Руханият • 21 Сәуір, 2019

ИЫҰ бастамасы Алматыда талқыланады

623 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

22 сәуірде Алматы қаласында Ислам Ынтымақтастық Ұйымының Бас Хатшылығы, Қазақстан Республикасының Сыртқы Істер Министрлігі және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен «Исламды жақындастыру бойынша бастама: ИЫҰ-ға мүше-мемлекеттердегі бейбітшілік пен қақтығыстарды реттеу жөніндегі перспективалар» атты екікүндік халықаралық семинар өткізіледі.

ИЫҰ бастамасы Алматыда талқыланады

Семинарға ИЫҰ мүше-мемлекеттерінің дипломаттары, Қазақстандағы шет елдер дипломатиялық корпустарының өкілдері, көрнекті ғалымдар мен сарапшылар қатысады. Аталмыш іс-шарада ислам мемлекеттері территориясындағы реттелмеген қақтығыстар мен ИЫҰ-ға мүше-мемлекеттер арасындағы шешілмеген дауларды шешу мақсатындағы Исламды жақындастыру туралы бірлескен қазақ-түрік бастамасының өзекті тақырыптарын талқылау диалогтық алаңы орнайды. Сонымен қатар семинар барысында қауіпсіздікті, адам құқығы мен заңның үстемдігін қамтамасыз ету бойынша озық тәжірбиелер алмасуы өтеді.

Семинар қатысушыларына ИЫҰ-ның қақтығыстарды реттеу және делдалдық қызметті атқарудағы саясаты мен рөлін терең тануға, ислам мемлекеттердегі бірнеше жылдар бойы созылған және ИЫҰ-ның мүше-мемлекеттеріне және әлемнің өзге мемлекеттеріне әсер еткен қақтығыстардың тарихы мен табиғатын білуге, сонымен қатар сенімділікті нығайту, жанжалдардың түпкілікті себептерін анықтау және жою негізінде дағдарыстарды шешу және жақындастыру бойынша практикалық шараларды талқылауға мүмкіндік беріледі. 

Елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басым бағыттарды ұстана, сондай-ақ БҰҰ-ның «Академиялық ықпал ету» бағдарламасының Жаһандық хабы бола отырып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бейбіт және ашық қоғамды қалыптастыруға әрекет ететін тұрақты даму мақсатының жұзеге асуына, сонымен бірге халықаралық ұйымдардың жаһандық әлемдегі қауіпсіздікті және адамзаттың тұрақты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі бастамалары мен жобаларына белсенді қатысады.