Обырға қарсы екпеге дайынсыз ба?
Жұма, 1 ақпан 2013 6:50
Жуырда еліміздегі Кәсіби медициналық қауымдастықтың ұйымдастыруымен жатыр мойны обыры төңірегінде жиын өтті. Онда сарапшылар адам папилломы вирусына (АПВ) қарсы екпені егуді ерікті түрде енгізуді қолдайтындықтарын білдірді.
Жұма, 1 ақпан 2013 6:50
Жуырда еліміздегі Кәсіби медициналық қауымдастықтың ұйымдастыруымен жатыр мойны обыры төңірегінде жиын өтті. Онда сарапшылар адам папилломы вирусына (АПВ) қарсы екпені егуді ерікті түрде енгізуді қолдайтындықтарын білдірді.
Жатыр мойны обыры деген түсінік бастапқыда құлағымызға түрпідей тиетін. Қазіргі күнде әйелдер арасында кең тарап, жылдан-жылға уыты жайылып бара жатқан бұл дерт қоғамға таңсық болудан қалған. Диагностиканың дамыған кезеңінде обыр оп-оңай анықталып, түрлі дереккөздер арқылы оған қатысты мәліметтердің сан қилысын табуға болады. Ресми статистикалық деректер бойынша, елімізде жатыр мойны обырына шалдыққан 10 мың 500 әйел есепте тұрады екен. Тек өткен жылдың өзінде 1599 науқас тіркелсе, осы дерттен қайтыс болғандардың саны 655 адам.
Мамандар қауіпті ауруға шалдығатын әйелдердің жас шамасын 35-55 деп белгілеп отыр. 20 пайыз жағдайда 65 жастан асқан аналарды «айналдырады» десек, жас әйелдерде дерт бастапқы кезде білінбейді. Өйткені, оның алғашқы сатысында еш клиникалық белгісі болмайтынға ұқсайды. Сондықтан, дәрігерлер әйелдерді жыл сайын міндетті түрде гинекологиялық тексерістен өтіп тұруға шақыратыны, тіпті, аурудың бастапқы сатысында оның емделу мүмкіндігінің жоғары екені жиын барысында баса айтылды.
Адам папилломасы вирусы (АПВ) дегенге тоқталайық. Бұл ерлерде де, әйелдерде де сан алуан ауру тудыратын вирус түрі. Ұзақ уақыт бойы қауіпсіз вирус деп есептеліп келгені де рас. Тек өткен ғасырдың 70- жылдары аталған вирус обырға шалдыққан адамның жатыр мойнынан табылған соң бұл пікір өзгеріп, зерттеу жүргізіле бастаған. Неміс ғалымы Харольд цур Хаузен аталмыш вирустың 16 және 18 түрінің онкогендік екендігін және жатыр мойнының обырын тудыратынын дәлелдеп, 2008 жылы медицина бойынша Нобель сыйлығын алған. Ал осы адам папилломасы вирусына қарсы қазіргі кезде әлемнің 21 елінде ұлттық вакцинация бағдарламасы қабылданып, іске асып жатыр. Оның ішінде Франция, Бельгия, Ұлыбритания, АҚШ, Канада сынды іргелі елдер бар.
Ал, енді бұл тұрғыда өзіміздің мамандар не дейді? Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Сүрия Есентаева 2012-2016 жылдарға арналған онкологиялық көмек көрсету бағдарламасы бойынша бірқатар істер атқарылып жатқанын, оның ішінде, обыр ауруын ерте кезден анықтауға басымдық беріліп отырғанын айтады. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін осы жылға 51 млрд. 97 млн. теңге бөлінсе, оның 2,7 миллиард теңгесі адам папилломасы вирусына қарсы жасалатын екпеге жұмсалмақ.
«Біздің институт өткен жылдың соңында елімізде АПВ штаммдарының жатыр мойнының обырымен байланысты түрлерінің таралуын зерттеді. Зерттеуге 4 мың әйел қатысты. Сынамалар Алматы, Астана қалаларының, сондай-ақ, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарының әйелдерінен алынды. Аса қауіпті АПВ шалдығудың жалпы мөлшері зерттеуге қатысқан барлық әйелдердің 28,5 пайызында анықталды. Бүгінгі күні біздің мекеме жұмысының қорытындысы АПВ-ға қарсы екпе жүргізудің қажет екендігін айтуға толық негіз болады», деді Қазақ онкология және радиобиология ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Мұрат Қайырбаев.
Кәсіби онкологтардың медициналық қауымдастығы жатыр мойнының обырына қатысты мәселенің күрделі екендігін назарда ұстай отырып, елордада өткен ТМД елдері онкологтары мен радиологтарының басқосуындағы қорытынды қарарда екпе салынуы мүмкін мақсатты топ ретінде 9-10 жас пен 13 жасқа дейінгі қыз балаларды атаған болатын. Ал еліміздегі қағидат бойынша АПВ-ға қарсы екпеге ұсынылған жас 11-12 жас болып отыр. Және оның ерікті түрде өтуі мен тегін жасалуы назарда ұсталмақ.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».