едім. Бірақ олай емес. Жарыста кімнің қай тақтада ойнайтынын команданың белгілі бір мүшесінен сұраған жаттықтырушыны алғаш көруім. Егер бас бапкер құрама ойыншыларының деңгейін жақсы білсе, ешкімнен, оның үстіне қарамағындағы шахматшылардан ақыл сұрамас еді.

– Құрама мүшесі болу үшін Қа­зақ­стан чемпионатында жүлдегер болу міндетті ме?

– Әрине ішкі чемпионаттың нәти­же­сіне қарап халықаралық жарыстарда кім­­нің қай нөмірде ойнайтыны анық­та­лады.

– Олай болса, Бибісара Асаубаева Қазақстан чемпионатына қатыспай-ақ жаһандық жарыста ел намысын қорғады. Бұл қалай?

– Бибісара – талантты жастардың бірі. Оған талас жоқ. Алайда, құрама мүше­лігіне бірден қабылданғанына таң­ғалғанымыз рас. Соңғы әлем чемпио­натында жамбылдық Мәдина Дәулет­баева сынға түсу керек еді. Бірақ оның орнына Бибісара келді. Мәдинаның ойнамағаны құрама мүшелеріне жайсыз әсер етті.

– Шахматта «аяқтан шалу» болып тұ­ратын сияқты ғой. Ондайды өз ба­сыңыздан өткердіңіз бе?

– 2013 жылы әлем чемпионатында тоғыз ойыннан 5,5 ұпай жинадым. Соңғы турға дейін мен бірінші тақтада жекелей медаль үшін екінші орында тұрған едім. Тоғызыншы партияға қатыспасам, күміс жүлде сөзсіз менікі еді. Алайда, бапкерлер ойнауымды қайта-қайта талап етті. Өкінішке қарай, грузиялық Нана Дзагнидзеге есе жіберіп, қолда тұрған күміс медальдан айырылып қалдым. Сәйкесінше, төртінші орынға сырғыдым. 8 ойыннан 5 ұпай жинаған украиналық Екатерина Лагно 2-орынды, дәл осы көрсеткішті қайталаған Еуропа чемпионы Валентина Гунина 3-орынды иеленді.

– Бапкерлер мұны әдейі жасады деп ойлайсыз ба?

– Тоғыз мәрте қатарынан сайысқа салу – ақылға қонбайтын дүние. Өзге елдің шахматшылары жеті партиядан кейін соңғы екі турға қатыспай-ақ жүлде алып жатты. Ал мен тоғыз рет шаршы тақтаға отырдым. Үздіксіз тоғыз партия ойнау психологиялық тұрғыдан қиынға соғады.

Тура сондай жағдай екі жылдан ке­йін Қытайда өткен әлем чемпионатында да қайталанды. Сол кезде екінші орында тұрған мені бапкерлер соңғы турда тақтаға отырғызып, жүлдесіз қалдырды. Кейіннен анама Павел Коцур «егер де барлығы менің қолымда болса, Гүлісханды тоғызыншы ойынға шығармай, жүлдегер етер едім...» деген екен. Бұл жерде басқа біреулердің араласқаны анық. Әйтпесе әлем чемпионы атағы қолда тұрған еді. Өзгелер араласпағанда, әлемнің күміс жүлдегері атанған болар едім.

– Осы сұхбаттан кейін аяқтан шалушылар тіпті көбейіп кетеді деп ойламайсыз ба?

– Мақсатым – біреуге күйе жағу емес. Сұхбаттың басында өзіңіз бүкпесіз әңгіме болсын деген соң, бар шындықты айтып отырмын.

– Негізгі қарсыласыңыз кімдер?

– Бүгінде 20-35 жас аралығындағы үздік атанып жүрген шахматшылардың барлығы менің қарсыласым. Олармен кез келген турнирде кездесіп қалуым мүмкін.

– Неше бапкеріңіз бар?

– Бапкерім Юрий Якович пен Мұртас Қажғалиев. Ал 2008 жылы халықаралық спорт шебері атанғанға дейін Шымкентте Григорий Кимнен тәлім алдым. Григорий Борисович – өте білікті маман. «Алар асуың әлі алда, сен енді мықтылармен жұмыс істеуің керек» деп ақылын айтып шығарып салғаннан соң, Қазақстан құрамасының мүшесі, гроссмейстер Мұртас Қажғалиевтен ақылы түрде тәлім алуды бастадым. Аптасына 2-3 рет скайппен, кейде бапкер өзі Шымкентке келіп үйретіп жүр. Мұртас Мұратұлының гроссмейстер, одан кейін ерлер арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атануыма көп көмегі тиді.

– Есте қалған ерекше партияңыз туралы айтып берсеңіз?

– Қызыққа толы партиялар көп. Со­ның бірі 2012 жылы Ыстанбұлда өткен ко­мандалық Олимпиадада әлем­нің төрт дүркін чемпионы, бірнеше дүр­кін Олим­пиада чемпионы, Гран-при же­ңімпазы қытайлық Хоу Ифанға қарсы қарамен ойнап, тең түскенім әлі есімде. Екеу­міз бірінші тақтада сынға түстік. Оның құрған тактикасы мықты болды. Соған қарамастан тең түсіп, залда отыр­ғандардың жиырма минуттай тік тұрып қо­шемет көрсеткенін ұмыта қойған жоқ­пын. Себебі ерлер шахматына өткенге дейін Хоу Ифанды ешкім тоқтата алмаған-ды.

– Қателеспесем, сол кезде халық­ара­лық дәрежедегі гроссмейстер атан­дыңыз ғой?

– Негізі гроссмейстер атану үшін ірі үш халықаралық жарыста жоғары нәти­же көрсетуің керек. Мен алғашқысын Лон­донда өткен халықаралық турнирде (2011 жыл, 1-орын), екіншісін «Ташкент Ореn» (2012 ж.) турнирінде, ал үшіншісін жоға­рыда айтқан Ыстанбұлда өткен Олим­пиадада тиесілі ұпайымды алғаннан кейін толыққанды гроссмейстер атандым.

– Гроссмейстер атағы сізге не берді?

– Шахматтың жаңа әлеміне жол ашылды десем артық айтқаным емес. Одан бө­лек, газет-журналдарда есімім жарияла­нып, үлкен турнирлерге шақырту түсе бас­тады. Сіз секілді сұхбат алушылар көбейді. Ақылы түрде тәлім алғысы келетіндердің қатары артты.

– Ақ пен қара тақтаның айыр­ма­шы­лығы неде?

– Қараның аты қара ғой. Екінші нө­мір­мен ойнаған ешкімге де ұнамайды. Алайда, мықты болсаң, қара тақтада отырып жеңіске жетесің. Мысалы, Қазақстан чемпионатында төрт рет ақпен, 5 рет қарамен сынға түстім. Қазақстан рейтингісінде 2, 3 және 4-орында тұрған мықты деген қыздармен қара тақтада ойнадым. 9 партиядан 8 ұпай жинап, бірінші орын алдым.

– Қытай қызы Хоу Ифанның ше­бер­­лігіне тәнті болып отырсыз. Ал сіз өз қар­­­сыласыңызды қандай тәсілмен тән­ті ете аласыз?

– Маған шабуылға бірден көшіп, қар­сыласымның мысын басқан ұнайды. Көп жағдайда мұндай айла-тәсілім жүзеге асып жатады.

– Шабуылдаймын деп «қақпанға» түсіп қалмайсыз ба?

– Үнемі қорғаныста жүріп жақсы нәтиже көрсету қиын. Қарапайым өмірде де солай емес пе?! Сондықтан бірден ша­буылға көшкен дұрыс. Ол үшін бірнеше жүрісті алдын ала ойластырған жөн.

– Неше жүріске дейін жоспар құ­ра­сыз?

– Әр кезде әрқалай. Кейде 10-12 жүрісті алдын ала ойластырамын. Оның әрі қарай тағы жалғасы болады. Екінші не үшінші жүрістен кейін-ақ қарсыла­сым­ның құрған айласы белгілі болып қалады. Соған қарай жоспарым да өзгере береді.

– Сіздің партияларыңыз неше жү­ріс­пен аяқталады?

– Көбіне 40-50 жүріс. Кейде 20 жү­рістен кейін жеңіске жетемін. 150 жүріске дейін созылатын партиялар да болады.

– Ұзаққа созылған партиялар кө­біне кімнің пайдасына шешіледі?

– Жеңілісім көп болса гроссмейстер атанбас едім ғой. Бірақ тең нәтижені қанағат тұтпай, жеңіліп қалған кездерім де болған. Ондай кезде жылап аламын.

– Көп жылайсыз ба?

– Соңғы кезде жылап жүрген жоқпын (күліп). Себебі тұрмысқа шыққалы бері өмірде шахматтан да маңызды дүниелер бар екенін түсіндім. Отбасым бірінші орын­да. Жұбайым Асқар мен қызым Томи­рис бәрінен қымбат. Олар маған әр­дайым демеу.

– Айтыңызшы, Асқар екеуіңіз үйде шахмат ойнап тұрасыздар ма?

– Оның шахматтан мүлдем хабары жоқ. Кейде қатарынан екі рет жеңіліп, қателіктерім үшін уайымдап жатқан кезде Асқар демеу болады. Дегенмен, оның шахматты түсінбегені де жақсы сияқты.

– Неге?

– Белгиялық гроссмейстерлер отбасын танимын. Ерлі-зайыпты екеуі 16 жыл бірге тұрды. Жылына жиырма шақты жарысқа қатысып, біраз жетістікке де қол жеткізді. Әйткенмен қазір екеуі ажырасып кеткен. Әйелінен себебін сұрағанымда, бір-бірінен шаршағанын айтады. Үйде де, түзде де бір тақырыпта сөз болады дейді. Ал бізде керісінше. Турнирден кейін Асқар көңілімді үнемі басқа жаққа аударып отырады. Ол менімен бірге үш-төрт турнирге барды. Қытайда өткен кезекті жарыста жергілікті шахматшымен сайысқа түстім. Жеңіп тұрған жерімнен тең түсіп, көңілім құлазып сыртқа шықсам, Асқар «не деген сұмдық, бір партияны алты сағат ойнай ма? Тез киін, қаланы аралаймыз», деп бұлқан-талқан болды. Яғни, жолдасым ұзаққа созылатын осындай сайыстан соң, ойымды басқа жаққа жылдам аударып, уайымға берілмеуіме жағдай жасайды.

– Сізге шахматтың қай түрі ұнайды?

– Классикалық түрі. Себебі онда ой­лануға, тактиканы дұрыс құруға мүмкіндік көбірек. Әр ойыншыға тоқсан минут және қырық жүрістен кейін тағы отыз минут беріледі. Әрі қарай әр жүріске тағы отыз секунд қосылып отырады. Сонда бір ойын шамамен алты сағатқа созылады.

– Кімді үлгі тұтасыз?

– Әйелдер арасында да, ерлер арасында да супергроссмейстер атанған Юдит Полгарды ерекше атасам болады. Венгр қызы кезінде Карпов, Каспаров, Карлсен сынды әлем чемпиондарына мат қойған жалғыз әйел.

– Шахматтан бөлек хоббиіңіз бар ма?

– Аптасына екі-үш рет бассейнге барып тұрамын, кейде мұз сарайына барып конькимен сырғанауды ұнатамын. Міндетті түрде таңертең үш-төрт шақырым жүгіремін.

– Шахматпен жан бағуға бола ма?

– Әрине. Қазір мен қаладан, федерация­дан, министрліктен стипендия алып отырмын. Әлем чемпионатына қатысқаның үшін 5 мың АҚШ долларын төлейді. Ке­лесі кезеңге өтсең, 7 мыңға ұлғаяды. Әрі қа­рай ретімен көбейе береді. Ал егер де Ананд, Карлсен секілді әлем чемпионы бол­саңыз, онда 1,5-2 млн долларға ие боласыз. Барлығын қосқанда мықты деген гроссмейстер жылына 2 млн АҚШ долларын табады.

– Гроссмейстерлердің осынша қо­мақ­ты қаржы табатынын білмейді екен­мін. Елімізде іздеріңізді басып келе жат­қан талантты жастар бар ма?

– Шынымды айтсам, бір-екі жылда ор­нымызды басатын қыздарды көріп тұр­ған жоқпын. Жастардың арасынан тек Би­бісара Асаубаеваның шоқтығы биік. Одан үлкен шахматшы шығады деп ойлаймын.

– Шахмат әлеміне қалай келдіңіз?

– Мені шахматқа 6 жасымда анам алып келген. Ол кісі жас кезінде өзі де шахматпен әуестенген. Бірақ Оңтүстік Қазақстанның Төлеби ауданына қарасты Ұйымшыл ауылы мен Шымкент арасы алыс болғандықтан, кәсіби түрде шахматпен шұғылдана алмапты. Сол себепті өзіне арман болған шахматқа бізді баули бастады. Бауырларымның арасынан маған ғана анамның арманын орындау бұйырыпты. Алғашында Қазақстан қалаларын аралап жүргеніме мәз болушы едім. Кейіннен шетел асып, ел намысын қорғағаннан кейін шахматқа деген қызығушылығым еселеніп, өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды.

– Сонда алғашында биік белестерді бағындырып, гроссмейстер боламын деген арман болмады дегіңіз келе ме?

– Түсінесіз бе, алғашында анам мені білімді, ақылды, есепке жүйрік болсын деп шахмат секциясына апарған. Қызы гроссмейстер атанып, әлемдік аренада елінің намысын қорғайды деп ойламаған. Менде де болашақта осындай жетістікке жетемін деген ой болған емес. 14 жасымда Қазақстан чемпионатында күміс жүлдегер атанып, құрама мүшесі болғаннан кейін ғана шахмат жаныма жақын екенін түсіндім.

– Шахмат Олимпиада бағдар­ла­ма­сына енбегені белгілі. Сол себепті өсе келе аталған спорт түріне деген қы­зығушылық азайған жоқ па?

– Шахмат – логикалық ойлау қабі­ле­тіңді, күш-жігеріңді арттыратын спорт түрі. Кішкентайынан шахматпен шұғылданған баланың ойлау қабілеті жүйрік, өмірге деген көзқарасы, бағыт-бағдары мүлдем басқаша болады. Шаршы тақтадағы шайқас өліспей беріспейтін өмір үшін күрес секілді. Жеңіске жетіп жатсаң, сенің арманың біртіндеп болса да орындалып жатыр деген сөз. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін шахматқа деген сұраныс ешқашан азаймайды деп ойлаймын.

– Жылына неше турнирге қаты­сасыз?

– Шамамен 8-10.

– Шахматқа күніне қанша уақы­тыңызды бөлесіз?

– Егер жарыс алдында болса, онда күніне төрт-бес сағат жаттығамын, ал былайғы күнде екі-үш сағат дайындалсам да жеткілікті.

– Шахмат мектебіңіз бар екенінен хабардармыз. Жылына 8-10 турнирге баратын Нахбаеваға өз мектебін қатар алып жүру қиынға соқпай ма?

– Мектебімде бірнеше білікті маман жұмыс істейді. Ара-арасында өзім де барып шеберлік сабағын өткіземін. Барлығын үйрету мүмкін емес. Дегенмен, қолым қалт еткенде мектептегі талантты, Қазақстан чемпионатында жүлде алып жүрген балалармен партия ойнап, кеңес беріп отырамын.

– Жоспарыңызбен бөліс­сеңіз?

– 21 сәуірде Қазақстан чемпионатына қатыссам деп отырмын. Содан кейін кішкене демалыс аламын. Себебі екінші сәбиімнің дүниеге келуін күтіп жүрмін. Мен үшін дәл қазір ең бастысы да – сәбиімді аман-есен қолыма алу. Қалғанын содан кейін жоспарлай береміз.



Гүлісхан Сайфуллинқызы Нахбаева – 1991 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш гроссмейстер (2012 жыл). Қазақстанның алты дүркін чемпионы. Жасөспірімдер арасында Азияның екі дүркін жеңімпазы (16 және 18 жас). Азияның күміс жүлдегері (20 жасқа дейін). Әйелдер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Ерлер арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған тұңғыш қазақ қызы (2013 жыл).


Әңгімелескен Алмас МАНАП,

    «Egemen Qazaqstan»