Біздің Зекең
Бейсенбі, 6 желтоқсан 2012 7:49
Біздің қатар өскен замандастарымыздың арасында Зейнолла Қабдоловтың өзіне тән биік, сыйлы орны бар еді. Ол Ұлы Отан соғысынан кейінгі дәуірде Қазақтың мемлекеттік университетінде оқи жүріп, студент кезінен-ақ әдебиетке араласып, көзге түсті. Оның Алматы газет-журналдарының беттерінде үзбей басылып жүрген өлеңдері мен мақалалары оқырман қауымды елең еткізді. 1949 жылы Сталин 70-ке толғанда жарысып өлең жазған қазақ ақындары ішінде Зейнолланың өлеңі үздік деп танылған еді. Ол өлең «Социалистік Қазақстан» газетінде басылғаны есімде.
Бейсенбі, 6 желтоқсан 2012 7:49
Біздің қатар өскен замандастарымыздың арасында Зейнолла Қабдоловтың өзіне тән биік, сыйлы орны бар еді. Ол Ұлы Отан соғысынан кейінгі дәуірде Қазақтың мемлекеттік университетінде оқи жүріп, студент кезінен-ақ әдебиетке араласып, көзге түсті. Оның Алматы газет-журналдарының беттерінде үзбей басылып жүрген өлеңдері мен мақалалары оқырман қауымды елең еткізді. 1949 жылы Сталин 70-ке толғанда жарысып өлең жазған қазақ ақындары ішінде Зейнолланың өлеңі үздік деп танылған еді. Ол өлең «Социалистік Қазақстан» газетінде басылғаны есімде. Содан кейін жасөспірімдер мен балаларға арнап жазған оның бір өлеңі «Пионер» журналы жариялаған бәйгеде жүлде алды.1947 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Комсомолы Орталық Комитеті бірлесіп өткізген соғыстан кейінгі алғашқы жас жазушылардың республикалық кеңесінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының сол кездегі төрағасы Сәбит Мұқанов пен Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы Қайнекей Жармағанбетовтің баяндамаларында да оның аты аталып, шығармалары жақсы баға алды. Кеңес қорытындысында тәуір деген 3-4 жас ақынды Жазушылар одағына мүшелікке өткізгенде де соның бірі Зейнолла болған-ды.
Бұл кезде бәріміз де студентпіз. Шығармаларын оқып жүргенмен, таныстығымыз болған жоқ. Ол – Қазақ университетінде, мен – Абай атындағы педагогикалық институтта оқимын. Алғаш рет оны жас жазушылардың кеңесінде көрдім. Әскерден жаңа келіп, осы кеңеске қатысқан Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Тахауи Ахтановтармен бірге жүрді. Университеттің соңғы курсында оқып жүріп, ол жаңа ашылған оқу-педагогикалық баспасында (қазіргі «Мектеп») редактор болып қызмет істеді. Оны мен ұстазым Қажым Жұмалиевтің жұмсауымен баспа директоры Әбу Сәрсенбаевқа барғанда білдім. Мен барғанда, Зейнолла директордың алдында отыр екен. Әбекең мені қабылдап, шаруамды бітірді де:
– Сен Зейнолла Қабдоловты білесің бе? Таныс емессіңдер ме? – деп сұрады.
Мен сырттай білетінімді, бірақ кездеспегенімді айттым. Ол да менің өзімді көрмегенмен, газеттерде шыға бастаған мақалаларымды оқып жүреді екен. Жылы тілдесіп тарастық.
Оқу бітіргеннен кейін Зейнолла баспадағы жұмысын жалғастыра жүріп, университеттің қазақ әдебиеті кафедрасында мұғалім болып қалды. Осыдан кейінгі екеуміздің кездесуіміз республика Оқу министрінің орынбасары Әди Шәріповтің алдында болды. 40-жылдардың соңы мен 50-жылдардың бас кезінде Қазақстан тарихы мен әдебиетінен ұлтшылдық пікірлер ізделіп, саяси науқан жүргені елге белгілі. Біраз ақындар мен жазушылар осымен байланысты сынға ұшырады. Әдебиетте көркем шығармалармен қоса, әдебиеттік зерттеулер де қопарыла тексеріліп, ұлтшылдықты дәлелдейтін материалдар ізделді. Ондай мысалдардың бір тобы мектеп оқулықтарынан «табылды». Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті мектеп оқулықтары жөнінде арнайы қаулы қабылдады. Оқулық авторлары Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов сотталып кетті де, олармен бірге оқулық жазуға қатысқан С.Мұқанов, Б.Кенжебаев жұмыстарынан босап, сын астында жүрді. Сондай күндердің бірінде бізді, бір топ жас әдебиетшілерді Әди Шәріпов шақыртыпты. Олардың ішінде З.Қабдолов, А.Нұрқатов, М.Базарбаев, Б.Сахариев, Қ.Тұрғанбаев, мен, тағы да бір-екі мектеп мұғалімдері болды. Әдекең әңгімені созған жоқ. Қысқа ғана қазіргі жағдайды сипаттап, мектептің оқулықсыз қалғанын, олай отыра беруге болмайтынын, жаңа оқулықтар жазуды жастарға тапсыруды дұрыс көріп отырғандары жайлы айтты. «Сендерді ұлтшыл деп ешкім айыптай қоймас. Кеңес заманында туып, білім алған адамсыңдар», деп күлді. Сөйтіп, Оқу министрі Ә.Сембаевқа алып барды. Ол кісі қысқаша танысып, Әдидің айтқанын мақұлдап (сірә, алдын-ала келіскен болуы керек), бізге «іске сәт» тіледі. Әдиге кайтып келіп, екі топқа бөлініп, орта мектептің 9-10 сыныптарына оқулық жазатын болып келістік. З.Қабдолов, А.Нұрқатов, бір мектеп мұғалімі (аты-жөнін ұмыттым), мен – төртеуіміз 9-сыныптың «Қазақ әдебиеті» оқулығын жазуға кірістік. Осы тұста біз жиі кездесіп, белгілі мәселелер жөнінде ақылдасып, кеңесіп дегендей, жақынырақ таныстық. Мен де институтты бітіретін жылы «Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет» баспасында (қазіргі «Жазушы») жұмыс істеп, кейін «Әдебиет және искусство» журналына ауысқанмын. Одақтың ішіндеміз. Сол тұста көп болатын жиын-талқылауларға қатысамыз. Зейнолла да келіп тұрады.
«Ұлтшылдық» науқаны Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің балаларға арнап шығаратын журналы «Пионерге» де соқпай кетпеді. Оның редакторы Төкен Әбдірахманов орнынан алынды. Орнына жаңа адам іздеп жатты. Бір күні Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы С.Кенжебаевтан маған шақырту келді. Сәкеңмен (Сағындық) бірінші рет кездесуім еді, алды кең, ойын ашық айтып, пікірлесуге бастап отыратын адам екен. Қазіргі науқанға қынжылысын білдірді. «Елдің бәрін, тіпті жастарды да былғап бітті», деп ренжіді. Ренжуінің себебін өзі түсіндірді. «Сенен бұрын бұл қызметке Зейнолла Қабдоловты шақырғанбыз. Жақсы, білімді әдебиетші, жазушы, жоғары мектептің мұғалімі. Мәскеуге жіберіп, Орталық Комитет хатшысының қабылдауынан да өткіздік. Соның артынша үстінен арыз түсіп, Мәскеуден қайта телефон соғылып, тоқтатып қойды. Сылтауы – мектеп оқулықтарында ұлтшылдық қателер кеткен екен. Сол кітаптардың редакторы болып Зейнолла Қабдолов қол қойыпты», – деді ренішін жасырмай. Енді, мені ұсынып отырғанын және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросы арқылы бекіттіріп алып барып, Мәскеуге жіберуді шешкенін айтты. Комсомол Комитеті партияның шешімін бұза қоймас», – деді.
Сөйтіп, Зекеңнің орнына мен «Пионерге» редактор болып бардым. Бұл кезде аспирантурада оқитынмын және «Әдебиет және искусство» журналында бөлім меңгерушісі қызметін қабат атқардым. Ұстазым Қажым Жұмалиев ұсталып кетті де, «ұлтшыл ғалым» басқарған кафедраға қырағы көздер қадалды. Темірғали Нұртазин деген жақсы, бір білімді ұстазым бар еді. Оны да жұмыстан шығарды. Көптеген талқылаулардың астында қалдық. Ондай жағдайда оқуды жалғастыру да оңай болмады. Соны ескеріп, мен Комсомолдың Орталық Комитетінің ұсынысын қабылдадым да, аспирантураны тастап кеттім. Зейнолланы да арыздан кейін «Мектеп» баспасы жұмыстан босатқан. Зекең мен кеткен соң «Әдебиет және искусство» журналына жауапты хатшы болып келді де, жағдай жөнделген кезде редактор болып бекіді. Содан Орталық Комитетке жауапты қызметке ауысты. Одан «Қазақ әдебиеті» газетіне редактор, әрі Жазушылар одағына хатшы болып оралды. «Пионерден» мен «Социалистік Қазақстан» газетіне, одан Орталық Комитетке жұмысқа бардым. Осы кезде Зекеңмен бірге қызмет істеуге тура келді. Осы сияқты қатар жүріп жұмыс істеу де біздің оқулықты бірге жазған шығармашылық қызметімізге қоса, қарым-қатынасымыздың жиілеуіне, көңіліміздің жақындауына жағдай туғызды.
Мұқан Иманжанов деген бәріміз ұстаз тұтқан, қадірлі бір ағамыз болып еді. Соның маңына көп үйірілетінбіз. Мұқанның ауырған кездерінде оның достары сол үйдің маңында араласып жататын едік. Оның үстіне Зейнолла екеуміз Орталық Комитеттен бірге үй алып, көрші болып кірдік. Әдебиетте де, өмірде де ұзақ жылдарға созылған сыйластығымыз, достығымыз басталды. Сол қалпымыздан өле-өлгенше жаңылған емеспіз. Көрші болып араласа бастаған тұста біз оның отбасымен таныстық. Анасы біздің анамызбен тіл табысып әңгіме құратын еді. Қарындасы Қалимаш пен інісі Орын көз алдымызда ержетті. Қоңыр деген апасы елде тұратын, жиі келіп-кетіп жүретін. Бақыт, Серік, Дарын, Абзалдардың туғанын көрдік. Бәрі де жақсы тәрбие алып өсті.
Отбасының ұйытқысы Сәуле №12 қазақ мектебінде сабақ беріп, қадірлі ұстаздардың бірі саналды. Біздің кіші ұлымыз қазақша оқыған кезінде Сәуледен тәрбие алған. Анасы қайтқанда да қайғысын бөлістік. Дарын деген ұлы менің Әділ деген баламмен бірге ойнап, дос болып өскен еді. Екеуі де бір мезгілде қайтыс болып, соларды еске алдық. Сөйтіп, ынтымақты көңілмен өмірімізді өткіздік. Зекең мені «Сері-аға» деуші еді, мен «Зеке» дейтінмін. Сәуле мен Әлия да жарастықты сыйласты. Шығармашылық қызметте әрқайсымыздың өз жолымыз болғанмен, біз бір-бірімізге қарап отырдық. Тілектестік танытып, керекті жерінде үн қосып, пікір айтудан да тартынған емеспіз. Жас кезінде өлең жазған Зейнолла елуінші жылдардан бастап прозаға бет бұрды. Әуелі «Өмір ұшқыны» (1956) атты хикая жазды. Одан кейін оның жалғасы есебінде «Жалын» атты роман жазуға отырды. Әуелде журналдық нұсқасы «Жұлдыз» журналында басылған (1963) романды біраз ұстап, қайта қарап, 1970 жылы ғана жариялады.
«Өмір ұшқыны» туралы менің «Лениншіл жас» газетінде жазған мақалам бар (1957 жыл, 14 сәуір). Сонда мен Зейнолла прозасының лиризмін, шығарма кейіпкерлерін бейнелеудегі жаңалықтарын, психологиялық суреттердің байлығын және әрқилылығын атап көрсеткен едім. Негізгі қаһармандарын өз замандастары – студент жастар ортасынан таңдаған автордың оларды шыққан ортасымен (мұнайлы өлкемен) байланыста ашып, кейін сол жаққа қайтып жұмыс істеуге дайындауы да шығарма тақырыбының әлеуметтік мазмұнын белгілейтін еді. Тайман мен оның құрбылары да, әке-шешесінің бейнелері де нақтылықпен ашылған-ды.
«Жалында» автор университет бітіріп, өмірге жолдама алған жастардың өндірістегі алғашқы қадамын, ізденістерінің бағытын, жалынды жас ұрпақтың өршіл істерін суреттеді. Олар өндірісте бұрыннан істеп жүрген тәжірибелі ұрпақ өкілдерімен тіл табысып (Дәурен – Тайман желісі), өмірден өз орнын табады. Жас жұмысшылар тағдырын (Тайман, Қабен, Сардар) жазушы оңайлатпай, өмір үшін күрестің, еңбек сынынан өткізеді. Романның жұмысшы табына арналған Бүкілодақтық роман бәйгесіне ие болуының (1972) өзі оның табыстарының одақтық мәні болғанын дәлелдейді.
Зейнолла әдебиетке өзіндік бетімен, ізденістерімен келді. Ол таптаурын жолдармен жүрмей, кейіпкер таңдауда да, өмір шындығы деген ұғымды жалпыламай, жеке адам тағдырын танудағы тың ойларымен, стилдік өзгешелігімен көзге түсті. Өмірге деген құштарлықтың сыры, романтикалық әсем саз, адам көңілін танымпаз жұмсақ мінез – бәрі де жазушы шығармаларының басқаға ұқсамайтын ерекшеліктеріне жатады. Жазушы тілі де соған орай төгіліп, майда, сыпайы, сыршылдығымен өзіне тартады. Оның романтикалық бояуы қанық. Ол адам арасындағы қатынастың әсемдігін, сыпайылығын, адалдықты, жан сұлулығын жырлады. Белгілі қоғам, мемлекет қайраткері, әдебиетсүйгіш, ол жөніндегі ойларын жазып жариялап жүретін Ілияс Омаров марқұмның Зейнолла шығармаларындағы «ішкі сұлу романтикаға, өмірдің шындық құбылыстарына толы» суреттерге көңіл аударуының өзі де осы біз айтқан ойларды көп болып мақұлдаудың белгісі сияқты еді. Зейнолланың бұл екі кітабы да орыс тіліне аударылып, Алматыда, Мәскеуде басылды (1958, 1971, 1976, 1982). Соңғы роман въетнам тілінде жарық көрді (1980).
Зейнолланың «Адам» (1964), «Сыр» (1975) деген кітаптары оның публицистік қаламының жүйріктігін танытатын әңгіме, очерк, эссе жанрларындағы туындыларынан құралған. Оларда да жылы лирикаға, сезімталдыққа бөленіп айтылған адамдар сыры мен ісі жайлы өмір суреттерінің неше алуан көріністері ұшырайды. Солардың ара-арасында ол А.С.Пушкин мен Н.В.Гогольдің жеке шығармаларын, кеңес әдебиетінің таңдаулы үлгілері қатарында сыйлыққа ие болған Л.Кассильдің, В.Закруткиннің, В.Добровольскийдің романдарын, А.Островскийдің «Ұшынған ақша», М.Горькийдің «Күн перзенттері», Н.Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» пьесаларын аударды. Романдар кітап болып тараса, аударма пьесалар Қазақстан театрлары сахналарында қойылды. Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театры сахнасында Зейнолланың «Жалын» романының оқиғалары негізінде жазылған «Сөнбейтін от» атты пьесасының қойылуы да атап өтуге тұратын дүние. Бұл – әр жанрда жемісті еңбектенген жазушы ізденісінің бір парасы.
Зейнолланың ғылымдағы жолы оның сыншылық қызметімен, университет қабырғасындағы ұстаздық еңбегімен тікелей байланысты. Ол алғашқы шығармашылық қадамынан бастап, ақындығы, жазушылығымен қоса сыншы есебінде көрініп, әдеби процеске араласты, әдебиеттің жаңа туындылары жөнінде пікірлер айтып, мақалалар жазды. Сонымен біздің (Айқын Нұрқатов үшеуіміздің) жазған оқулығымыз 12 рет басылып, кезінде мектеп оқушыларының әдебиетке деген ынта-ықыласын оятуға көмектескенін бүгін біз ризалықпен еске аламыз. Осы істе ол өзінің іскер, ойшыл-педагог, ғалым екенін танытты. Еліміз тәуелсіздік алып, оқу бағдарламалары өзгеріп, жаңа оқулықтар жазу тұсында Зейнолламен қайта қосылып, оқулық жазу мүмкіндігі туған еді. Біз, Хасен Әдібаев үшеуіміз жазған 11-сыныптың оқулығы әуелде байқау оқулығы ретінде басылып, мектеп тәжірибесінде мақұлданғаннан кейін, жөнделіп жаңа оқулық болып бекітілді. Қазір ол 11-сынып оқушыларының қолында.
Зейнолланың ғылыми бағыттағы іргелі зерттеулерін атасақ, оның қазақ әңгімесінің дамуы мен шеберлену жолына арнаған кандидаттық («Жанр сыры» деген атпен 1964 жылы басылған), қазақ әдебиеттану ғылымының теориялық негіздері жайлы докторлық («Әдебиет теориясының негіздері», 1970) диссертацияларын алдымен атау парыз. Алғашқы еңбегінде Зейнолла қазақ прозасындағы шағын эпикалық форманың тууы мен шеберлікке жету жолын байсалды зерттесе, кейінгі диссертациясында ол әдебиет теориясының негіздері жайлы әлемдік тәжірибені ескере отырып, оның ұлттық әдебиетте, ғылымда қалыптасуын, қазақ әдебиеті шығармаларына сүйене отырып теориялық қағидалар мен болжамдарды жаңарту ісін тиянақты түрде қалыпқа түсірді, әр кездегі ой-пікірлерді ұштай, жетілдіре түсті. Ол әдебиет теориясын оқитын жоғары мектеп студенттері үшін ғана емес, жалпы әдебиетсүйер қауымның, жазушылардың басты оқу құралына айналды. Зейнолланың докторлық диссертациясына оппонент болып, төрелік айтқан мен сол тұста-ақ оның осы ерекшеліктерін атаған едім.
Диссертацияны кейін толықтырып, жөндеп, автор жоғары мектепке арналған оқулық ретінде ұсынды. Ол «Сөз өнері» деген атпен бірнеше рет (1976, 1982,1992) басылды. Бұлардан кейінгі жылдары жазған «Жебе» (1977), «Әуезовтің әсемдік әлемі» (1986), «Арна» (1988), «Көзқарас» (1996) атты кітаптарында да Зейнолла көркем әдебиет пен әдебиеттану ғылымындағы жаңалықтарға сүйеніп, өзінің эстетикалық ой-пікірлерін жариялады. Оның әдемі, сыршыл стилі бұл еңбектер арқылы ғылым тіліне айналып, Зейнолла зерттеулерінің бағасын көтере түсті. Ол оқырманымен сөз өнері, оның тарихы, бүгінгі күйі жайлы ұзақ бір әңгіме шерткендей көрінеді.
Зейнолла бүкіл өмірін өзі оқыған университетте сабақ беру, ұстаздық етумен өткізді. Жас ұрпақты әдебиеттің теориясымен қаруландырды. Оның алдынан лекция тыңдағандарға оқулықтарын пайдаланған ұрпақты қоссақ, қазақтың әдебиетші жастарының бәрі де оның шәкірті саналады. Бұл қауым тұтастай әдеби-теориялық сауатын Зейнолла еңбектерімен ашты деуге әбден болады. Ғалым үшін, ұстаз үшін бұл – үлкен бақыт. Өлшеуге келмейтін, тек әке мен баланың сезіміне ұқсас қуаныш. Университет қабырғасында оның ұстаздық қызметінің 50 жылдығы (2000) атап өтілді. Бүгін онда «Қабдолов аудиториясы» жұмыс істейді.
Зейнолланың соңғы еңбегі, оның шығармашылық өмірінің қорытындысы деп саналуға лайық туынды – «Менің Әуезовім» романы мен «Мұхтар Әуезов» атты зерттеуі. Екеуі бір кітап болып, 1997 жылы жарияланды. Бұл жыл – М.Әуезовтің 100 жылдығы аталып өтетін жыл еді. Жас кезінен ұстаз тұтып қасына ерген, көп үлгі-өнеге үйренген ұлы қаламгермен бірге өткен күндердің тағылымы сияқты шығарма. Осы туындыны ол өмір бойы ойланған сияқты. «Әуезовтің әсемдік әлемі» деген шағын еңбегі оның барлауы тәрізді көрінеді. Әуезовті тану, оны өзінше түсіну – әркімнің-ақ талабы. Бірақ Зейнолланың тануы басқаша. Студент болып лекциясын тыңдау, оның сөз сөйлеу мәнері, тіпті, әрбір қимыл-қозғалысына дейін көз айырмай аңғарып, бақылай білу, лекциядан тыс уақытта қасына еріп, көп нәрсенің куәсі болу, ұлы жазушының қуанышты-ренішті сәттерін көру, оның оқырманы болып, образ жасауын, өмір шындығын типтендіру жолын, Абай өмірінің қалтарысты сипаттарына шейін біліп, соны роман желісіне пайдалана білу өнерін игеруі, көркемдік бейнелілік пен шеберлік, тағы басқа сырларын аңғару Зейнолланың ғана қолынан келе алды. Сондықтан ол Әуезовті «Менің Әуезовім» деп атады. Естеліктеріне романдық пішін беріп, мөлдір, шұрайлы суреткерлік тілмен ұлы ұстазының болмысын, кескін-келбетін, психологиялық суретін жарқыратып аша алды. Оның Әуезові біз көрген, таныған Әуезовті айнытпай көз алдымызға келтіреді.
В.Белинскийдің: «Әрбір ұлы шығарма өзің білетін нәрсені көз алдыңа келтіргенде, мен неғып осылай жаза алмадым деп өкіндіреді. Соның бәрі сенің ойлағаныңдай, табиғи қалпында реалистік бейнеге түседі», деген сөзі бар еді. «Менің Әуезовімді» оқыған адамның бәрі де осылай ойлауы даусыз. Роман осынысымен бағалы, осынысымен ұлы. Абаймен бірге Қазақ деген халықты әлемге танытып, оның тарихын, елдігін, нар жүгін көтерген азаматын дүниеге әйгілеген жазушы портреті, оның ұлылығы – Зейнолла романының басты табысы. Оның прозадағы ақындығы бүкіл роман бойында айқын көрінеді. Сонымен бірге роман Әуезовке тән ой-толғаныстарды, сезім әсерлерін мол қамтып, жазушы дүниетанымын аша білуімен бағалы. Оны оқыған адам Әуезовтің өзінен дәріс тыңдағандай әсерде қалады.
Зейнолла біздің ұрпақтың есімі еліне кең тараған, ең қадір тұтар өкілі болды. Оны біз де білетінбіз, сыйлайтынбыз. Өзіміз жиналып қалғанда төр ұсынар қасиеттіміз де, дуалы ауыз шешеніміз де сол болатын. Мүсілім Базарбаев, Зәки Ахметов, Рахманқұл Бердібаев, Нығмет Ғабдуллин, Мұқаш Сәрсекеев, Тұрсынбек Кәкішев, Аманжол Шәмкенов – бәріміз бір жылдың төлі едік. Жылдың басына таман туғандықтан бәрі мені «төлбасы», «Сері-аға» атандырды. Соны алдымен айтқан Зейнолла еді. Ол осыны айтып, төрге сүйрегенде: «Зеке, әр нәрсенің жарасымдылығы болады. Сен төрді толтырып отырасың. Сенің кісілік келбетің, парасатың басқаға ұқсамайды. Бәріміз сені қоршай отырайық. Сен төрге отыр», – дейтінмін. Ол көнетін. Сол төрімізді толтырып отырған асылымыз мезгілсіз ауыр науқасқа ұшырап, ұзақ жатып қайтыс болғанда ортамыз опырайып қалғаны есімізде. Оны ел болып жоқтады. Елбасы көңіл айтты. Ол кісі Зейнолланы ерекше сыйлайтын еді. Оның дарындылығын, айтқыштығын бағалады. Астана Ақмолаға көшкенде бүкіл аға ұрпақтың атынан Президент көшіне батасын беріп, ағалық тілеу тілеген Зекең болғаны – бәрімізге мақтаныш. Айтқаны келіп, тілегі қабыл болып, Ақмола салтанатты Астанаға айналды. Президент көңілі жайланды.
Зейнолланың достары, тілекшілері көп еді. Оның біз сыйған аудиторияға сыймайтын дарқандылығын мен әрқашан қызғанышсыз еске аламын. Бұл образдық мағынасында да, тікелей мағынасында да солай болатын. 1964 жылы ол КазПИ-дің ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертация қорғады. Әуелде ғылыми кеңес өтетін аудиторияға жиналып, халық көбейіп кеткенде, институттың үлкен акт залына ауысқанымыз бар. 1970 жылғы университет қабырғасында өткен докторлық диссертация қорғауында да солай болған еді. Кезінде Жоғарғы Кеңестің сессиялары өтетін залды халық лық толтырған. Оның мерейтойларының бәрі солай өтті. Оған арналған соңғы бір жиын университеттің 15-ші қабаттағы ғылыми кеңесі залына сыймай, биология факультетінің үлкен акт залына ауысқаны да есте.
Зейнолланың жаны жұмсақ, тілі қандай майда, сәнді бейнелі болса, көңілі де сондай дарқан болды. Сезімтал еді, сәл бір нәрсені көңілге алса, жаны жабырқап қалатын, бірақ реніші тез тарайтын. Айналасына нұр шашып, сол жылы, майда сөзімен жылу таратып отыратын. Кейде артықтау мақтап жіберді-ау деп қысылып, оны тежеуге тырысатынбыз. Қазір ойласақ, оның жүрегі адамды сүю үшін, жақсыны тану үшін жаралғандай-ақ екен. Ол «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген принциптің адамы еді. Ол жұртпен көп араласты, солардың бойындағы жақсылықты көре білді, соны жеткізіп айтуға тырысты. Сондықтан да ел-жұртына да, достары ортасында да қадірі артық болды, халық сүйіспеншілігіне бөленді. Оны бүкіл ел болып шығарып салғанымыз есімізде. Алматы жұртшылығына қоса көптеген облыстардан, туған жерінен келген делегациялар жер қайыстырып, қаланы күңіренткені бәріміздің көз алдымызда.
Қазір Зейнолла аты қазақ халқының таңдаулы ұлдарының қатарында аталады.
Серік ҚИРАБАЕВ.