12 Наурыз, 2010

ІЗДЕНІМПАЗДЫҚ ПЕН ЫЖДАҒАТ

1360 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
шоқантанудағы шоқтығы биік еңбекті дүниеге келтірді Н.Веселовскийдің өте дәл айқындап айтқанындай, ғылым көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өте шыққан Шоқан Уәлихановтың жасын тағдыры, жарқын ғұмыры өз замандастарын, әсіресе, өзінің зиялы орыс достарын қалай қайран қалдыра қызықтырса, кейінгі замандардың да нешеме толқын ұрпағын нақ сондай тағылымды һәм тылсым нұрлы тартымдылықпен баураудан жазбай келеді дер едік. Дәл осы орайда өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының бел ортасы еске түседі. 1975 жылғы жаз айларында ғой деймін, сол кездегі “Лениншіл жас” газетінің беттерінде журналист Жарылқап Бейсенбаевтың топтама түрінде жарияланған “Шоқан сапары ізімен” атты мәйекті мақа­лалар шоғыры бірінен соң бірі шыға бастады. Сонда Шоқан есімін өзімізге бір табан болса да жақын санап, айрықша қадір тұтатын көкшетаулық жас журналистер сол жазбаларды керемет қызығушылықпен қабылдап, жапа-тармағай жарыса оқығанбыз. Солардың жазылу үлгісіндегі әлдебір жаңашылдық, қазақтың тұңғыш ғалымы жүріп өткен қияпатты жолдарды жүз нешеме жылдан кейін жолқапшығын арқалай шиырлаған құштар ізденімпаздық көңілімізді толқытқандай, қаламгердің шалымды шеберлігіне қызыға қарап қалғандай болғанбыз. Бір ғажабы, мұндағы дәлдік-деректердің қолмен қойғандай нанымды берілетіндігі сонша, бір сәт аяулы Шоқанның асыл бейнесін дәл қасынан көргендей, ғасырларды көктей өтіп тіл қатысқандай әсерге бөленетінбіз. Ыстықкөл сапарының ізін қайталаған осынау мақалалар содан екі жыл өткенде “Шоқан ізімен” атты кітапқа айналуын қуана сүйіншілегенбіз. Содан бері арада біраз уақыт өтті. Тәуелсіздік заманының да талай жылы парақталып кетті. Жаңа заманда Шоқан жайында да жаңа сөздің ділгірлігі аракідік байқалып қалғанда баяғы көзтаныс авторы­мыз­ды өзімсінген қалыппен өз тақыры­бына қайта оралмады-ау деп өкініш етіп те жүрдік. Сөйтсек, ол қарап жүрмепті. Мінеки, Ш.Уәлихановтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында қолымызға Жарылқап Бейсенбайұлы­ның “Шоқан” атты жаңа деректі ғұ­мырнамалық хикаяты тиді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің әлеу­мет­тік маңызды әдебиет тізіміне енгізіле отырып, “Ғибратты ғұмыр” сериясы бойынша “Қазақстан” баспасынан 39 баспа табақ көлеміндегі осынау кітап­тың шығуы зерделі қауымды тағы да елең еткізген айтулы жаңалық болды. Осы ретте бір жарым ғасыр бұрын ұлы ғалым арман еткен, азаттыққа жеткен жаңа заманның Шоқан хақындағы жаңа сөзін Жарылқап Бейсенбайұлы айтқан екен деген пайым-пікірге тоқтағанымыз да рас. Жанрын “деректі хикаят” деген­нен гөрі “ғұмырнамалық роман-эссе” деп анықтаса, шығарманың көлемі де, мазмұн-көркемдігі де бұл жұғым­ды жүкті әбден көтергендей екен. Қа­лай болғанда да, әу бастан кілті та­былған кітап алғашқы беттерінен-ақ салған жерден үйіріп әкетеді. Туын­дының композициялық тұрғыдан әде­мі мүсінделіп, арқауы әсте босамай, бірден-бірге ширыққан шұрайлы баяндау желісі өз әсерін ақырына дейін бәсеңдетпейді. Бабалар рухы­мен тыныстап, “айбалтасын алтын­ме­нен булатқан” алғашқы бұрамдардағы әлқиссасы һәм одан кейінгі бөлімдер Шоқанның ұлық бабасы Абылайхан, атасы Уәли, әжесі Айғаным, Абылай­дан тараған Кенесары хан, әкесі Шыңғыстың туған ағасы Абайділда (Ғұбайдолла) Уәлиұлы сияқты сом тұлғалар тағдырын бір-бірімен қисы­нын келтіре, қиюластыра сабақтас­ты­рып, қазақты сан тараптан қусырған сол зобалаң замандар жағдаятынан жан-жақты хабардар етеді. Шоқан дүниеге келген ортаның арғы-бергісін тілге тиек ете отырып, ұлы ғалым өміріне қатысты бірқатар дәйекті жаңалықтарды ортаға тартады. Оның сүбелілерінің бірі деп – автордың ана жылдары Шоқанның туған жерін Күнтимес ордасы деп пысықтаған болжамының, кейінгі кезде “Мәдени мұра” бағдарламасымен жарық көрген мұрағат деректері арқылы одан әрі айғақталғанын айтар едік. Оларда Аманқарағай (кейіннен Құсмұрын) округінің аға сұлтаны Шыңғыс Уәлихановқа қатысты 1842 және 1851 жылдары толтырылған құжаттарда оның қыстауы Күнтимес деп тайға таңба басқандай жазылып қалыпты. Шоқанның әжесі Айғаным, Ом­бы­дағы әскери мектеп тәлімін көрген әкесі Шыңғыс, қобызшы ағасы Қан­ғожадан алған тәрбиесі, аға сұлтан ордасына ат басын тіреп жатар ел аға­ларынан, әйгілі ақындар мен жырау­ла­рдан, әншілер мен күйшілерден, жезтаңдай шешендерден қабылдаған ғибрат-өнегесі туралы да көптеген мағ­лұматтарға қанық боламыз. Шыққан тегі қазақтың Тәукеден кейінгі аға ханы болған Қайыптан тарайтын - Орынбор қазақтары Шығыс бө­лігінің білімді әкім-сұлтаны Ах­мет Жантөриннің дуандары қоң­сы қонған Шыңғыспен аралас-құраластығы, тіпті оның кішкен­тай қызы Ғазизаны Шоқанға атас­тырып, бесік құда болып баталасқандары, әйгілі Зілғара, Жазы билер, Сартай, Тортай тө­релер, Шыңғыстан кейін Құсмұ­рын­ға аға сұлтан болған Есеней Естемесұлы, туған нағашысы, Баянауылдың аға сұлтаны Мұса Шорманұлы, олардан басқа да сол дәуірдің көптеген белгілі тұл­ғаларының өмірлеріне қатысты тарихи деректер қызықтыра тартады. Шоқан кадет корпусын тә­мам­даған соң генерал-губернатор Гасфорттың ерекше тапсырмалар жөніндегі адьютанты болып жүрген кездерінде де қазақтың сол за­мандағы талай ел ұйытқыларымен жүздесті. Ақмола дуанының аға сұлтаны Ыбырай Жайықбайұлы­мен, Бегалы төре Қоңырқұл­жа­ұлымен, әйгілі күйші Тәттім­бет­пен, өзінің құрдасы, жас әнші-композитор Мұса Байжанұлымен, Жетісуда бабасы Абылайдың Әділ деген баласынан тарайтын албан мен дулатты билеп отырған Те­зек, Хакім, Мамытбек, Әлі төре­лер­мен, Диқанбай, Байзақ би, Сұран­шы, Сыпатай, Байсейіт сияқты батырлармен кездесіп, тағдырлары тоқайласты. Осының бәріне автор өзінің байыпты ой топшылауларын қосып, Шоқан ғұмырнамасының қалың қатпарларына құнарлы қаламын батыра-батыра сілтеген. Отыз бес жылға таяу зерттеушілік еңбектің жемісі болған бітімді шығар­мадағы біздің назарымызды аударған бір ­тұсы сол, Шоқан Қоқан ханды­ғына қатысты мағлұматтарға ден қо­я­ды. Сөйтсе, Қазақ даласынан кейін Ресей шабуылының өтіне іліккен Қоқан хандығы алаш жұрты үшін соншама бөтен жұрт емес екен. Көш­пелі түркілердің мың тайпасының көсемі Шақрұқ би 1710 жылы құрған Қоқан хандығының тағында сол Шақрұқ әулетінен тарағандар отырғанымен, негізгі билік бұл өңірге ақтабан-шұбырынды сүргіні кезінде қазақ даласынан келген құлан қыпшақтардың көсемі Мұсылманқұл­дың төңірегіне ұйысқан қыпшақтар­дың қолында көрінеді. Сол себепті де оларды орыстың қоластына қараған қазақ жұрты қыпшақтар деп атайды. Қоқанға қарайтын Ташкент-Дешті Қыпшақ деп аталатын уәлаяттың әс­кері негізінен қазақтың шанышқылы, қаңлы және басқа да құрама рул­а­рынан тұрады. Қазақтарды Қоқан хандығының езгісінен азат етеміз деп жал­ған қамқорсынған орыс отаршыл­дығының қитұрқы пиғылының ар жағында жатқан шындықты бажайлаған кезде “Кім-кімді азат етпек” деген ойдың Шоқан басына да келмеуі мүмкін емес. Ресейдің ортаазиялық хандықтар­ды жаулап алуды тездетуге ұмты­луының бір себебі – Ұлыбритания­ның Үндістанды толық жаулап алғаннан кейін Ауған жері арқылы Бұхар, Қоқан, Хиуа хандықтарына, Шығыс Түркістанға да көз тіге баста­ған әрекетіне байланысты еді. Жаңа жерлерді отарлауға құныға кіріскен Ресей өзіне тиесілі деп есептейтін құйқалы үлесінен айырылғысы келмей, күнгейдегі түркі халықта­ры­ның иеліктерін басып алуға бағыт­тал­ған қанды жорықтарын бастап кетті... Шоқан тағдырының ең бір торығулы кезеңіне тоқайласқан, қанішер пол­ковник Черняевпен келіспеушілігін асқындыра түскен осынау бір тарихи жайды Ж.Бейсенбайұлының тәптіш­тей суреттеп, зерделей баяндауы қо­лы­мыздағы кітап тағылымын арттыра түскен. Шоқанның ғибратты өмір тарау­ларынан бірден-бір толық дерлік мағ­лұмат беретін осынау соқталы-сонар­лы кітапты оқи отырып, бір сәт ерік­сіз автордың кейіп-келбетіне қызыға зер салғандайсыз. Ж.Бейсенбай­ұлы­ның киелі тақырыпты зерттеу мен иге­рудегі ізденімпаздығы мен ыждаһат­тылығы таңдандырады. Шоқан баба­сының өмір сапарының негізгі бағыт-бағдарларын қуалай қамтып жүріп өткен журналист-қаламгерді біз бірде ұлы ғалым “Сұлу Баянның аруағын қия алмай” толқитын Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазарының қасынан көрсек, біресе Шоқан аялдаған, бүгінде құм басқан Лепсі бекетінің маңында ұшыратамыз. Келесіде саяхат­шы-ғалымның өз қолымен салған “Отрядтың Меркі өзенінде түнеуі” атты суретінде бейнеленген жердің тап үстінен түскен қуанышын бөлісеміз. Енді бірде Шоқан ізін қайталай жүріп өткен жолқапшықты жалғыз жаяу Жарылқап қырғыз-қазақ қойшыларының қостарында әңгіме-дүкен құра жүріп, қиын Саты асуы­нан түнделете өрлеп, Ыстықкөл жа­ғы­нан Алатау асқанының куәсі бола­мыз. Қызық болғанда, “Санташ” кең­ша­рында жазушыға Шоқан жайынан мәлімет берген қырғыздың аты Қа­зақ, Саты асуының қырғыз жағын­да­ғы қазақ шопанының есімі Қырғыз­бай болып шығады. Авторды Шоқан­ның кіндік қаны тамған Қостанай тарабындағы Күнтиместен, Іле бой­ын­дағы Таңбалытастың қасынан, Ом­бы­ның кадет корпусынан, Ертістің жа­ғасынан, Шоқан бір жарым жылдай тұрып, жұлдызды шағын өткерген Нева жағалауындағы қаладан жолықтырамыз. Тағы бір сәт Шоқанды тынымсыз тебіреністі күйде Жөукі асуы арқылы атышулы Қашғар сапарына аттандырып салғандай бо­лып қырғыздың Жөукі шатқалының аузында ой құшағында тұрған автор жанкештілігіне таңдана қарап қал­ғандаймыз. Әлеумет артық айттыға санамас, осының өзінен қияпат тағдырлы тарихи тұлғаға деген үлкен махаббатты, ұлы жүрекпен үндестік аңғарылғандай. Кең ауқымды шығармада Ж.Бей­сенбайұлы мейлінше алуан қырынан танылған. Журналистік сергек бай­қампаздық, суреттеудегі жазушылық түйсіктің көркем кестелері, әрбір жайды зерттеушілік зердемен жеріне жеткізе жан-жақты тәптіштеуі, Шо­қанға тікелей және жанама қатысты жағдаяттардың, белгілі-белгісіз адам­дар­дың бәрін мұрнынан тізіп мағ­лұмат беретін ізерлі дерекшілдігі, ұлы ғалымның өмірі мен оның заманына қатысты бұрын беймәлім болып келген көптеген жәйттерге жаңаша барлау жасап, ғылыми тұрғыдан тиянақты байыптауларға баруы, соларға тарихшы көзімен жіті үңілуі – осының бәрі кітаптың бағалы­лығын бағамдатады. Жауапты тақырыпты тереңдей зерттеген қаламгердің жазушылық биік мәдениеті де көзге шалынбай қалмайды. Осы орайда ол қазақтың Абылай ханнан бергі бір ғасырға жу­ық тарихын өз пайымына сай, үлкен өреде елестетіп өтеді. Шоқан өмірінен саңылау, ақтаңдақ қалдырмағандай сыңайлы. Ж.Бейсенбайұлы келтірген: әйгілі жиһанкез-ғалым Александр Гумбольдты 1829 жылы Омбы әскери училищесінде қазақ тілінде құттық­тау, ондағы казак-орыс балаларына қазақ тілі сабағының жүруі, Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорт­тың қазақтарға жаңа дін ойлап таппаққа әуейіленіп, ол әумесерлігіне І Николай патшаның “Дін ойдан құ­растырылмайды, халықтың мыңдаған жылдар бойы сенімінің негізінде жасалады” деп қайтарған кекесінді жауабы, Шоқанның Жаяу Мұсаға қамқорлығы, Сөк төренің қонағы бол­ған ағылшын сәулетшісі Аткин­сон­ның сақарада туған баласына Алатау-Тамшыбұлақ деп қазақша ат қоюы, Шоқанның Қашғар сапа­рын­дағы Әлімбай аталуының қайдан шық­қандығының жай-жапсары, әуел­де майор А.Перемышльскийдің Вер­ный бекінісін “Алматы” деп қазақша айтылу қалпын бұзбастан дұрыс жазып көрсетуі сияқты екінің бірі біле бермейтін танымдық сипаттағы қызғылықты да құнды мағлұмат-деректер жүздеп саналады. Солардың ішінде 1859 жылы Шоқан өзі суретін салған қашғарлық келіншек оның Қашғар сапарында уақытша үйленген әйелі болуы мүмкін деген Бейсен­байұлының болжамы да қаперге аларлық. Шоқанның Қашғар сапары, сол ауыр сапардан сырқат жапсырған, одан соң қиянат көрген, қорлықта қалған құсалық кезеңі, Петербургте болған уақыты, өмірінің соңғы айлары туралы тарауларды толқымай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Қазақ­тың Еуропа терезесін ашқан арда азаматының орыстың ұлы жазушысы Ф.Достоевскиймен, саяхатшы-ғалым­дар П.Семенов-Тянь-Шаньскиймен, Г.Потанинмен, С.Дуровпен, К.Гут­ков­скиймен, Капустиндер отбасымен, Мұхамед Хайдар Дулатидің “Тарихи-Рашиди” шығармасының тұңғыш зерттеушісі болуға септескен Мұхам­медәлі Қазымбек және Хұсайын Фай­ызхан сияқты түркішіл ғалымдармен һәм басқалармен достық рәуішіне де патетикадан тыс, көптеген қарапайым әрі жарқын беттер арналған. Ж.Бейсенбайұлының осы деректі хикаяты болашақта Шоқан жайында жазылар көркем шығармалардың, дастандар мен романдардың, түсірілер кинолардың да негізіне алынбай қалмас. Кітапты орысшаға аударып, Ш.Уәлихановтың 175 жылдығын атап өту аясында Мәскеуден “ЖЗЛ” сериясымен шығаруды да ойластыр­ған абзал ма дейміз. Шоқанның Парижге барып қай­туды ойға алып жоспарлағанын, құ­пия саяхатшының Қашғар сапарында Жаркентте анық болғандығын, сурет­ші М.Знаменский күнделігінен ай­қын­далатынындай, Әулиеатаны асқан қаталдықпен шабуылдаған Черняев экспедициясы кезінде қазақ халқы­ның озық ойлы адал перзентінің отаршыл рухтағы өркөкірек орыс офицерлерімен шамырқана пікір таластырып айтысқан жайларын да Жарылқап жазбаларынан тереңдей түйсінеміз. Сондай-ақ, кітапты оқу барысында Шоқан мұрасын сақтап қалуда қалтқысыз еңбек сіңірген аяулы орыс қызы Катерина Гут­ков­скаяға деген алғыс сезіміміз оянары да кәміл. “Жарылқаптың мына кітабының қолжазбасын рахаттана оқып шықтым. Композициясы ғұмырнамалық әдебиетке қойылатын талаптарға сай келетінін былай қойғанда, баяндау логикасымен, тіл жатықтығымен, деректерінің ұшан-теңіздігімен сүйсінтті. Жалпы, Шоқантануға қосылған ең сүбелі үлестердің бірі Жарылқаптың осы еңбегі десем, қателеспеспін”, дейді белгілі баспагер, қарымды қаламгер Нұрмахан Оразбек. Аузы дуалы ағамыз айтса айтқандай, шоқантану саласында олжа салар шоқтығы биік еңбек дүниеге келгендігі жайлы пайымды пікірге біз де қол қоямыз. Авторы: Қорғанбек АМАНЖОЛ.