Тарих • 31 Мамыр, 2019

Ілияс Қозыбаевтың «Қазақстандағы үлкен террор» атты монографиясының тұсаукесері өтті

1247 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай көрнекті тарихшы-ғалым Ілияс Манашұлы Қозыбаевтың орыс тілінде жазылған «Қазақстандағы үлкен террор» атты монографиясының тұсаукесер рәсімі өтті.

Ілияс Қозыбаевтың «Қазақстандағы үлкен террор» атты монографиясының тұсаукесері өтті

Мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар қатысқан іс-шара саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір сәт үнсіздікпен еске алудан басталды.

«Біздің парызымыз – осы аза тұту күнін атап өту. Себебі өткенін ұмытқан ұлттың болашағы да жоқ.

Құрбандардың топырағы торқа, жаны пейіште шалқысын!

Біз, бүгінгі ұрпағының болашағы үшін алтын жанын пида еткен құрбандардың өшпес рухына мәңгі басымызды иеміз!

Біз қазақты жер бетінен жойып жіберу үшін қасақана жасалған аштықты, геноцидті, репресияны ешқашан естен шығармаймыз!

Өйткені, бәріміз репрессия құрбандарының ұрпағымыз!»-деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА акдемигі Ерлан Сыдықов.

Әрі қарай күн тәртібіндегі мәселеге ойысып, бүгін елімізде тарихи маңызы жоғары күн  екенін, 31 мамыр – Қазақстанда 1997 жылдан бастап саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде аталып келе жатқанын айта келіп, ақын Жұбан Молдағалиевтың «Мен – қазақпын» өлеңінен үзінді келтірді.

Ерлан Бәтташұлының айтуынша, ақын жырлағандай қазақтың басынан өтпеген зұлмат кемде-кем: 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 103 мыңнан астам  адам қуғын-сүргiнге ұшыраған. 25 мыңнан астам адамға үштiк соттың ең жоғары үкiмі – ату жазасы шығарылып, мәңгiлiкке көз жұмған.

–Бiздiң елiмiзде сол террордың ауқымын мына бiр дерекке қарап-ақ бағамдай беруге болады, -дейді Ерлан Сыдықов. – 1938 жылдың тек 25 ақпаны мен 13 наурызы аралығында ғана әскери алқа Қазақстанның барлық басшыларын – 650 тұлғаны ату жазасына кескен.

Айтылған әңгімелер мен келтірілген деректерді толқымай тыңдау әсте мүмкін емес. Сондықтан біз де академиктің сөзін қысқартпай, барынша толық беруге тырыстық.

–Ұлтымыз толығымен көшбасшысыз қалды. Ұлттың бетке ұстар асылдары тегiс жойылды,-дейді Ерлан Бәтташұлы. – Қараңыз, бар-жоғы 18 күннiң iшiнде-ақ әскери алқа соты шындықты белден басып, жаламен атқандары қаншама.

Осы бір зобалаң кезеңнің жаңғырығы мәңгі ел жадында. Талай бейбіт отбасының оты өшіп, ана жесір, бала жетім қалды. Сол жылдары қан ішіп, қара жамылмаған қазақ отбасы жоқтың қасы.

Осы тақырыпқа қатысты оқиғаларды біз бірде «саяси қуғын-сүргін құрбандары», бірде «террор», енді бірде «репрессия» деп атаймыз, менің ойымша, бұл – тұтас бір ұлтқа жасалған нағыз геноцид, ұмытылмас, кешірілмес тарихтың ақтаңдақ беті дер едім.

Бұл тақырып әлі толық ашылған жоқ. Бұл оқиға туралы талай кітаптар жазылып, зерттеулер жасалып, фильмдер түсірілсе де артықтық етпейді.

Саяси-қуғын сүргін тақырыбы тарих ғылымы үшін  толыққанды баға беруді әрі жаңа іргелі зерттеулерді талап ететін өзекті бағыт.

Біз әлдекімді немесе тарихты кінәлағымыз келмейді. Біз тек шындықты білгіміз келеді. Тарихи шындықты анықтап, мән-жайға қаныққымыз келедi.

Бiз жау iздеудi мақсат тұтып отырған жоқпыз. Мақсатымыз – өзiмiз де, кейiнгi ұрпақтарымыз да бар шындықты бiлу үшiн нағыз тарихты қағаз бетiне түсiру.

Бүгін біз осы бір тарихи күнге орай бас қосуымыздың тағы бір бір себебі – белгілі тарихшы-ғалым Ілияс Манашұлы Қозыбаевтың авторлығымен шыққан «Большой террор в Казахстане» атты монографиясының дәл бүгін тұсау кесерінің өтуі де заңдылықты.

Себебі Ілияс Манашұлының бұл еңбегі саяси репрессия мәселесін зерттеудегі жоғарыда атап өткен талаптарға жауап беретін іргелі зерттеулердің бірі.

Монография Ілекеңнің ұзақ жылғы жұмысының жемісі. Кітап ғылыми қауымдастықтың тарапынан жоғары бағасын алады деп ойлаймыз. Біз үшін бұл еңбектің университеттің «Отырар ктіапханасы» ғылыми орталығында орындалуы зор мәртебе.

Қадірлі Ілияс Манашұлы, еңбегіңіз жемісті болсын, Сіздің қаламыңыздан әлі де ауқымды зерттеулер күтеміз. Жаңа кітабыңыз құтты болсын!-деп түйіндеді өз сөзін академик Ерлан Сыдықов.

Сондай-ақ жиында ЕҰУ тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов «І.Қозыбаевтың монографиясы – Қазақстандағы саяси репрессия тарихына жаңа көзқарас», ЕҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Светлана Ковальская «Қазақстандағы саяси репрессия кезеңінің дерекнамасы», ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер «Бәріміз репрессия құрбандарының ұрпағымыз» тақырыбында баяндама жасап, тағы да басқа белгілі ғалымдар өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Басқосуда профессор Ілияс Қозыбаев оқырманға арану сөзін айтып, модератор, ҚР ҰҒА акдемигі Дихан Қамзабекұлы жиынды қорытты.  

Іс-шара соңы  естелік суретке түсумен аяқталды.