«Кең дүние, құшағыңды аш, мен келемін!»
Қазақта «ел ағасыз болмайды, тон жағасыз болмайды» деген мақал бар. Қалай жақсы айтылған. Халқымыздың тарихына көз салсақ қай кезде де ұлтымыздың ұйтқысы, жұртымыздың мәйегі бола білген, көзі қырағы, ауызы дуалы аяулы асыл азаматтары – ел ағалары болған ғой. Осы тұрғыда ой қозғасақ кешегі артына өнегелі істер мен үлгі тұтар жосықтар қалдырып кеткен Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сияқты асыл азаматтар ойға оралады.
Қазақта «ел ағасыз болмайды, тон жағасыз болмайды» деген мақал бар. Қалай жақсы айтылған. Халқымыздың тарихына көз салсақ қай кезде де ұлтымыздың ұйтқысы, жұртымыздың мәйегі бола білген, көзі қырағы, ауызы дуалы аяулы асыл азаматтары – ел ағалары болған ғой. Осы тұрғыда ой қозғасақ кешегі артына өнегелі істер мен үлгі тұтар жосықтар қалдырып кеткен Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сияқты асыл азаматтар ойға оралады. Тәуелсіздігіміздің іргесі нығаюына, халқымыздың бірлігі артып, еңсесі көтерілуіне, тіліміздің, діліміздің орнығуына айтарлықтай үлес қосып, елді ұйытар есті сөздерін айтып, өнеге шашып, ортамызда жүрген Шерхан Мұртаза, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Байгелди, Кәкімбек Салықов, Төрегелді Шарманов, Әбдуәли Қайдаров, Шериаздан Елеукенов, Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев сияқты абзал ағалар еске түседі. Өзінің бойындағы барлық қажыр-қайратын туған елінің, ұлтының, жұртының керегі үшін аянбай жұмсап жүрген Мырзатай аға да солардың сойынан.
Соңғы уақытта мен Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың күреске, ғибратқа, қызықтарға толы өмірі туралы сыр-сұхбатқа құрылған жаңа роман жазу үстіндемін. Бүгін сол романның бастапқы тарауынан үзіндіні «Егемен Қазақстан» газеті арқылы көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдім.
Автор.
Мырзатай: Мен өзім өте шалғайда, қайнаған өмір базарынан қағаберісте қалғандай болып көрінетін шағын ауылда туған адаммын. Алақандай ауылымыз қазыналы, қасиетті кәрі Қаратаудың баурайында, етегінде еді. Қаратау батыста көлбеп жатады, біз шығысындамыз. Қаратаудың баурайы сыңсып тұрған шие, долана болатын. Көбіне жел батыстан тұрады, батыстан тұрғанда сол шиенің, долананың иісі біздің ауылға келетін. Қаратауға қарасақ, бойымызға қуат алатынбыз. Жоталарында сақырлатып тастан-тасқа секіріп арқарлар жүретін. Құлжасы қасқайып қарап, биікте, шыңда тұратын. Қаратаудан жібектей есіліп жұпар самал соғатын. Жан дүниемізді аралап, рахат сезімге бөлейтін.
Ауылымыз шағын еді. Бар болғаны 20-30 үй. Менің бабам – Темір дейтін кісі би болған. Сол кісі заманында Ақмешіттің генерал-губернаторы Перовский дегенмен келісе алмайды. Содан соң «мен сенің табаныңа жаншылмаймын» деп, ағайынын алып, Қызылорданың Тереңөзек деген жерінен бүгінгі Жамбыл облысының Таласына көшкен екен. Жол-жөнекей бала-шаға, келін-кепшіктің жағдайымен, жас босанған келіндер қол-аяқтарын бауырына алсын деп, қазіргі Шәуілдірдегі Темір станциясы тұрған жерге аялдайды. Ол кезде темір жол да, станция да жоқ. Сонда қыстайды. Ерте көктемде егін, бау-бақша салып, күзгі жиын-теріннен соң жылжып Таластың төменгі сағасына қоныстайды. Әлі есімде, менің бала кезімде біздің елден атпен, есекпен Әзіреті Сұлтанға (Қожа Ахмет Яссауи) зиярат етіп барып келгендер:
– Жолда Темір бабамның бауына түнедік, – деп әңгімелейтін. Үлкен әруаққа сыйынғандай, сол жерден орамалға түйіп топырақ әкелетін.
Содан, ол жерден Темір бабамыз өзіне ерген ағайын-жұртын алып, төменгі Таласқа көшіп келеді. Біраз жылдар сол жерді жайлап, өмір кешеді. Темірдің ұлы Қожамқұл еңбек десе елпілдеп тұратын бейнеткеш, диқан, сөзге де ұста, ел-жұртты күлдіріп сөйлейтін, қуақы адам болыпты. Өздері көшіп келіп, қоныстанған жерге егін салады, тал өсіреді. Ағайын-туыстарын да ұйыстырып, ілкімді істерге жұмылдырады. Соның арқасында тұрмыстары оңалады, мал-бастары көбейеді. Сол жер кейін «Қожамқұлдың талы» деп аталып кетеді. Біз осы Қожамқұлдан тараймыз. Қожамқұлдан – Ақбота, Ақботадан – Жолдасбек туады.
Автор: Ол кісіге неге Ақбота деп қыздың атын қойған?
Мырзатай: Қожамқұл атамыз үйленген соң көпке дейін перзент көрмей жүреді. Ақырында Қызжан әжеміз ұл туып беріп, оған көз тимесін деп, әдейі Ақбота деп қыздың атын қойған екен. Сол Ақботадан – Жолдасбек, Жолдасбектен – мен туамын.
Автор: Өз әкеңіз туралы да айтсаңыз.
Мырзатай: Әкем ұзын бойлы, қызыл шырайлы, денелі, анау-мынау ат көтеріп жүре алмайтын, ақ сары кісі еді. Салмақты, сабырлы, мықты болатын. Екі беті нарттай қызыл еді. Мені қасынан тастамайтын, соғым басына, шақырған жерге мені апаратын. Бір күні үлкендер:
– Ей, Жөке, Шымыртайды қасыңа көп ертпейсің. Неге осы жәумелегіңді қасыңнан тастамай ертіп жүресің? – деп сұраса керек. Сонда әкем:
– Ә, аталары, сіздер әлі көресіздер, бәрінен де Мырзатайым озады. Бірнәрсе шықса осы жәумелегімнен шығады. Шымыртай осы Мырзатайдың атын байлағанға жараса да болғаны, – деп айтыпты дейді.
Автор: Қазақта «әке – балаға сыншы» деген сөз бар ғой.
Мырзатай: Сол сөз рас, меніңше. Бір күні мен әкеме өкпелеппін… Қырдың астында «Қызыләуіт» деген көрші ауыл болған. Содан мен өкпелеп: «Мен Ақтөбеге бала болмайын, мен Қызыләуітке-ақ бала болайын», – деп кетіп бара жатсам керек. Әкем: «құлдығым-құлдығым, шырағым-шырағым» деп қуып жетіп, құшақтап, мені үйге алып келіп, ешкі сойып, ағаларын, үлкендерді шақырып, құдайы берді. «Көз тимесін, Мырзатайларың болайын деп тұр, бұл мені жеңді. Мен Ақтөбеге бала болмаймын, Қызыләуітке бала боламын деді. Құдай аузына салып тұр ма, бұл өзі елдің баласы болайын деп тұр екен», – деп ырым қылып, құран оқытқаны есімде.
Әкем әділ, адал, мемлекетшіл кісі еді. Қоғамның малына, қоғамның мүлкіне қол сұғуға болмайды деп отыратын бізге. Ол кезде колхоздар өте майда. Әкем өмір бойы колхозды басқарды, партком да болды. Анамызбен екеуін аталарымыз құда түсіп қосқан екен.
Автор: Енді анаңыз туралы да айтып өтсеңіз.
Мырзатай: Анам әжептәуір дәулетті кісілердің қызы болыпты. Өрмек, басқұр, ши тоқитын, ғажап шебер кісі еді. Әкесі киімді Хиуадан, Бұқарадан алдырады екен. «Қонышын жіппен кестелеген қызыл, жасыл етігім болатын. Айтысқа, жиынға барғанда бір ағам алдымда, бір ағам артымда, екі жеңгем екі қанатымда жүретін еді, тойға сән-салтанатымызбен баратынбыз», – деп еске алатын.
Анам (мен ол кісіні «апа» деуші едім) талай айтысқан адам. Апамның даусындай дауыс жоқ еді. Апам ақын еді. Сол кісінің «Әй-угай, армандамын жаратқанға», «Бедел-ай, бөпем-ай» деген екі әні 65 жылдан кейін құлағыма қайта оралды. Не құдірет екенін білмеймін, айырылып қалып едім, есіме қайта түсті. Үнемі, әсіресе, «Әй-угай, армандамын» дейтін әніне салып айтып отыратын. Сол әнімен өзінің бүкіл өмір тарихын жырға қосатын. Соларды айтып алып, көңілі босап жылайтын. Апам керемет сұлу кісі еді. Осыдан біраз бұрын сол кісінің екі әнін есіме түсіріп, қыздарды шақырып алып тыңдаттым. Олар «аға, бұл әндерді нотаға түсірейік, сіз сөздерін қайта жазыңыз», – деп қолқалап болмады. Сосын апамның әніне, сол кездегі сөздерін ұмытып қалғанмын ғой, соған жақындатып сөз жаздым. Ол әндерді белгілі әншілер Гүлмира, Ардақ, Клара сияқты қарындастарыма үйреттім. Сол әндерді қазір Гүлмира Сарина айтып жүр.
Біздің ауылдың жоғарғы жағын Қапшағай дейтінбіз. Өзеннің жағасы – жартастар. Солар толған ескілікті жазулар, суреттер болатын.
Автор: Сол өзіңіздің туып-өскен ауылыңыздың өте-мөте есте қаларлықтай ерекшелігі бар ма еді?
Мырзатай: Бір ғажап жері сол кішкентай, алақандай ауылымыз керемет өнерпаз болатын. Әлі күнге дейін есімде, Әйтпенбет дейтін әкеміз болды. Жасы менің әкемнен үлкен еді. Ауылдың жекеменшік қойын бағатын. Сол кісінің қалақтай ғана, кішкентай, қолдан шабылған домбырасы бар-тұғын. Домбыраны қазіргі күні желімдесе, ол кісі кішкентай ғана ағаш шегелермен шегелеп қоятын. Кешке жақын Қаратөбенің баурайында отырып, Әйтекені тыңдаймыз деп ел жиналатын. Далаға ештеңе төсеместен, жайқалған көк шөп үстіне, кілем жайып қойғандай, бәрі еркін жайғасып, біреуі жамбастап, біреуі шынтақтап жатып ап, күй тыңдайды.
Әлі анық есімде, осы ауылға екі рет Сүгір келді. Біздің ауылда бір құдасы бар еді. Сол құдасына келетін және қайтарында, ылғи мал айдап, мал жетектеп қайтатын. Барша жұрт «Сүке, Сүке!..» деп жаны қалмайтын. Шағын ғана кісі еді. Басында қырғыз-қалпақ сияқты қалпақ, үстінде шибарқыттан китель сияқты етіп тіккен сырт киімі болатын, онысының етегі ұзындау еді. Қолдан тіккен шалбары бар-тұғын. Жарықтық, күйкентайдай ғана кісі болатын. Төрде отырғанда бала сияқты болып көрінетін. «Сүкеңді тыңдаймыз!» дегенде жұрттың бәрі тына қалатын. Бәріміз елітіп тыңдайтынбыз. Мен сөйтіп, сәтін салғанда, кішкене кезімнен Сүгірдің күйлері жаныма сіңіп өскен адаммын.
Екінші жолы келгенінде, біздің Әйтпенбет әкеміздің жасы Сүгірден үлкен еді, Сүгір: «мына жерге Әйтекең отырсын» деп, Әйтекең әкемізді сұмдық бағалап, құрметтеп, қасына отырғызып, «алдымен Әйтекең күй тартсын» деп, жолды әуелі сол кісіге беріп, алдымен күй тартқызды. Таң қалатыным, сөйткен Әйтекеңнен ешқандай мұра қалмады. Біз, осы қазақ, сондаймыз ғой. Бір ауылда тұрып, бірінің өнерін бірі бағаламайды, үйреніп алайық, есте сақтап қалайық демейді, тек бәрі де шетінен данышпан, шетінен өнерпаз, шетінен ақын, шетінен шешен, шетінен көсем…
Сондағы Сүгірдің өзі ден қойып тыңдағаны, бағалап, төрге отырғызып жол бергені кейін есіме түскенде Әйтпенбет сұмдық күйші болған екен-ау деп ойлаймын. Мен әлі күнге дейін сол кісінің күйлерін ешкім жазып алмағанына, жадында сақтап қалмағанына өкінемін.
Соғыс кезінде еркектердің бәрі майданға кетті. Ауылда бала-шаға, өңкей қатын-қалаш қалды. Бәрі жұмысқа шығады. Басқарманың әйелі Дәмет деген жеңгеміз болды. Сұмдық қасапшы еді, ірі кісі. Бірде апамның: «Дәмет келін, шырағым, үйге келіп, тоқты сойып берші», – деп шақырғаны есімде. Сойғанда өзім сағатқа қарап тұрдым, 17 минутта бәрін дайындап, қазанға салып берді. Апам марқұм «Дәметтей қасапшы жоқ» деп отыратын. Болсамбек сол Дәмет жеңешемді «сен басқарманың әйелісің, жұмысқа бармайсың» деп сынап: «Менің байым басқарма, екі көзім аспанда. Жатсам да алам бір еңбек, тұрсам да алам бір еңбек. Маған қарап бос қалма», – деп өлең шығарғаны есімде. Ауылдағы кісілердің бәрін сөйтіп сынап-мінеп, өлеңге қосып, жұртты күлдіріп жүретін. Түр-әлпеті, мінез-құлқы, істеген істері нағыз Алдар көседен аумайтын.
Оспан деген жәкеміз болды. Еспенбеттің Оспаны. Колхозда бухгалтер болды. Өмір бойы бухгалтер болып, бір тиын «рәстрәт» дегенді білмеген адам екен. Жұрттың бәрі таң қалатын. Өзің білетін журналист қаламгер Серік Әбдірайымов Бөпетайдың Жақып деген баласының қызын алды. Ал мына біздің Оспан жәкеміз, бұрын байға тиген, соңында қызы бар, Бөпетайдың Әсия деген қызын алған еді. Әсия бізге сабақ берді, мұғалім болды. Оның әкесі Бөпетай жездеміз еді, өзі кішкентай ғана, күйкентайдай кісі болатын, ал апамыз – Бөпетай жездемізді қолтығына қыстырып кететіндей, алпамсадай кісі болатын. Сөйтіп Әсияның әкесі – жездеміз, өзі – жеңгеміз, бізге төртінші класта сабақ беріп жүрді. Сонда біздің оқығанымыздың сиқын, түрін қара. Мұғаліміміз Әсия мені «Мырзажігіт» дейді, Жаңабай жәкемнің баласын – «Мырзааға» дейді, тағы біреуді «Кішкенем» дейді. Бәріне ат қойып алған. Өзінің оқушыларын атымен атай алмайды.
Ауылда Андақұл және Сапарқұл деген бақуатты, ағайынды кісілер болды. Сапарқұлы үлкен. Сапарқұлдың баласы – Асан деген болды. Менімен құрдас еді. Класта отырады, күздің күні жүгері піседі, дүмбілді көп жейді де іші өтіп жүреді. Сабақ басталғанда жылтыңдатып қолын көтереді де отырады. Далаға шыққысы келеді ғой. «Не болды саған тағы, қайныағаның баласы?» – деп сұрайды мұғаліміміз. «Далаға шығып келейінші» – дейді ол. «Не болды, жаңа ғана шығып едің ғой, отыр», – деп ұрсады мұғалима. Анау әрі отырады, бері отырады, шыдай алмай: «Үй, әкеңнің ауызы… Әсия, Жәкеме айтамын», – деп орнынан тұрып, шығып жүре беретін. «Жәке» деп отырғаны мұғаліміміз Әсияның күйеуі ғой. Ал Әсия: «Осы микеще қайным қайбір адам болады дейсің», – деп отыра беретін. Басқа ешнәрсе айта алмайды. Балалар кейде үйдегі үлкендеріне шағынып, олар Әсияның күйеуіне айтып, күйеуі Әсияны сабап алатын кездері де болатын.
Біз дұрыстап сабақ оқи алмадық. Болсамбек біздің мұғалімімізді де: «Бөпетаева Әсия, соңында бар Шәкия, Еспенбетов Оспан, Құдай оны қосқан» деп өлеңге қосатын. Бұл өзі поэма сияқты ұзақ толғау еді. Осы бір жерлері ғана есімде қалыпты. Бүгін ойлап отырсам, ол кезде бізде дұрыс мектеп те, мұғалім де, қағаз-қалам да болмаған екен ғой.
Автор: Мырзеке, бұрын айтылып, жазылмаған мына әңгімелеріңіз қызықты болып барады. Сіздің ауыл расында да өнерпаздардың ордасы екен ғой. Осыған орай Жамбыл атамыздың да өсіп-өнген ортасы ойға түседі. «Екейде елу бақсы, сексен ақын, гулейді жын қаққандай кешке жақын» демеуші ме еді Жамбыл атамыздың Екей руы жөнінде. Тақыр жерге түк шықпайды. Шөп те құнарлы жерде өседі. Сіздің ән-күй дегенде құлағыңыздың түрік болғаны, ән де, күй де шығаратыныңыз, өнерге, әдебиетке іңкәрлігіңіз өсіп-өнген ортаңыздың әсерімен бала кезіңізден-ақ қалыптасқан екен ғой деген ой келіп тұр маған.
Мырзатай: Иә. Балалық шақта алған әсерлердің өмір бойы ұмытылмайтыны, бүкіл өмірге азық болатыны рас қой. Мен осындай алақандай ауылда, аңыздар мен абыздардың ортасында өстім.
Автор: Жаңа ауылдың адамдарын бірсыпыра айтып өттіңіз. Сіздің бала кезіңіздегі, есейген шағыңыздағы және осы күнгі ауылдардың бет-бейнесі бір-біріне ұқсамайды. Әртүрлі ғой. Осы тұрғыдан алғанда сол кездегі ауыл өмірінің кейбір ерекшеліктерін де еске түсіріп, айта кетсеңіз.
Мырзатай: Ол жылдарда, қайдан келетінін білмеймін, бақалшылар келетін ауылға. Оларды біз «долылар, сығандар» дейтінбіз, солар келетін кернейлетіп, сырнайлатып. Арбалары болады, арбасында айна-тарақ, неше түрлі жіп, ине, түйреуіш, керектің бәрін әкеледі. Сол жерден біздің ауылдың қыздары шаңқобыз алады. Мен талай жерде айтып жүрмін, мұндай құдіретті көрген емеспін. Менің күнделігімде де бар. Ауылдың қыздарының бәрі шаңқобызшы болатын. Кешке қарай мал жайғастырады, лақ-қозыны көгендейді, ешкі-сиырды шешелеріне саудырады, бәрін тындырып келгеннен кейін, бәрі бір үйге жиналады. Бес қыз отырса шаңқобыз тартып, 6-шы, 7-ші, 10-шы, 15-ші қыздар келген жерден қосылып, тарта береді. Бұл қандай феномен! Дирижер жоқ, жетекші жоқ, арнайы білім жоқ, бірінен бірі үйреніп тартады. Ондай шаңқобызшыларды еш жерде көргенім жоқ. Біздің ауылдың қыздары, соғыс кезі, шаңқобыз тартқанда зар илетіп, сай-сүйегіңді сырқырататын.
Жастардың бәрі соғысқа кетті. Көбі келмеді. Содан болар, ауылда жасы ұлғайған қариялар көп болды. Таңды атырып, күнді батырып дастан, қисса айтатындар болды. Солардың ішінде Елемес деген ағамыздың үні бөлек еді. Әймен дейтін әкем болды. Бұрын болыс болған, ақындығы да бар еді. Торғайдай кісі еді, әппақ, үкінің балапанындай болып үрпиген, өзбекше күзеген сақалы болатын. Өте сыйлы адам еді, қасына «Темір бидің баласысың, Жолдасжан» деп менің әкемді отырғызады, әкем мені тастамайды. Ойнап жүрген жерімнен «көкең шақырып жатыр» деп шақыртып алады, жүрегім зу ете қалатын. «Ойын аздырады! Әңгіме тыңда, әкелеріңнің қасында отырып» дейді. Әймен әкем ұзақ-ұзақ дастандардан айтып, қиссалардан қайырып, жұрттың бәрін ұйытып отыратын.
Автор: Кітаптарыңыздан әкеден жастай қалғаныңызды білеміз.
Мырзатай: Мен тоғыз жасқа келгенде әкем қайтыс болды. Әлі күнге ұмытқан жоқпын. Майдың тоғызы болатын. Жеңіске арналған мереке күні еді. Шымыртай көкпарға барам деп жылаған соң, ауырып төсекте жатқан көкем Қаражанды алдырып, далаға өзі шығып, тартпасын өзі тартып, «Қаражан, Қаражан» деп биесінің басынан сипап көп тұрды. Содан соң Шымыртайды қасына шақырып алды да, «жарайды, бүгін Қаражанды көкпарға сен мін, бірақ қинама» деп үстіне отырғызып жіберді. Қаражан да бірдеңені сезгендей, иесімен қоштасқандай, көзінен жас моншақтап тұрды.
Әкем, мен оны «көке» дейтінмін, екі күннен кейін қайтыс болды.
Әкемді жерлерде қариялар «Осы жәумелегін жақсы көруші еді, аттың басын осы Мырзатай жетектесін», – деп маған жетектетті. Зиратқа жақындай бергенде арықтың бойынан көжек қашпасын ба?.. Арбаны тастай салып көжекті қуа жөнелгенім есімде. «Ойбай, сорлы-ау, әкең өліп жатқанда мынауың не сенің» деп ел мені қуды. Сонда мен әкемнің қайтыс болғанын түйсінбеген екенмін. Ырым-жырымын жасап, бір кезде әкемді жердің қойнына салды. Үстін жауып, таспен бастырып жатқан кезде шыңғырып жібердім. «Ашыңдаршы, көкем тұншығатын болды ғой, ашыңдар, ашыңдар» деп. Сонда мен көкемнің өлгенін әлі білмегенмін ғой. Үлкендер «алып кетіңдер» деді. Екі ағам былайырақ алып шығып: «қой, ұят болады, жылама», деп ақыл айтты. Кішкене сабыр қылғаннан кейін мен де өзгелермен бірге жақындап келіп отырдым. Молда Әбдірәсіл жәкем құран оқыды. Дауысы сондай жағымды еді. Құран оқығанда сай-сүйегім сырқырап, ішкі дүниемнің бәрін әлдебір сезім кеулеп кетті. Ерітіп-елжіретіп барады. Сонда білдім, әкемнің қайтыс болғанын. Сонда сезініп, түйсіндім. Жалпы, кейін әкемнің үмітін ақтадым ғой деп ойлаймын.
Алдында айтып кеттім ғой, көктемде ауылға долылар, сығандар келетін деп. Солардың ішінде шашы жалба-жұлба кемпір болатын, қазақша білетін, сол бал ашады екен. Соған бәрі бал аштырады. Оны апам айтады. Саған айым-күнім жетіп отырған едім. Қарасам, жұрттың бәрі барып, бал аштырып жатыр. Әй, әдіре қалғыр, мен де барайыншы деп бір тушамды жетелеп барып, өзгелермен бірге мен де бал аштырдым дейді. Кемпір: «Ұл туасың, оң аяғының нышаны болады, елге өте белгілі адам болады, көп жасайды, еліне қадірлі болады», – депті. Бүкіл ауыл, кішкентай ауыл ғой, бәрі тыңдап тұрған ғой сонда. «Ой, бұл кемпір не біледі, сандырақтай береді, аяғында нышаны болады дейді, қайдан біледі оны» дегендер болыпты. Бір аптадан кейін мен туыппым. Апам айтады: «Мен далада қалдым, елдің бәрі сен шыр етіп дүниеге келген бойда сенің аяғыңды қарап жатты» деп. «Астафыралла! Мына баланың расында да оң аяғында алты бармағы бар екен», – деп таң қалысыпты бәрі.
Ауылда балалардың әдеті еді ғой, бірін-бірі ұратын. Мені бір бала маңдайымнан шерткен емес. Өйткені, үлкендердің бәрі: «Тимеңдер Мырзатайға! Ол нышаналы!» – деп зар илейтін. Шынын айтайын, жақсылы-жаманды қазір жасымыз біраз жерге келді ғой, байқағаным, өмірде, бұрын да, кейінгі кезде де маған қысастық, қастандық жасағанның ешқайсысы оңған емес. Оның неге екенін білмеймін.
Автор: Бұл да бір қызық жағдай екен. Қазақтар, әдетте, жақсы адамдар жайында оларды «ақ, аққа құдай жақ» деп жатады ғой. Ақты, адалды періштелер де қолдап жүреді деседі. Шамасы, осылар жай ғана айтыла салған сөз болмаса керек.
Мырзатай: Әбдіжәміл ағамыз «осынша жасқа келемін, осынша құрмет көремін деп ойлаған емес едім» деген еді. Мен де ол кезде болашағымды болжай алғаным жоқ, әрине. Мен де, жалпы сол кездегі біздің ұрпақ, бүгінгі күннің биігінен қарасақ, ауыр күндерді, қиын тағдырды бастан кешіріппіз. Біздер көп қиналдық. Жетімшілікті, жетпеушілікті, кемшілікті көп көрдік. Бірақ аман-есен осы заманға жеттік. Тәуелсіздікті қолмен орнықтырып, ашығын айтайын, тәуелсіздікке аянбай қызмет еткен кісілердің бірі болдым. Менің үлкен бақытым осы ғой деп ойлаймын.
Мен өзім таң қаламын, өмірде біреудің аузынан ақ май ағызсаң да адам болмайтындар болады. Біздің ұрпақтың балалық шағы да, жігіттік кезі де кілең қиындықтарда өтіпті. Соғыстың сорлатқан, әрбір үйге қаралы қағаздар келіп, жұрт жылап-сықтаудан көз ашпаған жылдары, одан кейінгі жарытып киім кимеген, тойынып тамақ ішпеген ауыр кезең… Біздер жөндеп білім де ала алған жоқпыз. Мұғалімдеріміздің де деңгейі өте төмен болды… Соның бәріне қарамастан, жетіліп, өсіп адам болғандар, азамат болғандар аз ба еді. Қиындықтың бәріне төзген, жаңа өмір орнатуға барын салған, бойындағы бар қажыр-қайратын, қабілетін жұмсаған ұрпақтың өкіліміз ғой біздер, расын айтқанда. Қазіргі мектептерді қарашы – не деген өзгеріс, не деген өсу! Бәрі бар: кітап та, мұғалім де, ақпарат та бар, теледидар анау, интернетің мынау, сұмдық! Осындай кезде білім алмаған адамнан не үміт, не қайыр? Біздің кезімізде түк болған жоқ. Ауылда, тізеге дейін топырақ, құмның ортасында дүниеге келіп, оқуға, білімге талпынып, қалаға келіп, оқу бітіріп, ғылым мен ізденіс жолына түсіп, мәдениет, өнеге, тәрбие көріп, қалайша қазаққа белгілі адам болып шыққаныма, расын айтқанда, осы күні өзім де кейде таң қаламын, тәубе қыламын.
Автор: Мырзеке, жаңа сіз «біздер жөндеп білім де ала алмадық» дедіңіз ғой. Енді соған оралып, мектепке қалай барғаныңыз, бастапқы оқу жылдары, алғашқы мұғалімдеріңіздің кімдер болғаны, олар сабақты қалай оқытқаны туралы да айта кетсеңіз.
Мырзатай: Мен мектеп есігін 1943 жылдың күзінде аштым. Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кез. Нағыз алапат қиындықтардың уақыты. Елдегі іске жарамды жігіттердің бәрі майданға кеткен. Ауылда еңкейген кәрі мен еңбектеген балалар, шымылдығы желбіреген келіндер ғана қалған. Майданнан қаралы хабар алып, көзінің жасы көл болған аналар, аталар. Кеше ғана келін боп түсіп, күйеуінен айырылып, көрген түстей естанды халге тап болған, есеңгіреген, қара жамылған жас келіншектер. Бұл өмір не болады? Боздақтар елге қайтып орала ма? Алапат соғыс қаншаға созылады? Еңсені езетін бұл сұрақтардың жауабын ешкім білмейді. Ауылдың сол бір жабырқаңқы кезі әлі күнге көз алдымда.
Дәйексөз:
Алақандай ауылдан мектепке баратындардың да саны көп емес еді. 1-4 класс болып бәріміз бір класта оқитынбыз. Мұғалім біреу, оқудың ешқандай сапасы, берекесі жоқ еді. Ауылда бір үй құдайы берсе, мұғалім ағайымызбен бәріміз сабақты тастап сол үйде, қазан-ошақтың төңірегінде жүретінбіз.
Мұғаліміміз өзіміздің туысымыз Жұманов Қыздарбек деген кісі еді. Түк білімі жоқ, бізге не үйретсін, ағайымыз бізге ештеңе үйрете алмады. Мектебіміздің өзі үлкен коридордан, екі-үш кластан тұратын. Оның кіре берістегі бөлмесінде мұғалім ағайымыздың өзі тұратын. Қыздарбек ағамыз жұқалтаң келген, бидай өңді, ақсап жүретін кісі еді. Сол аяғы оң аяғынан қысқа болатын. Тұрғанда сыңараяқ, бір аяғын көтеріп тұратын. Ол кісі біздің әрі мұғаліміміз, әрі директорымыз секілді еді. Ағайымыз малын жайғастырып кейде сабаққа да келмейтін. Сонда класқа шешесі Бақтылы келіп:
– Қыздарбектің қолы тимей жатыр. (Кейде шай ішіп жатыр дейтін). Шуламай тыныш отырыңдар. Шулағандарыңды қамап қоямын, – деп қорқытатын.
Бір күні қыста қар қалың жауып, омбылап мектепке әзер келсек, мектептің есігі жабық. Шулап жүріп есікті зорға аштырдық. Сөйтсек, ағайымыз бұзаулы сиырын қашарымен, екі-үш қойын, тазысын мектептің ішіне қамап қойыпты. Ірі қаралары сатпақтап тастаған, қойлар құмалақтаған, тазы тышып-сиген, бәрі лас, жүретін жол жоқ. Мектепте ағайымыз да жоқ екен. Балалар бұған наразылық білдіріп еді, Бақтылы:
– Бұл не деген сұмдық. Мұғалім не істеймін десе де өзі біледі, онда сендердің жұмыстарың болмасын, шибөрінің көтіндей шулаған өңшең оңбағандар. Үндеріңді шығармай тыныш отырыңдар, өңшең шуылдақтар. Менің жыныма тисеңдер, бұдан былай оқымайсыңдар. Қыздарбек емес, менмін директор, тыңдамай көріңдер! – деп борандатты кеп.
Шынында да мектептен шығартып жіберуі де мүмкін деп қорықтық сонда.
Арамызда шайпаулау, мінезі шатақтау Мартан деген қыз бар еді, оның әкесі Бақтылының күйеуінен үлкен. Соны пайдаланып:
– Ей, Бақтылы, не деп тұрсың сен. Осыныңды апама айтам, – деп еді. Бақтылы:
– Апаң түгіл әкеңе айт. Мен қайнағадан да қорықпаймын. Құдайдан да қорықпаймын. Құдайыңа айт. Сен осы мінезің үшін бүгін қамаласың, – деп дүрсе қоя берді.
Бақтылы бұрын да балаларды мектепке қамап қоятын. Қамалатынның бірі сол Мартан болатын. Әлгі сөзді естуі мұң екен, Мартан:
- Мен қамалатын болдым, мынау мені тағы қамайтын болды, – деп жылап жіберді.
Сол күні төрт сағат бойы класта әдеттегідей босқа отырдық.
…Сабақ дейтін сабақ болмайтын. Шуламай отырыңдар деп, тапсырма береді, біреу оқиды, біреу оқымайды. Менің Шәріпхан, Шымыртай ағаларым кітап бетін ашпайтын. Екі көзі терезеде, көкейінде атқа міну, көкпар, бәйге болатын. Мен бірінші класқа барғанда олар 4 класта еді.
Үш жылдан кейін қуып жетіп, олармен кластас болдым…
Осындай мектептен шығып, адам болғанымызға таңғаламын. Солардың ішінен Жұмаділ, Сейітжан үшеуміз ғана талпынып, жоғары білім алдық».
М. Жолдасбеков,
«Күндерімнің куәсі» кітабынан.
Автор: Мырзеке, соғыс аяқталған соң, сіз әлі бастауыш кластарда оқып жүргеніңізде әкеңіз қайтыс болғанын айттыңыз. Содан кейінгі жылдарда орта мектепті бітіргенше көп қиындық көргеніңізді де білеміз. Сол жылдар туралы да баяндай кетсеңіз.
Мырзатай: 1948 жылдың жазында бастауыш мектепті бітірген соң, енді оқуды қалай жалғастыруым керек дегенді ойлап, апам екеуміздің басымыз қатты. Көкем ол кезде жоқ, дүние салған. Тіршілік етудің қиын кезі. Бас көтеретін ер-азаматтардың майданнан оралғандары көп емес. Әскерге кеткен ағам Омартайдан хабар жоқ. Ауылда білім беретін тек бастауыш мектеп қана. Оның да жағдайы мәз емес. Біздерге сабақ берген Қыздарбек деген ағамыз, Әсия деген жеңгеміз жөнінде айттым ғой. Олар бізді оқытып жарытпады. Өздерінің жөнді білімдері болмаған соң, бізге не берсін. Мұғалім деген аттары ғана. Сонымен, біз жарытып білім ала алмадық. Бүгінгідей кітапхана да, теледидар да, кино да, ештеңе жоқ қой ол кезде. Тіпті қалам да, қағаз да жоқ. Ағам екеуміз бір қарындашты қақ бөліп, жіп тағып, қалтамызға байлап алатынбыз.
Сөйтіп, қалайда оқуым керек болды. Қайда барамын? Кімнің үйінде жүріп оқимын? Апам екеуміз ойласа, ақылдаса келе Қызылжар селосында тұратын бөлем Ысқақ Ахметовтің үйінде жатып оқығаным дұрыс шығар деген байламға келдік.
Дәйексөз:
«Ысқақ – апамның үлкен әпкесінің баласы, Қызылжарда дүкенде сатушы екен. Біздің ауылдан жүз шақырымдай жер, сонда кеттім. Ол кісінің Гүлзада, Үрзада дейтін екі қызы бар, жеңгем Сәлима жыландай ысқырынған кісі екен. Мені жақын тұтып, бауырына тарта қоймады. Бір жапырақ нан жеп, бір кесе шай ішсем де көзі өңменімнен өтіп, әбжыландай арбап отыратын. Мені өз балаларымдай бұ да бала ғой, күйеуімнің туған бөлесі ғой, демеді. Оның үстіне мен келгеннен кейін көп ұзамай бөлемді ауданға апарып қамап қойды. Осы-ақ екен, құлағыма тыныштық болмады. Жеңгеміздің сары жалақ, шикіл сары өгей шешесі бар еді, ол да мені даттап шыға келді. Неше түрлі сұмдық сөздерді айтып, бөлемнің қамалғанына мен кінәлідей болып қалдым.
Таңертең ерте тұрамын, Қаратау алақандағыдай анық көрінеді. Ауылым сол Қаратаудың бергі астында. Сағынышпен жылаймын. Көзімді жасқа бұлаймын. Сағыныштан жүрегім талады. Амал қанша, бәріне де шыдаймын.
Бір күні қамаудан босанып бөлем Ысқақ келіпті, мені мектепке іздеп келді. Сабақтан соң үйіне алып кетті.
– Сорлы, өлетін болыпсың ғой, саған ешкім қарамаған екен ғой, – деп ашуланып: – Құдайдан үмітің бар ма, мынау менің туған бөлем ғой, арысы, тіпті, адамның баласы емес пе, бір мезгіл қарасаң етті, құдайдан үмітсіз, – деп жеңгемізді көзімше ұрды. Кінәлі адамдай, ыңғайсыздандым.
Көп кешікпей бөлем қайта ұсталды, мен баяғы қаңғитын әдетіме қайта түстім. Сол кезде де қайырымды кісілер болды, өздері жарымай отырып, балаларының аузынан жырып, жарты жапырақ нанды бөліп беруші еді маған. Ол кезде наннан артық тағам жоқ. Нанға тойған адам бір жасап қалатын.
Қызылжарда итшілікпен осылай бір жыл өтті. Бесінші класты үздік бітірдім. Куәлігімді тапсырып тұрып завуч ағамыз Батчаев Сағит Ильясович (ұлты қарачай, математик еді):
– Мырзатай, шалбарың тесіліп, қаңғып жүріп бесінші класты үздік бітірдің. Шамамда сенің келешегің зор, келешекте кім болғаныңды көрер ме едім, шіркін, – деді. Құшағына алып, басымнан сипады. Бастан сипауға зар болып жүрген кезім, мен ағыл-тегіл жыладым. Көзімнің жасын тыя алмадым.
– Алған бетіңнен қайтпа, қиындыққа төзе біл, сонда мұратыңа жетесің, – деді әлгі ағай.
Кейіннен іздеудің бір реті келмей-ақ қойды, сол ағайдың тағдырының не болғанынан менің еш хабарым жоқ.
Куәлікті қолыма алып, мектептің жанындағы Қодар деген кісінің үйінде жиналып, ошақтының балаларымен ілесіп Үшаралға кетпек болып, балалармен ойнап жүріп мұрыным қанап, арықтың суына жуып отырғанымда көз ұшынан жердің танабын тартқан, маңдайындағы төбелі түнгі аспандағы Шолпан жұлдыздай жарқыраған өзіміздің Қаражан анадайдан көзіме оттай басылды. Саздау жер еді, Қаражан жануар жүріскер еді, шымды солқылдатып салып келеді екен. Қаражан біздің ең сүйкімді малымыз болатын. Бәйге алып, Темірдің шаңырағының абыройын асырып жүрген бие еді. Заты жылқы дегені болмаса, ақылды еді. Оттай жанған жанарынан көзің тайып кетуші еді. Өткір еді жанары.
Жақындай бере Қаражанның үстіндегі ағам Шымыртайды көрдім. Көргенім мұң екен, әкем тіріліп келгендей, бүкіл ауыл көшіп келгендей, төңірегім түгелденгендей болды. Қарсы жүгіріп, Қаражанды мойнынан құшақтап, танауынан иіскеп, жылай бердім. Дүние шыр айналғандай болды, өзгергендей болды.
– Ағам келді, Қаражан келді! – деп айқайлай беріппін. Есі шыққан маған қарап, бұрын ешқашан селт еткенімді көрмеген балалар, мұнымды көріп, аң-таң болды.
Қаражан мені танып, оқыранып:
– Бұл жақта не ғып жүрсің қаңғып, – дегендей иіскелей берді.
– Оқу, білім іздеп жүрмін, Қаражан, оқу іздеп жүрмін ғой, – деп мен де Қаражанымды мойнынан, сауырынан, жалынан, алқымынан сипап, терге малшынған, тұз татыған денесін сүйе бердім. Сонда ең жақыным да, ең асылым да Қаражан боп көрінді көзіме.
Мен ебіл-дебіл жылаудамын. Аттан түсіп Шымыртай:
– Шырағым, шырағым; құлыным, құлыным; құлдығым, құлдығым, – деп бауырына қысып, ебіл-дебіл ол да жылады.
Сол жерде жылап қанша тұрғанымызды білмеймін, ел жиналып қалыпты, бәрі де бізге қарап тұр. Жоғалып табысқандай, мен, Қаражан, Шымыртай үшеуміз сол сәтте дүниедегі ең бақытты адамдай сезіндік.
Топ ішінен шығып Батчаев Сағит Ильясович ағай:
– Мынау бір сай-сүйегімізді сырқыратқандай оқиға болды ғой. Ағасы екенсің ғой, іздеп келгенің қандай жақсы болды, Мырзатай бұл еңбегіңді ақтайды, жолдарың болсын, – деді.
Түйіншегімді алып, Шымыртайдың артына жайдақ мінгестім. Қаражан жылқы малына сирек бітетін жер танабын қуырған жүрісіне салды. Жер дөңгеленіп, мен аспан астында ұшып бара жатқандай сезіндім.
Ол кезде сағат жоқ, қанша жүргенімізді білмеймін, ауылға тез келдік. Мәлікбайдың үстінен талдары жайқалып ауыл көрінгенде төбем көкке жеткендей болды.
«Ауылым менің. Өскен, өнген жерім менің, сені кім ұмыта алады. Мен де ұмытқан жоқпын. Күндіз-түні сені ойладым. Қандай ыстық едің!» деп төбесі көрінген ауылыма жеткенше асықтым. Қуанғаннан жүрегім жарылып кете жаздады.
Ауылға келіп, апамның құшағына кірдім. Анамның кеудесін иіскеп тұрып алдым. Ананың соншалықты жақын, соншалықты қымбат, асыл екенін мен бірінші рет сезіндім. Сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезімдерге бөлендім. Тіпті, дүниенің құшағын қайта ашқандай болдым. Анаға, туған ауылға жететін жер-жаһанда ештеңе жоқ екеніне анық көз жеткіздім. Екеуін бөлуге болмайтын егіз ұғым. Ананың құрсағынан шығасың, жарық дүниеге келесің, туған жерге кіндік қаның тамады. Ана, туған жер екеуі сөйтіп тұтасады. Өйткені, екеуі де анаң, бөлуге болмайды, бөлінбейді. Ауылда жүріп апам жұмсағанда кейде тіл алмаушы ем, онымның күнә екенін жаңа түсіндім. Ана, бала, туған жер үшеуіміз қайта қауышқанда дүние түгелденгендей болды».
М. Жолдасбеков,
«Күндерімнің куәсі» кітабынан.
Автор: Мырзеке, бесінші сыныпты соншалықты қиындықпен, азаппен бітірген соң, алтыншы сыныпта интернатта оқығаныңызды білемін. Ол туралы сіздің кітаптарыңызда бар. Сіздің сол жазбаларыңызды оқыған кезде мен өзімнің де алтыншы сыныптан бастап туған ағам Маратпен бірге (ол менен бір сынып жоғары, жетіншіде болатын) интернатқа алынғанымызды, сөйтіп, орта мектепті Жамбыл облысы, Шу ауданының орталығы, қазіргі Төле би ауылындағы интернаттан бітіргенімізді еріксіз еске алған едім.
Бесінші сыныпты бітіретін жылы менің де әкем қайтыс болған. Шешем мектепте оқымаған сауатсыз адам. Соған дейін бірнеше колхоздың мал дәрігері болып істеген әкем қыстың күні бір колхоздан екінші колхозға бара жатып, кешкісін боран басталғанда оқыста алдынан салдыр-салдыр етіп ұшып өткен қаңбақтан аты үркеді. «Жазым болса быламыққа тіс сынады» деген емес пе. Қамсыз отырған әкем ерден ұшып түскенде басы тасқа соғылып, есі ауып, қақаған қарлы боранда далада жатып қалады. Сөйтіп, суық екі өкпесінен қабат өтіп кеткен әкем қыс бойына төсек тартып ауырып жатты да, ақпанның аяғында, көктем жақындағанда қайтыс болды.
Соғыстан кейінгі елуінші жылдардың басы ғой. Халықтың тұрмысы ауыр. Қолындағы үш баламен жалғыз қалған анамның басына түскен қиын халді Алла ешкімнің басына бермесін деп тілеймін. Үш баланы қайтсем аштан өлтірмей, адам қыламын деп анамның жан ұшырғанын, жаз айында үлкені он үштегі, кішісі жетідегі (інім ғой) үш баласын шұбыртып, колхозға масақ теруге барғанын еш уақытта ұмыта алмаспын. Үміт үзілуге тақаған сол күндері бір ағайындарымыз кеңес беріп, сәті түсіп, ағам екеуміз аудан орталығындағы интернатқа алынған едік.
Мырзатай: Иә, интернат, детдом дегендер Кеңес өкіметінің халыққа жасаған жақсылықтарының бірі еді ғой. Қаншама ұл-қыздар интернат пен детдомдарда күнін көріп, жанын бағып, оқу бітіріп, өмірге қанат қақты. Ел-жұртқа, халыққа белгілі адамдар болып шықты. Мен жатқан интернатта менен бұрын жатып оқыған Шерхан Мұртаза ұлтымыздың мақтаныш тұтар жазушыларының бірі болды. Кейін «Интернат наны» дейтін шығармасын жазды. Қаратай Тұрысов ағамыз халқымыздың белгілі мемлекет қайраткеріне айналды. Интернаттан кейін Ленинградтағы жоғары көркемсурет училищесіне түсіп, соны бітірген Шәкен Ниязбеков халқымызға белгілі суретші болды. Қазақстанның мемлекеттік туының авторы атанды.
Елімізге әйгілі тағы бір үлкен азамат, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде көп жыл мәдениет бөлімін басқарып, ұлт мәдениетін өркендетуге үлес қосқан Михаил Есенәлиев те балалар үйінің түлегі еді. Ол кезде «детдом» деген сөзді «балалар үйі» деп ешкім қазақшаға аударып жатпайтын. Отызыншы жылдардағы ашаршылықта, Ұлы Отан соғысы жылдарында, олардан кейінгі ауыр кезеңдерде детдомдар мен интернаттар талай балалардың жанын сақтап, олардың мектеп бітіруіне, білім алуына, адам болып шығуына жол ашып, мүмкіндік туғызды.
Автор: Осы сөздеріңіздің мысалы ретінде айта кетейін. Мен жатқан интернатта да менен бұрын, менімен бірге, менен кейін оқыған талай балалар, ұлдар мен қыздар кейін жоғары оқу орындарын бітіріп, білікті мамандар болып, ауыл шаруашылығын, Шу ауданын өрге сүйреуге, өркендетуге үлес қосты. Ұзақ жылдар совхоз директорлары болып істеген Қайып Кененбаев, Әбдіқұл Таубалдиев сынды ағаларымыз бен Мирон Қаратаев, Сағат Жұмағұлов, аудан басшысы дәрежесіне дейін көтерілген Жәнібек Майханов сияқты сыныптастарымды, институт бітіріп, көп жылдар мектепте үлгілі директор болған Берікбай Нұрғалиевті, Ленинградтан жоғары білім алып, экономика ғылымдарының кандидаты атағын қорғап келіп, Ғылым академиясында көп жыл қызмет атқарған Тұрыс Сартаев сияқты, басқа да көптеген интернат түлектерін атауыма болар еді.
Осы тұста сі