Алтынның сынығы
Сенбі, 10 қараша 2012 7:06
Қазіргі таңда жекелеген ғылым салалары интеграциялану нәтижесінде өзара ықпалдаса келіп, ортақ мәселелердің түйінін шешуде оң нәтижелерге қол жеткізуде. Оны тоғыспалы ғылым салаларынан да айқын аңғаруға болады. Осындай лингвостатистика мәселелерін ғылыми тұрғыдан зерделеуде лингвистика мен математика салаларын жете меңгерген, осы салалардың ғылыми-теориялық тұжырымдарымен жан-жақты қаруланған, тегі мен болмысы бөлек жаратылған, ерекше сипаттағы ғалым – филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов зерттеулерінің маңызы зор екенін айтуға тиіспіз.
Сенбі, 10 қараша 2012 7:06
Қазіргі таңда жекелеген ғылым салалары интеграциялану нәтижесінде өзара ықпалдаса келіп, ортақ мәселелердің түйінін шешуде оң нәтижелерге қол жеткізуде. Оны тоғыспалы ғылым салаларынан да айқын аңғаруға болады. Осындай лингвостатистика мәселелерін ғылыми тұрғыдан зерделеуде лингвистика мен математика салаларын жете меңгерген, осы салалардың ғылыми-теориялық тұжырымдарымен жан-жақты қаруланған, тегі мен болмысы бөлек жаратылған, ерекше сипаттағы ғалым – филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов зерттеулерінің маңызы зор екенін айтуға тиіспіз. Асқар Құдайбергенұлын қолданбалы тіл білімінің математикалық лингвистика, компьютерлік лингвистика, статистикалық лингвистика, т.б. осы тәрізді ғылым салаларының бас маманы десек, артық айтқандық болмайды.
Ғалым Асқар Жұбановтың арқаулық білімі лингвистика ілімінің тілдік көрсеткіштерін сандық және сапалық жағынан сипаттап, талдап, дәйектеуге мүмкіндік береді. Ол математикалық амал-тәсілдерді кеңінен қолдана отырып, тіл жүйесін нақты математикалық деректермен түсіндіре біледі. Жалпы, ғалым Асқар Жұбановтың өмірдеректеріне көз жүгіртсек, оның өмірлік мектеп көрген күрделі тағдыр иесі екенін аңғарамыз. Асқар Жұбанов – көрнекті қайраткер, тіл білімінің негізін салушы тұңғыш профессор Құдайберген Жұбановтың ұлы, асылдың тұяғы, алтынның сынығы. 1937 жылы «халық жауы» деген жалған айыппен әкесін ұстап әкеткен кезде ол жаңа туған сәби еді.
Әкесін ұстап әкеткен күні жөргекте қалған сәби Асқар өмір бойы әке алақанын аңсап, әке мейірімін іздеп өсті. Анасының, аға-апаларының әке туралы айтқан әңгімелері арқылы ғана ол әке бейнесін елестете алды. Уақыт өте келе кең дүние есігін ашқызған, өзін жаратқан әкеге деген баланың сағынышы енді әкенің бүкіл болмысына деген махаббатқа ұласты. Оқу оқып, білім тоқыған, ғылым іздеген перзенттің әкеге деген махаббаты оның атқарған ісіне, ғұмырын арнаған кәсібіне, зерттеу еңбектеріне ауысты. Перзенттік сағыныштан туған сезім, көп оқудан туған жан-жақты ізденіс әке мамандығы – қазақ тіл біліміне – ден қойғызды. Қазақ тіл біліміне бет бұра отырып жас зерттеуші «осы мәселе жөнінде әкем не ойлады екен, не ой түйді екен» деген сұрақтардың жауабын іздеуден жалықпады. Бұл ой ізденгіш жасқа әке рухы қарап тұрғандай күш бітіріп, оны жаңа белестерге жетеледі. Тіл білімін зерттеу арқылы Асқар Құдайбергенұлы әке рухымен табысқандай, өз сағынышын басқандай күй кешті.
Жас ғалымды тілдің ішкі иірімдері, алуан түрлі тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдер, олардағы ой-толғамдар барған сайын қызықтырып, жаңа бір әлемге бастады. Ғалым ана тілін жаңа қырынан зерттеп-тану арқылы әке рухын да асқақтатып, өзі де тың белеске көтерілді.
Қазақ тілінің сөз байлығын, сөздік құрамның формасы мен мазмұнын статистикалық жағынан зерттеуге ден қойған ғалым М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы тілдік бірліктердің статистикасын және олардың ықтималдықтар теориясының қандай заңдылықтарына бағынатындығын зерттеп, 1971 жылы «ЭЕМ көмегімен қазақ мәтінін статистика-лингвистикалық зерттеу» атты кандидаттық диссертациясын қорғады. Диссертациялық еңбек қазақ лингвистикасында қазақ мәтінін формалды әдіспен зерттеу мәселесін тұңғыш рет сөз еткен жұмыс болды. Бұл ғылыми еңбек заман талабына сай ғылымды жаңа бағытта дамытуға ықпал еткен елеулі табыс болып саналады. Одан кейін профессор Асқар Жұбанов А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қызмет етіп, қазақ тілі бойынша статистикалық зерттеулерді ЭЕМ көмегімен жүргізетін топтың ғылыми жетекшісі болады.
Ғалым зерттеу барысында математикаға да, тіл біліміне де үйлес ұғымдарды анықтады. Осындай кең тараған ұғымның бірі – алгоритм туралы мәселе. Ғылымда алгоритм ұғымы электронды есептеу машиналарынан бірнеше ғасыр бұрын пайда болып, өмірде кеңінен қолданылып келе жатқандығы мәлім. Ғалымдар алгоритм электронды есептеу машиналарына ғана қатысты емес, гуманитарлық ғылымдар үшін де қажетті математикалық категория деп есептейді. Ғалымның: «Тіл білімінің қолданбалы бағыты оның теориясын дамытып, тереңдете түсуде ерекше маңызды. Бұл теориялар ең алдымен дискретті математиканың бастауында пайда болып, есептеуіш мәшинелерді қолдануда, компьютерлік бағдарлама жазуда кең қолданыс тапты. Оның жекелеген ерекшеліктері табиғи тіл деректерін өңдеуде де нәтижелі болуда», – деген пікірі алгоритмдік жүйенің лингвистикалық түсініктемесін береді.
Ғалым тілді математикалық амалдар арқылы зерттеу барысында лингвостатистика ғылымының теориялық және практикалық мәселелеріне тереңдеп бара білді. Тілшінің лингвостатистиканың теориялық мәселелеріне байланысты пікірін қазақ сөзінің саны мен сапасын анықтауға, сақтауға арналған ғылыми тұжырым деп түсінуге болады.
Математикалық тәсілдерді қолданып тілдік қолданыста санамалау, қайталау арқылы сөздердің актив және пассив қызметін, тіркесу ерекшелігін т.б. анықтауға болады.
Ғалымның пікірінше, «Статистикалық лингвистика, негізінен, математикалық статистика әдістемесіне сүйенеді. Зерттеу барысында ондай әдістемені қолдану қатынас құралы ретіндегі «тілді» белгілі бір жүйе деп қарастырудан туындайды. Шынында да, «тіл» дегеніміз ақиқат болмыста өмір сүретін көп өлшемді және белгілі бір ішкі заңдылықтардың негізінде топталған (реттелген) табиғи құбылыс деуге болады. Ал тілдік жүйе математикалық статистика заңдылықтарына бағыну үшін ондағы бірліктер тобы қайталанып отыратын және кездейсоқтық сипатта болатын тілдік элементтерден тұруы қажет. Бұл жерде айта кететін жайт, тіл қызметі кезінде (яғни тілдік қарым-қатынас кезінде) дыбыстар, сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер және одан да үлкен бөліктер қайталанбайтын сипатта болса, адамдар арасындағы тілдік қатынас бұзылып, ақпарат таратушы мен қабылдаушы арасында түсінбестік пайда болған болар еді. Сондықтан да тілдік бірліктердің қайталануы олардың тілімізге тән болуынан, олардың қолданылу сипатына жиі, сирек деген ұғымдардың да тән екендігінен туындайды».
Ғалым Асқар Жұбанов ұстазы профессор Қ.Б.Бектаевтың ғылыми жолын жалғастыра отырып математикалық лингвистиканың теориялық және практикалық жағынан дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Ол өз зерттеулерінде К.Б.Бектаевтың теориялық концепцияларын тың ізденістермен байытып, ғылыми тұрғыдан сабақтастырып отыр. Соның нәтижесінде М.Әуезовтің шығармалар жинағы ЭЕМ жадына енгізіліп, 1995 жылы «М.Әуезовтің 20 томдық шығармалар текстерінің жиілік сөздіктері» жарық көрді. Осындай еңбектердің негізінде қазақтың ұлы жазушыларының тілі, стилі айқындала бастады. Ғалым «Абай тілі сөздігінде» Абайдың сөз байлығы 6 мыңдай дара сөзден, 1 мыңнан аса сөз тіркестерінен тұратынын көрсетіп, екі томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» 18135 сөз, 3371 фразеологиялық тіркес қамтылғанын, 10 томдық академиялық түсіндірме сөздікте 67 мыңдай атау сөз, 24 мыңнан аса фразеологиялық тіркес қамтылғандығын алғаш рет ғылыми түрде дәйектеді.
Қолданбалы тіл біліміне қатысты жан-жақты ізденіс барысында Асқар Жұбанов 2002 жылы «Қазақ мәтіні мазмұнын формалаудың негізгі ұстанымдары» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.
Ғалым Асқар Жұбанов көп жылдар бойы қазақтың тіл байлығы болып табылатын «картотекалық қорды» компьютер жадына енгізіп (50 млн-дай), оны автоматтандыру шарасына айырықша мән беріп келеді. Ол қазақ тілінің автоматтандырылған мәтіндік корпусы арқылы көптеген лингвистикалық мәселелерді шешуге және қажеттілікке қарай оны бірнеше мәрте пайдалануға болатындығына ерекше назар аударады. Қазіргі таңда ғалым қазақ тілінің мәдени құндылығы ретінде танылған Абай Құнанбаевтың, Мұхтар Әуезовтің, Әбіш Кекілбаевтың, Мұқағали Мақатаевтың, Мұхтар Мағауинның және т.б. толық шығармалар жинақтарындағы мәтіндерге грамматикалық кодтар қойып, кодтардың омонимдік қатарларын, табу мен омоним сөзформаларының лингвистикалық топтамаларын жасау арқылы қазақ тілінің корпустық лингвистикасының қалыптасуына атсалысуда. Қазіргі кезде қазақ тілінің компьютерлік базасында қазақ тілінің картотекалық қоры, «Абай тілінің сөздігі», 1 томдық «Қазақ тілінің сөздігі», 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» толық қамтылған. Ғалым бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастырып, қазақ тілінің лексикалық байлығын бүкіләлемдік «интернет» жүйесіне қосуды мақсат тұтады.
Бүгінгі таңда лексикографиялық алуан түрлі сөздіктер түзуде лингвостатистика ғылымының қызметі сөздік жасаушылар мен сөзді ұтқыр қолданушылар үшін игілікті іс екендігі айтпаса да түсінікті.
Асқар Жұбанов лексикография саласы бойынша компьютерлік қор жасау, қазақ мәтіндері корпустарының компьютерлік базасын құрастыру жұмыстарына басшылық жасайды. Ғалым қазақ тіліндегі әртүрлі мәтіндердің құрамдық сипатын, олардың заңдылықтарын, негізгі және көмекші тілдік элементтерін айыра отырып, компьютерлік лингвистиканың практикалық және теориялық мәселелерін жүйеге түсіреді. Профессор Асқар Жұбанов өзінің «Қолданбалы лингвистика: формалды модельдер» еңбегінде қазақ мәтін бірліктерінің таңбалық сипатын, абзацтардың мазмұнға қатысты ерекшеліктері мен қызметін анықтай отырып, тілдің синтаксистік және семантикалық, статистикалық модельдерін құрастыру жолдарын ұсынады. Сонымен бірге қолданбалы лингвистиканың жаңа тармақтары, жасанды интеллект, машиналық аударма, ақпарат іздестіру жүйелері, қазақ тілінің компьютерлік қоры сияқты мәселелерге қатысты ұғымдар мен терминдерді ғылыми айналымға енгізуді көздейді.
Бүгінгі күні Қазақстанда қазақ тілінің жүйелілік формаларына қатысты инновациялық үрдіс кең қанат жаюда. Осындай инновациялық салада қазақ тілін жаңа әдіс-тәсілдермен зерттеп, аянбай еңбек етіп келе жатқан лингвист әрі математик, қазақ тілінің ұлттық корпусының негізін құрушы – профессор Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов – 4 монографияның, 3 оқу құралының, сондай-ақ 200-ге жуық ғылыми еңбектің авторы.
Жаңа технологияларды, жаһандық ақпарат тораптарын ғылым саласына енгізуде батыл қадам жасап жүрген ғалым Асқар Жұбановтың: «Компьютерлік қор жасаудың негізгі мақсаты – зерттеуші-тілшінің жұмыс орнын толығымен автоматтандыру. Осының арқасында зерттеушінің уақытын барынша үнемдеу, яғни қажетті тілдік ақпаратты іздеу жұмысы мен тілдік бірліктерді реттеу және т.б. іс-әрекеттерді жеңілденетіні сөзсіз. Сонымен бірге тілдік процестерді автоматтандыру мәселесі тоқырап қалмай, үнемі жетілдіру жағынан өзінің жалғасын тауып тұруы қажет. Егер ана тілімізге күн сайын жаңа сөздер, жаңа қолданыстар мен жаңа терминдердің еніп отыратынын ескерсек, мұндай зерттеу – күн тәртібінен түспейтін әрі ұтымды, әрі заман сұранысына сай зерттеу деп білеміз» деген пікірі зерттеушінің ғылыми ұстанымын айғақтайды.
Бұл ұстаным төркінінде өткен ғасырдың өзек өртер өкініш-наласымен қатар, өмірге деген орасан құштарлық жатқанын аңғаруға болады. Әке рухы мен ғибратына деген адалдықтан, сағыныштан басталған қастерлі ана тілінің бай қазынасын зерттеу жолы ғалымды абырой мен еңбектің биігіне көтерумен келеді. Жаратылысынан дақпырт пен даңғазаны ұната бермейтін жанның ұлттық лингвистиканың түрен түспеген тың беттерін игеруі, сөз жоқ, орасан еңбек пен жан-жақты ізденістің нәтижесі.
Фаузия ОРАЗБАЕВА,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері.