Білімпаз. Қаһарман. Қайраткер
Сенбі, 12 қаңтар 2013 7:28
«Міне, 1973 – Жаңа жыл да келді. Халқымыздың ертеден келе жатқан дәстүрі бойынша әр үйде Жаңа жылды қарсы алу кеші өткізіледі ғой. Сол кеште ағайын-туыс, дос, жора-жолдастар бас қосады, Жаңа жылға арналған тілектер айтылады. Жаңа жылдан әр алуан жақсылық, қуаныш пен шаттық, мықты денсаулық тілейміз және «соның бәрін бере гөр» дейміз. Осындай тілекпен 1973 – Жаңа жылды да қарсы алдық», деп жазыпты Мәлік Ғабдуллин 1973 жылдың 1 қаңтары күні өзінің күнделігіне. Қаһарман-ғалым ертеңінде түстен кейін академияға келіп, әріптестеріне ұзақ ғұмыр, жақсылық тілеген. Кешке таман есіл ер қапияда дүниеден озды.
Сенбі, 12 қаңтар 2013 7:28
«Міне, 1973 – Жаңа жыл да келді. Халқымыздың ертеден келе жатқан дәстүрі бойынша әр үйде Жаңа жылды қарсы алу кеші өткізіледі ғой. Сол кеште ағайын-туыс, дос, жора-жолдастар бас қосады, Жаңа жылға арналған тілектер айтылады. Жаңа жылдан әр алуан жақсылық, қуаныш пен шаттық, мықты денсаулық тілейміз және «соның бәрін бере гөр» дейміз. Осындай тілекпен 1973 – Жаңа жылды да қарсы алдық», деп жазыпты Мәлік Ғабдуллин 1973 жылдың 1 қаңтары күні өзінің күнделігіне. Қаһарман-ғалым ертеңінде түстен кейін академияға келіп, әріптестеріне ұзақ ғұмыр, жақсылық тілеген. Кешке таман есіл ер қапияда дүниеден озды.
Иә, содан бері 40 жыл өтсе де бәрі кешегідей. Ер ісі жасампаз, рухы мәңгі тірі.
Мәлік Ғабдуллин – Кеңес Одағының Батыры, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, халық әдебиетінің білгірі, жазушы, әскери мемуарист, оқымысты-педагог. 1924-1929 жылдары № 13 ауылдағы бастауыш мектепте, 1929-1931 жылдары Көкшетау қаласындағы жеті жылдық қазақ мектебінде оқыған. 1935 жылы ҚазПИ-дің тіл және әдебиет факультетін бітірген.
Мәлік Ғабдуллин 1935 жылы 20 жасында (шындығында, 1916 жылы туған) Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдағанда әйгілі филолог Құдайберген Жұбанов «Он үш жас күш» деген мақаласында бір шоғыр айрықша талантты жастардың ішінде Мәлік Ғабдуллинді «біздің мәдени жұртшылығымыз біліп те қалған» деп атап, олар «көптің күткеніндей жеміс берер», «алған білімдерін іске асыра алар», «үмітті ақтар, шын жұмыскер болар» деп көрегендік танытады («Лениншіл жас», 1935 жыл, 14 қаңтар, № 12).
Сәбит Мұқановтың 1935 жылы жарыққа шыққан екі томдық шығармалар жинағын әзірлеуге қатысады. Сонда Сәбит Мұқанов: «Осы жинақтарды жинасқан, құрасқан, жөндескен, редакция жасасқан – пионер ақынымыз Мәлік Ғабдоллаұлына алғыс айтамын», деп елеулі еңбегін ескереді.
Мәлік аға 1931-1935 жылдары ҚазПИ-де оқып жүргенде Қарағанды қаласындағы № 1, 18 шахталарда жұмысшыларға хат таныту, мәдени-ағарту істерімен шұғылданған. Сөйтіп, үлгілі педагогикалық тәжірибеден өткен.
Студент шағында «Ф.И.Буслаев – фольклоршы» деген тақырыпта көлемді реферат жазыпты. Академик Ю.М. Соколовтың: «Мәлік Ғабдуллин халық әдебиетін өте жақсы көреді. Қолынан іс келетін жастың бірі», деуіне негіз сол жұмыс.
1938 жылы 7-11 маусым күндерінде КСРО Ғылым академиясының Этнография институтының ұйымдастыруымен Ленинград қаласында өткен конференцияда М.Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» деген тақырыпта ғылыми хабарламасы тыңдалды. Мұнда жас ғалым КСРО Ғылым академиясының Қазақстан филиалында Жамбылдың өмірі мен шығармашылығын зерттейтін бөлім болуы керек деп мәлімдеген.
Аспирантураға дейін-ақ Мәскеу, Ленинград, Омбы және Орынбор қалаларының архивтерін сүзіп шығады. Шоқан мен Абай шығармашылығына зейін қояды. «Дала уалаяты газетін» ақтарады.
Ленинградтан келгеннен кейін аспирантураға өтінішті былай жазады: «Қазақ әдебиетінен толық қаруланған ғылым қызметкері болу мақсатын алға қойып отырмын. Сондықтан Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың жанынан ашылмақ аспирантураға алуыңызды сұраймын» (2.ІХ-1938).
Мәлік Ғабдуллин 1936 жылдың қыркүйегінен бастап 1937 жылдың қарашасына дейін Ферғана қаласында № 82 атты әскер полкінде Қызыл Армия қатарында болады. Командирі Усков Мәлікті спорт өнеріне мықтап баулыған. Наган, винтовка, пулеметтен атудан, яғни «Атыс» сабағынан «үздік» бағаға ие болып, өнері асқан, құралайды көзге атқан көзмерген де, қолмерген де атанғаны дивизияға мәлім болған. Мәлік осынау керемет өнерді балғын, бал дәурен балалық шағында әкесі Ғабдолланың бауыры, әнші-ақын, жауырыны жерге тимеген балуан, қыран құс ұстап баптаған құсбегі, жүгірген аң, ұшқан құсты құтқармаған айтулы мерген Бекеннен үйренген екен. Сондықтан да Ұлы Отан соғысында суырылып озып, жеңіске жетуі, омырауына жұлдыз тағуы – сүйегіндегі, болмысындағы, ата-тегіндегі рухани қасиеттердің жаңарып, жаңғыруының арқасы.
Қанды қырғындарды, жорықтарды бастан кешірген, нендей дүлей сұмдықтарды, таратып айтсақ, окоптың ішінде қалғанда үсінен от түкіріп, оқ қақырған зілмауырдай танк жапырып, қол диірменше зырылдағанын, қарулас жолдасы автоматшы Морозовқа снаряд түсіп тірі кісінің әп-сәтте бір жапырақ қып-қызыл етке айналғанын көзі көрді.
1942 жылдың ақпан айының 8-і күні Бородино деревнясын жыландай ысылдаған жаудан тазартады. Мұның тарихы мынадай: Бородино селосының стратегиялық мәні айрықша болғаны аян. Себебі, бұдан тарамдалып шығатын жолдар басқыншыларды Старая Руссамен жалғастырған. Жаудың шабуылын ойсыратып әлсірету үшін Мәлік Ғабдуллин бастаған автоматшылар ротасын жаудың оң қанатынан соғуға міндеттеді. Жеті сағатқа созылған алапат ұрыста М.Ғабдуллин жауды талқандауда бес рет ұрымтал сәтті асқан шеберлікпен пайдаланды. Неміс-фашист басқыншыларының төрт дүркін шиыршық атқан атакасын тойтарып, сәтсіздікке ұшыратты.
Мәлік бастаған автоматшылар ротасы тастай түйіліп 200 фашисті жер жастандырады. Мәліктің өзі 2 танкіні жойып жібереді. Оқ борап, жер тітіреп, аспан асты шатырлаған күйге түседі. Ұлтарақтай жер үшін, тостағандай төбе үшін жан аямай шайқасты.
Саяси жетекші Мәлік Ғабдуллиннің әр қимылы, іс-әрекеті, әдіс-айласы, тағылым-тәрбиесі мол тапқыр сөздері өршеленген жаудың үнін өшіруге, құмырсқаша қаптаған қанқұйлы жендеттерге шатырлаған жайдай, көлденең қазылған ордай болды.
Ширяево, Рыбушка, Ново-Свинухово, Старая Русса жерлерінде болған кескілескен қиян-кескі шайқастарда қауіп-қатер, өрт құшағында өжеттіктің арқасында ірі жеңістерге қолы жетті. Әрі олар «ынтымақ – оқ өтпес, найза теспес сауыт» екендігін нақты, шынайы іс-қимылдармен дәлелдеді. Сасқан-пысқан шапқыншылардың 30-дан аса жеңіл жүк машиналарына, 2 азық-түлік қоймаларына ие болды.
Жанқиярлықпен соғысқан ер Мәлік өз сарбаздарымен бірге 12 фашисті (біреуі офицер) тұтқындады. Ғабдуллин бастаған автоматшылар ротасы бытырай қашқан жаудың ізіне түседі. Деревняның солтүстік-шығыс жағында терең сайдың жағасындағы үйдің қасында еңгезердей неміс офицері оқыста барысша атылып, өршелене жұлқысады. Мәлік батыр жамбасқа алып ұрамын дегенде алпауыттың астына түсіп қалады. Аяқ-қолын матап, буындыра түседі. Содан соң: «Қанға боялған сапымен екінші рет оның кеңірдегінен орып-орып жібердім, немістің қырылдауға да шамасы келмей сеспей қатты. Ол маған өлмеген секілді болып көрінді. Кеудесіне аттай мініп алып, сапының сабымен немістің басын мылжалап жібердім», деп жазады қаһарман Мәлік «Майданда мен не көрдім?» дейтін дауылды күндерге арналған күнделік дәптерінде.
М.Ғабдуллин И.В.Панфилов бастаған даңқты 8-гвардиялық дивизия құрамында Ұлы Отан соғысында Мәскеу іргесіндегі қанды шайқаста қаһармандықтың асқан үлгісін көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Гвардия майоры Мәлік Ғабдуллин – жауға қырғидай тиіп, жүрегін суылдатқан, ұрыс даласында ақ алмастай жарқыл қаққан, мейлінше парасатты, сабырлы, кеңінен ойлайтын кемел де айлакер батыр. Сондықтан 1942 жылдың 23 ақпанында Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылыпты. Сол құжатта Төлеген Тоқтаров Мәлік Ғабдуллиннің баулыған шәкірті деп жазылған.
1943 жылдың қаңтарынан бастап 1944 жылдың қарашасына дейін Калинин майданы, сонан соң 1-Прибалтика майданы саяси басқармасының үгітшісі. КСРО Қорғаныс министрлігі Бас саяси басқармасының орыс емес ұлттар жауынгерлері арасындағы жұмыс жөніндегі тобының бастығы болған-ды.
«Неміс иттің талайын қырдық. Қызып кеткенде, екі көзге қан толғанда, немісті өлтіру қызық болады да тұрады», деп өз ойларын қағазға түсіріп те қояды екен («Сталин үшін алға». Н. құрамасының қызыләскер газеті. 1943, 3 ақпан, № 16).
ТАСС пен ҚазТАГ-тың сол жылдардағы материалдарына зер салсақ, ҚазПИ-дің әдебиет факультетінде батыр атына стипендия тағайындалған. Қызылордалық ақын Төлеу Үркімбаев пен қостанайлық Есхан Есетов қаһарман ер туралы ән шығарған.
МӘЛІК ҒАБДУЛЛИН туралы ән
ҚЫЗЫЛОРДА. Қазақ халқының даңқты ұлы Советтер Союзының Геройы Мәлік Ғабдуллин туралы Үркімбаев Төлеу ақынның шығарған жаңа әнін колхозды ауылдар зор ынтамен сүйсініп тыңдауда.
Қаһарман ер туралы жаңа әнді біреуден-біреу үйреніп алып, колхозды ауылдардың бойжеткендері мен жасөспірімдері былай тұрсын, үлкендері де айтуда.
«Майдан правдасы»,
12 май, 1943 жыл.
1943 жылдың 9 мамыры күні Мәлік Ғабдуллинге жазған хатында Мұхтар Әуезов: «Правдада» басылған Полевойдың очеркі – біздің бәріміздің жазып жүргенімізден сонақұрлым құнды, толық, жақсы боп шыққан екен. Шын қуаныш болды», дейді.
«Казахстанская правда» газеті 1943 жылғы 20 тамыздағы санында жарық көрген «Гордость казахского народа» деген бас мақаласында Мәлік Ғабдуллинді туған халқының тамаша жауынгерлік дәстүрлері мен қасиеттерін бойына жинаған нағыз ұлттың батыры деп мәлімдейді.
КСРО Қорғаныс министрлігінің Бас саяси басқармасы 1943 жылы қазақ тілінде М.Ғабдуллинге арналған қызыл әскерлік листовка шығарды. Листовка патриоттық рухқа толы жігерлі толғаныстарға бай. Тұлғасы сымбатты, қаламы қуатты, қадамы қайырлы, адамға қайырымды Мәліктің батырлық істерін кеңес жауынгерлеріне үлгі етеді. Мәтін үш бетке орналасқан. Листовка мынандай жолдармен басталады:
«ҚАЗАҚ ЖАУЫНГЕРЛЕРІ!
Советтер Союзының Геройы, гвардия майоры Мәлік Ғабдуллинді сендер естіген шығарсыңдар.
Мәлік Советтер Союзының ардақты адал ұлы, қазақ халқының мақтанышы, Ғабдуллин сүйікті Совет Одағының бақыты, азаттығы үшін неміс-фашист басқыншыларына қарсы Ұлы Отан соғысының майданында нелер тамаша ерліктер істеді».
Әрі қарай кедей шаруаның баласы екендігін, өз еңбегінің нәтижесінде өнер-білімге қолы жеткендігін, институтта үздік оқығандығын, ғылыми жұмыспен шұғылданып, кандидаттық диссертация жазғандығын, 1932 жылдан бастап баспасөз бетінде өлеңдері жарияланғандығын баяндайды. 1941 жылдың қыркүйегінде қиян-кескі қантөгіс ұрыстарға қатысады. Мәлік рота командирінің саяси қызметі жөніндегі орынбасары және взвод командирі міндетін атқарған еді.
Листовкада былай делінген: «Ғабдуллин бастаған он үш автоматшы екінші бір ұрыста жаудың бір ротадай жаяу әскері мен 5 танкісіне қарсы шықты. Мәлік бастаған 13 ер бұл жолы жаудың жүз елудей солдатын жер жастандырып, екі танкісін қиратты. Жау әскерлері совет автоматшыларының тегеурініне шыдай алмай кейін шегінді. …Мәліктің өзі фашистердің елудей солдатын жоқ қылды».
М.Ғабдуллиннің асқан батырлығын сөз етумен бірге, үгітшілік өнеріне ерекше назар аударылған. Мәлік өз әңгіме-үгіттерін түсінікті, жатық, бай тілмен жауынгерлер жүрегіне әдемі жеткізгендігі листовкада барынша терең тұжырымдалған. «Сендер де Мәлік сияқты ержүрек, батыр болыңдар. Сендер де Мәліктей тайсалмай, қорықпай неміс басқыншыларын қирата біліңдер», деп ерлікке үндейді, жеңіске шақырады.
Зиялы қауымнан шыққан тұңғыш Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин атындағы әскери машина жасалды. Бұған 100 мың сом қаржыны Қызылорда облысы, Шиелі ауданының оқытушылары мен жас лениншілдері жинап берді.
Құжатқа жүгінсек былай:
Аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі Тұржанов жолдасқа,
Аудандық комсомол комитетінің секретары Бөлекбаев жолдасқа,
Киров атындағы орта мектептің директоры Оразаев жолдасқа,
Орта мектептің 1-класындағы оқу озаты Дарбаеваға
Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин атындағы әскери машинаны жасауға 100 мың сом жинаған Шиелі ауданының мұғалімдері мен оқушыларына менің ыстық сәлемімді және Қызыл Армияның алғысын жеткізулеріңізді сұраймын.
И. СТАЛИН.
Облыстық «Ленинский путь» газеті, 1954 жылдың 14 марты.
Облпартархив, ф. 268, об. 2, д. 3606, л. 1.
* * *
Оқымысты-педагог Мәлік Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты оқулығы (1958) ұлттық фольклортану тарихындағы бірегей үлгілі, үздік озық құбылыс. Қазақстанның жоғары дәрежелі оқу орындарының филология, журналистика факультеттерінің студенттеріне арналған атаулы да айтулы оқу құралы «халықтың ауызша шығарған көркем шығармасы, даналық сөзі, ауыз әдебиеті», Қазақ елінің сандаған ғасырлық рухани-мәдени өмірінің көркемдік энциклопедиясы ретінде үздіксіз қолданылып келеді. Ұлтымыздың тарихи дүниетанымы, ой-санасы, сөз сарасы, көркемдік-философиялық тәжірибесі, ғұрып-салт жүйесі, елдік пен ерлік рухы айрықша көрініс тапқанын, барынша терең танытқанын, ұғынықты, тиянақты, мұнтаздай байыпты түсіндіргенін айту ләзім. Білімпаз, ұстаз Мәлік Ғабдуллин тарих тұңғиығына, замана сырларына бойлап, барлау жасаған, сөз бен ой мұхитында еркін жүзген. Фольклортану ғылымындағы неше алуан түрлі қисындар мен қағидаларды салиқалы саралап, өзіндік ой-тұжырымдарын өрбіткен.
Оқымысты Ш.Ш.Уәлихановтың А.Н.Афанасьев жариялаған «орыс халқының ертегілерінің ішінде» тек алты ертегі ғана қазақ ертегілеріне ұқсамайды деген пікірін келтіреді. Сондай-ақ, Ш.Ш. Уәлиханов өз заманының даңқты ақыны Орынбай Бертағыұлының импровизаторлық өнеріне сүйсінген. Арқалы ақынды ардақтай отырып: «Тілің шұбар екен, дін сөздерін көп қосады екенсің. Қандай ойды болса да қазақша айтуыңа болады, бұған қазақ тілінің оралымы да, байлығы да жетеді», – дейді. Фольклортанушы М.Ғабдуллин Шоқанның ғылыми-шығармашылық мұрасын ыждаһатпен зерделей отырып, оның үздік пікірлерін, таңдамалы толғамдарын алға тартады. Ұлт тәлімгері Ахмет Байтұрсынұлының: «Қазақтың тілі, жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек», деген пікірінің қуатты жаңғырығы-ай десеңізші!
Немесе түркі халықтары фольклорының білімпазы, академик В.В.Радловтың (1837-1918) үшінші томындағы (1870) қазақ ауыз әдебиеті үлгілеріне (аңыз-әңгімелер, дастандар, айтыстар, тұрмыс-салт жырлары) нақты сипаттама береді. В.В. Радловтың қазақта батырлар жыры соншалықты өрістей қоймаған деген пікірінің шикі екендігін атап көрсетеді де, қазақтың қаһармандық-ерлік сипаттағы жырлары көршілерінен «асып түспесе, кем қалған емес» деп тұжырымдайды. Иә, ұстаз-педагог Мәлік Ғабдуллин өз лекциясында қазақта 600 батырлар жыры бар деуші еді.
Ол қазақ ауыз әдебиетінің жауһар үлгілерін жинақтауда ересен еңбектенген Г.Н.Потаниннің (1835-1920) шығармашылық өмірбаяны турасында қадау-қадау пікірлер өрбітеді. Бұл ретте оның «кімнен жазып алғандығы, айтушының өмірбаяны, оның қандай шығармаларды білетіндігі, оларды қалай үйренгендігі» жайлы мәліметтерді баяндайды.
Негізінде, М.Ғабдуллин ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында халық мұрасын ұлт игілігіне жарату мәселесінің қаншалықты дәрежеде екендігіне барлау-талдау жасайды. Бұл мақсатта 1933 жылы қазақтың ұлт мәдениетін ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырылғандығы, ұлан-байтақ елімізге арнаулы фольклорлық экспедициялар аттандырылғандығы, мұның нәтижесінде «Батырлар жыры», «Халық поэмалары», «Айтыс», «Жұмбақтар», «Мақал-мәтелдер», «Қазақ совет фольклоры», «Қазақ әдебиетінің тарихы» дейтін мәнді жинақ-зерттеулер жарияланғаны жайында жазып, әдеби-мәдени жаңалықтарды тізбелейді. Сол кездің өзінде Ғылым академиясында тоғыз мың баспа табақ көлемінде мұра жинақталған. Халықтың өмірі, тұрмыс-тіршілігі, шаруа-кәсібі, салт-дәстүрі, тілі, өнері, рухы, тарихы, болмыс-бітімі, мінез-құлқы, жаратылыс аясы, іс-әрекеті ауыз әдебиетінде барынша сәулеленіп таңбаланған. Ендеше, бұл оқулықта түйдек-түйдек ой-пікірлер, мәдени-әдеби әрі тарихи-шежірелік деректер, мәліметтер, жаңалықты құбылыстар, жыраулар мен жыршы ақындар өнернамасына қатысты мағлұматтар, сырлы, «дарынды сөздер», мифтік ұғым-түсініктер ғылыми айналымға қосылған.
1-ші жіктеме бойынша ой өрбітер болсақ, тұрмыс-салтқа байланысты туған шығармалардың жанрлық түрлеріне жинақы, ықшам, ұғынықты сипаттама беріп отырады. Этнографиялық, этимологиялық, мифологиялық, діни-исламдық, әлеуметтік-тұрмыстық, театрлық-драмалық, көркемдік-бейнелілік мәністерін, ұлттық-мәдени негізін терең түсіндіреді. Төрт түлік мал жайындағы шығармаларды талдап-тексеруі, үздік келісті мысалдармен ұтымды дәлелдеуі мейлінше қызықты.
Халық шығармашылығындағы «Малдың баласын сүюі», «Түйе, түйе, түйелер», «Қасқырлардың қойшыларға айтқаны» дейтін өлеңдер мен «құлыным», «қозым», «ботам», «ботакөз», «жез бұйдалы нар тайлақтай екен», «жігіттің нары екен» тәрізді сәулетті сөз-образдарға, айшықты оралымдарға ой жарығын түсіреді. Ұлыстың ұлы күніне, аңшылыққа қатысты, сондай-ақ бесік жыры, жаңылтпаш, өтірік өлеңдер; үйлену салтына орайлас туған тойбастар, жар-жар, сыңсу, беташар; діни ұғымдарға байланысты бәдік, арбау, бақсы сарыны, жарамазан; мұң-шер, көңіл күйін сипаттайтын қоштасу, естірту, көңіл айту, жоқтау жырлары халықтық-поэзиялық дәстүр, сөз саптау, ой айту ерекшеліктері тұрғысынан сараланған.
Мәлік Ғабдуллин ұлттың ой-өрісі, даналық көзқарасы, көркемдік логикасы, өмір тәжірибесі мақал-мәтелдер мен жұмбақтарда керемет тапқырлықпен көрікті, әсерлі берілетінін, неше алуан жайнаған әшекей-безендірулермен өрнектеліп өрілетінін шебер сөйлетеді. Мысалға жүгінейік: «Ер жігіт – етек-жеңі кең жігіт», «Кісі елі – күміс, өз елің – алтын», «Данышпан айтса – ел айтқаны, елдің қамын жеп айтқаны», «Теңгелі жерде теңдік жоқ», «Биің қылаң болса, жұртың ылаң болар», «Батар күннің атар таңы бар». Немесе: «Ұшқанда өлең айтады, қонғанда жер қазады» (қоңыз), «Кішкене ғана қара тас, атан түйе тарта алмас» (қарақұрт), «Елек-елек тарым бар, көтере алсаң бәрін ал» (құмырсқа), «Өзі батыр, жасырынып жатыр» (қақпан) тәрізді жұмбақтар қандай шынайылықпен әсем тоқылған.
Жан-жүрегіңді толқытарлық, қан тамырыңды солқылдатарлық, таңдай қақтырарлық таңдамалы ойлар, қиял самғауы ертегілерде екендігі әлімсақтан мәлім. Ертегілердің түрлерін, құрылысын, көркемдік сапасын анықтайды. Қиял-ғажайып ертегілердегі таусоғарлар, көлжұтарлар, көрегендер, желаяқтар, саққұлақтар, айдаһарлар, жезтырнақтар, жалғыз көзді жалмауыздар, мыстандар, сонымен қатар, қырық құлаш семсер, ұшқыш кілем, тоқпақ, алтын мүйізді киік, кездік, қазан, жүзік тәрізді кейіпкерлер мен қару-жарақтардың көркемдік қызметі, іс-әрекеттері, алуан-алуан ғажайып күйлер, «сиқырлық-жәдігөйлік айла-әдістері», мифтік ұғым-түсініктер түбегейлі түсіндіріледі. Осы орайда «Ер Төстік», «Керқұла атты Кендебай», «Күн астындағы Күнікей қыз», «Ақ қасқыр», «Алтын сақа», «Ханның кесір қызы мен Тазша», «Қыдыр, бақ, ақыл», «Қарт пен тапқыр жігіт», «Қаңбақ шал» дейтін ертегілердің керемет әсерлілік, мәнерлік, рухани сұлулық, қиял-ғажайып қырлары орайлы жарасыммен суреттеледі. Ертекшінің шығармашылық тұлғасы да пайымдалады. Сондай-ақ даналықтың, батырлықтың, әділдіктің символы Аяз би, шешендіктің, тапқырлықтың үздігі Жиренше шешен, «халықтың ақылды-айлалы ұлы, тапқырлығына қулығы сай, ер көңілді, өжет жігіт Алдар Көсе, сегіз қырлы, бір сырлы, өзі би, өзі дана, өзі домбырашы, өзі мерген, өзі әнші Асан Қайғы турасындағы толғақты толғамдарын тебіреніссіз оқу мүмкін емес.
Ел әдебиетінде батырлар жыры әлемі ғарыш кеңістігіндей, шалқып жатқан көк мұхиттай десек те болады. Сондықтан да оқулықтағы «Батырлар жыры» тарауында (146-258 беттер) өрлік-қаһармандық сипаттағы дастандардың жиналуы, жариялануы, зерттелуі және бұлардың тарихилық, көркемдік мәні, образ жасау шеберлігі, жырдың варианттары, басты кейіпкерлер тұлғасы, жырдың тіл, стиль, құрылымдық жүйесі ғылыми-теориялық тұрғыдан біліктілікпен зерделенеді. Оның жазуынша, Қазақ КСР Ғылым академиясы Қолжазба қорында бір мың баспа табақтай материал жинақталыпты. Автор өзіндік ой-тұжырымдарын «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр» жырларының негізінде батыл дамытып өрбітеді. Бір сүйсінерлігі, қазақтың қисапсыз батырлық жырларын жадында сақтап, түрлендіріп гүлдендірген Марабай, Нұрпейіс, Қазақбай, Мергенбай, Мұрын, Біржан Толымбайұлы, Жанақ, Айса, Шашубай сынды әйгілі жыршылардың жыр айту тәсілдері, сөз саптау ерекшеліктері туралы мейлінше қызғылықты әдеби-тарихи деректерді молынан келтіріп отырады. Мәселен, Марабай Құлбайұлының өмірі мен өнерпаздығы жөніндегі мәліметтер сонылығымен көңілге ұялайды. Ол Сүгір, Көкі, Қарабура, Жұмырбай, Базар, Шернияз сынды ақындармен айтысады. Ұстазы Шернияз (1816-1881) екен. Мәлік Ғабдуллиннің жазуынша, 1841-1898 жылдарда ғұмыр кешкен. Батыс Қазақстан облысындағы Теректі ауданының «Жаңа қоныс» колхозында туған. Ескіше Қарашығанақ болысы, Көбен көлі. Марабайдың Есжан, Досқай, Құлқай, Ізбас, Итемген дейтін бес перзенті болыпты.
Халық әдебиетінің білгірі Мәлік Ғабдуллиннің жыршы ақындардың суреткерлік қолтаңбасын, шеберлік сырларын, жыр сюжеттерінің желісін сақтай отырып, өзінше мәнермен жырлайтынын, тыңдаушылардың ықылас-ниетімен санасып отыратынын, «ерлік қимылды, көтеріңкі пафосты, атыс-шабыс, жорықтарды түйдектете, асқан шапшаңдық шабытпен айту үшін өлеңнің оралымды түрі – жырды» қисынды қолданатынын, «оқиғаны басты кейіпкер арқылы дамыту – оқиғаны тізбектеп жырлау әдісін» пайдаланатынын, «буын саны мен ырғақ, екпіннің бір қалыпта» сақтайтынын жіліктеп талдайды. Мұрын жырау, Нұрпейіс, Айса, Біржан, Мергенбай айтатын нұсқаларды салыстырып тексереді. Мәселен, Нұрпейіс жырлауында Қобыланды алысатын Барса хан да «ертегінің жалғыз көзді дәуі» секілді. «Мен жырдың негізгі әңгімелерін ұғып алдым да, оны өзімше жырладым», – дейді Нұрпейіс Байғанин (157-бет). Оны «күрделі сюжетке құрылған эпикалық жырларды» толқындата туындатқан өнерпаз дейді.
Мәлік Ғабдуллин Қобыланды батыр тарихта болған адам ба, әлде әдебиеттік образ ба деген мәселеге де ықыласын аударады.
Тұрмыс-салт жырларының қатарында «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» жырларын талдап-түсіндіру орайында тарихилық пен деректілік тән. Мәлік Ғабдуллиннің жазуынша, шығыстанушы Саблуков «Қозы Көрпеш-Баян сұлудың» бір нұсқасын 1830 жылы көкпектілік бір жыраудан хатқа түсірген. Сонан соң Аягөз сыртқы округтік приказының тілмашы Андрей Фролов 1841 жылы жазып алған. Шоқан Уәлиханов 1856 жылы естіген. А.С. Пушкин Орынбор жерінде қазақ ауылдарын аралағанда, жырдың негізгі желісін жаздырып алған-ды. М. Путинцев 1856 жылы орыс тіліне аударып бастырған. Академик В.В.Радлов өзінің үшінші томына (1870) қосқан.
Эпостанушы Мәлік Ғабдуллин «Айман-Шолпан» жырының (Қазан, 1896) тарихилық, композициялық ерекшеліктері жайлы пікір өрбітсе, айтыстың генезисін, жанрлық түрлерін, «Біржан мен Сара айтысының» көркемдік құрылымын ыждаһатты қарастырады.
«Халық әдебиетін жинайық» («Төте оқу», 1938, 21 август, №32) деп дабыл қаққан Мәлік Ғабдуллин эпостық жырлардың шығу тарихын, поэтикасын, стилистикасын, жыршы-ақындардың шығармашылық еңбегін, қазақ ауыз әдебиетінің этно-мәдени, тарихи, көркемдік әлемін, ұлттық ойлау айшықтарын жан-жақты таразылап, ел әдебиеті хақында салиқалы сөз, берекелі ой қалдырды.
Мәлік Ғабдуллин 1944 жылдың қарашасынан 1946 жылдың 28 наурызына дейін КСРО Қорғаныс министрлігі Бас саяси басқармасы үгіт-насихат бөлімінің бастығы болып істеген. Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик Қаныш Сәтбаевтың ілтипаты арқасында 1946-1951 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтында алғашқыда директордың орынбасары, соңынан директоры, 1951-1963 жылдарда ҚазПИ-дің ректоры, 1963 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін республика Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында фольклор бөлімінің меңгерушісі міндеттерін атқарған. М.Ғабдуллин 3 мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. 1945 жылы Лондонда өткен демократияшыл жастардың Бүкілдүниежүзілік конгресіне қатысқан. КСРО Жоғарғы Кеңесінің парламенттік тобының құрамында Финляндияда (1953), Бельгияда (1957), Югославияда (1957) болған.
Дана суреткер М.О.Әуезовтің музейі жанындағы академик Рахманқұл Бердібай басқарған Алматы қалалық қазақ әдебиеті және өнер университеті Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 70 жыл толуына байланысты өткізілген сабағында (1985 жыл, 15 қараша) академик Ісмет Кеңесбаев ойын былайша өрнектеген-ді: «Мәліктің мүшел тойы – қазақ зиялыларының ғана емес, күллі халқымыздың мақтаныш мерекесі. Мәлік бейнесі – еліміздің сегіз қырлы, бір сырлы әрі ер азаматы, әрі ірі ғалым, әрі шын мәндегі Отан солдаты бейнесі. Мәліктің мәшһүр болуының себеп-салдары да жұртшылығымызға аян. Біріншіден, ұлтымыздың жүрегін жарып туған ең әдепті, ең сүйкімді, оң тәрбие көрген перзенті еді, екіншіден, сонау көне тірліктің шын сыр-сипатын сарқа тани білген, соны даңғыл болмысты, өміршең тарихты терең түсіне білген үлкен ғалым еді, үшіншіден, «ұлық болсаң, кішік бол» деген ізгі дәстүрдің жол-жорасын ту етіп ұстаған, дос-жаранға ізет еткен, жауға қатал жан еді.
Ол – рухани дүниеміздің ең шұрайлы саласы – эпос тарауын жетер жеріне жеткізген, жан-жақты зерттеушілердің бірі. Бұрын-соңды ой сайыстарын, текст мазмұнын ғана емес, оның қилы-қилы дүниетаным, көркем қасиетін, әдеби образ, оның психологиясын, сана-сезімнің өрбу, өрлеу деңгейін Мәлік сарқа зерттеді. Сондықтан да ол қазақ мәдениеті тарихынан өзінің заңды орнын алды. Қазақ халқының ұлы баласы – Мәлікке тағзым еткім келеді».
Хас батыр, қайран жақсының бейнесіне толық жарасымды ақиқаттың аппақ туындай айшықты ақ-адал пікірге не жетсін!
Серік НЕГИМОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
профессоры, филология ғылымдарының докторы.
Суретте: Талғат Бигелдинов пен Мәлік Ғабдуллин Мәскеуде, КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясы күндерінде.