23 Қазан, 2012

Сахна сардары

696 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Сахна сардары

Сейсенбі, 23 қазан 2012 7:23

Қазіргі қазақ сахнагерлерін алып армия деп есептесек, жылдар бойы жасақталған сол самсаған қалың қолдың қолбасшысы ретінде біз жақында ғана күллі елімізде туғанына 80 жыл толуы кең көлемде тойланған Халық қаһарманы, КСРО халық әртісі, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, әлемге танымал режиссер Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовті атаған болар едік. Мұндай атаққа ол қай жағынан келгенде де әбден лайық. Себебі, саналы ғұмырының қырық жыл уақытын бас режиссерлік қызметке арнаған тұлғаның  қазақ театр өнерінің кәсіби тұрғыда қалыптасып, ұлттық сахна көкжиегінің кеңейе түсуіне қосқан үлесі айрықша зор.

 

Сейсенбі, 23 қазан 2012 7:23

Қазіргі қазақ сахнагерлерін алып армия деп есептесек, жылдар бойы жасақталған сол самсаған қалың қолдың қолбасшысы ретінде біз жақында ғана күллі елімізде туғанына 80 жыл толуы кең көлемде тойланған Халық қаһарманы, КСРО халық әртісі, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, әлемге танымал режиссер Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовті атаған болар едік. Мұндай атаққа ол қай жағынан келгенде де әбден лайық. Себебі, саналы ғұмырының қырық жыл уақытын бас режиссерлік қызметке арнаған тұлғаның  қазақ театр өнерінің кәсіби тұрғыда қалыптасып, ұлттық сахна көкжиегінің кеңейе түсуіне қосқан үлесі айрықша зор.

Әзірбайжан Мәмбетов өз за­мандастарының жадында Алма­тыдағы М.Әуезов атындағы Қа­зақ академиялық театрын отыз жыл, Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрын он жыл басқарып, екеуін де қазақы ұлттық бояу мен салт-дәстүрге қанықтырып, жаңа белді белеске жеткізген, сол жылдардың бәрінде қаншама сахна саңлақтарын тәрбиелеп шығарған сан қырлы талант иесі ретінде қалды. Осы ретте танымал театртанушы Еркін Жуас­бектің бас сардар туралы «қазақ сахна өнерін әлемдік деңгейге көтерген, кешегі кеңестік дә­уірде өзіндік дарынымен жина­ған шығармашылық беделінің арқасында қазақ театрының мәр­тебесін аспандатқан, сахналық шешімдерінің тереңдігімен жа­ңашыл режиссер атанған тұлға» деген сөздері оған қатысты толыққанды тұжырым секілді естіледі.
Әзірбайжан Мәмбетов – өзінің алдындағы Жұмат Шанин, Асқар Тоқпанов, Шәкен Айманов, Әубәкір Исмайылов, Мұх­тар Қамбаров сынды аға буын өкілдері бастаған жолды лайық­ты жалғастырып, театр режиссурасын жаңа қырынан дамыта білген майталман маман. Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай­дың айтуы бойынша, бұлардың арасындағы Ж.Шанин «қазақ топырағында режиссура ілімін алғаш уағыздаған және оны жалғыз қалыптастырған рухани тұлға» болса, А.Тоқпанов «осы салада тұңғыш жоғары оқу орнын тәмамдап, арнайы режис­серлік диплом иеленген кәсіби қайраткер». Кезінде кәсібін жаңа бастаған жас режиссер Мәмбе­тов бұлардың екеуінің шығар­машылығынан да өнеге алды. Ал қазақ өнерінің көгінде режиссер ғана емес, сонымен қатар хореограф, суретші ретінде мәңгіге қалып қойған Ә.Исмайылов оның жалғыз әпкесі Аққағазға үйленген жездесі еді. Әзірбай­жанның жан-жақты жетілген маман болып шығуына бұл кісінің де әсері аз болған жоқ. Сол себепті өнер зерттеушісі Күміс Молтобарова: «Мәмбетов Қазақ­станның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әубәкір Исмайыловты ерекше жылылықпен еске алады», деп жазды.
Қазақтың ұлы актері, театр және кино режиссері Ш.Айманов болашақ аты әлемге танылатын толымды тұлғаның осы мамандықты таңдауына тікелей себепкер болды. Бұл орайда Шәкен Кенжетайұлы оның бо­йы­нан «актерлік дарын ұшқы­нын ғана емес, сонымен қатар келешек режиссерді де көре біледі». Сондықтан да 5 жыл оқып, 1952 жылы Алматы театр-көркем­су­рет училищесін актер маман­дығы бойынша бітіріп кел­­ген жас жігітке: «Өнерден бір­шама білімің бар, хореогра­фия­ңа да рахмет, дене бітімің де икем­ді, мұның бәрі жақсы, бірақ сен енді режиссура мамандығын мең­геруің керек», дегенді ашық айтады. Міне, өнердегі ұстазы­ның бағыт беруі бойынша Одақ астанасы – Мәскеуге сол жылы аттанған Ә.Мәмбетов А.­В.Луна­­чарский атындағы мемлекеттік Театр өнері институтына (көп­шілік арасындағы қысқартылған атауы – ГИТИС) құжат тапсырады. Бірақ, ә дегенде жолы болмайды. Сол жылы режиссерлер курсын қабылдаушы РСФСР халық әртісі Николай Горчаков­тың гастрольге кетіп қалуына байланысты емтиханды басқа ма­мандар қабылдайды да, қа­зақстандық талапкердің бағасы дұрыс қойылмайды. Сосын сы­нақ алушылардың шешімімен келіспеген қайсар жігіт кейін өзінің ұлы ұстазы болатын про­фессордың келуін күтіп, Мәс­­кеуде айға жуық уақыт жатып қалады. Дегенмен, оның осы табандылығы мен өжеттігі ақы­рында өзі көздеген жолға түсуіне мүмкіндік әпереді. Та­мыздың аяғында институт ректоры Матвей Горбунов алған бетінен қайтпай жатқан алма­тылық азаматты кабинетіне ша­қырып, қо­сымша емтиханға жі­берілгенін хабарлайды. Осы сы­нақта Иван Крыловтың «Піл мен қанденін» нәшіне келтіре оқып берген жиырма жасар қазақ жігі­тін мәс­кеулік профессорлар оқу­ға қа­былдауға мәжбүр болады. Осыдан бастап Николай Михайлович Горчаков пен Әзір­байжан Мәди­ұлы Мәмбе­тов­тің арасында ке­йін көп жылға созылатын дос­тық пен шығар­ма­шылық ты­ғыз байланыс орнайды.
Оқудағы алғашқы жылдарында Ә.Мәмбетов ерекше көзге түсе қоймады. Сондықтан ол студенттік ортада сахна реформаторлары қатарына жатқызыл­ған жоқ. Осыған орай, театр тарихын зерттеуші Ирина Шостак: «Мұнда режиссура факультетін­де әдетте орын алып жататын дәстүр көрініс беріп, бастапқыда режиссерлік ой-қиялды арнайы білімнің басып кетуіне жол ашатын эрудициясы мол шәкірттер алдыңғы сапқа шықты. Бұл тұста Ә.Мәмбетовтің белгілі театр отбасыларына жататын курстастарымен дәреже теңестіріп, білім таластыруға шамасы жетпеді» деген анықтама берді. Мұның есесіне, курс жоғарыла­ған са­йы­н студенттерден композицияны режиссерлік тұрғыда түсініп бейнелеу, сахналық образдар мен пьесаларға өз бетін­ше интерпретациялар жасау, эпизод­тар­дың ырғағын дұрыс білу талап етіле бастағанда, бұ­рынғы «көшбасылар» біртіндеп алдың­ғы шептен ығысып, ке­йінге ше­гіне түсті. Бұл кезең керісінше Ә.Мәмбетов сияқты «ауыр артиллерия» өкілдерінің алғы саптан орын алып, нағыз өз «иірімінде» қайнауларына жол ашты. Осы «кеш қозғалғандар­дың» үздігі болған Ә.Мәмбетов спектакльдің қаңқасын алдын ала көзге елестете білетіндігі­мен, уақытты тура сезіне ала­тындығымен, сондай-ақ пьеса идеясының пластикалық тұр­ғыда қалай көрінетінін дәл пайымдайтындығымен ерекше­лен­ді. Рас, сол жылдарда режиссурада негізінен актерлермен жұмыс істесе білу, педагоги­калық талант жоғары бағала­нушы еді. Сол себепті болашақ режиссерлер өз әріптестері қой­ған қойылымдарда сахнаға шы­ғып, актер ретінде де өнер көр­сетіп тұрды. Мұндай мүмкін­дікті Ә.Мәмбетов те қуана пайдаланды.
«ГИТИС-тен бар-жоғы жүз метрдей жерде Всеволод Мейер­хольдтің шәкірті, шартты театр қағидаттарын берік және табанды ұстанушы қоюшы-режиссер, КСРО халық әртісі Николай Павлович Охлапков көркемдік жетекшісі болып табылатын   В.Маяковский атындағы театр тұрды, – деп жазды И.Шостак.   – Охлапков спектакльдері өзінің монументті пішінімен, жарқын театрлық көріністерімен, сазды­лығымен Мәмбетовті қатты те­бірентті». «Мен Охлапковтың  Н.Погодиннің «Ақсүйектерінен» бастап, В.Шекспирдің «Гамле­тіне» дейінгі спектакльдерінің бәрін де көрдім, – деді кейін Н.Охлапков қойылымдары туралы әңгімесінде Ә.Мәмбетов.       – Олардың әрбірі ғаламат оқиға еді. Режиссурада Охлапков ме­нің табынушым болды. Оның кез келген спектаклі – әлде­қандай бір жеке эмоцияның, музыка мен бояудың жарылысы. Ол (басқа ешкім жасай алмайтындай етіп) декорациялық бе­зендіруі мен музыкасын алмас­тырмай отырып-ақ, спектакльге тұтас образ беруге қабілетті болатын».
Ал Ә.Мәмбетовтің ГИТИС-тегі оқу жылдары елдегі әдебиет пен өнердің дамуында ғана емес, сонымен қатар күллі қоғамдық өмірде өзгерістер жүріп жатқан бетбұрысты кезеңмен тұспа-тұс келді. Бұл 1956 жылы СОКП-ның атақты XX съезінің өтуімен тығыз байланысты болды. Ком­мунистік партия форумы жылдар бойы аяқ астына тапталған әлеуметтік әділетсіздіктерді қал­пына келтіріп, тарихи жағдайды шынайы бағалауға жол ашты. Ол өз кезегінде мәдениет саласына да жаңғырулар әкелді. Осы тұста театр өмір мен сахна арасын­дағы алшақтықты жақындатуға, өмір құбылыстарын барынша шынайы бейнелеуге, эстетика­лық ізденістердің биіктігі мен жан-жақтылығына жетуге ұм­тыл­ды. Жаңа кезең ең алдымен кеңес театры корифейлерінің мұраларын игеруге бағыт ұс­тады. Сахна догматизм мен ка­нондық бағдардан тазара түсті. Соның салтанатында кеңес театрының ұлы теоретиктері Станиславский, Немирович-Данченко, Вахтангов, Таиров, Мейерхольд, Курбас, Ахметели дәстүрлерін қайта сараптаудан өткізу қолға алынды. Мысалы, 1956 жылы МХАТ-тан бөлініп шығып, өз алдына отау тіккен «Современник» театры өзінің бағ­дарламалық бағытын «Станиславскийге оралу» деп атады.
Осыған орай, өткен ғасырдың 50-шы жылдарының ортасынан бастап режиссура белсенді ық­палды күшке айналды. Бұл кездері театрда режиссерлердің үш буынының өкілдері жұмыс жасап жатты. Бұлардың бірінші тобын 20-шы жылдардың соңы мен 30-шы жылдары шығар­машылықтары басталған Н.­П.Ох­­­лапков, Н.П.Акимов, А.­Д.Попов, В.Н.Плучек, В.М.Аджемян, К.­К.Ирд, Э.Я.Смельгис, Ю.­И.Мильтинис құраса, екінші тобын қа­тар­ға 30-шы жылдың соңы мен 40-шы жылдары қосылған Л.­В.Варпаховский, А­.­А.Гончаров,     Б.­И.Ра­­венских, Г.­А.Товстоногов, А.­Ф.Амт­­ман-Бриедит, Г.­Ванце­вии­­чюс топ­­­­тастырды. Ал үшінші буынға мамандар О.­Н.Ефремов, А.­В.Эфрос, В.­Х.Пансо, М.­И.Туманишвили, Т.Кязимов, Ә.­М.Мәм­­бетов,     Р.­Н.Капланян сынды енді жетіліп келе жатқан жас таланттарды жат­қызды. Осы жылдарда бір кез­дері методологиялары қазіргі заманғы театр практикасын ба­йытқан В.Мейерхольд пен А.Таи­ровтың шығар­ма­шылық мұ­ра­лары театр өміріне біртін­деп қайта орала бастады.
Осы буырқанған оқиғалар­дың барысында Әзірбайжан Мәм­бетов бәрін де көріп, бәрін де білуге қатты ықылас қойды. Оған өзінің төрт жылда алған білімін таразы басына салып көрудің орайы 1956 жылы төртінші курсты бітірген жылы келді. Осы жазда театр инс­титутының студенті өзінің дип­ломдық жұмысы ретінде Гурьев облыстық драма театрында спектакль қою мүмкіндігін алады. Мұндай қойылымды Жамбыл облыстық драма театрында да жасады. Бұл туралы белгілі театр сыншысы Бағыбек Құн­дақбаев: «Ә.Мәмбетовтің режис­сурадағы алғашқы қадамы об­лыстық театрлардан, Гурьевте А.Штейннің «Жеке адам ісі», Жамбылда К.Гольдонидің «Екі мырзаға – бір қызметші» спек­такльдерін қоюдан басталады, – деп мәлімдеді. – Оның бұл дипломдық жұмысын көрер­мендер жылы қабылдап, баспа­сөзде жоғары бағаланды. Әсі­ресе, соңғы спектакльде Ә.Мәм­бетов келешегінен мол үміт күттіретін, түбегейлі режис­сер­лік дайындығы барлығын көр­сет­кен еді». Бұл жас режис­сердің де тағдырын шешіп кетті. Осының арқасында 1957 жылы ГИТИС-ті бітірген бойда      М.Әуезов атындағы Қазақ акаде­миялық драма театрына режиссер болып қызметке қабыл­данды.
Алайда, академиялық театрға бірден сіңісіп кету оңай болған жоқ. Бұған, Ә.Сығайдың айтуынша, «аты шыққан үлкен ұжым­ның құрылған күнінен бері оның сахна тарландары болып келе жатқан аға, орта буын өкіл­дерімен бірден шығарма­шылық одақ тауып, шүйіркелесе кету» мүмкін болмағандығы себепкер­лік еткен. Театрдың тіпті соңғы буын аталатын әртістерінің өзі жас режиссерге кей кездері қырын қараған. Осылайша бас режиссердің ықпалынан шыға алмай, сергелдеңге түскен біраз күндер өткен. Өстіп жүргенінде, өз бетінше қойған бірінші спек­таклі – Шахмет Хұсайыновтың «Ертіс жағасында» пьесасының қойылымы үлкен сәтсіздікке ұшырады. «Ертіс гидроэлектростансасында еңбек етіп жүрген қаһармандар жан-дүниелерінің драматургиялық босаңдықтан кеткен жалған да жасандылығы, олардың араларындағы мело­драмалық сөз қақпақылдауға құрылған ұсақ-түйек тартыс, себеп-салдарсыз, белгілі бір логикасыз туындап жатқан көп сөзді диалогтар әлі тәжірибесіз ре­жис­сердің түпкі ойларына ба­ғынбады, – деп тұжырымдады мұны белгілі театртанушы.         – Сондай баянсыздықтың салдарынан сахнада бар болғаны үш-ақ рет көрінген жоғарыдағы сәтсіз қойылым репертуардан мүлдем шығып қалды». Дегенмен, бұл сәтсіздікті Ә.Мәмбетов уақытша құбылыс деп санап, тұйықтан шығудың жолдарын жан-жақты қарастырды.
Кеңес театры көшбасшыла­рының бірі Георгий Товстоно­говтың «Зеркало сцены» деген кітабында: «Станиславский – театрдың ұлы суреткері және біздің Отанымыздың ұлы азаматы. Ол үшін театр ешуа­қыт­та ермек немесе әуейі тірлік болған емес. Театр – адам­дарға өте көп жақсы тірліктер жайлы айтуға болатын кафедра. Ста­нислав­скийдің өнер­дегі барша тамаша өмірі адам­заттың бақы­ты жо­лындағы кү­рестің игілікті идеясына қыз­мет етумен өрнек­тел­ді», деген жолдар бар. Дәл осы сөздерді тап сол қалпында Ә.Мәмбе­товке де қарата айтуға болады. Сондықтан оған табыс тез кел­ді. Ол бас режиссердің ше­ші­мімен драматург Әбділда Тә­жібаевтың «Жалғыз ағаш орман емес» пьесасының қойы­лы­мына екінші режиссер болып бекітіліп, оны сахнаға шы­ғаруға айтарлықтай еңбек сі­ңірді. Спек­такль Мәскеуде өт­кен онкүн­дік­те көрсетілді.
Режиссер Ә.Мәмбетовтің ең алғашқы үлкен табысы, сөз жоқ, драматург Қалтай Мұхамед­жа­новтың «Бөлтірік бөрік астында» комедиясын сахналауы болды. Рас, ол сахнаға шыққан 1959 жылы қойылым төңірегінде бір­шама айтыс-таластар орын алды. Соның басын белгілі сахнагер Ш.Айманов бастап берді. Ол өзінің «Қазақ әдебиеті» газетін­де жарық көрген спектакль туралы рецензиясында «жас автор мен жас режиссер тырнақалды бұл еңбегімен өздерінің көркем шығарма жасауға қабілеттілігін танытқанын» атап өтті. Сөйте тұра, ол авторға да, режиссерге де біраз сын артты. Соның ыңғайында режиссерге «ең алдымен автормен жұмыс істеуді көбірек үйренгені жөн» екенін білдірді. Пьесада кедір-бұдыр өте көп. Мұны түзетуде жас режиссер жасы үлкен ағаларынан ақыл-кеңес сұрауы керек еді. Адам образына терең бойлауда да кемшіліктер бар деді. Бірақ «Со­циалистік Қазақстан» газе­тін­де жарияланған жазушы-драматург Тахауи Ахтановтың рецензиясы бұл сындардың біра­зына тойтарыс берді. Ол айтыл­ған ескерт­пелердің ішіндегі кей­бір орындыларына келісетінін айта келіп, алайда, жекелеген кем­шілік­теріне бола еңбектің негізінен сәтті екенін жоққа шығаруға болмайтынын сөз етті. «Пьесада, жоғарыда айтқаны­мыз­дай, жеке кемшіліктер жоқ емес, – дейді ол. – Бірақ бұл, тұтас алғанда, автордың да, театр коллективінің де назар аударарлық табысы болып табылады». Ал Б.Құндақ­баев бұдан да терең кетті. «Ә.Мәмбетов қойған Қ.Мұха­меджановтың «Бөл­тірік бөрік астында» спек­таклі режиссерлік шешім, орын­даушылық шебер­лік жағынан көркем шыққан. Комедия мен спектакль туралы әртүрлі пі­кірталастардың түйінін жазушы Т.Ахтанов баспасөз бе­тінде дұ­рыс шешіп, әділ бағасын берген». Комедия төңірегіндегі пі­кір­лер қайшылығы мұнымен тоқтай қоймады. Сол кезде қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов сөз алып: «Қалтай Мұха­меджановтың бірінші туындысы – жақсы комедия, – деп атап көр­сетті. – Көпшілікке мәлім, күл­кінің табиғаты әртүрлі. Күлкі жақсы нәрсені қорғап, жаманды келеке етеді. Берекесіздіктен қашу мен жаман тірлікті күлкіге ұшырату – күлкінің екі бөлек түрі. Аталмыш комедия күлкі­сінің астарында терең мағына жатыр, ол ойлануға мәжбүр етеді… Қысқасы, комедия жақсы, керекті, буырқанған күлкіге толы, бұл нағыз талантты сәттілік. Жас жазушы Қ.Мұхамеджанов пен режиссер мен актердің қы­зықты келбетін танытқан  Ә.Мәм­­бетовке осы бағыттағы шы­ғармашылық шыңына сапары сәтті болсын дегім келеді», – деген орнықты ойын білдірді.
Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рубен Андриасян өзінің әріптесі Ә.Мәм­бетов туралы: «Ол М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрына өз лебімен кел­генін ұмыт­па­уы­мыз керек. Мәм­бетов бұл театр­ды фоль­клорлық спек­такль­дер­дің өресінен оздырып, әлем­дік ауқымдағы өнер ордасы дең­ге­йіне жеткізді. Әзірбайжан Мәм­бетовтің өнері арқасында қазақ театры шетелдерге танылды», деп жазды. Даңғайыр жазушы Әбіш Кекіл­байұлының пайы­мын­ша, «Жұ­мат Шанин, Асқар Тоқпанов, Шә­кен Айманов шың­даған ре­жиссерлік мектеп тұяғ­ы­на шаң жұқпас дүлдүлдігімен танылды. Осындайда тізгін үзіп шығу тек жойқын таланттың ға­на қолынан келді. Алғашында «Бөлтірік бө­рік астында» комедиясын қойған және Арыстан сынды тың бейне сомдаған Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов ешкімді қайталамай­тын дара дарынымен көрінді. Көп ұзамай қазақ театрының сан қилы репертуарын Әзірбайжан Мәм­бетов спектакльдері еңсере бас­тады. Талантты жастың бірі­нен бірі өткен кесек қойылым­дары күллі қазақ сахнасының болмысын өзгертті. Халықтың лиро-эпос түрінде өрнектеліп жүрген «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Ақан сері – Ақтоқ­ты», «Қара­қыпшақ Қобыланды» әлем кө­рер­мендерінің көзіне тү­сіп, кө­кірегін баурар үлкен жинақ­тау­лар мен трагедиялық кернеулер тасқындаған алапат туынды­ларға айналды… Ұлттық өнері­міздің биік серпінін көр­сетіп, халық тағдырының қилы замандарын бейнелеген «Абай», «Ана – Жер-Ана», «Қан мен тер» қазақ режиссурасының эталоны болып қала бермек».
Ұлы режиссер 1960 жылы бірінші рет қазақ классикасына қадам жасады. Осы арқылы жоға­рыда айтылған бағалардың дұ­рыстығын дәлелдеп берді. Бұл жолы сахнаға жолдама алған Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпаны» мамандар тарапынан жо­ға­ры баға алды. Ай­талық, драматург Қ.Мұха­мед­жанов бұл қойы­лымды театр репертуарына қо­сылған тағы бір үлкен шы­ғарма ретінде атап өтті. «Спектакльде өзара орынды қабысып жатқан халық ойындары, әдет-ғұрыптық элементтер өте нанымды, сы­йым­ды беріледі», – деп жазды ол. Осы жерде айта кетейік, қазақ драматургия­сы­ның классикасы болып үлгер­ген бұл пьесаны жас режиссерге берер алдында театр­дың көркем­дік кеңесінде үлкен талас туады. Ақыр соңын­да талқылауға қатысып отыр­ғандардың бар­лығы дерлік мұн­дай туындыны тәжірибесіз ма­манға беруге әлі ерте деген ше­шімге келеді. Сол кезде әртіс С.Қожамқұлов сөз алып: «Дос­тар, біз театр өне­рінің дамуы жолында көп жұмыс жасап келеміз. Бұл жолда бізде жеңіс те болды, жеңіліс те болды. Енді, міне, жас тол­қын келді. Біз оларға сенім артуымыз керек. Ендеше, жас режиссерге бәріміз болып кө­мектесейік», – дейді. Бұған көр­кемдік кеңестің бірде-бір мү­шесі қарсы тұра алмайды. Сөй­тіп, Ә.Мәмбетов бірінші рет қазақ әдебиеті классикалық туындысына қол жеткізеді.
Осылайша, біртіндеп өзіне өзінің сенімі арта бастаған Ә.Мәмбетов 1961 жылы Қ.Мұ­хамеджановтың «Құдағи келіп­ті» комедиясын, Ә.Әбішевтің «Армандастар» драмасын, 1962 жылы М.Әуезов пен Л.Собо­левтің «Абай» пьесасын, Лопе де Веганың «Шөп қорыған ит» комедиясын, 1963 жылы Ә.Тәжі­баевтың «Той боларда» комедиясын сахнаға шығарды. Ал 1964 жылы Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесі бойынша Б.Львов-Анохиннің инсценировкасы не­гізінде «Ана – Жер-Ана» драмасын көрермен назарына ұсынды. Театр сыншыларының берген бағалары бойынша, «бұл жан тебірентерлік сахналық шығар­маға айналды». Ал Б.Тоғысбаев бұл қойылым туралы: «Қо­йылымның адам баласының бақытқа, тіршілікке ұмтылысын сол сапарда көрген қызығы мен қайғы-қасіретін терең толғап, бейнелейтін туынды» деген баға берді. Белгілі ақын-драматург  Ә.Тәжібаев: «Ана – Жер-Ана» спектаклі халық пен Отан бірлігін жырлаған дастан болып шықты, – деп жазды. – Адам қуа­ныш үстінде ғана емес, қай­ғы-қасірет үстінде де ер екен. Көз жасына жуынған адам жылап отырып-ақ жарық өмірдің қамқоры екен… Режиссер      Ә.Мәм­бетов сахнада даралаған адамдар мен топтанған халық бірлігінің сомдалған бейнесін жасады».
Белгілі театртанушы ғалым Бақыт Нұрпейіс өзінің доктор­лық диссертация жұмысында Ә.Мәмбетовтің режиссерлік әдіс-тәсілі жайына тоқтала келіп, оның азаматтық ұстанымы мен шығармашылық көзқарас­тары өзі қойған спектакльдерден көрінетінін тілге тиек етті. Ға­лым бұдан әрі: «Оның спек­такльдеріне тән ортақ белгі бә­рінде де іштей байланыс, күшті динамика, театрлық ойнақылық, оқиғаның жіті дамып, табиғи ауы­сып отыруы және орындау­шылардың өз әрекет-мақсат­тарын айқын сезінуі тән болды», деп атап көрсетті.
Ә.Мәмбетов өз дәуірінің озық ойлы режиссері бола отырып, актерлік өнерді өзінің шебер ойластырылған тұжыры­мына, яғни спектакльдің басты идеясына, күрделі режиссерлік шешімге бағындыра білді. Ол өзіне дейінгі таңдаулы режиссерлер мен театр актерлерінің мол тәжірибелеріне сүйене отырып, сахналық мектептің белгілі бір кезеңдегі тиімді тәсілдері мен бағыттарын орынды пайдаланды. Ә.Мәмбетов бұған дейін жаттанды бола бастаған пішін­дердің бәрінен бойын аулақ салып, қалыптасқан тәсілдерге өз жаңалықтарын батыл енгізіп отырды. Ол қазақ театры сахнасында бұған дейін басымдылық танытып келген актерлік өнерді режиссураға бағындыруға күш салды.
Ә.Мәмбетов кешегі одақтас республикалар режиссерлері ара­­сында сахналық дәстүрдің жемістілігі мен өміршеңдігі оның барша ұлттық ұстындарға қаншалықты дәрежеде сүйене­тіндігіне байланысты екенін ұғын­ған алғашқылардың бірі болды. Ал Қазақстанда бұл ең алдымен эпостық жырлар, ақын­дар айтысы, жыраулар тер­месі, ұлттық музыка мен салт-дәс­түрлер еді. Тар көлем­дегі «цех­тық» көзқарас оған қашан­нан жат көрінетін. Бұл режиссерге өз бағытын алысты көздей отырып, анықтап алуға мүм­кіндік берді. Актер өне­ріндегі жалған роман­тикалық пафосқа жаны қас режиссер іс жүзінде қазақ сахнасына қазіргі заманғы әлем теа­трының жаңа­лығын енгізіп қана қойған жоқ, сонымен бірге оған байырғы ұлттық реңктерін – қаһар­мандық, қа­рапайымдылық пен төзім­ділікті, терең жан тебіре­нісі мен ме­тафоралық-образдық тілдің шарттылығын алып келді. Оның ре­жис­сура­дағы көп­теген әріп­тестерінен тағы бір айырма­шылығы, еш­қашан әлдеқандай бір театр стилінің тұрақты жолын ұс­танушы болып көрген жоқ.
Әзірбайжан Мәмбетов шы­ғармашылығының ерекшелігі – оның бір мезгілде драма және музыкалық театрларда қызмет ете беретіндігінде. Ол бұдан бөлек кино саласында да режис­серлік жасап, қазақ киносының тарихында қалған бірқатар туындыларды өмірге әкелді. Мұ­ның бәрі әлем таныған режис­сердің шын мәнінде сан қырлы талант иесі екенін айғақтай түседі.
Жаңагүл СҰЛТАНОВА,
Қазақ Ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы.