Президент • 04 Маусым, 2019

Жұмыс орындарын ашуда бизнестің маңызы жоғары

1237 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Жамбыл облы­сына келді. Әуелі Мемле­кет бас­шысы «Қазфосфат» жауап­кер­ші­лігі шектеулі серіктестігінің «Ми­не­ралды тыңайтқыштар» зауыты­на атбасын бұрып, аталған кәсіп­орын­ның тыныс-тіршілігімен танысты.

Жұмыс орындарын ашуда  бизнестің маңызы жоғары

Қазақстан Республикасының Ин­дустрия­лық-инновациялық даму мем­­­ле­кеттік бағдарламасының шең­берін­де жүзеге асырылған химия зауыты ауыл шаруашылығы үшін фтор­сыздан­ды­рылған минералды тыңайтқыш шыға­рады. Президентке өндірістің қазіргі көр­сет­кіштері мен экспорт көле­мін ұл­ғай­ту жөнінде есеп берілді. Соны­мен қатар 1951 жылы іргесі қалан­ған кәсіп­орын – «Қазфосфат» жауап­керші­лігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескен­діров 2016 жылы жүр­гізіл­ген зауытты қайта жабдықтау жұмыс­тары өндіріс көле­мін екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Жыл басынан бері зауыт 29,1 мил­лиард теңгенің өнімін өндірген. Оның 24 мың тоннасы азот тыңайтқышы болса, 122 мың тоннаға жуығы – фосфор тыңайтқышы.

Өнім ішкі нарықты толық қамтамасыз ете отырып, Америка Құрама Штаттары, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей сияқты елдерге экспортталады. Бүгінгі таңда аталған кәсіпорында барлығы мың­нан астам адам жұмыс істейтін болса, оның 344-і әйел адам. Мұндағы орташа жалақы мөлшері 148 мың теңгеден асады. Айта кетейік, еліміз бойынша Жамбыл облысы химия саласының дамыған ай­мағының бірінен саналады. Өңірдің химия өнеркәсібін дамыту саласындағы әлеуеті жоғары. Химия саласы өңірдің бүкіл өнеркәсіп өндірісінің 20 пайыздан астамын құрайды. Қазіргі кезде аймақта заманауи химия кластерін құру жөнінде жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар Қаратау және Жаңатас қалаларындағы жобаларды, «Химпарк-Тараз» арнайы экономикалық аймағын іске қосу арқылы облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемін едәуір арттыру шаралары қолға алынған.

– Бұл – химия өнеркәсібінде, соның ішінде сары фосфор өндіруге маман­данған халықаралық деңгейдегі жетек­ші кәсіпорын. Халықаралық нарықтар­ға өз тауарларыңызбен шығуға осы ар­тық­шылықтарыңыз септігін тигізеді. Бәсе­келестікке қабілеттілікті одан әрі арттыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өңірге жұмыс сапары барысында Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ша­ңы­­рағына барды. Тараз қаласында аса қауіпті лаңкес қылмыскерді құрықтау бары­сында қаза тапқан батырдың жары мен балаларының жағдайымен танысқан Мемлекет басшысы олардың қажеттіліктеріне де көңіл бөлді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Ғазиз Байтасовтың ерен ерлігінің бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екендігін атап өтіп, батыр есімінің ел жадында әрдайым сақталатынын жет­кізді. Қазақстан Президентіне қызмет бары­сын­да ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Бай­тасов­тың құрметіне қойылған ескерт­кіш тақта, фотосуреттері, медаль­дары мен жеке заттары көрсетілді. Қаһар­ман­дықтың үлгісін көрсеткен Ғазиз Байтасовтың атына Тараз қаласында көше беріліп, тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылған болатын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі кезекте Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығына барды. Мұнда Мемлекет басшысы «Көне Тараз» кешенінің саябағы аумағынан ар­хео­логиялық қазба жұмыстары барысында табылған экспонаттармен танысты. Экс­по­наттар I – XIX ғасырлар аралығын қамтиды.

Аталған орталықта 20 гектар алқапта шолу мұнарасы, «Достық үйі» мен конгресс-холлы бар мәдени орталық, «Тараз саздары» стелласы, «Мыңбұлақ» саябағы, қазба жұмыстары барысында табылған экспонаттар қойылған музей орналасқан. «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы – Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ашылған маңызды нысанның бірі.

Аталған орталыққа өткен жылы 145 мың­нан астам турист келсе, үсті­міздегі жылдың бірін­ші тоқ­са­нында 16 мың келуші Тараз тарихымен танысқан.

Қасым-Жомарт Кемелұлы атал­ған орталыққа таяу «Шах­ристан» тарихи-мәдени кеше­нінде бой көтеретін нысандардың эскиз­дерімен де танысты. Прези­дентке «Шахристан» кешені аумағында алдағы уақытта көр­кемсурет галереясы, өлкетану му­зейі, көрме залы және руханият орталығы, арбат, қолөнер ше­­бер­ханасы, амфитеатр, соны­мен қатар көлемді сағат стелласы сияқ­ты нысандардың бой көтере­тін­дігі баяндалды. Олар­дың құ­ры­лыс жұмыстары биыл­ғы 25 ма­мырда басталып та кеткен.

– Көне Тараздың тарихы әлі де зерттеле береді. Бұл жұ­мыс­тарға тұрақ­ты қолдау көр­сетіледі. Бұл салада халық­ара­лық деңгейдегі мамандар көп. Бізге ун­ивер­ситеттерде туризм биз­несі бойынша мамандар әзір­леуді қолға алу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Арай Плаза» кешенінде арда­гер­­лер, зиялы қауым, азаматтық қоғам өкілдері және жастармен өткен жиын­ға қатысып, өңірдің білім беру, ден­сау­л­ық сақтау, т.б. маңызды салаларына тоқталды. Жамбыл облысында ат­қарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, өңірдің экономика­лық мүмкін­­дік­терін атап өтті, сон­дай-ақ түйіні тар­­қа­тыл­маған бірқатар мәселеге назар аудар­ды.

– Облыстағы орташа жалақы мөл­шері – 112 мың теңге. Бұл – елдегі ең төмен көрсеткіштің бірі. 1 маусымнан бастап табысы төмен бюджеттік сала қыз­мет­кер­лерінің жалақысы өсті. Өңір кәсіпорындары бұл бастама­дан шет қалмауы тиіс. Барлық дең­гей­дегі әкімдердің басты мін­деті жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты қызмет­пен қам­ту екенін ескертемін. Жұмыс орын­дарын ашуда бизнес­тің рөлі жоғары. Сондықтан жергі­лікті кәсіп­кер­лерді қолдауды жалғас­тыру қажет, – деді Мем­лекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өнер­кәсіптің мүмкіндігін толық пайдаланып, индустрияландыру жобаларын іске асыруда заманауи технологиялық өндіріске баса мән беру керектігіне тоқталды.

– Өңдеу өнеркәсібіне, әсіресе, химия кластеріне ірі инвестор­лар­ды тарту қажет. Үкімет пен әкімдікке осы мәсе­лені нақты­лау­ды тапсырамын. Бұл – эконо­ми­каның орнықты дамуына ық­пал етеді, еңбек өнімділігін арттырады. Өңірдегі өндірістің даму көзі «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы болуы қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өңір­дің ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы еңбек өнімділігінің төмен екенін айтты.

– Жергілікті әкімдік агросек­тор саласының мамандарымен тығыз жұмыс істеуі қажет. Об­лыста қант қызылшасы, жеміс және көкөніс дақылдарының кө­ле­мін көбейтуге мүмкіндік бар. Үкімет келесі жылдан бас­тап шетелден әкелінетін шикі құрақ қантына импорттық баж са­лығ­ын салу туралы шешім қа­был­дады. Осыған орай, облыс әкіміне қант қызылшасы мен жеміс-көкөніс дақылдарының егіс ­көлемін ұлғайтып, өңдеу кәсіп­орындарының қуатын арттыруды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті өңірде туристерді қызықтыратын тарихи орындар баршылық екенін атап өтіп, туризмді дамыту қа­жет­­тігін атап көрсетті.

– Аймақтың туристік әлеуетін арт­­­ты­рып, инвестиция тарту үшін жүйелі шаралар қабыл­дау қ­а­­жет. Бұл бағытта шетел­дік озық тәжірибелерді ескерген жөн. Үкімет туризмді дамытуға ар­­­нал­­­ған мемлекеттік бағдарлама да­­­йын­­дауда. Жамбыл облысы тари­хи көрнекті орындарға өте бай. Өңірдегі Айша Бибі және Қара­хан кесенелері, Жайсаң кие­лі жері, Көксай шатқалы және бас­қа да тарихи орындар – хал­қы­мыз үшін ортақ мәдени құнды­лық­­тар. Үкімет пен әкімдік бұл са­ла­­ны бірлесе дамытуға күш салуы керек. Оған облыстың ре­сурс­­та­ры жет­кі­лікті, – деді Мем­лекет басшысы.

Аймақтар арасындағы алшақ­­тық­ты азайту қажеттігін айт­қан Қа­зақ­стан Президенті Жамбыл об­­­­лы­сындағы шағын қалаларды да­­мы­ту туралы ойын ортаға салды.

– Моно және шағын қалалар – өз алдына бөлек мәселе. Жаңа­тас, Қаратау секілді шағын қала­лардың әлеуметтік, көлік және инженерлік инфра­құрылы­мын дамытамыз. Бұл шаралар, ең ал­дымен, халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін жасалып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлық мәселесіне де тоқталды.

– Жемқорлықты түбегейлі жой­­ғанша күресеміз. Әкімдерге ерек­­ше жауапкершілік жүкте­леді. Ел экономикасының дамуы және ха­лықтың әл-ауқатының артуы осыған тікелей байланыс­ты. Жем­қ­орлықпен күрес – ме­нің Пре­­з­идент ретінде негізгі мақсат­та­рымның бірі. Бұл іске аймақ өкілд­ері белсене араласуы керек, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев аудандық, ауылдық елді мекен­дердегі жолдарды жақ­сар­туды, білім беру нысандарын көп­теп салу­ды, сол арқылы үш ауысымды және апатты жағдай­да­ғы мек­тептер мәселесін реттеуді тап­­­сырды. Сонымен қатар Мем­лекет басшысы жастарға әр­қашан қолдау көрсетілетінін және бі­лік­ті мамандардың шығар­ма­шы­лық­та, қызметтік сатыда өсуі үшін кедергі болмауы керектігін айтты.

– Әкімдіктердің жанындағы Жастар кеңесі олардың қызмет бабында өсуіне қажетті баспал­дақ болуы тиіс. Біз мемлекеттік қызметте ғана емес, білім мен ғы­­лым, мәдениет пен спорт, биз­­нес және басқа да салаларда дарын­дардың дара шығуын қол­даймыз. «Жас кәсіпкер» бағ­дар­ламасы аясында жастардың бизнес бастамалары мен стартаптары қол­дау табады, – деді Қазақстан Пре­зиденті.

Сонымен қатар құқық қор­ғау органдарының жұмысын кү­шейту қажеттігін ескертіп, өңір­дегі мал ұрлығы мен есірткі саудасына тосқауыл қою керектігін атап өтті.

– Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды қор­ғауымыз қажет. Заңды қатай­тып, қылмыскерлерді сыбай­лас­тарымен қосып, қатаң жазалау керек. Сондықтан әкім­дік­тер мен жергілікті полиция барымтаға қарсы шұғыл шара­лар қабылдауы тиіс. Қыл­мыс­тық кодекске тиісті өзгер­тул­ер енгізу қажет. Есірткі қыл­мысы­ның ушығуы – бүкіл қо­ғамды алаңдатқан өзекті мә­се­ленің бірі. Өкінішке қарай, қазір­гі озық технология дамыған за­манда «есірткі бизнесінің» дәу­рені жүріп тұр. Бұл, ең алдымен, жастардың санасын және ден­саулығын улайтын кесел. Мұны тоқтату қажет! – деді Мем­лекет басшысы.

Президентпен кездесу ке­зінде Жамбыл облыстық мәсли­хатының депутаты Мей­рам­бек Төлепберген еңбек қауіп­сіз­ді­гін сақтау туралы айтса, кә­сіп­­кер Анар Бексұлтанова І және ІІ топтағы мүмкіндігі шек­теу­­лі азаматтарға несие беріл­мей­­тіні туралы мәселе көтерді. Соны­мен қатар Байзақ ауданы Ғ.Мұ­рат­баев атындағы гимназия­ның биология пәнінің мұғалімі Ев­гений Кравчук, «Біз біргеміз» во­лон­терлар қозғалысының төр­аға­сы Уәлихан Болатбек мем­ле­кет­тің жастарға жасап отыр­ған қам­­қорлығы жөнінде әңгі­мелесе, Тараз инновациялық-гума­нитар­лық уни­верситетінің рек­торы Ер­болат Саурықов ғылым саласын іл­гері­лету туралы ойымен бөлісті.

Өз сөзінде Қазақстан Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев жа­рыссөзге шыққан азамат­тар­дың ұсы­нысы орынды екенін, тиіс­ті мәселелер бойынша Үкі­ме­тке тапсырма берілетінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев кез­десу соңында дәрігер, мұға­лім және кәсіпкерлерді Алғыс хат­тар­мен марапаттады. Марапат­­талғандар: Мойынқұм аудандық ауруханасының бас дәрігері Ж.Айтишев, «Кнауф-гипс Тараз» ЖШС директоры М.Бекназаров, «Jasau Taraz» жеке кәсіпкерлігі­нің басшысы А.Бексұлтанова, об­лыс­тық дарынды балаларға ар­нал­ған мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұға­лімі П.Озықбаева және «Агроспецстрой» ЖШС бас директоры М.Рахымбердиев.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс са­­п­ары­ның соңында «Әулие ата» халық­аралық әуежайына барды. Мем­лекет басшысына Жам­был об­лы­­сының орталы­ғын­дағы ха­­­лы­қ­­аралық әуежайдың елі­міз­­дегі жа­ңа, қазіргі заманға сай әуе айлақ­тардың бірі екені баян­далды.

Қазақстан Президентіне әуе­жайдың әлеуеті артып, жаңа­­дан халықаралық және аймақ­тық бағыттар ашу жоспарланып жат­қаны жайлы мәлімет берілді. 250-ге жуық қызметкер жұмыс істейтін әуежай былтыр 63 мыңнан астам жолаушыға қыз­­мет көрсеткен.


Жамбыл облысы