10 Наурыз, 2010

ІЗ

906 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мен білемін не табуды, нені іздеп, Еңбек қана елдің ұлы дегізбек.

Мұзафар ӘЛІМБАЕВ.

“Мен өскен өңір – Аспантау өлкесі туралы әңгіме бөлек те, ерек. Жаныма жақын, жүрегіме тым ыстық осынау таулы өлкеден сәл ұзап сыртқа шықсам, қайтып жылы құшағына оралғанша асығып тұра­мын. Бір бастап жатқан ісім сәл ғана кідіріп мені күтіп тұр­ған­дай, бір нәрсемді жоғалтып алған­дай, әй­теуір келуімді күткен бір жағдай ма­залағандай аңсарым ауып, асығып тұрамын. Сосын салқын белі, саялы желі, кең құшақ еліне кел­геннен кейін көңілім демдел­ген­дей күйге түсемін. Мұның бәрі туған жердің шара­паты, оған деген пер­зенттік махаб­батымыз екені даусыз”. Бұл бүгінгі әңгімеміздің бас кейіпкері – Байғожа Нұр­ғо­жа­ұлы­ның іштегі ішкі сыры – жүрегін жарып шыққан жан жылуы. Мен бұл сөздерге бар діліммен сенемін. Себебі – сырты нұрлы, іші сырлы осы бір азаматты біраз жылдардан бері білемін. Оның жан жары қай қиындықты да қабырғасы қайыспай, өмірдің талай сынында майыспай, сынбай өнегелі өмір сүріп келе жатқан қазақтың сабыр­лы да салмақты, қайратты да қайсар қызы – Гүлбаршынмен де, Бай­ғожа мен Гүлбаршынның ұяға қондырған ұлдары Дәуренмен де, Русланмен де, қияға ұшырған қызы Ботамен де, күйеу баласы Айдар­мен де таныспын. Аяқ-табақ ара­ласқан етжақын туыс-туған бол­масақ та осы бір жүзі жылы, жаны жомарт жандар жаныма жақын. Алыс жақын шет елдерді шар­лап, ту сонау Африкаға дейін бар­ғанымда Алматының іргесіндегі Кегенге жол түспепті. Сәлемнің де сәті бар. Жер жәннаты Жетісудың кермиық Қарқарасына барудың сәті өткен ғасырдың соңына қарай түсті. Байғожа Нұрғожаұлымен алғаш сол жолы таныстым. Ол кезде ол Кеген ауданының әкімі екен. Мұзбалақ ақын Мұқағалидың ауылында кездесу өткізіп, Қара­саз­да қонып қалған Байғожа екеуміз бір бөлмеде бірге жатып, түні бойы әңгіме­лес­тік. Бұл өмірде қалтарысы көп, қат­пары қалың адамның жан дүние­сі­нен күрделі не бар? Қызық құ­бы­лыс. Пәлен жыл аралас-құ­ра­лас болған емес, бірге жұмыс іс­теген адам­дармен де көсіле сөйлеп, көп сыр ашыса бермейсің. Ал, Байғожа болса бірер күн жолсерік бола салып әңгіме тиегін ағытты. Жай әшейін ағытып қана қойған жоқ, жан сырын жайып салды. Кейін біл­дім, ол ұнатпаған адаммен салқын, ресми, қысқа ғана тіл қа­ты­сып, жан дүниесі қабылдаған кі­с­імен ағыл-тегіл ақтарыла әң­гіме­ле­седі екен. Менің мінезім­нің де ос­ындай бір қыры бар. Сол жағынан екеуміз тумай туысады екенбіз. Содан болар таң атқанша сыр­лас­тық. Сол сырласу ертесінде жол үст­інде, одан мен қашан кетер кет­кенше тағы жалғасты. Сондағы кө­кейіме түйгенім, Байғожа Нұр­ғожаұлының бары мен нары, ары мен жаны өзі туып-өскен елі мен жері, сол жерді мекендеген халқы екен. Кейінірек оны жаңа бір қы­рынан таныдым. Байғожа істің ретін білетін, адамдармен тіл табыса алатын білікті басшы ғана емес, ұлттық рухты көтеретін әде­биет пен өнердің де білгірі, жан­ашы­ры, қам­қор­шысы екен. Оған оның Алматы обл­ысының бір емес, бірнеше ауда­нында жылдар бойы бірінші басшы болып жүріп артына қалдырған ізі айқын айғақ. Сөзіміз жалаң болмас үшін сол ізгілікті іздердің бір па­ра­сын ғана, онда да бір ғана Райым­бек ауданында жүзеге асырған өне­гелі істерін еске алсақ та жеткілікті. Соның бір көрінісі мынандай. Ұлы жырау Жамбылдың жас шағы жайлы көркем фильм түсірген талантты кинорежиссер Қаныбек Қасымбековке көрсеткен Байғо­жа­ның көмегін, 1926 жылы Ораз Жандосов іргетасын қалаған Ер­еу­іл­­төбенің 80 жылдығында сол төбені асқақтатқан азаматтығын, Ұзақ батырдың 90, Райымбек ба­ба­мыз­дың 300 жылдығын тойлау кезіндегі жарғақ құлағы жастыққа тимей жан сала жасаған жемісті де жеңісті жұмысын, Мақатаев мұ­ра­жайын күрделі жөндеуден өткізген, мешіт тұрғызудағы ерен еңбегін, Еркін Ібітанов бастаған бас ақын­дар мен Қарасазда өткен жас ақын­дардың облыстық мүшай­ра­сы­ның бас жүлдегері, Шалкөдеде туған, Тұз­бастау ауылында тұратын жас ақ­ын Арман Октябровке де­йін­гі та­ланттар мен көркемөнерпаздар үйір­­­месіне қатысушыларға ж­а­салған қам­қорлығын, соғыс ар­да­ге­рі, жа­зушы-журналист Әлнұр Ме­йір­беков пен ережесіз жекпе-жек­тен әлем чем­пионы Ардақ На­за­ровқа, қат­ар­дағы қарапайым ең­бек адамдарына деген ілтипатын, ең арғысы Амазон тотысы мен тыр­наларын сақтауға дейінгі сер­гек­тігін, кісілігі мен кішілігін Бай­ғожаның өзі емес, оны жақсы бі­ле­тін өзгелер сыр ғып, жыр ғып айтады... Байғожа Нұрғожаұлы шерткен көп сырдың бірі мынау: “Ой – адамның серігі. Өзіме үлкен сенім артылып, көтерер жүгім де ауыр­лап, ел мен жер үшін ең­бектеніп жүргенімде қызмет бабындағы жол­сапарлар жиі жалғасады. Ұзақ жол­дарда терең-терең ойлардың теңізін кешемін. Жанарым жазылып жат­қан ұзақ сонар жолда болса, кө­ңілім арғы-бергі жағы үш жүз ша­қы­рымға созылып жататын ауда­ным­ның аумағында жүреді. Сонау Қы­таймен шекара бойындағы Сүм­бе мен екінші бір қиыр – Қырғыз елімен шектесетін Сатының жағ­да­йы ойыма оралды. Бұрыннан да ме­рейі мен мәртебесі, аты мен ата­ғы алыс кеткен таулы ауданның әлі де еңсесін биік, шаңырағының тұл­ғалы, жұлдызының жарық, еңб­е­гі­нің ерен болып тұрғанын бар жа­ныммен қалаймын. Арқаны кеңге салып, алаңсыз ұйықтайтын кезім аз. Әйтеуір мазалаған ойлар көп. “Батыр баба ауылының от­тарына” жылына отырып айтылған сырлар осылай жалғаса береді. Сол сырлардан жаны жомарт, жалы биік, ақиық азамат – Байғожа Нұрғо­жа­ұлының жалтаңы жоқ жан дүниесін жазбай танисың. Танисың да: “Шіркін-ай, басшы болсаң осындай бол!” деп сүйсінесің. Байғожаның халық қойған екінші аты – Ақан. Елі білетін, жа­қындары сүйсіне айтатын бұл есім­де де бір сыр болуы керек. Ол сыр оның Ақан серідей сал-серілігіне емес, өнерді жанындай сүйетін, оған үнемі қамқоршы болып жү­ретін, қажет болса өз қалтасын қа­ғып беретін ерлігіне байланысты бо­лар. Не де болса, жаман емес, жақсы ат. Алпыстан асса да аттан түспей облыстық ауыл­ша­руа­шылық басқар­ма­сының тізгінін ұстап отырған, облыстың бір емес, бірнеше ауданын басқарған, жай басқарып қоймай бағын жандырған Байғожа Нұрғожаұлы таулы ауданның тау тұлғалы азаматы! Азамат арқалаған жүк қашан жеңіл болып еді? Ел үшін еңбек етіп, халқының қажетіне жараудан асқан бақыт бар ма? Сол бақытың баянды болсын, Байғожа! Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Алматы облысы.