25 Мамыр, 2019

Мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастары Алтайда бас қосты

1410 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекеттік тіл мәртебесі көтерілгенде біз елімізді қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз.

Мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастары Алтайда бас қосты

Алтай қаласында мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт жастарының арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты дәстүрлі форум өтті. Облыстық Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынған шараға өңірдің қала, аудандарындағы қазақ тілінде жатық сөйлейтін 18-35 жас аралығындағы өзге ұлт жастары мен тіл жанашырлары қатысты. «Бүгінгі форумға қатысып отырған жастар жыл көлемінде өткізілген түрлі байқаулардың жеңімпаздары. Облысымызда мемлекеттік тілді үйренуге барлық жағдай жасалған. 12 тіл оқыту орталықтары бар. Жыл көлемінде белсенді оқыған оқушылар тегін жолдамамен тіл лагерлеріне барады», - дейді басқарма басшысы Айдын Шаймарданов.

Жиында Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарқызы ашып, аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовтің құттықтауын жеткізді. Форумға қатысушылар мемлекеттік тілдің мәртебесі, оның қолданыс аясын кеңейту, латын қарпіндегі жаңа әліпбиге көшу үдерісі және тілдердің үштұғырлығы, мемлекеттік тілді дамытудағы жастардың рөлі төңірегінде өз ойларын ортаға салды. Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студенті Ангелина Бубнова қазақ тілін балабақша қабырғасында үйреніпті, кейін ата-анасы оны қазақ мектебіне оқуға беріпті. Ол жақында Алматы қаласында өткен халықаралық Мұхтар Шаханов оқуларында 1 орынды иеленіпті. «Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары дүниеге келген балалардың алды қазір жоғары оқу орнын бітіріп, қоғамдық өмірге белсене араласып отыр. Өкінішке қарай, олардың барлығы бірдей мемлекеттік тілде еркін сөйлей алмайды. Менің ойымша, Тәуелсіздік жылдары дүниеге келіп, тәрбие алған жастардың мемлекеттік тілді білмеуі ұят. Мемлекеттік тілді білмесек, біз Тәуелсіздіктің құрдасымыз деп қалай ұялмай айта аламыз? Мемлекеттік тілдің қажеттілігі жыл сайын артып келеді. Сондықтан да мен өз құрдастарымды мемлекеттік тілді үйренуге, осы елдің нағыз патриоты болуға шақырамын. Қазақ тілінің намысын жыртып, сөз сөйлеп жүргенімді кейбіреулер өзіне ұпай жинап жүр деп санайтын шығар. Жоқ, менің ұстанымым басқа. Мен өзімді елімнің шынайы патриоты болғандықтан мемлекеттік тілді білуге міндеттімін деп есептеймін. Қарап отырсаңыз, қазір мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылады. Демек, биыл мектепке барған бала мектепте оқыған 11 жылдың ішінде қазақша сайрап шығуы керек. Ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі 28 жыл ішінде қазақша білетін екі буынның ұрпағы мектеп бітіріп шықты. Бірақ қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айнала алмай отыр. Кейбір өз тілінде сөйлегісі келмейтін қазақ құрбыларыма жаным ашиды. Солар өз ана тілдерінде сөйлеуге ұмтылса, мемлекеттік тіл әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді», деді форумда сөйлеген сөзінде Ангелина.

 «Менің есімім – Денис, тегім – Рыков. Мен Катонқарағайдың тумасы боламын» деп форумда сөзін бастаған Алтай қаласындағы ауылшаруашылығы колледжінің студенті мемлекеттік тілмен қатар, ономастика саласына қатысты да өз ойын білдірді. «Жақында Зырян ауданы мен қаласының атауы Алтай деп қайта аталды. Мен өз елімнің патриоты ретінде бұл жаңалыққа ерекше қуандым. Мұның өзі рухани жаңғырудың нақты көрінісі. Тарихқа үңілетін болсақ, Төр Алтай, Өр Алтай деген ұғымдар тек қана Шығыс Қазақстан облысына тән атаулар дер едім. Мен өзімнің өр Алтайдың ең бір құнарлы, қары қалың болса да қысы жайлы, жазы жаймашуақ өңірінің тұрғыны болғанымды мақтан етемін. Жалпы елді-мекендердің тарихи атаулары қайтарылып, қазақшалануына үрке қарамауымыз керек. Себебі, бұл - елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің белгісі. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің бір көрінісі. Қазақстан қоғамының қазіргі рухани жаңғыру кезеңінде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қолданыс аясын кеңейту басты назарымызда болуы керек деп есептеймін. Себебі, рухани жаңғыру кілті – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде біз елімізді қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз», - дейді Денис.

Бородулиха ауданындағы Абай атындағы орта мектептің мұғалімі Виктория Макроусова жаңа әліпби туралы сөз қозғап, форумға қатысушы жастар арасында ойын түрінде тренинг өткізді. Шара соңында облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдын Шаймарданов мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үлес қосып жүрген жастарды Шығыс Қазақстан облысының  грамотасымен марапаттады.


Шығыс Қазақстан облысы,

Алтай қаласы