Ел басшысының алғашқы мемлекеттік сапарының туысқан Өзбекстанға жасалғаны әбден көкейге қонымды. Дін бірлігі мен тіл бірлігінен шыққан діл бірлігі қазақ пен өзбекті тарих төрінде тоғыстырды, сан ғасырлық ортақ өмір, жүздеген жылдарғы тату көршілестік тағдырларымызды табыстырды. Орталық Азиядағы ең ірі екі мемлекеттің өзара ықпалдастығының әлеуеті ересен, оның мүмкіндіктері әлі де толық пайдаланылып отырған жоқ. Бұл бағытта соңғы жылдарда қолға алынған жүйелі жұмыс, мемлекетаралық байланыстардағы ашықтық, адамдардың барыс-келісінің көбеюі бәрімізді де қуантады. Ташкенттегі келіссөздер барысында екі елдің арасындағы сауда айналымын таяу жылдардың өзінде 5 миллиард доллар көлеміне жеткізу мақсаты алға қойылғаны экономикалық қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілетінін көрсетеді. Осы орайда өткен жылдың Өзбекстанның Қазақстандағы жылы, биылғы жылдың Өзбекстандағы Қазақстан жылы болып жариялануы ағайынды халықтарды бұрынғыдан да жақындата түсуге септесетіндігі сөзсіз. Күні кеше Қазақстан өнер шеберлерінің Ташкент төріндегі концертін тамашалап отырған көрермендердің жүзіндегі сүйсіністі сезіну өте ғанибет болғанын разылықпен айта аламыз. Өзбекстанның мемлекеттік ақпараттық агенттігінде қазақ тілінде хабар таратуға мүмкіндік туатындығы да жан жадыратар жақсы жаңалық.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев жақында баспасөз бетінде Өзбекстандағы қандастарымыздың қатарының қалыңдығын, олардың ана тіліндегі ақпаратқа сұранысын өтеуге атсалысу мемлекеттік мәселе екендігін айтып өткен еді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің келіссөздері елдер арасындағы стратегиялық серіктестікті, тату көршілікті, өзара тиімді ықпалдастықты жаңа сатыға көтерген осы күндері, 19 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында «Шығыс жұлдызы Науаи» халықаралық рухани кештің ұйымдастырылуы өте құптарлық іс болды.
Иә, Достық үйінде ұйымдастырылған кеш «Шығыс жұлдызы Науаи» деп аталыпты. Сонда сөйлеген сөзімізде негізінде кешті «Жаһан жұлдызы Науаи» атаудың да еш артығы жоқ еді деп қалдық. Меркурий планетасындағы алып кратерге аты берілген, дүние жүзінің көптеген елдерінің астаналарында ескерткіші орнатылған, сонау XVI ғасырдың өзінде-ақ дара дауысы дүниенің қиыр-қиырына жеткен Низамеддин Мір Әлішер Науаи есімін әлемдік әдебиеттен хабардар әрбір адам біледі, сөз өнерінің өрнегін тани алатын оқырман атаулы ардақ тұтады. 2007 жылы Вашингтонда «Әлішер Науаи және оның Орталық Азия халықтарының мәдени дамуына ықпалы» деген атпен әлемдік конференцияның өткені көп жайды аңғартады. Расында да, Әлішер Науаидың әсіресе Орталық Азиядағы халықтардың руханиятына жасаған әсері ерекше екендігі даусыз. Түркі тілдеріндегі классикалық әдебиет шын мәнінде Әлішер Науаидан басталған деуге де болады. Науаиға дейін жыр тілі фарси саналып келгені анық ақиқат. Ол өмір сүрген заманда түркі тілі жыр жазуға оралымсыз тіл деп қаралатын. Науаи – ғасырлар бойы қалыптасқан, ойда әбден орныққан сол түсінікті төңкеріп түсірген адам. Әлішер ғазалдарынан кейін фарси жалғыз әдеби тіл мәртебесінен айырылған болатын. Науаи есімінің біз үшін ерекше қадірлілігі – түркі тілінің поэзиялық қуатын алғаш танытқандығында, бүкіл әлемге мойындатқандығында. Н.И.Конрад, Е.Э.Бертельс, В.М.Жирмунский сияқты әлемге әйгілі әдебиетшілердің еңбектерін қараған адам Науаи поэтикасының сұлулығын сергек сезіне түседі, ақын қаламының образ, эпитет, метафора байлығына сүйсінбей қоймайды. Өзбекшеге тісіңіз бататын болса, Әлішердің өзіне Науаи (Әуез) деген бүркеншік ат беруінің мәнісін айқын ұғасыз. Ақын өлең, ғазал, дастандарын әдемі әндей естілетін әуезді тілмен төгілтеді. Жалпы, Науаи дастандары орысшаға да бояуы көп бұзылмай, сыры кетпей сәтімен аударылған деудің жөні бар. Мысалы, «Не ажабким сарвинозим ўн саккиз ёшиндадур, Ўн саккиз минг олам ошуби анинг бошиндадур» деген қос жолдың «Ну так что ж, коль в сердце милой восемнадцать тысяч смут? Ей ведь только восемнадцать, – разве люди не поймут?» деп алынуы жап-жақсы емес пе? Немесе «Одамий эрсанг демагил одамий, Анингким йўқ халқ ғамидин ғами» деген өсиеттей сөздің «Человеком не назовется тот, Кого людское горе не гнетет» деп келуі де сәтті шыққан. Осындайда Науаи аудармаларына Павел Антокольский, Борис Пастернак, Сергей Иванов, Всеволод Рождественский, Сергей Липкин сияқты тамаша тәржімешілерді тарта білген өзбек ағайындарға қызыға қарайсың. Алатопылы туысқандарымыз мұнымен де тоқтап қалмақшы емес. Бұл сөзіміздің сырына Анвармирзо Хусаиновтың мына ойынан кейін өзіңіз де қаныға аласыз: «Өзбекстандықтардың Науаи аудармашыларына айтатын ақ алғысы Науаиды XXI ғасырда өзбекшеден орысшаға аударудың игілікті ісіне атсалысатын дарынды да арынды жас таланттарға қуатты серпін бере алады. Бүгінгі таңдағы сөз бостандығы, дін еркіндігі мен халықтар достығы тұсында Науаидың аса бай мұрасын жаңаша аудару қажеттігіне келісерсіздер деп сенемін. Ашығын айтқанда, еркін сөз тұншықтырылып, дін тұмшаланған кешегі коммунистік атеистік-тоталитарлық қоғам жағдайында адам бостандығын жырға қосқан, ислам дінінің түпкі мәнін ғажайып талантымен танытқан, Мұхаммед пайғамбарды (c.ғ.с.) Жаратқан Иенің адамзатқа тартқан ең асыл сыйы деп атап, қасиеттерін мадақтаған Науаидың барша мәтінін толықтай және терең күйінде тәржімелеу туралы сөз етудің өзі артық болатын. Сондықтан да Науаи сөзін цензура аямай қысқартатын. Науаидың өзбекше, орысша шыққан поэмаларын жұрт «басы қырқылған шабандоз» деп атайтын. Науаи зерттеушілерінің көпшілігі Науаи поэмаларының 15-20 пайызы аяусыз қысқартылған, дәл сол қысқартылған, оқырманнан жасырылған тұстарда Науаидың данышпандығы ұшар биігіне самғаған деп санайды. Ол тұстарда әр жол нұр шашады, әр қос жол афоризмге айналады. Аллаға және Мұхаммед пайғамбарға мадақ айтқанда Науаи адамның ақыл-ойы, ақынның дарыны жете алатын ең шырқау шыңға шыққан. Сондықтан да ол сөздер исламдық ойдың да, жалпыадамзаттық ойдың да баға жетпес байлығы болып табылады»... Көрдіңіз бе, кібіртектемей, күмілжімей осылай сөйлеу керек.
Әлгінде айтқан «сонау XVI ғасырдың өзінде-ақ дара дауысы дүниенің қиыр-қиырына жеткен» дегеніміз қыздырманың қызыл сөзі емес. Көзі тірісінде-ақ сөзі аударылған шығыс тілдерін былай қойғанда, еуропалық тілдерге де тез тәржімеленген Науаи жырлары. Муса Таджиходжаев «Из истории переводов произведений Алишера Навои на европейские языки» атты мақаласында ақынның алғашқы поэмасы неміс тіліне 1583 жылы италиян тілі арқылы аударылған деген дерек келтіреді. Италиян тіліне қашан аударылғанын анықтай алмаған сияқты.
Науаидың өз жырларын негізінен түркінің әдеби шағатай тілінде жазғанына сүйсініс білдірген Абдрахман Жәми: «У ки як турк буд ва ман точик, Харду доштем хешии наздик» («Ол түрік болса, мен тәжік, Достықты жүрміз бір жазып») деген. Он бес жасынан-ақ түркі және парсы тілдерінде жарыстыра жыр төккен әйгілі ақын атана тұрса да, ол өзінің ана тілінің туын көкке көтеруді өмірінің мәні, мұраты деп білген. Әлішер Науаи «Екі тілдің таласы» атты трактатында: «Түркі тілінің байлығын дәлелдейтін жайлар көп. Халықтың ішінен шыққан дарынды ақындар бойындағы қарым-қабілетін парсыша танытпауға тиіс. Олар қос тілде қатар жыр толғай алған күнде де өлеңдерін ана тілінде көбірек жазғаны жөн» дей келе, өзінің ақындық еңбегіне де лайықты баға береді: «Ойлауымша, мен түркі халқының лайықты перзенттерінің алдында ұлы ақиқатты айғақтай алдым, енді менің қандастарым өз тілінің тегеурінін, оның қайырым-қағыстарының шынайы қуатын сезініп, өз сөзінің асыл қасиеттерін танып барып, өлеңдерін парсыша жазатындардың ұнасымсыз ұрынуынан құтылатын болды». «Өлең өлшемі» трактатында ақын әдебиет теориясының мәселелерін дәл бүгінгі ұғымдағы академиялық тыңғылықтылықпен, тереңдікпен қозғайды. Сондағы ұстанымдар кейіннен шағатай тілді әдебиеттің бәріне де ортақ, қымбат қағидаларға айналған. Өз заманындағы 400 ақынның қысқаша ғұмырбаянын жазып, өлеңдерін талдап өткен «Ғажайып мәжілістер» деген кітабы оның қандайлық кең құлашты әдебиетші болғанын анық айғақтайды. Ал «Әджәм патшаларының тарихы» атты еңбегін Интернеттен («История иранских царей») тауып оқыған адам Науаиды маман тарихшыдай көретіні күмәнсіз.
Науаидың сонау он бесінші ғасырда әдебиетке соншалықты кәсібилікпен қарауы қайран қалдырады. Нұр-Сұлтандағы кеште сөйлеген сөзінде жазушы, философия ғылымдарының докторы Мұхаммад Әли Ахметов ақын шығармаларының 20 том болып басылып шыққанын айтты. Біз Науаи туындыларының орыс тіліндегі 8 томдығын ғана білеміз ғой, оқитынымыз да сол. Низамидің үздік үлгісі бойынша, түрікше хамса жазамын деп алдын ала жариялауында, араға көп уақыт салмай-ақ, 1483-1485 жылдардың ішінде «Игі жақсылардың абыржуы», «Ләйлі-Мәжнүн», «Фархад-Шырын», «Жеті әлем», «Ескендір қорғаны» атты бірінен бірі өтетін бес дастанды бірінен кейін бірін төгіп тастауында өзінің кемеңгерлігіне күмәнсіздігі, яғни данышпандарға тән даралық жатыр. Соның үшеуін – «Ләйлі-Мәжнүнді», «Фархад-Шырынды», «Жеті әлемді» бір жылдың ішінде, 1484 жылы жазған екен. Не деген шалқар шабыт! Әрқайсысы бір-бір томдық алып дастандар ғой!
Науаи есімінің әр қазақ баласының жүрегіне жақын болатынының тағы бір себебі бар. Науаи – біздің ұлы ойшылымыз Абай үлгі тұтқан, ұстаз санаған ақын. Бала шәкірт күнінде, медреседе оқып жүргеніндегі алғашқы өлеңдерінің бірінде жас Абай былай деп жазған.
Фзули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдауси,
Хожа Хафиз – бу һәммәси
Мәдәт бер шағири фәрияд.
Шығыстың жеті ұлы ақынының қатарында Абай ауызға алған, шайырыңа медет бер деп сыйынған Науаи қазақтың да жанына жақын. Біздің тілімізде қанатты тіркеске, мақалға айналған талай сөздің төркінін Науаи жырларынан таба аламыз. Мысалы, «Жәннат бағы ана аяғының астында» дегенді Әлішер Науаи сонау заманда «Онолар оёғи остидадур, Равзайи жаннату жинон боғи» деп жазып кеткен. Ақын өлеңдері қазақ тіліне талай аударылған, талай рет жеке кітап болып та шыққан. Олардың арасында айрықша атауға тұратыны – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы аударған «Ескендір қорғаны». Айтулы ақын Достық үйіндегі кеште сөйлеген сөзінде жақында «Ләйлі-Мәжнүнді» аударып бітіргенін, бұйыртса, биыл жарық көретінінін айтып, өзбекстандық қонақтарды да, жиналған әдебиетші қауымды да қуантып қойды. Қоғам қайраткері, Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Абай жырларын өзбек тіліне тәржімелеуші Мехмонқул Исломқулов кеште қазақша сөйлеген сөзінде (өзі бізге жиен екен) Несіпбек ақын аудармаларын бауырлас елдегі әдебиетшілер қатты қадірлейтінін разылықпен атап өтті.
Академик С.Е.Малов шыққан түп-тегін «он был тюрк-барлас-чагатай» деп анықтаған Низамеддин Мір Әлішер Науаи – біздің ортақ бабамыз, ортақ мақтанышымыз. Ол барша адамзатқа ортақ данышпан. Әлішер Науаи есімі әлем әдебиеті классиктерінің арасында Гомер мен Данте, Руми мен Фирдауси, Низами мен Жәми, Шекспир мен Гёте, Пушкин мен Лев Толстой есімдерімен қатар тұрады деудің еш артық-кемі жоқ. Оның үстіне жалпы жақсы ортақ қой, ал жақсы ақын тіпті ортақ. Мұны да Науаидан асырып айту қиын: «Ер кимники экканники, ўрганники,шоир кимники-ўқиганники, куйлаганники» – «Жер кімдікі – еккендікі, орғандікі, шайыр кімдікі – оқығандікі, әнге қосқандікі». Абай атамыз алға ұстаған, бүкіл шығармашылығында адамдықты, адалдықты, достықты, тазалықты, тектілікті ту еткен тау тұлғалы талант Әлішер Науаи – екі бауырлас халықтың арасындағы алтын көпірдің бірі.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы