Тарих • 24 Мамыр, 2019

Отыз жыл бұрынғы айтулы оқиға

2506 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осыдан тура 30 жыл бұрын 25 мамырда дүние жүзіндегі алып елдердің бірі, әлемдік құрлықтың алтыдан бір бөлігін алып жатқан, идеологиялық қазығы мықты, халқының тоқсан тоғыз пайызы толқу дегенді білмейтін, балаң көңілді елде бір ұлы дүмпу жер бетін солқ еткізген.

Отыз жыл бұрынғы  айтулы оқиға
КСРО Халық депутат­та­ры­ның тұңғыш съезі еді ол. Оның әсері қалың ұйқыдан енді ғана ояна бастаған халықты басына мұздай суды құйып жібергендей селк еткізген. Қызыл импе­рия­ның топсаларының солқылдауы нақ осы кезден басталған. Сон­дық­тан бұл оқиғаның маңызын ұмы­туға болмайды. 

Әрине съездің болуына жол салған ерекше оқиғалар болып жатты. Алдымен өкімет басына 1985 жылдың сәуір айында Михаил Горбачевтің келгендігі себеп болды. «Қайта құру», «Жария­лылық» деген сияқты ұрандар көтеріп, либералдық рефор­малар жасауға тырысқан оның істерін халық шу дегеннен хан кө­теріп әкетті. 

Алайда, ашықтық, жария­лы­лық­тың диірмені дүңкілдетіп айналып кеткенде Горбачевтің билігі халықты бұрынғыдай тұ­қыртып ұстай алмай қал­ды. Әлемдік саясаттың сұңғы­ла­ла­ры да дереу іске кірісіп, оның қол­тығынан дым бүркіп, артқа шегі­­нетін жер қалдырмады. «Өзің­­нен зор шықса, екі көзің сонда шығады» дегендей, елде Гор­ба­чевті он орап алғандай ше­шен­дер, алғыр айтқыштар шы­ғып, оны сөзбен тоқыратып тастайтындар мыңдап табылды. Билікке қарсы сөз айтуға бола­тынын, шырқыраған шын­дық­ты жайып салуға рұқсат етіл­­генін көрген ақылман адамдар, ғалымдар мен журналис­тер, айтқыштар мен шешендер қоғам­­ның іріп-шіріген бітеу жара­сын ақтарып, барлық БАҚ-тар­да сайрап берді. Осымен бірге бар­лық өңірлерде ұлттық сана да өрлей бастады. Бірақ билікке қарсы айтылған бұл кездегі сындар әлі де билеуші партияға сенген, оған деген өкпесі баланың әкеге айтқан назындай жұмсақ еді. Өкініштің бәрін өткенге жабуды стратегиялық мақсаты етіп алған билік сталиндік-хрущевтік кезеңнің сорақылықтарын жариялап, бәріне солар кінәлі де­ген­ді ұқтырып, халық назарын сол жаққа бұра берді. Халық мұны да қолдап, билікке деген сенімі арта түскен. Бірақ үлкен биліктің ұстараның жүзіндей қылпылдап тұратынын сезіне алмаған Горбачев сақтық шараларын ұмытып, шалыс қадамдар жасай бастады. Соның ішіндегі ең үлкен қателік – 1986 жылдың жел­тоқсанында Қазақстанға бі­рінші басшы етіп, орыс хал­қы­ның өкілін тағайындау болды. Оның неге соқтырғанын бәріміз біле­міз. 

Алайда, Горбачевтің өкіметі бұл оқиғадан сабақ алған жоқ. Ұлт­тық дүмпулердің алдын алу­­дың орнына соңынан жүріп, олар­ды ушықтыра түсті. 1987 жылы басталған әзербайжан мен армян халықтарының ара­сын­дағы Қарабаққа таласқан қыр­ғынға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбегендіктен ол ұзақ жыл­дарға созылып, бірнеше мың­да­ған адамдардың қасіретіне соқ­­тырды. 1989 жылдың сәуі­ріндегі Тбилиси оқиғасы дәл І съездің қарсаңында болды. Грузия Республикасының құра­мындағы абхаздықтар өз алдына ту тігуге ұмтылғаны, оны орталық биліктің ішінара қолдағаны грузиндердің ашу-ызасын туғызып, мыңдаған жан Тбилиси көшесіне митингке шықты. Осы митингті күшпен таратуда әскер қолданылып, бір­неше адам қаза болған... 

Съезге депутаттар сайлау 1989 жылдың наурыз айына бел­гіленді. Бір депутаттық орынға бірнеше баламалы кан­дидат ұсынылды. Мұндай оқиға бұрын КСРО-да болып көрмеген. Демократияға ежелден бейіл болған Балтық рес­пуб­ликалары мен орталық қала­лар­да компартияның кандидаттары өтпей, белсенді азаматтық позициясы бар кілең білімді де білікті, ығай мен сығай адамдар депутаттыққа өтті. 

Съездің бірінші күнінен бастап әрбір республиканың өкіл­­дері өздерінің жоғалтқанын дау­­лай бастады. Алдымен Бал­тық бойының депутаттары «Мо­ло­тов пен Риббентроптың құ­пия пактысын» заңсыздық деп мо­йын­­датуға тырысты. Бұл – бей­біт жат­қан үш республиканы КСРО-ның басып алуына Кеңес Одағы мен Германияның өзара құпия келіскен құжаты еді. Шіркін, сол кездегі Балтық депутаттардың білімділігі-ай, ешкімге есе бермей ақыры, осы құжатты заңсыз деп таныған съездің шешімін шығартқан еді. К.Прунскене, В.Ландсбергис деген депутаттар кейіннен Лит­ваның премьер-министрі, пре­зи­ден­ті болып та сайланды. 

Грузиялық депутаттар және оларды қолдаған Ленинград пен мәскеулік демократтар Тби­лиси оқиғасын айыптап сөй­ле­генде ешкімге дес бермеді. Съезд осы оқиғаны тексеру бойын­ша депутаттық комиссия сайлап, оның тең төрағалығына Н.Назарбаев пен ленинградтық А.Собчакты сайлады. Өзбек­стан­дықтар да өз елінің мүддесі жолында аянбай тіресті. Олар бү­кіл елге «Өзбек ісі» деп жа­рия­­ланған қылмыстық істің сорақы­лықтарын ашып тастады. Мәселен, үстінен қылмыстық іс қозғалған жандардың барлық мү­ліктері тәркіленгенін, соның ішінде әйелдерінің алтын тіс­те­рі қысқашпен суырыл­ға­нын айт­қанда кейбір депутат әйелдер көздеріне жас алған еді... Ал «Өзбек ісін» жүргізген Бас про­ку­ратураның тергеушілері Гдлян мен Иванов шыр-пыр болып ақталып бақты. 

Басқа республикалардан да 2-3 адамнан сұңғыла шешендер шықты. Қазақстаннан Олжас Сүлей­менов пен Нұрсұлтан Назар­баев айрықша көзге түсті. Бұған дейін тек елдегі ең жас премьер бол­ғандығымен ғана аты танылған Нұрсұлтан Назарбаев осы съезде өзінің нақты кім екенін көрсетті. Қырғызстаннан Шыңғыс Айтматов пен Асқар Ақаев қамшы салдырма­ды. Қал­мақ­тардан Давид Кугуль­тинов пен Валерий Очимчиров деген полковник ешкімге дес бермеген еді. 

Қазақ атаулы Желтоқсан оқи­ғасы туралы қашан айтылар екен, жастарды жазалаған жауыз­дар жазасын тартар ма екен деп күнде тосып жүрдік. Ақыры бұл мәселені ақын Мұхтар Шаханов көтеріп, оны сол кезде демократ депутаттардан құралған «Аймақаралық депутаттар тобының» өкілдері қолдады. Оның қатарына А.Сахаров, Б.Ельцин, Ю.Афа­на­сьев, Г.Попов және т.б енген еді. Осы топтың қол­да­уымен съезд Желтоқсан оқи­ғасын зерттеу бойынша парла­мент­тік комиссия құруды Қазақ­стан­­ның Жоғарғы Кеңесіне сілтеді. Артынан осы комис­сия құрылып, оның тең тө­ра­ға­лығына М.Шаханов пен Қ.Мырзалиев сайланып, желтоқ­сандықтарды ақтау бо­йынша өте көп жұмыстар атқарды. 

Съезде бұрын белгісіз болып келген талай шешендер, білімі мен білігі терең, әрі батыл, әрі өткір айтқыш адамдар көзге түсті. Соның бірі Ленин­град университетінің про­фессоры Анатолий Соб­чак болды. «Мен елдегі демо­кра­тия­ның арқасында ғана депутат болған адаммын, әйтпесе универ­си­тет­тің профессоры ретінде Соци­а­лис­тік Еңбек Ері атағын алған токарьдың көлеңкесі болуға да жарамас едім» деп жазды ол өзінің естелігінде. 

Съездің жұмысы тікелей эфир арқылы бүкіл елге көр­се­ті­ліп тұрды. Осы съезд күндері жұрттың одан көз алмағандығы сондай, еңбек өнімділігі күрт төмендеп кеткен. Тіпті қылмыс та азайып, жол апаты оқиғалары да сирек болған екен. 

Съезге 2250 депутат сай­лан­ған. Олар 1988 жылдың 1 жел­тоқсанындағы заңға сәйкес «халық депутаттары» деп атал­ды. Съезд Конституцияға өзгеріс енгізуге және елдегі барлық ең биік лауазым иелерін бекітуге құқылы болды. Осы съезде сайланған Жоғарғы Кеңес Қазақстанға қанды қасап әкелген бірінші хатшы Г.Кол­бин­ді КСРО Халықтық бақылау комитетінің басшысы қызметіне сайлап, бізден алып кетті. 

Бұған дейін КСРО-ның ең жоғарғы билігі компартияның Саяси бюросының қолында болды. Оған негіз болған компартия­­ны «Кеңес қоғамын бас­қарушы және бағыттаушы күш, саяси жүйенің ядросы» деп көрсеткен Конституцияның 6-бабы болатын. Бірінші съезде осы бапты Конституциядан алып тастау туралы талаптар көтерілді. Бұл талап осы съезде орындалғанымен 1990 жылдың 14 наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесі оны жойып, елдің билігін толық парламентке берді. 

Барлық республикалардың өз тәуелсіздігін алуына жол ашып берген де осы оқиға еді деп айтуға негіз бар. Өйткені ол ком­партияның шексіз би­лі­­гін шайқалтып, ақыры оның тоз-тоз болып кетуіне соқ­тыр­ды. Халықтың санасын да қыл бұғаудан босатып, еркін тыныс­тау­ға жол ашылды.