Сайлау • 30 Сәуір, 2019

Әміржан Қосановтың Конституция талаптарына сәйкестігі анықталды

1545 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының отырысы өткізілді, оған саяси партиялар мен бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Отырыста Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Әміржан Қосановтың ҚР Конституциясының және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкестігін анықтаған қаулы жобасымен Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ақылбек Ихданов таныстырды.

Әміржан  Қосановтың Конституция талаптарына сәйкестігі анықталды

2019 жылғы 27 сәуірде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 54-бабының 2 тармағына және 55-бабына сәйкес «Ұлт тағдыры» бірлескен ұлттық-патриоттық қозғалысы» қоғамдық бірлестігі Әміржан Қосановтың Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсынуына байланысты оның тиісті құжаттары  Орталық сайлау комиссиясына тапсырылды. Онда Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме, Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжат, өмірбаяндық деректері, жеке басын куәландыратын құжатының, жоғары оқу орнындағы білімі туралы дипломының көшірмелері, мемлекеттік қызметте немесе мемлекеттік сайланбалы лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі туралы мәліметтер мен Президенттікке кандидат ретінде дауыс беруге түсуге келісім бергені туралы өтініші болды.

Сол сияқты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Әміржан  Қосановтың ҚР Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңында белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруде жәрдемдесуі үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салынып тиісті мәліметтер алынды. Әміржан Қосановтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігінін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның өткізілген емтиханның нәтижелері бойынша лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Әміржан Қосановтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі жөнінде шешім қабылдады. Оған қоса Орталық сайлау комиссиясы Әміржан Қосановтың Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетінің, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнің, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметтері негізінде Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Әміржан  Қосанов Конституцияда және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында қойылған талаптарға сәйкес келетінін анықтады.