Айгүлдің соқпағы
Бейсенбі, 19 сәуір 2012 7:38
Айгүл Асылбекова-Нөкербаеваның газет-журналдарға шыққан әңгімелерін оқығанда бір сәуле көрінеді-ау деп ойлап қоятынмын. Соным шындыққа айнала бастағанға ұқсайды. Жуырда оның «Бақытты болатын өмір» атты тұңғыш әңгімелер жинағы жарық көрді. Кейіпкерлері кәдімгі өзіміз күнделікті көріп-біліп, сырласып, мұңдасып жүрген қарапайым жандар. Тіпті бір сәт солардың арасынан өзіңді немесе бір танысыңды көріп қалғандай әсерде боласың. «Рас-ау!» деп, басыңды шұлғып қостай кетесің. Жинақтағы «Қырық шырақ» деген әңгімесін оқып көріңізші. Тоғыз ай омыртқасын үзе жүріп көтерген, түн ұйқысын төрт бөліп, бесігінде тербеткен ананы Меккеге үш арқалап барсам да балалық парызымды өтей аламын ба деп кім ойланбайды дейсіз. Осы перзенттік парыздың қыр-сыры әңгімеге арқау болған.

Еш боямасыз сомдалған ұрпақ келбеті, еш романтикасыз суреттелген замана көрінісі, замандас портреті әдемі. Автор адам болмысын, қоғам психологиясын, тұрмысы мен мәдениетін баз қалпында, нанымды әрі тартымды баяндап берген. Жүрекпен жазылған дүние жүрегіңнің түкпіріне жетіп, қонақтай береді екен. Әйел баласы перзент көтеруге жаралды десек те, қоғам өмірінің басына туған аумалы-төкпелі заманда олардың жүк көтеруіне тура келгені шындық. Небір «менмін» деген ер азаматтардың өзі тосыннан келген нарық «төмпешіне» төзе алмай, не істерін білмей абдырап қалғаны ақиқат. Қиын-қыстау шақта үш бірдей ұлды бірінен кейін бірін дүниеге әкелген Айгүл оларды тәрбиелеп, бәріне жоғары білім беріп, азамат етіп шығарды. Енді міне, самайын қырау шалған тұста шығармашылық сапарға бет бұрыпты. Бұл екі әйелдің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік. Жазушы осы сапарға шықпас бұрын қайда баратынын анықтап алғанға ұқсайды. Өзіне сенімді. Батыл. Тілді беземейді, дәмді ойды көзейді. Айтқандары мық шегедей нақты. Қиялы ұшқыр. Қысқа жазып, көп айтады. Оқуға жеңіл. Қалам иесінің өзіне ғана тән шығармашылық үлгісі бар.
Мынау жалған тірлікте адамның көп нәрсені жоғалтуына тура келеді. Бірақ өзін және Құдай берген қабілетін жоғалтуға хақы жоқ. Кешеуілдетіп болса да, қоңыраулатып жеткен қанатқақты туындың көңілден шықты. Герольд Бельгердің «Айгүлдің соқпағы» деп алғысөз жазуы да содан шығар. «Кітап иесі – автор, ал оның тағдырына ие – қауым» деген екен жазушы Виктор Гюго. Қауымға ұсынған кітап, халық игілігіне асса құба-құп.
Гүлмәрия БАРМАНБЕКОВА,журналист.