20 Сәуір, 2013

Бүйрек алмастырғандардың жағдайы жақсы

562 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүйрек алмастырғандардың жағдайы жақсы

Сенбі, 20 сәуір 2013 0:36

Шымкенттік дәрігерлердің Оңтүстік Кореядан келген мамандармен бірлесіп бүйрек трансплантациясын жасағанынан жұртшылық хабардар. Мұны тұрғындар ақжолтай жаңалық деп қабылдауда. Өйткені, мұндай күрделі операциялар Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда ғана жасалып келсе, енді аймақтар арасында Шымкентте мүмкін болып отыр. Бұл бірінші кезекте өңір медицинасының халықаралық стандарттарға өте бастағанының, облыстық денсаулық сақтау басқармасының жүйелі жұмыстары жоғары деңгейде екендігін де танытады. 

Сенбі, 20 сәуір 2013 0:36

Шымкенттік дәрігерлердің Оңтүстік Кореядан келген мамандармен бірлесіп бүйрек трансплантациясын жасағанынан жұртшылық хабардар. Мұны тұрғындар ақжолтай жаңалық деп қабылдауда. Өйткені, мұндай күрделі операциялар Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда ғана жасалып келсе, енді аймақтар арасында Шымкентте мүмкін болып отыр. Бұл бірінші кезекте өңір медицинасының халықаралық стандарттарға өте бастағанының, облыстық денсаулық сақтау басқармасының жүйелі жұмыстары жоғары деңгейде екендігін де танытады. 

Біз бүйрек ауыстыру отасы жасалған Шымкент жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Мәди Биғалиевке жолығып, осы тақырыпта әңгіме өрбітуін өтінген едік.

– Мәди Қожаұлыбүйрек трансплантациясы секілді өте күрделі отаныңОңтүстікте қолға алынуы талай науқастың жүрегіне үміт отын  жаққаныдаусызБұл операцияға қатысуға жергілікті дәрігерлер даяр болды ма,әлде сол жолы алғаш рет қатысуға мүмкіндік алды ма?

– Мұндай ота бұған дейін Алматы мен Астана қалаларында жаса­лып келді. Енді, міне, бүйрек трансплантациясының алғаш рет Шымкентте жүзеге асырылуы сөз жоқ, үлкен жетістік екені дау­сыз. Игі бастаманың жүзеге асуына тікелей қолдау көрсеткен облыс әкімі Асқар Мырзахметовке жүрек­жарды алғысымды білдіргім келеді. Себебі,  халық санының көп әрі тығыз орналасқанымен ерекшеленетін Оңтүстік өлкесінде бүгінгі таңда 300-ге жуық науқас бүйрек жетіспеушілігі бойынша есепте тұр. Асқар Исабекұлының қолдауымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов, анестезиолог маман және мен Оңтүстік Кореяда тәжірибе жинақтап, біліктілігімізді арттырып келдік. Маусым айында оңтүстіккореялық трансплантолог мамандар тағы да Шымкентке келіп, бірнеше науқастың бүйрегін алмастырады деп күтілуде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Оңтүстік Кореядағы Анам госпиталінің дәрігер­лерімен келісімшартқа қол қойды. Сол келісім негізінде Кван Тэ Пак бастаған дәрігерлер маусым және қыркүйек айларында Шымкентке келуі тиіс. Облыстық әкімдік бар шығынды өз мойнына алып отыр. Елбасы айтқандай, Шымкенттің үшінші қала атануына біз өз үлесімізді осылайша қосып келеміз. Бүйрек трансплантациясымен қатар алдағы уақытта бауыр алмастыруды да қолға алуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, жалпы трансплантация саласын дамытуды қолға алуымыз керек. Бүгінгідей ғылымның, техниканың дамыған дәуірінде жоғары сапалы медициналық көмекке қол жеткізу өркениетті елдердің белгісі деп ойлаймын.

– Жалпы елімізде жылына қанша бүйрек трансплантациясы жасалады?

– Былтырдан бері республика бойынша бүйрек трансплантациясы бойынша 54 ота жасалса, соның төртеуі біздің облыста іске асты. Бұл үлкен жетістік. Егер трансплантация саласын аурухана жүйесінде дамытатын болсақ осыған сәйкес етіп зертхана, жансақтау бөлімі, технология саласы да дамуы тиіс. Ол үшін медицинаның соңғы жетістіктері – жаңа құрылғылар, өндіріске жаңадан енген дәрі-дәрмектер, жаңа мамандар да көбейетіні сөзсіз. Анестезиолог-реаниматолог мамандарын да даярлауды жетілдіру қажет. Бір ғана дәрігер трансплантацияны жүзеге асыра алады деп айту қиын. Кешенді ем жүргізуді қажет ететіні айтпаса да түсінікті.

– Донор мәселесі қалайша жүзеге асырылудаОсы жағына да тоқтала кетсеңіз.

– Трансплантация іске асқан соң, әрине, донорлық мәселені де дамыту қажет. Себебі, кей кездері науқасқа етжақындарының да бүйрегі сай келе бермейді. Барлық жағдайда сәйкестік бола беруі екіталай. Сол үшін «өлі» донорларды тартуды дамыту керек деп айтар едім. Медициналық тұрғыдан келер болсақ адам өміріне араша түсу үшін ондай қадамға баруға болады. Бүгінгі таңда жалпы, тіндер мен мүшелерді ауыстыру медицина саласының ең ірі жетістігі болып отыр. Әлемнің озық мемлекеттерінде мүше трансплантациясын жасау кең қолданысқа ие. Біздің елімізде А.Н.Сызганов атындағы хирургиялық ұлттық орталығында көп жылдан бері бүйрек трансплантациясы сәтті жүргізіліп келеді. Енді міне, мұндай күрделі операция Шымкентте де іске асуда.

– Мүше трансплантациясы жайында біз не білеміз? Бір адамның мүшесін екінші адамға ауыстыру қауіпсіз емес пе? Бұл мәселеге қоғам қалай қарайды?

– Қарапайым тілмен жеткізер болсақ, мүше трансплантациясы бір адамның мүшесін екінші адамға ауыстыру дегенді білдіреді. Яки донордың өз келісімімен өзге адамға мүшесін беруі. Осы орайда атап өту керек, жал­пы, бүйрек трансплантациясына тірі адам донор бола алады. Ал, жүрек, бауыр сияқты дене мүшелері белгілі бір жағдайда көз жұмған адамнан ғана алынады. Және де бүйрегін берген донордың алдағы уақытта денсаулығында қандайда бір қиындық болмайтынын айтқым келеді. Негізінде өзге біреуге тәннің бір бөлшегін беру бір қарағанда қисынсыз сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, емнің бұл түрі әлемнің көптеген елдерінде қолдауға ие. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешіміне сәйкес әлем бойынша трансплантациялық отаға донор атануға рұқсат беру екі заңдық үлгіде жүзеге асады. Бұл келісім арқылы немесе келісімсіз презумпциясы арқылы донор болу. Келісім беру презумпциясы – адам тірі кезінде ағза мүшелерінің трансплантациясына қарсы, қарсы еместігін жарияламағандағы жағдай. Яғни адам көз жұмған жағдайда оның ағзалары туған-туысқандарының келісімінсіз донор ретінде пайдаланылады. Испания, Австрия, Бельгия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Германия сынды мемлекеттерде дәл осы келісім беру презумпциясы қолданылады.

Негізі бізде де ондай заң қарас­тырылған. Егер консилиум арқылы науқасқа «ми өлімі» (смерть мозга) диаг­нозы қойылса, оның жарамды дене мүшелерін өзге науқастың саулығы үшін ауыстыруға болады. Ол үшін марқұмның екі туысы келісімін беруі тиіс. Егер туысы келісім бермеген жағдайда оны пайдалануға дәрігердің құқы жоқ. Мысалы, бір кісі жол апатына ұшырағанда дәрігерлер оған миы істен шыққаны туралы шешім қойылса, оның зақым келмеген мүшесі донорлыққа алынады. Сөйтіп, дереу сараптама жасалады. Арнайы картотека түзіледі. Түрлі ағзаларға кезекте тұрғандардың қайсысына сай келсе, соған салып береді. Бұл талқыланбайтын мәселе. Өкінішке қарай біз әлі мұндай жағдайға жеткен жоқпыз. Біз қазір тек туыстық донорлықты дамытып жатырмыз. Трансплантацияда барлық мәселені тек медицина шешеді деп айту қиын. Медицинадан өзге заң, дін, мораль жағы бар дегендей. Әуелі бәрі заңды болуы тиіс. Және де діни көзқарас жағынан келіспеушілік туындамауы керек. Бір адамның мүшесін басқа адамға салу қазақы менталитетке, мұсылмандарға сай емес деген түсі­нік бар. Осы тұста қоғамның да атқарар рөлі зор екенін айтқым келеді. Сондықтан трансплантация мәселесі дұрыс шешім табуы үшін үгіт-насихат жұмыстарын жасап, қоғамдық пікір қалыптастыру да дәрігерлерге үлкен көмек болатыны сөзсіз. Мәселен, Испанияда мүше трансплантациясына көзқарас соңғы 4-5 жылда күрт өзгерді. Насихат жұмыстарының арқасында қоғам аталмыш ота түріне қалыпты қарайды. Бұқара көп жиналатын орындарды түрлі жазулар, лозунг ілініп қойылады екен. Әлемнің дамыған елдерінің қатарына ілігу үшін медицинаның озық жетістіктерін пайдаланып, қолға алуымыз керек. Бұл қалыпты мәселе. Тек ел арасында тиісті үгіт-насихат жұмыстары жүргізілу керек. Адамдардың науқас жанға өз ағзасының бір мүшесін беруге келісуі – өзгеге жаңа өмір сыйлау, өмір жасын ұзарту екенін түсінсе дейміз. Бірте-бірте маман жағынан, техника жағынан ешбір кедергі болмайтынына сенемін. Қазірдің өзінде біздің аурухана жүйесі соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Жақында 390 миллион теңгеге рентген ангиографиялық жабдығын сатып алдық. Бұл құрылғының бірі Астанада Президент клиникасында және екіншісі осы Шымкент жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының базасында бар. «Scenaria» деп аталатын компьютерлік томограф адам ағзасын 64 түрлі кескінмен көрсете алады. Сол арқылы біз науқастың диагнозын анықтауда бірқатар жеңілдіктерге ие болып отырмыз.

Әңгімеңізге рахмет.

 Әңгімелескен

Жанерке ЖҮСІПБЕКОВА.

 ШЫМКЕНТ.