Саясат • 22 Мамыр, 2019

Қазақстан Бішкекте ШЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесіне қатысты

831 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов бастаған Қазақстан делегациясы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ШЫҰ СІМК) жыл сайынғы отырысына қатысты. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Бішкекте ШЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесіне қатысты

Іс-шара барысында ШЫҰ елдері сыртқы саяси ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша сындарлы пікір алмасып, ШЫҰ-ның саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы қызметін одан әрі дамытудың бірінші кезектегі міндеттерін, сондай-ақ ШЫҰ-ның халықаралық және өңірлік бірлестіктермен байланысын дамыту мәселелерін талқылады.

Қазақстан, Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан Сыртқы істер министрлері 2019 жылғы 14 маусымда Бішкекте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына дайындық барысын, Бішкек декларациясы мен Саммит қорытындысы бойынша Ақпараттық хабарлама жобаларын, сондай-ақ, Ұйымның ағымдағы қызметі бойынша басқа да бірқатар шешімді қарап, мақұлдады.

Отырысқа қатысушылар ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы өзара түсіністікті, сенімді диалогты және тең құқықты әріптестікті нығайтудың берік платформасы ретінде ШЫҰ-ның үдемелі дамуын атап өтті. ШЫҰ аймағының тұрақты дамуын қамтамасыз ету, тұрақтылық пен қауіпсіздік қатерлерінің алдын алуда мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын кеңейту және тереңдету ұмтылысы атап өтілді.

Отырыс барысында қатысушылар терроризмнің барлық нысандары мен көріністерін батыл айыптап, БҰҰ-ның орталық үйлестіруші рөлінде бірыңғай жаһандық лаңкестікке қарсы майдан құруға шақырды. Бұл тұрғыда терроризмнен еркін бейбітшілікке қол жеткізу үшін 2018 жылғы қыркүйекте Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ-да қабылданған Мінез-құлық кодексінің ережелерін дәйекті іске асырудың маңыздылығы атап өтілді.

Сонымен қатар жаһандық экономикалық басқару архитектурасын жетілдіру, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мақсатында күш-жігерді арттыру қажеттігі расталды.

ҚР Сыртқы істер министрі өз сөзінде халықаралық терроризмге, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес, өңірлік жанжалдарды реттеу, соның ішінде Сирия мен Таяу Шығыстағы негізгі өзекті мәселелер бойынша еліміздің ұстанымын атап өтті.

ҚР СІМ басшысы іс-шараға қатысушыларды Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларымен, соның ішінде ірі өңірлік құрылымдар - ЕАЭО, Еуропа одағы, ШЫҰ және АСЕАН арасындағы жүйелі экономикалық диалогты жолға қою қажеттілігі туралы таныстырды.

ШЫҰ шеңберінде экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасу тұрғысында тараптар қазақстандық бастамаларды іске асыру туралы – мүше мемлекеттердің өзара есептеріндегі ұлттық валюталардың үлесін арттыру, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының әлеуетін пайдалану және ұйымның сандық алаңын құру туралы ақпарат ұсынылды.

Қазақстан халықтарымыздың бейбітшілігін, тұрақтылығы мен әл-ауқатын нығайту жолындағы ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша белсенді жұмысты жалғастыру ниетін растады.

Отырыстың қатысушылары Қырғыз Республикасының ШЫҰ СІМК отырысын дайындау бойынша атқарған жұмысына жоғары баға берді.

Отырыс қорытындысы бойынша ШЫҰ сыртқы істер министрлерінің ақпараттық хабарламасы қабылданды.