Тарих • 10 Маусым, 2019

Ахаңның тырнақалды мақаласы

921 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шең­берінде А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік уни­верситеті «А.Байтұрсынұлы ізімен: Орынбор кезеңі» атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырып, ұлы тұлға бас-аяғы 20 жылдай тұрған Орынбор шаһарына сапар шегу мүмкіндігі туды. Бағдарлама басталғаннан ойға алынған ша­р­уа биыл сәуір айында университет ректоры Алма Досжанова ханымның қолдауымен жүзеге асты.

Ахаңның тырнақалды мақаласы

Қазақстанның тұңғыш астанасы Орынборға бет алған сапарда Ахмет Байтұрсынұлына қа­тысты архивтік деректермен тұшына танысу жоспарда болған еді. Көп жылдан бері құлағымыз қаныққан, сондай-ақ бұрын-соңды белгісіз болып келген тың деректердің түп­нұсқасымен танысу сәті түсті. Алаш ардақтысының қаламынан туып, 1895 жылы «Тургайская га­зета» басылымының №39 санында жарияланған «Киргизские приметы и пословицы» атты тырнақалды мақаласының (әзірге белгілі) түпнұсқасы көзімізге оттай басылды. Ахметтанушылар еңбектерінен бұл мақаланың атына қанық болсақ та, оның толық түпнұсқасын қолға ұстағандағы танымдық әсері де ерекше болды, зерделеп көрдік.

 «Тургайская газета» – Торғай облысының «Тургайские ведомости» газетінің жексенбілік қосымшасы. Мұнда қазақ фольклорына, этнографиясына, тарихына қатысты деректер мен танымдық мақалалар тұрақты жарияланып тұрды. «Тургайские ведомости» басылымына­ ал­ғашқыда Торғай облысы басқар­масының бөгде жұрттар мәселесі туралы кеңесшісі И.И.Крафт ре­дакторлық еткен. Газет 1895 жылдың №25 санында да­ла­лық өлкелерде тұратын өз тіл­шілеріне қазақ арасынан ауа райы туралы болжам сөздерді жа­зып алып түпнұсқада немесе орыс тіліне аударып жіберуін сұ­райды. Газеттің бұл бастамасына Ахмет Байтұрсынұлы үн қатып, қазақтың күн райына қа­тысты айтылатын 36 түрлі болжам сөзін басылымға жолдайды. Бұл орайда біз орыстың «примета» сөзін «ырым» деп қате аударып жүрген сияқтымыз. Ырым – қазақтың ғұрыптық фоль­кло­рымен тығыз байланысты ұғым. Ол сөздер ғұрыпты атқару үр­дісінен туғандықтан, белгілі бір іс-әрекеттерге бағынады. Оның ғұрыптан іргесі ажыра­са, мән-мағынасы азаяды. Сон­­­дық­тан А.Байтұрсынұлының «Кир­гизские приметы и послови­цы»­ атты мақаласының толық маз­­­мұнына зер сала отырып, «Қа­зақтың болжам сөздері мен ма­­қал­дары» деп таныған жөн секілді.

Ахмет аталған мақалада қа­зақ мақалдарын қоса талдаған­дықтан оны «Киргизкие приметы и пословицы» деп атаған. Өйт­кені ол кейбір ауа райы тура­лы болжамдарды сөз еткенде, оған қатысты қазақтың мақал-мәтел­дерін тілге тиек ете отырып, қазақ танымының оқырманға тү­сінікті, тұшымды болу жағын да­ ойлаған. Мақала болжамдық сөз шеңберінен шығып, оның іргесі кеңейген. Айталық, №4, 5 бол­жам сөздерде қазақтың ауа райына қатысты айтқан бірнеше мақал кел­тіріледі.

Ахаң келтірген мақаласынан құла­ғымызға сіңген мақал-мәтел­дердің өзгеше нұсқасы да бар екенін аңғарамыз. Мысалы, қазір айтылып жүрген «Күн қораланса, күрегіңді сайла, Ай қораланса, айырыңды сайла» деген мәтел ХІХ ғасырдың соңында «Күн қо­раланса, күрегіңді сайла, ай қораланса арысыңды сайла» деп айтылып, мұндағы «арыс» деген сөз түйе жануарына қатысты ай­тылғанын бағамдаймыз. Бұл тұр­ғыда автор былай деп баяндай­ды: «Если появляется солнечный круг, то запасайся лопатами; ес­ли появляется лунный круг, то запасайся верблюдами». Это зна­чит, что круг солнца предвращает глубокий снег, из под которого придется лопатами до­­­­бы­вать корм для скота; круг же­ луны предвращает суровую зи­му, когда приходится искать другой местности, где зима для скота благоприятные». Бүгінгі та­нымымызда «арыс» сөзі «ті­рек, ардақты» деген мағынада қол­­данылады. Дегенмен, түйе шаруашылығымен айналысатын Маңғыстау өңірінде «арыс» сөзі көшті бастайтын түйеге қа­­­­­­тысты қолданылады. Көрші қарақалпақ халқында «арыс» – арбаның тертегі. Қалай болғанда да, «арыс» – көшпелі тірліктен ту­ған ауыспалы мағынада қолда­ны­­латын сөз.

№5 болжам сөзде Ахаң «Ер­теңгілік күн құлақтанса, еліңді жау шапқандай қорық, кешке күн құлақтанса, келінің ұл тапқандай қуан» деген мақалды келтіре оты­рып, малының жағдайын күйт­теген қазақтың табиғатпен етене жақын болғанын, оның қас-қабағын бағып отырған тір­шілігінен хабардар етеді. Осы ма­қалдан таңның атуынан күннің райын бақылаған шаруаның қам-қарекеті, тіршіліктегі қайғы-қуа­нышы көз алдыңа келеді. Ахаң оған: «поговорка эта вполне спра­ведлива, потому что скот сос­тавляет главное средство к существованию киргизов и неблагоприятная погода для скота наводит на киргиза-скотовода такой же страх, как от нападения врагов; наоборот, теплая погода, как более благоприятная для скота, радует киргиза как рождение внука» деп түсініктеме береді.

Мақалада ай-жұлдыздың қоз­ғалысын бақылаған қазақтың ас­трономиялық есебінен, та­ным-түсінігінен хабар беретін деректер бар. Мысалы, автор халқымыз Үркер шоқ жұл­­­ды­зының Аймен тоғысы кезін­де олардың орналасу арақашық­тығына мән беріп, соған қарай ал­дағы айдың ауа райын болжай­тындығын жазады. Егер Үркер мен Ай жақын орналасса, олар­дың арасында бейбіт, мамыражай жағдай орын алып тұр, демек ай жайлы өтуі тиіс деп бол­жанады («Если при этом звезды «уръкерь» и луна стоят близко друг к другу, то, значит, между ними царит мир, и месяц этот должен пройти спокойно»). Ал олардың арасы алыс ор­­наласса, керісінше болатыны сөзсіз. Осыдан біздер сөз қол­данысымыздағы «жұлдызы қар­сы» деген тіркес қазақтың астрономиялық түсінігінен туын­дағанын бағамдай аламыз.

Автор қазақ есепшілері көк жүзінде Үркер мен Ай жыл тәу­лігінде 10 рет тоғысатынын жазады. Бұл тұрғыда ол: «такое рас­положение звезд, называемое киргизами «тогыс», бывает в году 10 раз: с 21 июля, 19 августа, 17 сентября, 15 октября, 13­­ ноября, 11 декабря, 9 января,­ 7 февраля, 5 и 3 апреля. 1-го же мая звезды исчезают и до 10 июля их не видать» деп жазады. Аталған он «тоғыстың» қа­­зақ арасында сақталған тілдік бел­­гілері бар. Айталық, «Үркер ту­са таң ұзарады» (көктем айлары), «Үркер көтерілсе, бидай бас тартады» (шілде), «Үркер туса, қошқар басын көтереді» (қыркүйек айы) деген мақалдар сол тоғыстардың сипаты екені анық.

Түйіндей келгенде, Ахмет ата­­мыздың алғашқы мақала­сы­нан қазақ танымына қатысты көп­теген ой түюге болады. Біздің шолуымыз мақала түпнұсқасын қолға ұстағандағы алғашқы әсер ғана. Қалғаны зерттеушілердің ен­шісінде.

 

Алмасбек ӘБСАДЫҚ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

ҚОСТАНАЙ