Аймақтар • 22 Сәуір, 2019

Қыздар университетінде қазақ тілінің мәртебесін көтеруге арналған байқау өтті

1125 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ана тілінің мәртебесін көтеріп, оның қолдану аясын арттыруға арналған аймақтық білім сайысы мәреге жетті. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан хабарлады.

Қыздар университетінде қазақ тілінің мәртебесін көтеруге арналған байқау өтті

«Менің Отанымның мемлекеттік тілі» тақырыбында өткен олимпиадаға Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарында білім алатын студенттер қатысып, бақ сынасты.

Шараны ұйымдастырушы Қыздар университетінің Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Тыныштық Ермекованың мәліметіне сүйенер болсақ, қатысушылардың барлығы өзге ұлт өкілдері.

– Қазақ тіліне шорқақ студенттерді іріктеп алуымыз бекер емес. Осы арқылы олардың қазақ тілі бойынша танымдық қабілетін дамытып, мемлекеттік тілді меңгеруіне ықпал етуді көздейміз. Олимпиада өскелең ұрпақты елжанды һәм ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие беруде зор үлес қосады деп сенеміз, дейді Тыныштық Ермекова.

Жарыстың ашылу рәсімінде Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің деканы Жанар Қиынова сөз сөйлеп, білім додасы университет қабырғасында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырғанын атап өтіп, топ мүшелеріне сәттілік тіледі. Сонымен қатар жоғары оқу орындары студенттері арасында «Қазақ тілі» пәнінен өткен олимпиаданың биылғы жеңімпазы, факультет студенті Камеля Карпович те өз тілегін арнады.

– Көкірек көзімен түйсіне білген жанға тіл – достықтың кілті, ынтымақтың ұйытқысы, ырыс-берекенің нышаны. Бірлігі бекем, тірлігі тату Қазақ елінде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарып», өмір сүруде. Менің ойымша, осы елде тұрған әрбір азамат қазақ тіліне зор құрмет көрсетуі тиіс. Және оны күнделікті қарым-қатынаста қолдану қажет. Қажет емес, солай болуы тиіс және өз қатарластарымды осыған шақырамын, деп атап өтті Қыздар университетінің студенті.

Қазақ тілін терең меңгерген, сөзге шешен, танымы биік 7 топтың мүшелері төрт кезең бойынша сынға түсті. Қатысушылар «Сәлем – сөздің анасы» атты алғашқы айналымда өздерін таныстырды. Онда студенттердің сөйлеу мәнеріне басымдық берілді. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» атты екінші кезеңде сайыскерлер әр ұяшықта жасырылған лексикалық, грамматикалық сұрақтарға жауап беріп, практикалық тапсырмаларды орындап, білім деңгейлерін сарапқа салды. Ал үшінші турда студенттердің интеллектуалдық әлеуеті бағамдалды. Ал «Қазақ тілі» пәнінен теориялық білімдері мен танымдық деңгейлерін анықтау мақсатында арнайы даярланған тақырыптар топтамасының ішінен таңдалған тақырып бойынша эссе байқауы «Ұшқыр қалам» атты соңғы кезеңде ұйымдастырылды. Ұсынылған тақырыптардың дені туған жер, «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы басым бағыттар мен ұлттық салт-дәстүрді қаузайды.  Атап айтқанда олардың қатарында «Қазақ елі, қазақ тілі – мәңгілік!», «Ел болашағы – білімді ұрпақ», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Рухани жаңғыру өзіңнен басталады», «Абай поэзиясы – адамзаттың асыл қазынасы», «Латын әліпбиі – тәуелсіздіктің жетістігі», «Қазақ дәстүрін қастерлеу – парыз», «Ырыс алды – ынтымақ» және «Менің университетім» тақырыптары бар.

Сайыс барысында студенттердің білім мен өнеріне Алматы қаласы Мемлекеттік тілдерді дамыту институтының директоры Бижомарт Қапалбек,  Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Phd докторы Гүлмира Каримова және Қыздар университетінің «Nur Otan» партиясының «Ұлағат» бастауыш ұйымының төрағасының орынбасары Әліби Несіпбаев қазылық жасады.

Тартысты өткен олимпиада қорытындысы бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Абай» тобы өзгелерден оқ бойы озып шығып, жеңімпаз атанды. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттерінен құралған «Ізгілік» тобы мен С. Демирел атындағы университеттің «Суперстрат» командасы тең түсіп, бірінші орынды өзара бөлісті. Екінші орынға Азаматтық Авиация академиясының «Ұшқыштар» және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің «Сұңқар» командалары ие болды. Халықаралық бизнес университетінің «International полиглоттар» тобы мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің «Алғыр» тобы үшінші орынды қанжығасына байлады.

Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.