Экономика • 11 Маусым, 2019

Көктемгі егіс сәтті аяқталды

452 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда барлық өңірлер егіс науқанын аяқтады. Науқан кезінде жанар-жағармаймен, тұқыммен және тыңайтқыштармен қамтамасыз етуде еш мәселе туындаған жоқ. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров айтты.

Көктемгі егіс сәтті аяқталды
Биыл көктемгі егістік алқабы 19 млн гектарды құрады, оның ішінде дәнді дақылдар – 14,5 млн гектар, майлы дақылдар – 2,7 млн, көкөніс пен бақша және картоп – 458,3 мың, жемдік дақылдар – 1,2 млн, өнеркәсіптік дақылдар (қант қызылшасы, мақта, темекі) 144 мың гектар болды.

Ағымдағы егін егу науқанын жүргізу үшін шамамен 2,5 млн тон­на тұқым егіліп, 471,4 мың тон­на тыңайтқыштар салу жос­пар­­ланған. Әртараптандыру шең­бе­рінде астық дақылдарының (ар­па, сұлы, бұршақ және ноқат, би­дай үшін жүгері), көкөністер мен қауындар, картоп және жем-шөп да­қыл­дары егілетін алқаптар кеңейтілді.

Бірінші вице-министр өндіріс­ті әртараптандыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп «Солтүстік соя» бағдарламасының әзірлен­генін хабарлады. Бағдарлама сол­түс­тік өңірлерде соя өнімдерін өн­­діруде ауыл шаруашылығы тауар­­ларын өндірушілерге көмек көр­сетуге бағытталған. Сол­түс­тік Қазақстан облысында ағым­дағы егіс науқаны аясында 14 мың гектар егілді. Жал­пы ал­ған­­да, «Солтүстік соя» бағдар­л­а­­­ма­­сын іске асыру 5 жылда 1,5 млн гектарға дейін соя өсіру алаң­­дарын ұлғайтуға, кірісін гек­та­ры­на 30 центнерге дейін арт­ты­руға, жал­пы өнімді 3,2 млн тон­наға де­йін өңдеуге арналған жаб­дық­тар­ды және экспортты ұл­ғай­туға мүм­кіндік береді, бұл өз ке­зе­гін­де өнім­дер экспортын арттырып, жұ­мыс орындарының санын көбей­тіп, өнімділікке ық­палын тигізеді.

«Проблемалары бар агрохолдингтер бойынша көктемгі егіс жұмыстарының жүргізілуі туралы жекелей айта кеткен жөн. Тиісті жұмыстар атқарылды, агрохолдингтердің 1,6 млн гектар көлеміндегі егіс алқабына егін салу бойынша жоспарланған ша­ра­лар орындалды, жалақы және салық бойынша мәселелер ше­шілді. Биыл күзде үлескерлер өз­дері­нің дивидендтерін алады», деп нақтылады Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі.

Биыл егіс науқанына 147 мың трак­тор, 4 мың жоғары өнімді егіс кешендері, 79,5 мың соқа, 249 мың жер өңдеуге арналған қондырғы пайдаланылды. Бұл өт­кен жылғы ауылшаруашылық тех­никалар паркінен 300 егіс ке­шені және 4 мың тракторға ар­тық. Сонымен қатар наурыз-мау­сым айларында егін егуге 380 мың тонна дизель отыны бөлінді (2018 жылы – 375 мың тонна). Қа­зір­гі уақытта облыстарда 334,5 мың тонна (88%) отын пайдаланылды.

Айдарбек Сапаров атап өткендей, Қазақстанда отандық машина жасау саласына көңіл бөлінуде. «Жақында Премьер-Министр А.Маминнің Мәскеуге сапары кезінде РФ Премьер-Ми­нистрі Д.Медведевпен бірге ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстанда К-744 комбайндарын жинау туралы келісімге қол жеткізілді. Қостанайда комбайндар, Көкшетауда КамАЗ-дар құрастырылатын болады. Бізде құрастырылатын техникаға 25% субсидия ұсынылады. Қосымша тағы 10% жергілікті бюджеттен берілуі мүмкін», деді А. Сапаров.

«ҚазАгро» ҰБХ АҚ басқару­шы директоры Асылхан Джу­вашев ауыл шаруашылығы техни­ка­сы­ның лизингін қаржыландыру тетігі туралы айтып берді. «Жыл сайын техниканы 6%-ға дейін жа­­ңарту қажет. Бүгінгі таңда тех­­ника жылына 1,5-2%-ға жа­ңар­­тылады. Осыған байланыс­ты «ҚазАгроҚаржы» белсенді жұ­­мыс жүргізіп жатыр», деді А.Джувашев.

Қазіргі кезде Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасын енгізуі арқылы сыйақы мөлшерлемесін жылына 4-6%-ға дейін тиімді төмендету мүм­кіндігі пайда болды. Нәти­же­сін­де, тапсырыс көлемі өткен жылғы тапсырыс көлемінен 1,5 есеге артты.

«Бүгінгі таңда техника ли­зингіне 50 млрд теңгеден ас­там қаржы мақұлданды, бұл рет­те жылдық жоспар 65 млрд тең­гені құрайды. Қажеттілік өте жоғары, біз осы субсидиялау бағ­дар­ла­масын енгізу арқылы қаржы­лан­дыру көлемін бірнеше есе арттыруды көздеп отырмыз», деді ол.