Атырау облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айдар Нұралиевтің айтуынша, МЖӘ іске асыруда проблемалар бар. 2017 жылдан бері басқарма 60 жобаны талдаған, жүзеге аспай қалған жобалар да бар.
Мұнайлы аймақтағы 8 жобаның жетеуі бірінші санатқа, біреуі екінші санатқа жатады.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен мемлекеттік – жекеменшік әріптестікті дамыту мәселесі бойынша кеңесте Айдар Нұралиев жергілікті инвесторларды, ауыл кәсіпкерлерін кеңірек тарту қажет екенін айтып, мысал ретінде осындай жұмыс жүріп жатқан Қызылорда облысын келтірді. Таяу арада басқарма мемлекеттік қызметшілерді МЖӘ тетігіне үйретеді.
- Жобалардың әлеуметтік тиімділігі айқын. Мәселен, фото-бейне тіркеу жобасын іске асыру жолда да, қоғамдық жерлерде де азаматтардың қауіпсіздігін күшейтеді,-деп атап өтті аймақ басшысы.- Қазір осы жоба бойынша бізде 759 камера іске қосылған. Тағы 774 дана камера орнату жоспарланып отыр, сондай-ақ, 51 жол қиылысы мен 153 жол учаскесі жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын фото-бейне тіркеу камераларымен қамтамасыз етіледі.
Көшелерді жарықтандыру жобасы да маңызды. Бүгінде облыс орталығының жүздеген көшелері жарықтандырылған. Энергия үнемдеу технологиялары қолданылғандықтан, оларды пайдалануда қазына қаражаты үнемделеді.
- Осы жұмысты жалғастыру, соның ішінде, үшінші санат бойынша іске асатын жобаларды көбейту қажет. Яғни, кәсіпкерлер өздері салған нысандар санын ұлғайтып, оларды мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз ету керек,-деді Нұрлан Ноғаев.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, денсаулық сақтау басқармасы да МЖӘ арқылы үш жоба жүзеге асырған, олар- екі медициналық мекемені сенімді басқаруға беру және өкпе туберкулезін ерте диагностикалау бойынша іс-шаралар кешені. Тағы үш жоба іске асырылу кезеңінде. Ал, 2023 жылға дейін 13,1 млрд теңгеге оншақты жобаны іске асыру ұсынылып отыр, олардың қатарында дәрігерлік амбулаториялар, ауруханалар, жас мамандарға арналған жатақхана, медицина колледжі спорт кешенінің құрылысы бар.