Спорт • 23 Сәуір, 2019

Дзюдо: Алматыда Азия кубогы өтті

972 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда дзюдодан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия кубогы аяқталды. Бұл жарыс көрнекті қоғам қайраткері, республикалық дзюдо федерациясының құрметті президенті, қазақтың атымтай жомарты Бекет Махмұтовтың құрметіне арналды.

Дзюдо: Алматыда Азия кубогы өтті

Бекет Сапабекұлы ұзақ жылдар Қазақстан бокс федерациясын басқарып, АИБА-ның бірінші вице-президенті болды. Сол кездері былғары қолғап шеберлеріміз Олимпия ойындары мен әлем чемпионатынан бастап, басқа да дүбірлі додаларда орасан зор табыстарға қол жеткізді. Азияның алды болып, әлемдегі үздік үштікке енді. Кейіннен дзюдо федерациясын басқарды. Бұл ретте де биік-биік белестерді бағындырдық.

Бекет Махмұтовтай абзал азаматтың құрметіне өткен дзюдошылар жарысын тамашалау үшін тек белді балуандар ғана емес, атақты боксшылардың да қалың шоғыры келді. Солардың арасында Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, әлем чемпионы Галиб Жафаров, Азия ойындарының жеңімпазы Нұржан Кәрімжанов және тағы басқа саңлақтар болды.

Алғашқы күні 6 мемлекеттен келген 224 жасөспірім татамиге шықты. Ұлдар арасында өз салмақ дәрежелерінде Бахром Ботуров, Әзизбек Ортиков, Мұхаммадқадыр Мансуров (Өзбекстан), Алексей Собянин (Ресей), Тайман Нұрғалиев, Тілеген Тынарбай, Айдар Арапов және Жұрқамырза Шүкірбеков (Қазақстан) топ жарса, қыздар сайысында Шахлида Нармұхамедова (Қырғызстан), Азим Аяжан, Әсемгүл Балтабай, Аружан Ережепова, Аружан Адасхан, Шапағат Дәулет, Алёна Чусовитина және Даяна Белгібаеваның (Қазақстан) бағы жанды.

Келесі күні жастар жарыс көрігін қыздырды. 7 мемелкеттің 186 балуаны белдескен бәсекелерде мына балғын балуандар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді: Ұлдар – Сухбат Биямбасурен (Моңғолия), Әділ Мирзаев (Қырғызстан), Дастан Шаяхметов, Бексұлтан Дүйсенов, Бекарыс Сәдуақас, және Бибарыс Әбдіғани (Қазақстан). Қыздар – Кимё Марасулова, Рината Илматова (Өзбекстан), Ақжол Қайыпхан, Меруерт Сәрсенова, Зарина Сарипова, Ақерке Құлаш және Маргарита Гриценко (Қазақстан).