Спорт • 23 Сәуір, 2019

Қазақтардың қарқыны жақсы

775 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері Таиландтың астанасы – Бангкокта өтіп жатқан Азия чемпионатының ширек финалында Қазақстанның боксшылары табысты өнер көрсетуде.

Қазақтардың қарқыны жақсы

Ерлер арасындағы бәсекеде осыған дейін Теміртас Жүсіпов (49 кило), Санатәлі Төлтаев (64 кило) және Бек Нұрмағанбеттің (81 кило) жартылай финалға жолдама алғаны жайында жазған едік. Кеше сол жеңісті жолды тағы үш өреніміз жалғастырды. Әсіресе, біз Тұрсынбай Құлахметке ерекше риза болдық. 75 кило салмақтың мықтысы Әбілхан Аманқұлдың жарақат алуына байланысты ол Бангкокқа баратындардың тізіміне ең соңғы сәтте ғана қосылған еді. Соған қарамастан қандасымыз нағыз бабында екенін байқатты. Ширек финалда Тұрсынбай Азия ойындарының жеңімпазы, құрлық чемпионы, өзбекстандық кәсіпқой боксшы Исмаил Мадримовты күмәнсіз ұтты. Сондай-ақ, Зәкір Сафиуллин (60 кило) қытайлық Цзюнь Шаньға шаң қаптырса, Василий Левит (91 кило) ирактық Саади Мохаммед Рабеадан басым түсті.

Кешегі күннің кешкі бағдарламасында Асланбек Шымбергенов (69 кило) Өзбекстанның өкілі Бобо-Усмон Батуровпен күш сынасса, Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кило) Иорданияның оғланы Одай Альхивдавимен айқасты.