29 Наурыз, 2013

Қауіпті дертпен күрес алдын алғанда ғана нәтиже береді

403 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қауіпті дертпен күрес алдын алғанда ғана нәтиже береді

Жұма, 29 наурыз 2013 0:41

Алматыда  Республика сарайы алдындағы алаңқайда қала тұрғындары үшін Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған промо-акция өтті.  Іс-шара шеңберінде тұрғындар тегін флюорографиялық тексеруден өтіп,  фтизиатр мамандардан кеңес алды. Жиналғандарға туберкулез дертіне қатысты сауалнамалар таратылды. Жүлдегерлерге сыйлықтар тапсырылып, соңы концерттік бағдарламаға  ұласты.    

 

Жұма, 29 наурыз 2013 0:41

Алматыда  Республика сарайы алдындағы алаңқайда қала тұрғындары үшін Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған промо-акция өтті.  Іс-шара шеңберінде тұрғындар тегін флюорографиялық тексеруден өтіп,  фтизиатр мамандардан кеңес алды. Жиналғандарға туберкулез дертіне қатысты сауалнамалар таратылды. Жүлдегерлерге сыйлықтар тапсырылып, соңы концерттік бағдарламаға  ұласты. 

Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай өткізілген биылғы айлық аясындағы бұл іс-шараның барысында халықпен етене жақын араласып, қауіпті кеселдің кесапаты жайлы түсіндіру, алдын алу жұмыстары жүргізілді. Тағы бір айта кетерлігі, туберкулезге қарсы мекемелер өкілдерінен басқа да емханалар мен мектеп ұжымдары, өнер адамдары, туберкулезге қарсы шипажайлар мен Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының, сонымен қатар, халықаралық ұйымдар мен БАҚ өкілдерінің де күш біріктіруге ұмтылысының куәсі болдық.

Кең көлемді шара өтпес бұрын таңер­­теңгілік Туберкулез проблемалары ұлттық орталығында үкіметтік емес халықаралық ұйымдардың қолдауымен журналистер­ге арналған баспасөз мәслихаты ұйым­дастырылып, онда Қазақстандағы туберку­лездің эпидемиологиялық жағдайын мем­лекеттік, үкіметтік емес халықаралық және қоғамдық ұйымдар арасындағы қарым-қатынасты күшейту арқылы тұрақтандыру, т.б. бірқатар мәселелер сөз болды.

Ал алаңқайға тақырыптық материалдар жазылған билбордтар, тұрғындарға арналған жадынама, туберкулез ауруының алдын алу туралы ақпараттар, плакаттар қойылды. Жиынды Туберкулез проблемалары ұлттық орталығының директоры, профессор Т.Әбілдаев ашып, көктем шыға күш алатын кох таяқшасының адам ағзасына келтіретін зияны, ауруды жұқтырудың амалдары, сондай-ақ, елімізде туберкулезден сырқаттану деңгейінің төмендеп отырғанына тоқтала келе, бүгінде құрт ауруының алдын алу және емдеу 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақ­стан» денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып табылатынын жеткізді.

– Егер біз осыдан бес жыл бұрын осы дерт бойынша көшбасшы елдердің қатарында тұрсақ, бүгінгі таңда елімізде қарқынды жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде, бұл көрсеткішті төмендетуге қол жеткіздік. Туберкулез тек жұқпалы ауру ғана емес, әлеуметтік дерт. Осыған орай сырқаттарды әлеуметтік қолдау мәселелері де қолға алынуда. Мәселен, 2011 жылы 257 млн. теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілсе, 2012 жылы бұл сома 335 млн.-ға жетті, – деді Тілеухан Әбілдаев.

Акцияны ұйымдастырушылардың бірі Алматы қалалық туберкулезге қарсы күрес диспансері ұжымы әкелген Флюкар рентген-флюорографиялық жылжымалы сандық КРФ-112 кешеніне қала тұрғындары келіп, түсіп жатты. «Жастар денсаулықтарына соншалықты мән бермей жүре береді ғой. Балам екі айдан бері жөтеліп жүрген. Студенттердің емханасына бар десем, кезек көп деп түсе алмай келіпті. Осындай акция жүріп жатқанын естіп, баламды ертіп әкеліп, рентгенге түсірдім әрі арнайы маманға көрсетіп алдым. Рентген қорытындысы бір-екі ән тыңдағанша дайын болды. Балам құрт ауруынан таза болып шығып, көңілім орнына түсіп кетіп барамын,  деді өзін зейнеткермін деп та­ныс­тырған Гүлжауғаш Алтынбекова апай.

Сондай-ақ, аталмыш іс-шара аясында Алматы қаласы бойынша дәрігерлер арасында өткен «Туберкулез туралы ең үздік білімге ие» атты байқаудың жеңімпаздарын құттықтап, бағалы сыйлықтар тапсырды.

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».