Қоғам • 13 Мамыр, 2019

Кеңес Одағының Батыры Амантай Дәулетбеков туралы

1841 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда есімдері көлеңкеде қалып келген, баспасөздерде ерліктері туралы жазылмай қалған қазақстандық жауынгерлер қаншама?! Сондай жауынгер ағамыздың бірі – Кеңес Одағының батыры, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, майдан алаңында оғы таусылған бетте қолма-қол ұрыста ерлікпен қаза тапқан Амантай Дәулетбеков еді. Оның есімі Курск түбіндегі шайқаста ерлікпен соғысып, қаза тапқан батырлармен бірге Ресейдің Поныров ауданындағы мемориалдық кешенде алтын әріппен жазылған.

Кеңес Одағының Батыры Амантай Дәулетбеков туралы

 1943 жылғы 9 шілдеде 1180-танкерге қарсы жою артил­ле­рия полкінің жауынгерлері Батыс майданының жалғыз жо­лын кесіп тастап, фашис­тер­­ге Курскке апаратын жолды бұзып өтуге мүмкіндік бер­­меді. Өз өмірлерін сарп етіп, ержүрек жауынгерлер үш тәулік ішінде жаудың танк ша­буы­лына тойтарыс берді. «По­ны­ров қалашығына жауды жі­бер­ме» деген жауынгерлік бұй­рық­ты абыроймен орындап, Курск маңындағы қарсылас соқ­­қысының негізгі бағытына қар­сы тұрды.

«Тек бір күн ішінде ғана ер­жүрек жауынгерлер қарсы­лас­тың шабуылдарын қайта-қайта тойтарды және өз қорға­ныс позициясын тайсалмай ұста­ды» дейді қазіргі Ресей Фе­де­рациясы Поныр ауданының бас­­шысы В.С.Торубаров. Сол ержүрек жауынгерлердің қа­сын­да ерлікпен шайқасқан қазақ­стандық жауынгер, Кеңес Ода­ғының батыры Амантай Дәу­лет­бековтің Ұлы Отан со­ғы­­­сы кезіндегі ерлігі – Отан ал­дындағы өз борышын орын­дау­­дың, Отанға шексіз беріліп қыз­мет етудің, әскери антқа адал болу­дың үлгісі.

Бабаларынан қанмен тараған рух пен тектілікті бойына жиып өскен Амантай Дәулетбековтің де нағыз лайықты батыр болғаны та­рих парақтарында сайрап жатыр. Олай болса батырдың өмір жолы мен соғыстағы ерлікті іс­те­ріне тоқталып өтсек.

Амантай Дәулетбеков Қара­ған­ды облысы, Жаңаарқа ауда­ны, Түгіскен ауылының күн шы­ғыс жағындағы «Ақкеңес» же­рінде 1917 жылы 10 қарашада дү­ниеге келген. Балалық ша­ғында жоқшылықтың тау­қы­метін тартып өскен оны өмір­дің өзі ширатты. Ел басына төн­ген нәубет ашаршылықтан, одан қала берді зорлық-зомбы­лық­тың зардабынан аймақ тұр­ғын­дарының оңтүстікке үдере көшкені өлке тарихынан белгілі. Сол өткен ғасырдың 20-30 жылдарында калың ел Бетпақтың шөлейті мен құмын басып 400-500 шақырым жерге қоныс аударады. Солардың арасында Амантайдың да отбасы болды. Жаңа жерге келгендер осы жерге тұрақтап, колхоз құрып ұжымдаса еңбек етті. Алайда маңдайға жазған тағдыр Амантайды ата-анадан ерте айырды. Үлкендерге ере отырып Талас ауданы Майтөбе ауылына көшіп барады.

Амантай ағамыз жетінші сыныпты бітірген бойда талаптанып Жамбыл зооветеринарлық техникумына түсіп, оны ойда­ғы­дай аяқтап, Майтөбе ауылында жұмысшы зоотехник болып жұмыс істейді. Ауылда жүріп қоғамдық істерге араласып, кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметіне дейін көтеріледі.

1939 жылы балалық шақтан болашаққа қадам басқан, талдырмаш жас Амантай Қызыл әскер қатарына шақырылып, әске­ри қызметті Қиыр Шы­ғыс­та бас­тайды. 2 жыл өтісімен Ұлы Отан соғысы басталып, аға­мыз­дың әскери қызмет атқарып жат­қан полкі елімізді қорғау үшін әскери-оқу жат­тығу дайындығын шапшаң өткізіп, 1942 жылдың жаз айында Брянск майданына жіберіледі. Осы сәттен бас­тап Амантай ағамыз фашис­термен шайқастарда өзінің қайсар мінезімен көзге түседі. Ол кезде жауынгер ағамыз 13-армияға қарасты танктерді бұзып жоятын 1180-полктің артиллериялық есеп командирі болатын.

Командир А. Дәулетбековтің жауға алғашқы шайқасы 1942 жылдың Орлов облысындағы байырғы орыс қаласы Лив­ны­ның оңтүстігінде басталады. Фа­шистер ол кезде Воронеж және Сталинград бағыттарында ша­буылға шыққан еді. Жойқын соғыс нағыз осы жерде болған-тұғын. Ливны мен Касторной аудан­дарындағы шабуылға шық­қан фашист әскерінің тегеу­рі­ні мықты болды. Осы аймақта жаз бойы кескілескен ұрыс бо­лып, екі жақ та бір қадам іл­гері баса алмады. Амантай осы қанқұйлы ұрыста ерлік көр­сетіп, «Жауынгерлік ерлігі үшін» меда­лімен марапаттал­ды. Ал 1943 жылдың 25 қаңтарында тағы бір шайқаста көзсіз ерлік жасап, «Қызыл Жұлдыз» орденін кеудесіне тағады. Бұл батыр аға­мыздың мерейін көтерген құр­мет еді.

1943 жылдың жазы болатын, 6 шілдеде Орел мен Курск теміржолдары арасындағы Поныри қалашығы түбінде кес­кілескен ұрыс басталады. Фа­шист әскері бар күшін жи­нап, Курск иінінде тағы да бір күшті шайқасқа әзірленіп жатты. Бұл жаудың Мәскеу мен Сталинград түбіндегі жеңі­ліс­терден кейінгі үлкен үміт арт­қан тағы бір талпынысы еді. Өткен жеңілістерінен сабақ алған олар жаңа шабуылға жаңа­ша дайындықпен келді. Жаңа әскери құрамалармен қатар «Тигр» ауыр танктерін, өзді­гі­нен жүретін «Фердинант» зеңбі­ректерін осы ұрыста ал­ғаш сынамаққа әкеле бастайды. Сондықтан жау соққы бер­ер бағыттарда бекіністер жаса­лып, танк шабуылына қарсы тұрарлық күштерін күні бұ­рын шоғырландырды. Кеңес әскерлерінің үміт артқаны танкке қарсы ататын зеңбіректер бола­тын.

Поныров қаласының түбінде 13-армияның 307-дивизиясының полктары қорғаныста тұрды. Өлермен жаудың қарқыны бір толастамады. Қаншама танктері от құшағына оранғанымен оның орнына жаңалары келіп, өршелене алға ұмтылды. Осы сәтте Амантайдың тобы жау әскерінің қоршауында қалады. Қысылтаяң шақта зеңбірекшілер командирі қоршауды бұзып шығуға әрекет жасайды. Амантай зеңбірек жанына екі адамнан қалдырып, жауынгерлерді бас­тап танкілерге ілескен жаудың жаяу әскерлерімен қоян-қолтық ұрысқа шығады. Осы оқиғаны толығымен растайтын құжат мұрағатта сақталған. 1180-артиллерия полкінің командирі подполковник Мац қол қойған осы бір құжатта Амантай бас­қарған артиллериялық рас­чет­тың жаумен шайқастағы ерлігі былайша баяндалды: «...ұрыс екі сағатқа созылды. Жау 13-інші рет шабуылға шықты, бар ойы өз жолына кедергі болып тұрған Дәулетбеков расчетін құрту болатын. Бірақ «Су-7» маркалы 10 танкі, жаудың бір ротадай жаяу әскері құртылды. Жау одан бетер ызаланып, ба­тыр­­дың зеңбірегін таптап кет­пекші болды. Небәрі төрт-ақ адамы қалған зеңбірек пен оның расчетін құртуға жау 14 рет оқталды. Біздің жауынгерлердің снарядтары бітуге айналды. Танктер мен автоматшылар зеңбі­рекке 150 метрдей жа­қын келді. Жаудың дәл тиген снарядынан Дәулетбековтің зеңбірегі мүлдем істен шықты. Осындай қысылтаяң шақта Дәулет­беков табандылық таныт­ты. Тірі қалған төрт жауынгер оның бұйрығы бойынша орын­дарынан тұрып, жаудың жаяу әскеріне қарсы ұмтылды. Оқтары әбден біткен жауынгерлер қоян-қолтық ұрысқа көшті. Осы жағдайдың өзінде Амантай төрт фашисті мұрттай ұшырды. Бірақ оның өзіне де оқ тиді...».

Командованиенің келтірген тағы бір жазбасындағы дерек­тер бойынша аға сержант А.Дәулет­бе­ковтің зеңбірегі жау­дың 29 танк, 13 өзі жүретін зең­бірегін істен шығарып, 150 жаяу әскер мен 40 автоматшыны жой­ған екен.

Әскери қолбасшылық 1943 жыл­­дың 9 шілдесінде жау­­­мен арыс­танша алысып ерлікпен қаза тапқан ба­тыр­­дың ерлі­гін лайықты баға­­ла­ды. КСРО Жоғары Ке­ңе­сі Прези­ди­умінің 1943 жыл­дың 24 желтоқсанындағы Жар­лығы бойын­ша Амантай Дәу­летбековке «Кеңес Одағының Ба­ты­ры» атағы берілді. Ерлігі үшін бағаланған үлкен наградамен бірге «Ленин ордені» және «Алтын жұлдыз» қоса беріледі.

1943 жылдың 9 шілдесінде Курск доғасында ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен Амантай Ресейдің Курск облысының По­ныри кентінде бауырлас­тар зиратында жерленді. Поны­ров ауданының басшысы В.С.Торубаровтың Жамбыл облы­сы әкіміне жолдаған хатында федералдық маңызы бар «Батыр-Саперларға» ескерт­кішінде батырдың есімі жазыл­ғанын және «Курск доға­сы­ның солтүстік бөлігінің Батыр­ла­ры­на» қойылған мемориалдық кешенінде батырдың жеке суреті салынған мәрмәр тас қойыл­ға­нын, өзі жерленген бауырластар зиратының жанындағы ауылға көше аты берілгенін жазған еді.

Соғыс жылдары әскери комиссар болған, майдангер Мах­мұд Шоқалақов: «Амантай менің құрдасым, досым еді. Жастық шағымыз бірге өтті. Ол Дон, Еділ (Волга) бойында болған қанды шайқастарға қатысты. Еділ жағалауына жеткен жауды бері өткізбеу үшін жан алып, жан беріп шайқасты. Зеңбірегінен оқ жаудыртып, жер тарпып ұмтылған жау танкілерін бірінен соң бірін жайратып салды. Жаяу әскерлерін жер жас­тандырды. Ол үлкен ашу, кекпен соғысты. Өйткені Еділдің бергі жағында өзінің сүйікті Отаны – Қазақстан таяқ тастам жерде жатқан. Қасиетті қазақ жерін жауға бастыру өр намысты, өжет жігіт үшін өліммен тең еді. Сол үшін ол жанын да, қанын да аямай соғысты. Ақырында екпіндеп келген жаудың сағын сындырып, келген жағына қарай тырқырата қуды» деген екен.

Бүгінде өмірінің аз жылын өткізген Талас ауданы, Майтөбе ауылындағы А.Дәулетбеков атындағы орта мектептің алдында бюсті орнатылған. Батырдың есімімен Майтөбе ауылындағы мектептің аты және бір көше аталады. Бұл – батырдың өшпес ерлігіне деген үлкен құрметтің айғағы.

Фашизмге қарсы соғыста ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсеткен қаншама боз­дақ­тар мен жауынгерлердің есім­де­рін жас ұрпаққа наси­хат­тау, жүйелеу, зерделеу мақ­сатында «Парыз» қоғам­дық бірлестігінің жетекшісі, жам­был­дық Әлі Бекқұлы Әліұлы ағамыз соғыс уақытындағы деректерді жинау­да және қазақ елінің батыр баласы Амантай Дәулетбеков туралы мәліметтер іздеуде үлкен қызмет атқарып келеді. Ол кісі де Ресей жеріндегі әскери даңқ жері Поныров ауданындағы жауынгерлердің зираттарына барып қайтты.

Сонымен қатар 2018 жылғы
12 маусымда Поныров ауда­­нының басшысы В.С.Торуба­ров­тың Курск шайқасы Жеңісінің 75 жылды­ғы­на арналған мере­ке­лік іс-ша­раға қатысуға шақыруы­мен, Амантай ағамыздың әкесі Дәу­­лет­­бекпен бірге туған Әбіш­­­­­­тің немересі Оңал Тоқ­құ­лы­­қызы Әбішева бауырлас­тар зиратында ерлікпен қаза тап­қан батыр атасы Амантай Дәулетбековтің жатқан жеріне елден бір уыс топырақ апарып, туған-туысқандарының аманатын орындады.

Өкінішке қарай Амантай Дәулетбекұлы отбасын құра алмады. Бірақ туған-туыс­та­ры­­нан тараған немере-шө­бе­ре­­лері бүгінде бақытты ғұ­­мыр кешуде. Амантайдың ше­­жіресіне тоқталсақ, ұлты­мыз­ға та­лай мық­тыларды сый­­­­ла­ған Жа­ғалбайлы
тар­­­­мағынан Ке­леші-Айтұлы Бей­­­сем­бай-Тоқтамқұтты Мұрат-Тұң­ғат-Иман тарайды. Иман­нан төрт­ ұл: Әбіш, Түбек, Дәу­лет­бек, Мұста­фа.­ Дәулетбектен Аман­тай өрбіген.

Майданда көзсіз ерлік көр­се­тіп, Отан, Туған жер үшін жауды жермен-жексен қылған боздақтар мен ардагерлерге қарыз­дармыз. Олардың өмір жол­дары мен өшпес ерліктері біз­дің жүрегімізде мәңгі сақ­та­лады.

 

Роза БИСЕНОВА,

тыл ардагері