Дінсіз қоғамды елестету мүмкін емес. Дін халық мәдениетінің рухани негізі. Оның қоғамда алатын орны қашанда ерекше. Сол себепті жас ұрпаққа діндер тарихы мен оның құндылықтары, рухани астары туралы мәлімет беру өмір талабы. Осы орайда жас жеткіншектерге діндер тарихы мен ілімдері туралы ғылыми негізде жазылған оқулық аса қажет. Осы қажеттілікті қанағаттандыру мақсатында академик Ғарифолла Есімнің авторлық жетекшілігімен 9-сынып оқушыларына қазақ және орыс тілдерінде “Дінтану негіздері” оқулығы дайындалып, жарыққа шықты. Авторлық ұжым құрамына философия ғылымдарының докторы, профессор А.Әбуов, Қ. Бегалинова, философия ғылымдарының кандидаты Е. Смағұлов, исламтанушы Қ.Жолдыбайұлы кірген екен. “Дінтану негіздері” оқулығында жалпы діни сананың қалыптасуы, политеистік діндерден кейін монотеистік діндердің пайда болуы, бір сөзбен айтқанда, әлемдік және дәстүрлі діндер мен дәстүрлі емес діни культтар жайында ақпарат берілген. Бұндай ақпараттар дін туралы түсінігі толық қалыптасып үлгермеген жас буын үшін тиімді екені сөзсіз.
Оқулықтың алғашқы тарауында діни сана құрылымы – діни сенім, ілім және діни идеология туралы баяндалған. Діни сана әр тарихи кезеңде, түрлі қоғамда әртүрлі дәрежеде қызмет атқарып, көрініп отырғандығы сарапталған. Діннің адам мен қоғам өміріндегі қызметтері: дүниетанымдық құндылықтарға баулу, регулятивтік (реттеушілік) қызметтері көрсетілген.
Политеизм (көпқұдайлылық), монотеизм (бірқұдайлық), секта, деноминация, шіркеу ұғымдарының ғылыми түсіндірмелері де жан-жақты берілген. Мифтік сана мен діни сана жайында да мәліметтер оқушыға түсінікті жатық жазылған.
Діннің бастаулары мен тарихи түрлері деп аталатын екінші тарауда, ежелгі дәуірдегі әр түрлі анимистік, фетишистік, магиялық, тотемистік діни нанымдар сөз болады. Сонымен бірге, политеистік мәндегі діни түсініктер өріс алған ежелгі халықтардың діни нанымдарына арналған. Б.д.д. VІ мыңжылдықтың соңын ала Тигр мен Евфрат өзендерінің аңғарларына қоныстанған көне Шумерлердің діни нанымдарына талдау жасалған. Ежелгі парсы елінің зороастризм діні жайында деректер келтіре отырып, этикалық ұстанымдары мен қасиетті кітабы Авеста жайында баяндайды. Ежелгі Мысырдың көне патшалық дәуірінің “Пирамидалар мәтіні” мен орта патшалық дәуірінің “Саркофактар мәтіндері” сияқты жекелеген жазулар, жаңа патшалық дәуірі “Өлілер кітабы”, “О дүниеде небары туралы кітап” жазбалардағы діни түсініктерге талдау жасалған. Сондай-ақ, көне грек мифологиясы мен наным-сенімдерінің ерекшеліктері, құдайлар пантеоны туралы қызықты мәліметтер келтірілген.
Үнді мәдениетіндегі Брахман дінінің қалыптасуы және оның ілімі, ғұрыптары мен мерекелері жан-жақты талданып, индуизмнің б.д.д. бірінші мыңжылдықта пайда болуы және адамның рухани құтқарылуы үшін қажетті үш жол: қасиетті істер жолы (басты шарты – құрбандық шалу); таным жолы (медитация және құдіретті болмыс туралы ойлар); адалдық жолы (құдайға және оның рахымына сену) талданады.
Б.д.д. VІ ғасырда Қытайда жаңа философиялық, дүниетанымдық ілім ретінде қалыптасқан Конфуций ілімінің кейін діни сенімге айналғандығы айтылып, моральдық ұстанымдары мен ғұрыптары талданған. Сол сияқты даосизмнің діни-философиялық ілімдері де сарапқа салынады. Жапонияның ұлттық діні синтоизм жайлы нақты түсініктер беріледі.
Оқулықтың әлемдік діндерге арналған үшінші тарауы тұңғыш әлемдік дін Будда дінінен басталады. Будда дінінің б.д.д. VІ ғасырда ежелгі Үндістанда пайда болғандығы айтылады. Негізін қалаушы Гаутама жайында ақпарат та оқушы түсінігіне сай берілген. Будда ілімінің төрт ақиқаты, сегіз ұстанымы, этикалық ережелері нақты көрсетілген.
Христиан діні мен оның негізін салушы Галилеядағы Назарет деген шағын қаладан шыққан діни ұстаз және уағыздаушы Исаның өмірі мен қызметі туралы деректерге сүйене отырып, христиан дінінің ғұрыптары мен мейрамдары, қасиетті кітабы Інжіл жайлы жан-жақты баяндалады. Христиан дінінің пайда болуының әлеуметтік-мәдени алғышарттары да сарапталады. Рим-котолик шіркеуінің Батыс Еуропада ХVІ ғасырға дейін жүрген айрықша үстемдігі суреттеледі. Котолик шіркеуінің басшысы – Рим папасы мен Ватикан мемлекеті туралы да мәлімет берілген. Сондай-ақ, христиан дінінің тармағы, протестантизмнің діни ілімінің ерекше тұстары оқулықта ескерусіз қалмаған.
Әлемнің екі миллиардқа жуық халқы ұстанатын ислам діні мен мәдениетіне де ерекше тоқталып өткен. Ислам мәдениеті мен бес парызы, иман шарттары, мазхабтар, суниттер және шииттер жөнінде егжей-тегжейлі қарастырылады. Адамзаттың асыл кітабы Құран-Кәрім және Мұхаммед пайғамбардың өмірі жайында, исламдағы әйел, мұсылман мейрамдары, ғылым-білім мәселелері ықшамды әрі жеңіл жазылған. Оқулықта исламдағы жиһат ұғымы, сопылық жөнінде де сөз қозғалған.
Бұдан өзге тарауларында исламның Қазақстандағы таралуы, еліміздегі ислам дінінің имам ағзам жетекшілігіндегі ханафиттік-сунниттік бағытқа байланысты мәліметтер берілген.
Н. БАЙТЕНОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылым философиясы және дінтану кафедрасының меңгерушісі,
Б.БЕЙСЕНОВ, доцент.