Руханият • 20 Маусым, 2019

Өтімді сөз өлеңмен өрнектеледі

593 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл ғасырда сөздің қадірін біліп, оның өнер тұрғысындағы орнын аспандатып отырмыз десем, сіз маған мысқылмен ғана қарар едіңіз. Асылында, сөз өзіне берілетін анықтама секілді қарым-қатынас құралы һәм дами беретін тірі ағза.

Өтімді сөз өлеңмен өрнектеледі

Журналист ретінде генетиктен сұхбат алдық. Ол қазақтың геніне қатысты әдемі әңгіме айтып берді. Әркім дүниеге өзіндегі көзбен қарайды ғой. Мен үшін қазақтың ұлттық коды – өлең. Енді қадір-халімізше осы айтқандарымызды пат­шакөңіл оқырманға дәлелдеп беруге тырысып көрелік. Ең алдымен халықтың барлығы әдебиетсүйер болуы мүмкін емес. Өлеңді әркім өз деңгейін­де түсінеді. Поэзияның поэти­калық талабының қандай дең­гейге жеткендігі туралы ой­ланатындар саны аз және бұл аз көрсеткіш әдебиеттің дамуына тосқауыл бола алмайды. Ендеше өлең қалай ұлттық код бола алмақшы? Ұлт деген ол тұтас әрі жалпы ұғым емес пе?! Оның кодын анықтауға өлеңнің қаншалықты қатысы бар?

Тіпті қазақтың дүниеге де­ген көзқарасын өлеңмен өз­­гертіп жіберуге болады. Бұл халық өлеңге қатталған ой­­ды арғы кодтық танымда Құ­дайдың өзі жіберді деп қа­был­дайды. Рас, бұл сөзді біз де ұлттық кодты дәлелдеу үшін астамшылықпен айтып жіберіп отырған жоқпыз. Қазақтың магиялық фольклорына көз жүгіртіп қарайтын болсақ, арбау, жалбарыну, қарғыс, ант, серт, барлығы да өлеңмен бері­леді. Қазақтық бақсылық ұғы­мына әлемдік этнография мен фольклортануда «шамандық» деген термин пай­даланады. Ал өзімізше біз оны бақсы са­­рыны деп қарастырамыз. Сарын демекші, олар да ем-домын, жоралғысын өлеңдетіп жүріп жасайтын болған. Аңға шыққан мергеннің сөзі, жа­уын сұрағандағы тасаттық бе­рушінің сөздері, ең аяғы дас­тарқандағы батада да өлең бар емес пе?

Басқа да деректі, дерексіз ұғымдар секілді сөздің де асы­­лы мен жасығы болады. Біз­дің жоғарыда поэтикалық талап деп отырғанымыз да сондықтан. Сөздің көркемі мен асылы бар.

Мифологтар қазақ таны­мындағы кие, обал мен сауап мотивінің астасып жат­қан­дығына қайран қалады. Ал бұл үш таған қазақтың та­биғатқа деген таным биігін аң­ғартады. Осы үш қана сөздің тө­ңірегінен көшпелі рухтың ұстанымдары, коды айқындала бастайды. Данышпан Абай «Өлең – сөздің патшасы» де­генді ұшқыр қиялының же­місі ретінде айта салмаған. Пат­шаны бір көруге, оның сөз-сертіне тоқтауға әркім де бейілді. Сондықтан сөз патшасына ұқсайтын ұйқасты, тұрпаты өлеңге ұқсайтын сөз көрсе, таңырқануға шақ тұра­тын қазақ әлі де көп.

Бізді отарлауға, жаулауға, өзге ағымға жетелеуге келген­нің барлығы осы бір жанды жерімізді жақсы біледі. Біл­мейтін, мән бермейтін тек өзі­міз ғана секілдіміз.

 

Айнұр ТӨЛЕУ,

әдебиеттанушы