Аймақтар • 03 Маусым, 2019

«Жылқышы» дипломы керек пе?

1269 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Биыл мамыр айында Орал жоғары аграрлы техникалық колледжінде түрлі саладағы жыл­қы­шы мамандарын даярлайтын алты ай­лық курс ашылды. Мұнда дәстүрлі қазақ мал шаруа­шылығындағы жылқы бағу әдістері, қымыз дайындау, жайы­лым­ды тиімді пайдаланудан бастап, мал те­рісін, сүйегін, тіпті тезе­гін тиімді жарату тәсілдері үйретілмек.

«Жылқышы» дипломы керек пе?

«Жылқышы – мәртебелі мамандық» деп бастасақ, мақа­ла­мыз сонау кеңес кезеңінің сарынына ұқсап кететін сияқты. Бірақ белгілі атбегі, ауыл ша­руа­­шы­лығы ғылымдарының кан­ди­­даты, «Ұлттық тағам» өнді­рістік коопе­ративінің же­тек­шісі Алтай Зинуллин мұны шын көңі­лімен айтады. Жоғарыдағы жобаны ұсы­нып, дәстүрлі қазақ жылқы­шы­ларын дайындауға мұрындық болып отырған да өзі. 

Бір қызығы, Алтай аға­мыз­дың айту­ынша, жоғарыдағы ақылы курсқа оқуға ынта біл­ді­­рушілер қатаң іріктеуден өтпек. Мәселен, бола­шақ жыл­қы­шының арақ ішуіне, темекі тартуына, малға қол кө­теруіне, боғауыз айтуына қа­таң тыйым салынады.

– Аға-ау, мұныңыз заңға том­­пақ емес пе? Шылым шеге­тін­­дердің арасында да жақсы адам­дар бар ғой, – деймін әзілге шап­тырып. 

– Бауырым, білесің бе, біз­дің планетамызды жайлаған эко­­логиялық тұрақсыздық пен жем­қорлықтың алдын алу үшін қазақ­тың ата кәсібі мен ұлттық тех­нологиясы қажет! Соңғы 80 жылдың ішінде адамзаттың эко­ло­гиялық мәдениетсіздігі шегіне жетті. Бұдан әрі тәубеге келмесек, адамдар жер бетінен өзін өзі құртып жібереді. Адам қолымен жасалған экологиялық апаттарды қайталай берудің заманы келмеске кетті. Алланың мейірімі шек­сіз болғанымен, бізге мекен болған Жұмыр жердің ре­сурсы шексіз емес екенін түсі­нетін уақыт келді, – деп Ал­тай аға ұзақ әңгімені бастап кетеді. Бүкіл саналы ғұмырын осы салаға арнаған білікті ға­лым әрі әлі күнге ат үстінен түс­пе­ген практик жылқышы аға­­мыздың дәйекті пікірлері тың­­даған жанды үйіріп алады. Таби­ғатпен етене өмір сүрген көш­пелі халықтардың дәстүрлі дүние­танымын, салт-санасын жетік білетін А.Зинуллин осы тақырыпты терең зерттеп, кітап шыға­руға да дайындалып жатыр екен. «Экологиялық мәдениет әр адам­ның өзінен басталуы керек» дейді ғалым.

Тезек технологы

Сонымен Орал жоғары аграрлы техникалық кол­лед­жін­де қан­дай мамандар дайындалады?

– Қазақтың дәстүрлі мал шар­уа­­шылығында жылқы малы дала­­да еркін бағылады. Мұны «үйір­лі жылқы шаруашылығы» деп атаймыз. Одан кейін сауын бие­лерді бағатын жылқышыға қойы­латын да ерекше талаптар болады. Сондай-ақ атқорада ұста­латын жылқылардың күтімі бір бөлек. Бұған ұлттық ат спортына жататын көкпар, теңге алу, т.б. сан түрлі саладағы аттар­ды жатқызамыз. Міне, біз жыл­қышының осындай үш бағы­тын жеке-жеке да­йындаймыз. Одан бөлек «Бие сауушы опе­ратор», «Қымыз шебері», «Зертханашы», «Ат туризмі нұс­қаушысы», «Ат бапкері» маман­дықтарымен қоса, жүн, тері, сүйек, тіпті тезекті де әжет­ке жаратушы технологтар осы жарты жыл­дың ішінде оқып-үйре­ніп шығады. Айта кетейік, алты айдың басым бөлігі прак­ти­калық бағытта, тікелей жылқы шаруа­шылықтарында өтеді, – дейді А.Зинуллин. 

– Біз алғашқы курсты коллед­ж­­д­ің ветеринария, зоотех­ника бағытында оқып бі­тір­­гелі жатқан 4-курс студент­терімен бас­та­сақ деген ниет­те­­міз. Әри­не таңдау олар­дың өзі­нен болуы тиіс. Кол­ле­дж жа­нындағы ресурстық орталық тара­пынан ашылғалы отырған алты айлық курстың оқу құны – 30 мың теңге. Қазір біз үш­жақ­ты келісімшарт әзірлеп, оқу жоспарын құрып жатырмыз. «Жайылыс алқаптарын қалпына келтіруші», «Жайылыс ал­қап­тарының маршрутын жасаушы», «Жайылыс ал­қап­­тарының эко­логиялық жағ­дайын қада­ға­лау­шы», «Жайы­лыс алқаптарын тиімді пайда­ла­нушы» секілді мамандарды да даярлауға дайынбыз. Курс соңында бітірушіге мемлекеттік үлгідегі сертификат беріледі, – дейді колледж дирек­то­рының оқу-өндірістік жұмысы бо­йын­ша орынбасары Бауыржан Ысқақов.

Бауыржан Балтабайұлының «шартқа қол қоюшы үш жақ» деп отырғаны – Орал жоғары аграрлы техникалық колледжі, Алтай Зинуллин басқаратын «Ұлт­тық тағам» өндірістік ко­опера­­тиві және осы мамандар­ды қажетсініп, жұмысқа шақы­рып отырған шаруа қожалығы. Курс құнын, яғни 30 мың теңгені де осы шаруа қожалығы төлейді. Кур­ста оқушы сабақтың алғаш­қы күні­нен-ақ тұрақты қыз­мет­ке орна­ласты деуге болады. Өйт­кені оқушы курсқа әу бас­тан-ақ шаруа қожалығының жол­дамасымен келеді. Курстың прак­тикалық кезеңінде оқу­шы­ның жатын орны мен тамағы, тіпті еңбекақысы қожа­лық есебінен болады. Сон­дық­тан келісімшартта курс аяқтал­ған соң жас маманның осы шаруа­шы­лыққа міндетті түрде келуі анық көрсетілген. Яғни, оқып алып жұмыс таппай сенделіп жүру деген болмайды.

– Алтай аға, басқасы бас­қа, «тезек технологы» дегенде кішкене асырып айтып жі­бер­ген жоқсыз ба? – деймін көңіл­де­гі күмәнімді білдіріп.

– Айтсам сенбейсіз-ау, Ресей Федерациясында жылқы тезе­гі­нен жасалған органикалық қиыршықтың 1 килограмы – 350-400 рубль тұрады. Біздің ақшаға шаққанда 1,5-2 мың теңге шығады. Жылқы тезегін, оның аяғының астында тапталған шөп-шаламын арнайы өңдеп, гельменттер мен паразиттері өлуі үшін 60 градусқа дейін қыздырып, сосын гранул-қиыршыққа айналдырады. Міне, осы қиыршық бау-бақша шаруашылығына, тіпті мал жайылымын тыңайтуға таптыр­майтын тыңайтқыш. Оның ылғал сақтағыштығы кере­мет, құрамындағы табиғи калий мен кальций топырақ қабатын тыңайтып, өсімдікке өте қолайлы жағдай жасайды. Біз жылқы шаруашылығымен айналысатын қожалықтарда қымыз өндіретін, тері мен сүйек өңдейтін шағын цехтар ашуды да қолға аламыз, – дейді ғалым. 

Кейін интернетті ақтарып, орыс тілінде «Конский навоз в гранулах» деген тақырыпта талай материал таптым. Алтай аға алдамапты.

Ең төменгі жалақы – 150 мың теңге

– Осы жерде бір мәселе бар – ақылы курста алты ай оқып, сертификат алған соң ауылға барып мал бағамын дейтін жанкештіні қайдан табамыз? 

– Мұның жолы оңай, – дейді А.Зинуллин. – Жылқышының еңбегі әділ бағалануы керек. Мәселен, біздің кооперативпен әріптес болып жүрген жылқы шаруашылықтарында жылқышының ең төменгі жалақысы – 150 мың теңге. Категориясы көтерілген са­йын жылқышының жалақысы да жоғарылайды. Уақытымен демалады, жылқыға кезегімен шығады. Жылына бір айлық еңбек демалысы болады. Яғни, еңбек заңдылықтары қатаң сақталады. Шаруа қожалығы басшыларына қоятын қатаң талабым – жылқышы тек қана өз қызметімен, бие сауу операторы өз қызметімен, қымыз шебері өз жұмысымен айналысады. Бір адамды барлық жұмысқа жегуге қатаң тыйым салынады. Міне, осындай жағдайда мал бағуға құлшынып шығатын адам табу оңай болады...

Алтай Зинуллиннің айтуынша, 100-150 бие сауылатын бір фермаға кемінде 18 адам жұмыс қолы керек. Дәл бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында жылқы шаруашылықтары мен ондағы автоматтандырылған қымыз цехтарына кемінде 100-ге жуық маман қажет. Мал тұқымын асылдандырумен айналысатын зоотехниктер, денсаулығын қадағалайтын веттехниктер де жетіспейді. Мұндай мамандарға көршілес Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан да сұраныс бар. Сондықтан Оралдан оқып шығатын мамандар жерде қалмайтынына ғалым күмәнсіз сеніп отыр. 

Алтай ағаның айтуынша, бүгінде облыстағы 180 шаруа қожалығында жылқы бар. Оның 15-ке жуығы – асыл тұқымды жыл­қы шаруашылығы. Бәрі­не мал дәрігері де, селек­цио­нер-зоотехник те керек. Бұл қызметкерлерге тұ­рақ­ты әрі көтерме жалақы тө­леу үшін жылқы өнімдерін өңдеу, ең алдымен қымыз цехын ұйымдастыру қажет. Әйт­пе­се тек қана ет сатып, шаруа­шылықты ұстап отыра алмайсыз.

Ғалым өңірде жылқы санын көбейтіп, даланы қыл­құй­рыққа толтырып отырған шаруашылықтармен тығыз жұ­мыс істейді. Мәселен, Ақ­жай­ық ауданындағы «Ернұр Ж.» шаруа қожалығының иесі Жанғабыл Сатпаевта – 1500-дей, Болат Аткеевте – 1300-дей, бөкейордалық Мырзабай Боранбаевтың бағымында 700-ге жуық, Пшеничныйда – 1000 бастай жылқы бар екен. Мырзабай Нұрлыбайұлы авто­мат­тандырылған қымыз фермасын қолға алғанына бірер жыл болған. Мұнда жылқылар арнайы аппаратпен сауылады, барлық жұмыс тізбекті жүйеге қойылған. Күн сайын 500 литр­ге жуық сүт алынады. Алтай Зинуллиннің өзі Сырым ауданына қарасты Ақырап ауылында «Көшімбет» шаруа қожалығын ұйымдастырып, қымыз фермасын ашуды көздеп отыр. 

– Бүгінде Ақтөбе облысында жылқы өсіретін «Қазақ асылдары», «Арман» атты ірі шаруа қожалықтарымен, Маңғыстау облысының Бейнеу және Шетпе елді мекендерінде екі шаруа қожалығымен тығыз қарым-қатынастамыз. Олар да біз дайындайтын жылқышы мамандарына зәру, – дейді Алтай аға. 

Жылқышы – бренд мамандық

Орал жоғары аграрлы тех­ни­­калық колледжінің директоры Серік Мұхамбетәлиев сан ғасыр бойы ата-бабамыз қа­лып­тастырған дәстүрлі кәсіпті заманауи мамандық ретінде көргісі келетінін жасырмайды.

– Біздің колледж – 85 жыл­дық тарихы бар іргелі оқу орны. Бірақ жаңа мамандыққа оқыту, бұрын оқу жоспарында мүлдем жоқ мамандықтың теориясын жасау, сабақ жоспарын дайындау оңай емес. Дайындық жұ­мысын бастағанымызға екі айдан асты. А.Зинуллин аға­мыз колледждің базасын, биологиялық, химиялық сараптама жасайтын зертханаларды аралап көріп, риза болды. Біз ертең колледж қабырғасында дайындалған мамандардың білік­тілігіне сөз келмеуіне, яғни өз имиджіміздің түс­пе­уіне де мүдделіміз. Сон­дық­тан бұл іске үлкен жауап­кер­шілікпен кірістік, – дейді С.Мұхамбетәлиев. 

Айтпақшы, жаңа мамандар да­йындау ісіне А.Зинуллиннің жетек­шілігімен ізденуші ға­лым­дар – Оралдағы ҚазИИТУ оқу орнындағы Экология және тіршілік қауіпсіздігі кафед­ра­сының аға оқытушысы, менеджмент магистрі, аға ғы­лы­ми қызметкері, «Қымыз және жылқы етін өндіруде иннова­циялық технологияларды енгізу» ғылыми жобасын жүргізуші Балсекер Нұрғалиева мен осы кафед­ра­ның аға оқытушысы, аға ғылыми қызметкер, «Балалар тағамдарына арналған эко­ло­гиялық таза бие сүтін өн­діру» жобасын зерттеп жүр­ген Мөлдір Сүкенова да атсалысады екен. Жылқы шаруа­шы­лығында практикалық ғы­лы­ми жұмыспен айналысатын ғалымдармен қоян-қолтық бірге қызмет ету жас мамандар үшін баға жеткісіз мектеп болары анық.

Экологтар дабыл қағуда – бүгінде Қазақстанда мал жайы­лымдарының 48%-ы пайда­лануға жарамсыз болып қалған. Кеңес өкіметі кезінде Қазақ­станда небәрі 1,7 млн жылқы болса, қазір сәл-пәл өсіп, 2,3 млн басқа жетіпті. 

– Қазақстанның 182 миллион гектар жайылыс алқабын үй және дала жануарларына еш зиян келтірмейтін әдістерді қолдана отырып, үйірлі жылқының басын 15-18 миллионға жеткізуге толық мүмкіндігіміз бар. Бұл ғылыми тұрғыдан әбден зерттелген мәлімет. Осы арқылы тағы бір мәселені – ұлттық экологиялық таза тағамдардың жалпы халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз етер едік, – деп армандайды атбегі ғалым.

Алла қосса, бұл арманның алғашқы баспалдағына Алтай аға аяқ салып тұр. «Сертификатты жылқышылардың» алғашқы курсы Орал қаласында мамыр айында басталды.


Батыс Қазақстан облысы