Сұхбат • 24 Мамыр, 2019

Біләл Ысқақов: «Күйдің аңызы болмаса, күй тумайды»

3286 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Қазақтың ең көне музыка жанры – күйдің киесі, қасиеті қонған, талай ғасырдан бері бізбен бірге жасасып келе жатқан домбыраның үнін асқақтатып жүрген жанды жақында жолықтырып қалдық. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Біләл Ысқақов. Бүгінде Алматы шаһарын тұрақ еткен дәулескер домбырашы, саусағынан күй төгілген күйшіні елордадағы күй-концерттен соң сұхбатқа тарттық.

Біләл Ысқақов: «Күйдің аңызы болмаса, күй тумайды»
– Бір күйді, әсіресе әрбір иірімінде сыр жататын шертпе күйді перне санамай, бүкіл жүйесін бұзбай тарту үшін сол әуен бойға бала кез­ден сіңуі ке­­­рек секілді. Соған қара­ған­да, домбыраның үні сізге сәби ке­зіңіз­ден, тіпті құрсақтан бо­йыңызға дары­ғандай?..

– Әрине, сөзсіз солай болуы керек. Күйші болу үшін әуелі қазақ болып туу қажет дейтінім содан. Менің Қасқырбай деген нағашым күйші еді. 6 жастан қолыма домбыра ұстауыма сол кісі себепкер болды. Оның үс­тіне күйшілердің ортасында өс­тім. Нағашым Тәттімбеттің шә­кірттерімен бірге жүретін. Бағаналы Саятүлеков деген домбырашымен жақын дос болған. Осылардың барлығы – іргелі күйшілер, күйді кәдімгідей кәсіп қылғандар. Енді солардың жанында жүрген соң, мен қайда барам? Ал менің домбыраға түбегейлі келуім, оның ішінде шертпе күйге бет бұрғаным – Тәттімбеттің туған немересі Шай­қының ықпалы. Ол өзі Кеңес өкі­метінің кезінде байдың баласы ретінде қуғындалып, түрмеге то­ғытылған. Тағдыр мені сол кі­­сіге жолықтырды. Оның күй, дом­быра туралы төгілтіп айт­қан әңгімелері мен шерткен күй­­лерінен кейін біржола күйші бо­ламын деп шештім. Сол кезде 14-15 жастағы бозбаламын. 

– Бір сөзіңізде «Күйші болу үшін орта керек» деген едіңіз. Бұл тұрғыда сіздің бағыңыз бар екен, иә?

– Дұрыс айтасың, шынында мен – бағы бар адаммын. Кейін кәсіби жолға түсіп, ұстаздың ал­дын көргенде де бағым жанды. Талантты тұлға Айтқали Жа­йы­мовтың бірінші шәкіртімін, шерт­пе күйдің шебері Төлеген Мом­бековтің жанында жүріп, Со­заққа барып сабақ алғам, қа­зақтың біртуары Нұрғиса Тілен­диевтің тартысын үйінде жатып үйренгенмін. 

– Кіл мықтылардың алдын көр­діңіз. Десе де, осылар­дың ішінде кім­нен сабақ ал­ғаныңызды ерекше мақ­тан тұ­тасыз?

– Әрине, Төлеген Момбеков­тің тартысын қаз-қалпында қабыл­дап, тікелей Төкеңнің өзінен үй­реніп қалғаныма мақ­танамын. Ол кісі сені әдейі үй­ретейін деп отыр­майды. Маг­нитофонымды қамдап қоямын, оны көрсе бітті, тартпай қояды. Өзі сондай мінезді адам. Қой­ныма таспамды (магнитофон) тығып аламын. Малға шөп саламыз, су береміз, ол қайда барса, мен сонда жүремін. Бірге қонып, бірге тұрамын, қасынан бір елі қалмаймын. Кейде бір ша­быты ұстайды. Сондайда, анығы күй шығаратын кезде қалжың сөзді, артық ауыз әңгімені қойып, түр-өңі өзгеріп кетеді. Сол сәт­те магнитофонымды қо­са қоя­мын. Тыңдап алған соң, тарт­қан күйлерін қайта шертемін. На­мысына тиіп әдейі қате тартамын. О кісі «Өй, мынау қайтеді?» деп қолымнан домбыраны жұлып алады да, «Міне, былай, мына жерін осылай тарту керек» деп айтып отырып, көрсетіп береді. Сол кезде үйреніп аламын. Маған да керегі – осы. 

– Демек, мықты, мінезді ұс­таздан са­бақ алуға да бір епті­лік керек екен-ау?

– Ә-ә, жөнді пайымдап тұр­сың. Шәкірт бола білудің өзі – өнер. Ұстазды таңдау – тіпті үл­­кен өнер. Өзінің бағы­тына сай­ келетін, жолын аша алатын ойы­мен, жанымен үндес іс ат­қарып жүрген адамды табу, одан табандылықпен тәлім алу ғана шәкіртті шыңдайды.

– Шертпе күй сіздің табиға­ты­ңызға жақын секілді...

– Мен төкпе күйлерді де тартамын. Алайда сол өзің айтқандай, шертпе күйлер жаныма жақын. Негізі мен өз бағытыма ертерек түс­кен адаммын. Оған да сол Шайқы түрткі болды. Бозбала ша­ғым ғой, талай төкпе күйлерді тар­тып бердім. «Серперді», радиодан үйреніп алғанымның бәрін тегі зырылдатамын. Бірде Шайқы тыңдап отырды да: «Өте жақсы тартасың. Бәрін үйреніп алыпсың. Қолың да жүрдек, сау­сақтарың да жүйрік. Бірақ бағы­тыңа бұрылу керек. Сен көп елік­теме, көп былықтырма», деп бір-ақ қайырды. Көрдің бе, әр нәрсенің басын шалма дегені ғой. «Қолыңның жүргеніне мәз болма, сенің үнің, ыңғайың Тәттім­бетке жақсы келеді» дегеніне тоқ­тадым. 

– Тәттімбетті көп зерттедіңіз. Сіз үшін жаңалық болған, біз білмейтін тағы қандай қырын аштыңыз?

– Тәттімбет – дүниеден ерте қайтқан адам, 45-ақ жыл өмір сүрді. Тәттімбеттің жүрген ауыл­дарын талай араладым, ол туралы деректер мен жазбалардың бәрін дерлік оқыдым. Осы жолда ауылдағы әңгімелерден оның ерекше тұлғалық қасиетін таныдым. Бір ауылға келіп, Тәттімбет су сұрайды. Суын ішіп көрген ол: «Мына жерде қорғасын көп екен», депті. Келесі бір ауылға барып: «Өй, сендердің ішіп отырғандарың тотияйын ғой», дейді екен. Жа­нын­да жүргендер: «Тәке, сіз не деп­ кеттіңіз?», деп қалжыңдайтын көрінеді. Бір­азымыз білмейміз, Тәттімбет – қазақтан шыққан тұң­ғыш алтын өндіруші. Туған же­рінде Түндікті дейтін өзен бар. Соның жағасына алдын ала жүні қырқылған жүз қойды сойғызып, терісін бірден өзен түбіне тасқа бастырып төсетеді. Сонда терінің түгіне ал­тын тұрады екен. Жүн де – табиғи, асыл. Асылды асыл тар­тады. Бір тәулік тұрған теріні 50-60 қызға тарақпен таратады. Сол сәттің өзінде, 1800 жылдары алтын жинаған. 

Тәкеңнің талантына таңғала­мын. Ол Романовтардың 300 жыл­­дығына Құнанбайдың орны­на барған. Құнанбай ауырып қал­ғанда, одан орнына кім баруы керектігін сұрайды. Сонда ол 25­ жастағы Тәттімбетті лайық кө­ріпті. Романовтар мен патша ағзам қабылдағанда Тәкең тіл­мәшсіз орысша сөйлеген. Ер­теңіне аудиенция (жоғары лауа­зымды тұлғалар мен ел бас­­шыларына кіруге жазылу – А.Ш.) сұрап, патшаның алдында «Сылқылдақ», «Сарыжайлау» күйлерін тартады. Әлкей Марғұ­ланның деректері бойынша, сол жерде отырған Глазунов деген орыстың композиторы Тәкеңнің шығармаларына, оның орындауына «Өте терең музыкант» деп жоғары баға береді. Ондағы жұрт қара қазақтың тілге жүйріктігіне тәнті болыпты. Ауылда жүріп-ақ тіл білген. Талант емей, немене!

– Нұрғиса Тілендиевтің үйін­­де жа­тып үйренгеніңізді айт­­­тыңыз. Ол кісі­ден қандай өне­ге алдыңыз?

– Тілендиевтің тартысында эффект басым. Тыңдаушыны елі­тіп, үйіріп әкету үшін жанын салады. Оның орындауын­да тыңдарманмен диалогқа түсу бар. Сол қол жағына қатты қы­зықтым. Пернені басқан кезде зың ете қалады. Домбыра сөй­лей жөнеледі. Ол кісінің ең ға­жап ерекшелігі – домбыра таң­дамайды, кез келгенін сайратып жібереді. Нұрекең мені «Ой, бә­ле» деп атайтын. Бір күні: «Ой, бәле, менімен үйге жүресің», де­ді. «Аға, менің оқуым, сабағым бар ғой», деп күмілжіп едім: «От­тама, жүр!», деді. Айтты, бітті. Мі­незі сондай өзінің. Дариға апайымыз шай қояды. Күйі келген соң, екі білегін сыбанады. Ті­лендиев қалай қолына домбыраны алады, түсі өзгереді. Ұша­тын қырандай кейіпке енеді. Де­міңді ішіңе тартасың. Бұл – рух. Бұрынғы күйшілер де сондай қа­лыпқа енген. Күйкі тірлікті жиып қойып, кез келген күйді әсерлі орындайды. Дүкеннің дом­быралары болады, бала-шаға сүй­ретіп жүретін. Соны алады да, сұңқылдатып жібереді. Ал­ла берген. Сондықтан мен де шә­кірттеріме «Өзің үшін емес, тың­дарманды ұйыту үшін тарт, сұлық отырмай орында» деп әр­дайым айтамын. Әлбетте, күй деген адамның жаны, оны суреттеу оңай емес. 

– Сізбен сұхбатымызға се­беп­­ші болған – күйші Әлше­кей Бектібай­ұлының кеші. Кон­цертте күйшінің «Бозін­генін» ке­ремет шерттіңіз. Оның үнін қалай сіңірдіңіз?

– Ұстазым Төлеген Момбеков Сүгір­ден сабақ алса да: «Маған Сүгір­ден гөрі Әлшекей жа­қын», деп отыратын. Содан сіңір­дім. Атақты ғалым Ақсе­леу Сейдімбек: «Әлшекей – күй­ші-компо­зитор ре­тінде Сыр бо­йын­дағы музы­калық мек­теп­тің көш басында тұрған көр­некті тұлға. Қазақтың ән өне­рінде Сыр бойының жыр­шы-жы­раулық дәстүрі қандай дара болса, күйшілік өнерде де Әл­шекейдің қолтаңбасы сондай дара», деп жазған. Менің ұғы­мымда ол – күйлері ешкімге ұқ­самайтын ерекше күйші. Тө­кеңе Әлекеңнің жақын болатыны да сол – Қаратау күйлерінің мотивтері. Ұстазым бағалаған Сыр сүлейі Әлшекейдің күйлерін алғаш­қылардың бірі болып но­таға түсіргенмін. Сондықтан кон­­­­­­цертке арнайы Алматыдан ша­қырды. 

– Күй – кие. Осы сөздің ма­ғынасын ашып беріңізші?

– Күй табиғаттан тұтас түсе­ді. Күйді ана шығармадан бір, мына туындыдан бір алып, құрап жазуға келмейді. Бірақ сөйтіп күн көретіндер, соны кәсіп қылғандар бар. Күйдің киесі болады, соны ұмытпау керек. Табиғи нәрсенің бәрінде кие болады. Табиғи дү­ниені бұзып, қолдан жасауға болмайды. 

Күйдің киесін шетелге шық­қанда анық сезіндім. Бір ғана «Сарыарқаны» 5 рет тарттық. Кез келген ұлтты ұйыта алатын құ­­ді­ретіне куә болдым. Бір қа­ра нәсілді тұрып: «Біз бұдан табын-табын жылқыны, дархан даланы, сұлу табиғатты көріп тұрмыз. Осы шығарманы жазған музыкантты көрсетіңізші», деді. Сонда Шам­ғон ағамыз күй авторының қанша ғасыр бұрын өмірден өтіп кеткенін жеткізді. Қара нәсілді тыңдарман: «Көне музыка болуы мүмкін емес. Бізге онда қалай әсер етіп тұр?», деп сенбейді. Сол кезде «Шіркін, күйдің киесі шетелдікті де жылатты!» деп күбірледім. Бағ­дарламамыз бойынша әндер бар екені айтылса да: «Жоқ, осы күйді тағы да ойнаңыздар», деп тұрып алды. «Асылымыз осы екен ғой» дедім ішімнен. 

– Енді күйдің киесі қазаққа ғана қонған ғой.

– Өте жақсы айттың. Күй­ді қырғыздар да шертеді. Олар күй­ді ыр деп атайды. Түрік­мен­дер де тартады. Кейбір ха­лық­тар­да күй секілді музыкалар бар. Бірақ солардың біреуінде, та­би­­ғаттан тұтас болып, жоғарыда айт­қа­нымдай, өз жүйесімен жеткен жанр жоқ. Бір ғана домбыраның екі шегінде қанша мың күй сақталған. Басқа сондай ұлт бар ма? Бұл да күйдің киесі. Сібірдегі ұсақ халықтар да аспаптық музыканы ойнайды. Бірақ оларда тек көңіл көтеретін, жеңіл эстрадаға жақын болып кетеді. Ал қазақтың күйі сөйлейді, әңгіме-аңыз, ой айтады, толғайды. Әр күйдің сазы, сөзі, адамға әсер ететін жолы бар. Сондықтан күйді тек дамыта беру керек. Бір өкініштісі, күй қазір қолданыстан қалып бара жатыр, адамдар күй тыңдамайды. 

– Күйдің өміршең болмай жатқа­нына күйшілердің де өз за­манын сөй­лете алмай жүр­гені себеп шығар. Бұ­рын­ғылар кез кел­ген саяси-қоғам­дық, әлеу­­­­мет­тік жайттарға күй шы­­ғар­­ды.­ Мүмкін сол жетпей жат­қан болар?

– Иә, нақ сол жетпей жатыр. Ал енді өзің айтшы, ол үшін бізге не істеу керек?

– Қоғам жан­ай­қайын жет­кі­зуге үн қосу қа­жет шығар... 

– Жөн. Алайда сөйте қояйық деп тағы кесіп айтуға келмейді. Оған да орта керек. Қоғам со­ған мүдделі болғаны абзал. Ха­лықтың ішінде күй ойнап тұруы тиіс. Бізде олай емес қой. Бір му­зыка­ны алып, таңнан кешке дейін адам­ға тыңдата берші, түбі со­ны сіңіріп алады. Мектептер ақы­рындап күйді қоңырауда қойып қоятын болды. Жақсы бастама. Бірақ бір күйді бере бергенше, қазақта 8000 күй бар, ауыстырып қою қажет. Осыны табаным тиген білім ордаларына айтып жүремін. Сол айтқанымды орын­даған бір мектепке кейін бардым. Балалардан үзілісте тыңдаған күйлердің ішінде қай­сысы ұнағанын сұрадым. Бір бала: «Бізге «Сарыарқа» ұнайды. Өйт­кені сол күй тартылғанда біз буфетке барып, бірдеңе жеп үлгереміз», дейді (күліп алды – А.Ш.). Әсер еткен ғой. Оның екпіні жылдамдықты арттырады. Көңіл күйді көтереді. Балалар қай үзілісте қандай күй берілетінін атымен жаттап алған. Міне, күй қалай тәрбиелейді! 

– Сүгір өз күйлерін іш­тен шыққан баласындай қыз­ғанып, тығылып тартады екен. Сізде де сол қасиет бар ғой дей­мін. Өз күйлеріңізді оңа­ша қал­ғанда ғана шертетін көрі­несіз...

– Мен де кез келген күйшідей күй­лерім­ді біреу орындағанын жақ­­сы көремін, қалаймын. Өзін өзі дәріпте­генді жаратпаймын.­ Жалпы «мен» деп айтуға қор­қа­тын адаммын. Оған қоса шығар­ғандарымды қазақтың алтын қо­рындағы, халықтың жадында сақталған керемет күйлердің деңгейімен қатар қоя алмаймын. Күйлерімнің әйтеуір бір жері ұнамай тұрады. Классикалардан кем көремін. Болмағанда бір тұсы жасанды болып кетеді. 

– Ол не себептен деп ойлай­сыз? 

– Тағы сол ортаға келіп, тұйық­­қа тірелеміз. Көп ұлы­лардың алдын көрмей қалдық. Өмір сүру сал­тымыз басқа ғой. Компьютерде отырамыз, тасжолмен жүреміз. Киіз үй­де ұйық­тамаймыз, қы­­мыз ішпей­міз. Осы­ның бәрі әсер ете­ді. Сондық­тан қазір күй шық­пайды. Өзім­дікін ғана емес, жаңа­дан шыққан күй­­лердің көбісін орындағым кел­мейді. Сый­лайтын, жақсы көретін әріптестер күйлерін ұсы­нады. Қолым жүр­мейді, қина­ламын. 

– Ұстазсыз. Ұстаздан озған шә­кірт­­теріңіз бар ма?

– Асылбек Еңсеповті айта ала­мын. Қазір кішкене күй орындамай, жаңаша бір бағыт тауып алыпты. Күйді эстрадаға лайық­тап жүр. Бірақ дыбысы – әсем. Кейбір дыбыстарына қайран қа­ламын. Оның саусақтарында Нұр­ғисаның үні бар. Өзіне көп айтпаймын, мақтанып кетпесін дегенім ғой. 

– Дегенмен, сіз күйді эстра­даға айнал­­дыруға қарсысыз ғой?

– Десе де, шәкірттерімнің, кейін­гі буынның алдына тұрып, қар­сылық білдірмеймін. Алайда айтамын. Өйткені табиғатын бұз­ба­ғанын қалаймын. Ал кесе-көл­денең тұрмайтыным – «әйте­уір күйді, оның ішінде домбыраны өл­­­тір­меудің жолы ғой» деген ой. Бір стадиондағы 10-20 мың адамды тыңда­туға эстраданың көмегі керек-ақ. Жар­қын шығады. Бұ­қараға жақсы. 

– Бәлкім Шоқанның «Келесі ғасыр­да­ домбыраның үні биік шығады» де­ге­­­ні осы кез шығар. Әлде ол әлі ал­да ма?­ 

– Осы кезеңге келеді. Сол уа­қытта, яғни Шоқанның ша­ғын­да қобыз көп тар­тылған. Ол­ сондықтан домбыраның үні биі­гірек шығатынын айтты. Сезген ғой. Оның үстіне Шоқан Арқаның күй­­шілерімен жақсы таныс болды. Дом­быраның болашағын солардың құді­ретінен, қасиетінен білген болар. Ал қазір қарап отыр­­сақ, қобыздан гөрі дом­бы­раның үні жиі естіледі. Қазақта ұлт­тық аспаптар жетерлік. Бірақ бәрінен дом­быра өміршең болып, халыққа кең тарап тұр. Бұл өзгелерін жоққа шы­ғару деген сөз емес, тек Шоқанның көре­гендігіне дәлел. Байқасақ, басқа емес, елімізде былтырдан бастап Ұлт­тық домбыра күні аталып өте­ді. Қобыз немесе жетіген емес, домбыра күні. 

– Құймақұлақтар бар ма қазір?

– Құймақұлақ – қазақтың қанына сіңген ең ерекше қасиет­тердің бірі. Бұл қасиет домбырашыны күйшілікке жетелейді. Шәкірттерімнің арасында құй­мақұлақтар бар екенін көзім көріп жүр. Мен көбіне күйлерді тың­датып үйретемін. Бірақ оқу бағдарламасында нота бол­ған­дықтан, оны үйретуге ту­ра ке­леді. Алдымен балаға тың­дайтын күйлердің тізімін бере­мін. «Мынаның орындауында тыңда, мынаның тартысын тың­дама», деймін. Өйткені екінші қатар­дағылар бұзады. Бұзған күйді тыңдатуға болмайды, бала бұзылады. Бір ай бұрын үздіксіз тыңдауды тапсырамын. Әуен құлаққа, бойға сіңуі керек. Сонан соң дұрыс нұсқаларының ішінен оқушының өзіне ұнағанын таңдап алып, соның нотасын беремін. 

– Газетімізде біраз бұрын дом­­быра сабағын мектепке бір­­­ыңғай оқы­тылатын пән ре­тінде енгізуді көтерген ма­қала жазып едік. Бұл бастамаға Мем­­­­­­­лекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев та Сенат спи­кері кезінде: «Дом­­быра үйрену саба­ғын мектепте факуль­­татив ретінде оқыту керек», деп қол­дау білдірген болатын. Қалай қол жеткіземіз?

– Осы сөзді кезінде Жасарал Еңсепов те айтқан. Оған же­ту үшін мектептегі музыка са­бағының са­ғатын көбейту керек. Музыка ап­тасына бір-ақ рет өтеді. Оның өзінде еш­кімнің есінде қалмайтын но­та мен әлем музыка тарихын оқытып боламын дегенше, са­ғаты бітіп қалады. Ол – ұлттық тәр­биеге, ұлттық үнімізге уақыт бөлінбеген деген сөз. Мен осы мә­селені талай көтердім. Үн жоқ қой. Мұның бәрі ­«Балық ба­­сынан шіридіге» келіп ті­ре­леді. Мәдениеттің басы-қасында жүр­­ген шенеуніктерде ұлттық музыкаға де­ген жанашырлық болуы қажет. Музы­­ка­ның үлкен тәр­бие, тіпті идеология еке­нін, оның тарихта қаншама рет қай­та­­ланғанын біле тұра, жас ұрпақты ұлттың үнімен тәуелсіздік тұ­сында, өз қо­лымыз аузымызға же­­­­тіп жатқан кезде сусындатпасақ, енді қашан істейміз? Мұның артында немқұрайдылық жатыр. Бар мүмкіндікті қолдан пайдаланбай отырғандаймыз. Домбыра телеарнасын ашып жатыр екен. Қазақтың күйлерін берсін уақыт санамай, тәуліктеп төгіп тұрсын. Дүңкілдеген музыкадан күйдің қай жері кем? Құр күйді бере бермесін, оның аңызын, әңгімесін айтып берсін. Күйдің аңызы – оның сыңары. Күйдің аңызы болмаса, күй тумайды. Сондықтан оны қалыс қалдыруға болмайды. 

– Шоқанның көрегендігі домбыра­ның үні ұлттық тәр­биеге негіз болар күн­ді меңзеді деп сенейік, аға. Сол күн­­­ді сізге де көруге жазғай. 

– Әумин, айтқаның келсін, айналайын!