«Қазіргі АЭФ-тің ерекше маңызы бар және ол тарихи сәтте өтіп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, мен бұл шараға президент ретінде қатысып отырған жоқпын. Еліміз бен халқымыздың мүддесі үшін мен өте маңызды шешім қабылдадым. Тәуелсіздік жылдары елеулі өзгерістерге қол жеткіздік. Қазақстан әлем картасында беделді, танымал мемлекетке айналды. Біз алғаш рет Семейдегі ядролық полигонды жаптық, әлемдегі төртінші ядролық-ғарыштық арсеналдан бас тарттық», - деп атап өтті Елбасы.
Оның айтуынша, дәл осы бастамалар Қазақстанға сенім мен сыйлы қарым-қатынас сыйлады. «Алғаш рет еліміздің жаңа тарихында Конституцияға сәйкес демократиялық жолмен бейбіт жағдайда билік транзитін жүргізудеміз. Бұл ретте маған хабарласып, хат жазып, қолдау білдірген әлем елдерінің саясаткерлеріне алғыс айтамын», - деді Н. Назарбаев.
Еске сала кетсек, елордада XII Астана экономикалық форумы «Ынталандырушы өсу: адамдар, қалалар, экономикалар» тақырыбында өтіп жатыр. Форум жұмысына әлемнің 74 елінен сарапшылар, саясаткерлер, бизнесмендер мен ғалымдар қатысуда.