03 Сәуір, 2012

Қытай құрамасындағы қазақ балуаны

387 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қытай құрамасындағы қазақ балуаны

Сейсенбі, 3 сәуір 2012 7:35

Астанада Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың жүлдесі үшін күрес түрлерінен өткен халықаралық турнирде еркін күрестен Қытай ұлттық құра­масында қазақ балуанының белдескенін көрдік. Аты-жөні – Ерланбек Кәтейұлы екен. 1990 жылы Қытайдың Шың­жаң-Ұйғыр автономиялы ауданы Алтай өлкесінің Қызыл­тас қаласында туған. Күрес­пен айналысқанына 5-6 жыл болыпты. Қазір 66 кило салмақта Қытай құрамасында белдеседі.

Осы турнирде Е.Кәтейұлын еріктілерден сұрас­тыра жүріп таптық. Ол ашықжарқын жігіт екен. Бізге шағын сұхбат беруге бірден келісті. Әуелі қа­шан, қай жылы туғанын, Қазақстанға алғаш рет келіп отырғанын, бабалар мекеніне келгеніне қу­а­ны­шты екенін жасырмады. Содан кейін өзі Шың­жаңда туса да қазір ішкі Қытайдың Гуанчжоу аймағында жатты­ғатынын, екі жылдан бері Қытай ұлттық құрама­сын­да өнер көрсететінін айтты. Қытайда одан басқа Қуатбек, Дәуітнұр, Орынбек деген балуандар да бар екен. Ал өзін күреске ағасы Нұрланбек әкел­­ген көрі­не­ді. Сөйтсе де алғашқы бапкерлері Темірбек пен Серік деген азаматтар болыпты. Солардың қа­­ра­ма­ғын­да жаттыға жүріп, ұлттық құрамаға ілігіпті. Қы­тай­дың құрамасына ілігудің өзі қиынның қиыны екені белгілі. Әсіресе, миллиардтан астам халықтың ішінде өз салмағында орын табу орындалмайтын арман сияқты көрінеді. Десек те, қандасымыз сондай тар жол, тайғақ кешуден өтіп, 70 балуанның ішінде өз салмағында №1 атанып, құрама сапына қосылыпты.

Әңгіме кезінде ол осы турнирде бесінші орын алғанын айтты. Күресте Олимпиада жолдамасын алған Ақжүрек Таңатаровпен белдесіп, ұпай саны бойынша жеңіліп қалғанын білетінбіз. Осы белдесуде Ақжүрек Ерланбектің әуелі қазақ екенін біл­меп­ті. Кейін, белдесу біткен соң Ақжүрекке қазақша: «Рахмет, аға!» дегенінде ғана Таңатаров қарсы­ла­сының қандасы болғанына таңқалыпты. Содан екеуі оңаша кездесіп, ұзақ әңгімелесіп, сыр бөліскен екен. «Олимпиадаға қазақ баласы жолдама алса болды ғой. Мен жеңілгеніме өкінбеймін. Алда тағы екі жолдама беретін жарыс өтеді. Сол жерде бағымды тағы да сынап көремін», дейді ол.

Дастан КЕНЖАЛИН.

Суретті түсірген Еркебұлан ЕРҒАЛИ.