Тағдыр талқысы және талант тегеуріні
Бейсенбі, 4 сәуір 2013 1:57
Қазақ сөз өнері тарихының ежелгі замандардан қазіргі кезеңге дейінгі қалыптасу, даму жолында шығармашылығымен ұрпақтар дүниетанымын нұрландырған талай ойшыл-ғұлама тұлғалар тағылымы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. ХХ ғасырдың 70-90-жылдары мен қазіргі ХХІ ғасырдың басындағы қазақтың рухани құндылықтар қазынасын байытқан, сондай тұлғалардың бірі – Немат Келімбетов.
Бейсенбі, 4 сәуір 2013 1:57
Қазақ сөз өнері тарихының ежелгі замандардан қазіргі кезеңге дейінгі қалыптасу, даму жолында шығармашылығымен ұрпақтар дүниетанымын нұрландырған талай ойшыл-ғұлама тұлғалар тағылымы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. ХХ ғасырдың 70-90-жылдары мен қазіргі ХХІ ғасырдың басындағы қазақтың рухани құндылықтар қазынасын байытқан, сондай тұлғалардың бірі – Немат Келімбетов. Ол – қазақ және әлем халықтары әдебиеті мұраларын зерттеуші. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлеріндегі біздің заманымыздан бұрынғы бірінші мыңжылдықтағы сақтардың қаһармандық дастандарын («Алып Ер Тоңға», «Томирис» («Тұмар»), «Шу», т.б.), ғұндардың (б.з.б. ІІ ғасыр) батырлық жырларын («Оғыз қаған», «Аттила», «Көк бөрі», «Ергенекөн», т.б.) қазақ әдебиеттануы ғылымының тарихында тұңғыш рет арнайы қарастырды.
Ежелгі дәуір және оған жалғасатын Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет дамуының кезеңдерін зерттеуді, оны жоғары оқу орындарында оқытуды тұңғыш сөз етіп, одан кейін іс жүзіне асыра бастаған қажымас күрескер ғалым, профессор Бейсенбай Кенжебаев болғанын қазір жұрттың бәрі де мойындайды. Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов: «Бүгінде туған әдебиет тарихының бұл кезеңдері Қазақ Республикасының барлық жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде әрі жалпы, әрі арнаулы курстар түрінде оқу жоспарына енгізіліп, соңғы ширек ғасыр бойы оқытылып келеді. Бұл пәннен бір алуан бағдарламалар, оқулықтар, хрестоматиялар, оқу құралдары жазылып, ұстаздар мен шәкірттер пайдаланып жүр. Бұл істе Б. Кенжебаевтың шәкірті профессор Немат Келімбетовтің еңбегін атап көрсету қажет», –деген еді.
Зерттеуші Н.Келімбетов әлемдік түркітанудағы ортақ жәдігерліктерді саралап талдауда өзіндік ғылыми тұжырымдармен жүйелеп, VІ–ХV ғасырлар арасындағы түркі тайпаларының, руларының ортақ әдебиетін хронологиялық дәуірлерге бөліп қарастырады. Атап айтқанда, VІ–ІХ ғасырлардағы көнетүркі әдебиет ескерткіштерінің қатарында Орхон жазба ескерткіштері, Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк туралы құлпытастарға қашап жазылған жыр-дастандар, «Оғызнаме» дастаны, «Қорқытата кітабы», Әбунасыр әл-Фарабидың әдеби шығармалары алынады. Ал Х–ХІІ ғасырлардағы әдебиет ескерткіштері Жүсіп Баласағұнидың «Құтадғу біліг» («Құтты білік») дидактикалық дастаны, Махмұд Қашқаридың «Диуани луғат-ат-түрік» («Түркі тілдерінің сөздігі»), Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» («Даналық кітабы»), Ахмет Йүгінекидің «Хибатул-хақайық» («Ақиқат сыйы»), Сүлеймен Бақырғанидың «Хакім ата», «Жұбан ана», «Әулие Мария» деген дидактикалық мазмұндағы жыр жинақтары екінші бөлімде талданады. Ғалымның зерттеулерінде ХІІІ–ХІV ғасырлардағы Алтын Орда – Хорезм дәуірі деп аталатын түркі әдеби тілінің (шағатай) қыпшақ диалектісі негізінде жасалған әдебиет туындылары қарастырылады. Алтын Орда кезеңіндегі әдебиет тарихының мазмұнын құрайтын «Кодекс Куманикус» («Қыпшақ тілінің сөздігі»), Хорезмидің «Мұхаббат-наме» дастаны, Рабғузидың «Қисса-сул-Әнбия» немесе «Қиссауи Рабғузи» жинағы, Дүрбектің «Жүсіп–Злиха», Сайфи Сараидың «Гүлстан бит түрк», Құтыптың «Қысрау–Шырын» атты дастандарына кең орын берілген. Сонымен қатар, тарихи маңызды мұралар ретінде қазақтың тұңғыш тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди», Қадырғали Жалайридың «Жамиғат-тауарих», Захириддин Бабырдың «Бабырнаме» атты тарихи-шежірелік кітаптары да талданады.
Ғалым қазақ әдебиетінің ежелгі дәуіріндегі аталған мұраларды тарихи шынайы оқиғалармен тығыз байланыстыра зерттейді. Біздің заманымыздан бұрынғы бірінші мыңжылдықтағы қазіргі Қазақстан жерінде мекендеген сақ, олардан кейінгі үйсіндер мен қаңлы тайпаларының тарихи даму ерекшеліктері айтылады. Қаратау өңірі мен Сырдарияның орта ағысындағы Шаш, Отырар, Қаратау атырабын мекендеген тайпалар мәдениетінің ғұндар дәуіріне ұласуы, кейіннен Түрік қағандығы (552–745) мемлекетінің қалыптасуы, дамуы ғылыми толғамды талдау түрінде тартымды түсіндіріледі. Осы мемлекеттің Шығыс және Батыс түрік қағандықтары болып бөлінгендігі мәлім. Қазіргі Батыс Қазақстан жеріндегі Оғыз мемлекеті (ІХ–ХІ ғғ.), Батыс Түрік қағанатынан бөлінген қимақтар, қыпшақтар туралы да айтылады. Демек, VІ–VІІ ғасырлардағы көптеген тайпалардың кейіннен қалыптасқан түркітілдес халықтардың бәріне де негіз болғаны айқындала баяндалады.
Зерттеуші ежелгі дәуір әдеби мұраларының халықтық наным-сенімдерге, діни ұғымдарға тікелей қатыстылығана айрықша назар аударады. Атап айтқанда, ежелгі түріктердің Көкке, Жерге, әйел Тәңірісі Ұмайға, арлан көкжал қасқырға, отқа табынушылыққа байланысты ғылыми тұжырымдардың, қызықты деректердің ешкімді де бей-жай қалдырмайтыны анық.
Қазақ әдебиеттану ғылымында айтылмай келе жатқан мәселелердің бірі – ежелгі дәуірдің әдеби-фольклорлық мұраларының кейінгі әдеби даму кезеңдерімен байланыстарын зерттеу. ХV–ХVІІІ ғасырлардағы ауызша авторлық поэзия (жыраулық әдебиет) мен кейінгі жазба әдебиет пен ежелгі дәуірдегі лирикалық, эпикалық шығармалардың тақырыптық-идеялық, стильдік-көркемдік жақтарынан байланысатын ерекшеліктерін зерттеудің, айқындаудың мәні зор. Бұл арқылы біз әдеби дамудағы дәстүр жалғастығын, әрбір кезеңнің өзіне тән жаңалықтарын танимыз. Қорытындысында, әрине, әдебиетіміздің көп ғасырлық даму жолындағы көркемдік әлемі тұтастай ашылады. Соның нәтижесінде, әлемдік сөз өнерінің үлкен айдынына құятын ұлттық сөз өнерінің өз арнасы кең болмысымен көрінеді. Бұл орайда ғалым Немат Келімбетовтің «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты кітабындағы «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ жыраулары» деген тараудың көтеріп тұрған жүгі өте салмақты. Зерттеушінің орынды атап көрсеткеніндей, шынында да, ХV–ХVІІІ ғасырлардағы қазақ жырауларының поэзиясындағы әлеуметтік және дидактикалық сарындар өз бастауын ежелгі түркілік әдебиеттен алады. Бұндай дәстүрлі жалғастық белгілері дидактикалық-шешендік толғаулардың, батырлардың ерлігін дәріптейтін мадақтау, жоқтау жырлардың тақырыптық-идеялық мазмұнынан, өлеңдік өлшем құрылысынан, тілдік-көркемдік суреттеу, бейнелеу ерекшеліктерінен аңғарылады. Автор ежелгі дәуірлік мұралар мен жыраулық поэзияның үлгілеріндегі осындай дәстүр жалғастығына құрылған сипаттарды салыстыра талдап көрсеткен.
Немат Келімбетов еңбектерінің көрнекті саласы – психологиялық және философиялық-дидактикалық прозалық көркем шығармашылығы. Қаламгердің «Үміт үзгім келмейді» (повесть-монолог) шығармасында ауыр науқаспен сырқаттанып төсекке еріксіз таңылған адамның өмір сүруге құштарлығы, қиыншылыққа төзімділігі, қайсарлығы, адамгершілік-имандылық ұстанымы, т.б. – қасиеттер тұтастығындағы болмысы дараланған. Бірінші жақпен баяндалған психологиялық шығарма кейіпкерлері Ержан мен Гауһардың монологтары арқылы тіршілік қозғалысындағы өмір шындығының қайшылықтары, қақтығыстары шынайы болмысымен өрнектелген. Басты кейіпкер Ержанның өзіне жасалатын ауыр хирургиялық операция алдындағы үрей мен үміт тоғысқан көңіл-күйі, бес жарым сағатқа созылған ауыр операциядан кейін денесінің қол-аяғының қозғалыссыз, қимылсыз қалған кездегі күйзелістері шынайы суреттелген. Жылдар бойы қол-аяғы, денесі қимылсыз жатса да күнкөріс қамымен, Мұхит, Қайрат есімді екі ұлын, әйелі Гауһарды асырау үшін еңбек еткен Ержанның тағдыр талқысымен дарынды, қабілеті ұштасқан ақыл-ой еңбегі арқылы күрескеніне көз жеткіземіз.
Шығармада бір-біріне рухани демеу, тірек болып, ақыры қайсарлықтың, өмірге құштарлықтың бақытқа жеткізетін өнегесін танытқан Ержан мен Гауһар бейнелерімен қатарлас өрілген Ақылбек пен Раушан тағдырлары да оқырманды бей-жай қалдырмайды. Аса қабілетті Ақылбек ғылым кандидаты, докторы, профессор атақ-дәрежелерін иеленіп, беделді тұғырында жүргенде, кенеттен екі аяғы бірдей сал болып үйінен шыға алмай қалады. Ал, он тоғыз жыл отасқан көрікті әйелі Раушан ғылыми ізденісін сылтау етіп, туған балалары – бір қызын, екі ұлын өз үйінде тәрбиелегісі келмейді. Яғни, Раушан– әуелі оларды күйеуінің әке-шешесінің, одан кейін інілерінің үйлеріне апарып тастатқызған нағыз безбүйрек, қатыгез жан. Бір кездері ауру анасын да ауылда жалғыз қалдырып кеткен тасбауыр Раушан енді күйеуі Ақылбек сал болып қалғанда қарақан басын ғана ойлап, мүгедек күйеуінен де, балаларынан да бойын аулақ салады.
Бұл арада шығарма арқауына алынған, фельдшер Мейіркүл бен Гауһар бейнелерінің тектестігін байқаймыз. Мейіркүлдің бойжеткен кезінде көңіліне жылы ұяласа да көлденеңнен, киліккен жылпос, жәдігөй Раушанмен қосылып кеткен Ақылбектің трагедиялық хал-ахуалын достарының аузынан естиміз:
«– Ақылбекті ажалдан алып қалған Мейіркүл ғой, – деп көзілдірікті әйел сөзін жұқалап жона түсті. – Бәрімізден сол мықты боп шықты. Кеше Ақылбектің жаны иненің ұшына ілініп, өлім аузында жатқанда қайсымыз қасында болдық? Мейіркүл бір ай бойы күні-түні қасында күзетіп отырды, береке тапқыр. Ақылбек үш жылдан бері төсекте байланып, мешел боп жатыр. Соның көрпе-төсегін, киім-кешегін күнде кім жуып тазалап отыр? Раушан ба? Жоқ, Мейіркүл. Ақылбектің әзір де ойға медет тұтып, көңіл жұбатары – Мейіркүл. Сол байғұсқа үш жылдан бері бір тыным жоқ. Ал, біздер оқта-текте барып, бір көрініп кеткенге үлкен іс тындырғандай болып кеуде қағамыз.
«– Мейіркүлге үйленсең қор болмайсың!» деп мен оған бұдан ширек ғасыр бұрын айтқам. Бірақ айтқанымды істемеді. Қазір де мен Ақылбекке: «Мейіркүлге үйлен дегелі келдім», – деді қауға сақалды семіз кісі қабағын түкситіп. Бұған отырғандардың бәрі ду күлді» (Н.Келімбетов Жарлы емеспін, зарлымын, … 209-бет). Шығарманың көркемдік шешімінде Ақылбекке нағыз адал, ғашық жар, оның балаларына мейірімді ана болған Мейіркүл бейнесін көреміз… Осылайша повесть – монологтың сюжеттік-композициялық желісінде жазушы адамгершілік-имандылық қасиеттерінің шынайы сипаты адамдар тағдырларының сынға түскен кезеңдері арқылы анықталатынын дәлелдеген.
Жазушы Немат Келімбетовтің «Жарлы емеспін, зарлымын» повесть-монологы «Ұлыма хат» арнауымен берілген. Жазушы ұлына жолдаған хат үлгісіндегі шығармасында адамзат тарихындағы адамгершілік-имандылық қасиеттерімен ұрпақтарға ұлағат тағылымын танытқан, жақсылық атаулының қадірін түсіндірген. Поэтикалық-жанрлық сипаты жағынан «Кабуснамамен» үндес бұл туындыда қазіргі және болашақтағы қазақ және әлем халықтары ұрпақтарын тәрбиелейтін ұлағат негіздері жүйеленген. Шығарманың құрылысынан еңбексүйгіштікті табиғи дарынымен, талантымен ұштастырған өнегелі әкені, ананы, ата-тек әулетті ана тілін құрметтеу ұғындырылған. Халыққа адал қызмет етіп, білім-ғылым негіздерін игеру, қазақтың арғы тегіндегі даңқты қолбасшыларды (Аттила, Еділ, Алып Ер Тоңға, Оғыз қаған, Едіге, Абылай, т.б.) өнеге тұту, мемлекеттік лауызымды қызметтерде ұлттық-отаншылдық рухты биік ұстау, фольклор мен әдебиет мұраларын сақтау, қазіргі тәуелсіз Қазақ елін мәңгілік өркендеу биігіне көтеру, т.б. – сан алуан ұлттық-отаншылдық, азаматтық-перзенттік парыз мәселелерін дидактикалық-философиялық ойлармен өрнектеген.
Жазушының «Күншілдік» деп аталатын еңбегі – әлем әдебиетіндегі философиялық-дидактикалық шығармалар дәстүрімен жазылған туынды. Жанрлық сипатында екі адамның сұхбаты (диалогы) үлгісімен жазылған туындыда адамзат ұрпақтарының тарихи-мәдени даму жолдарындағы барлық жамандық атаулыны жасайтын күншілдік қасиетін құрайтын қызғаншақтық, қараулық-іштарлық, менмендік, т.б. жағымсыздық зардаптары жүйеленген. Жаратушы Алланың өзіне бұйыртқанын қанағат етпей, маңындағы адамдардың игерген жетістіктерін, артықшылықтарын көре алмайтын, тар пейілді, сұрқия, сұм адамдардың рухани жан ділі әлеміне терең бойлап, жан-жақты ашып көрсеткен.
Кітаптың тараулары да дидактикалық-философиялық туындының идеялық-композициялық құрылымындағы көркемдік-эстетикалық бағдарлы ой өрімдерінің жүйесін айқын танытады: «Азап шеккің келмесе – күншіл болма», «Досыңның бақытты болғанын кешіре аласың ба?», «Күншіл адам – мұңшыл адам», «Әйелі сұлу жігіттің шынайы досы болмайды», «Дұшпаныңды құрметтесең досыңдай», «Сабыр дейтін мықты бар», «Жарғанат жарықты жақтырмайды», «Есіл жастық, қайран жастық күндерім», «Өтірік, өсек, мақтаншақ…», «Сен өзіңді-өзің алдай аласың ба?», «… Ашкөзділер жаһанды жеп, тояр ма?», «Тәкаппарлық – тексіздіктің белгісі», «Күншіл адам өлсе де – күншілдік өлмейді».
Жазушы адамзат тарихындағы күншілдіктің құрбандарын (Абыл, Наполеон, Ұлықбек, т.б.) аңыз-ертегілердегі күншілдікпен бауырларын өлтіргендерді, т.б. – бәрін де философиялық сұхбат барысында дәйектеп баяндаған.
Тарихи-мәдени, философиялық-дидактикалық сарынды күрделі туындының құрылысында қаламгердің қазақ және әлем халықтары фольклоры мен әдебиетін, фольклортану, әдебиеттану, психология, философия, тарих, жаратылыстану, этнография, т.б. ғылымдар салаларын жан-жақты терең меңгергендігі танылады. Психологиялық-философиялық тұтастықпен өрілген туындының тұтас желісіндегі көркемдік түйін-шешімі – қаламгердің қазақ ұлтын сүйген отаншыл перзент тұлғасын даралай танытады. Әсіресе, қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасының мәңгілік болашағын жасауда ұлттық-отаншылдық мақтаныш сезімінің азаматтық-қайраткерлік ұстанымды нығайтудағы ұлағатын айрықша бағалайды:
«… Бүгінгі жастар қазақтың байырғы әдет-ғұрпын, салт-санасын, ежелгі тарихын мақтаныш ете білуі шарт. Елін, жерін сүю осындай білікті түрде мақтаныш ете білуден басталады. Кезінде ұлан-ғайыр жерімізді сыртқы жаудан қорғап қалған батыр бабаларымыз туралы жырлап, әнге қосып айтып отыруды өзім де ұнатамын» (Н.Келімбетов Күншілдік: Хикаят-диалог. – Алматы: Атамұра, 2010. – 320 б.; 225-бет).
Қазақстанның филология ғылымы салаларында (түркітану, шығыстану, әдебиеттану, фольклортану), көркем прозадағы, драматургиядағы, аудармадағы көрнекті туындыларымен елеулі үлес қосқан, жоғары оқу орындарында (Абай атындағы ҚазҰПУ, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, т.б.) ұстаздық қызметтер атқарған, қазақ журналистикасында, мемлекеттік жоғары басқару орындарында еңбек еткен Немат Келімбетовтің өмір жолы ұрпаққа өнеге. Оның есімі халқымыздың тарихында филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық Күлтегін және Франц Кафка атындағы сыйлықтардың лауреаты сынды атақтарымен, анықтамалық бағалаулармен мәңгілікке жазылды.
Тағдыр талқысымен арпалыса жүріп, қажымас қайсарлығымен, жігерлі ұстанымымен отбасындағы жары Қуанышының, перзенттері Мұхиты мен Қайратының материалдық және рухани қажеттіліктерін қамтамасыз ете алған, классикалық деңгейдегі іргелі ғылыми зерттеулер және әдеби көркем көрнекті шығармалар жазған ойшыл жазушы Немат Келімбетов – ұлттық және жалпыадамзаттық биіктіктер тұғырындағы мәңгі аласармайтын тұлға. Оның денсаулық жағдайына қарамастан қажымай-талмай жасаған сан салалы шығармашылық еңбек жемістері қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның ғылымын, көркем әдебиетін жаңаша дамытуға да ықпалды өнеге бола беретіні ақиқат. Бұл орайда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы «Инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясаты» бөлігіндегі пікірі ел тарихындағы осындай ең озық үлгі-өнегені негізге алу керектігін назарға ұсынады: «Табысқа жету үшін ғалымдардың талай буынының тәжірибесіне, тарихи қалыптасқан ғылыми мектептердің арнаулы ақпарат және білімдерінің көп терребайт көлеміне негізделген дербес ғылыми база қажет болады». Демек, көрнекті ұстаз-ғалым, Отанымызға және алыс-жақын шетелдерге ғылыми-зерттеу еңбектерімен де, әдеби-көркем шығармаларымен де адамзат ұрпақтарының адамгершілік-имандылық ұлағатының ұмытылмайтын өнегесін танытқан абзал адамның дәстүрлі жолын мәңгіліктендіру мұраты айқын байқалады. Сондықтан, уақыт талабына сәйкес ұстаз-ғалым Немат Келімбетов атындағы базалық ғылыми-зерттеу институт немесе арнайы орталық ашылса инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясатына үйлесімді серпін берер еді деп ойлаймыз. Осындай өнегелі адамдар ұлағаты оларды бағалайтын жаңа дәуір ұрпақтары арқылы дамытыла жалғасуы тиіс емес пе?!
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор.
Суретте: Немат Келімбетов және жары Қуаныш