Қоғам • 14 Мамыр, 2019

«Жойылды» деген құстар әлі өмір сүреді

1507 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ғалымдар эволюцияның тағы бір нақты дәлелін тапты. Зерттеушілер осыдан 136 мың жыл бұрын құрып кеткен кювьер сутартарының қайтадан пайда болғанын анықтапты. Олар қазір Үнді мұхитындағы Альдабра аралында өмір сүреді екен.

«Жойылды» деген құстар әлі өмір сүреді

Әрине, тарихта ғалымдар жойылып кетті деп санаған, бірақ кейін тірі екендігі анықталған жануарлардың табылуы бірнеше мәрте кездескен. 1938 жылы осыдан 400 миллион жыл бұрын өмір сүріп, кейін, дәлірек айтқанда 100-66 млн жыл бұрын құрып кетті делінген латимерия деген балық табылған. Ол да Үнді мұхитында жүзіп жүріпті. Сол сияқты ғалымдар Жер бетінде тым ертеде өскен өсімдіктердің де қазір бар екенін анықтаған. 50 млн жыл бұрын пайда болған аша тұяқты жануардың да тұқымы қазір бізбен қатар өмір сүріп жатыр. Бұғы тұқымдастарының бірі саналатын шағын ғана хайуан әлі бар. Алайда, кювьер сутартарының жөні бөлек. Себебі, бұл құс әу баста ұша алатын болыпты. Альдабра аралына көрші Мадагаскардан ұшып келіп, мекендеп қалса керек. Сөйтіп, жылдар өткен соң ұшу қабілетінен айырылған. Осылайша өмір сүрген  бұл құстар 136 мың жыл бұрын аралды толықтай су басқан кезде жойылып кетіпті.

Тринг қаласының жаратылыстану тарихы мұражайының қызметкері Джулиан Хьюмнің және Портсмут университетінің палеонтологы Дэвид Мартиллдің Линней қоғамының зоологиялық журналында жарияланған мақаласында  ғалымдар  біз сөз етіп отырған құстардың өткені мен бүгінін салыстырыпты. Олар Үнді мұхитындағы Альдабра вулкандық аралдарында мекендеген сутартарлардың ежелгі сүйектерін зерттеген. Палеонтологтар зерттеу барысында бұл құстың эволюция процесін қайтадан бастан өткергенін анықтапты. Яғни, 136 мың жыл бұрын су астында қалып, ешбір жануардың аман қалуына мүмкіндік болмаған аралда кейінен  тағы да кювьер сутартары пайда болған. Шамасы, мұхит суы аралдан шегінген кезде Мадагаскарда мекендейтін құстар қайтадан сол жерге ұшып келсе керек. Ғалымдар бұл аралдың судан арылуын шамамен 100 мың жыл бұрын болған оқиға деп бағалайды. Ал, аралға қоныстанған құстар  әу бастағы ұша алатын қабілеттерінен айырылған. Әрине, ол үшін де сансыз жылдар керек шығар. Бірақ, бәрібір 100 мың жыл дегеніңіз эволюция үшін тым қысқа уақыт. Әрі бұл құстар  эволюциялық дамудың бір ғана жолынан өткен. Екі түрлі кезеңде. Бастапқы популациядан тараған жануарлардың әр түрлі кезеңде бір ғана эволюциялық жолмен дамуы бүгінгі  заманда тым сирек кездесетін құбылыс. Ұқсас түрдің бастапқы популяциясынан қайта дамуы итеративті эволюция деп аталады. Альдабра сутартарының басынан осындай жағдай өтіпті. Қазір бұл құстардың «түп атасы» саналатын кювьер сутартарлары Мадагаскарда әлі күнге тіршілік етеді. Олар ұша алады. Ал Альдабра аралындағы тура осындай құстар ұша алмайды.