Қоғам • 21 Маусым, 2019

Қоғам мен мемлекеттің мүддесіне қызмет етеді

1049 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызметтің миссиясы – халыққа адал қызмет ету және еліміздің ұлттық мүддесін тиімді қорғай білу. Мемлекеттік қызметші атану – адамның кәсіби білімді, жауапкершілігі мол әрі білікті маман болуын талап етеді. Және ең бастысы өзгеге үлгі бола білуі қажет. Осындай айтулы мереке мемлекеттік қызметшінің беделін нығайтуға және патриоттық сезімін арттыруға ықпал етері сөзсіз.

Қоғам мен мемлекеттің мүддесіне қызмет етеді

Елімізде азаматтар мен ұйымдарға 98 мыңға жуық мемлекеттік қызметші қызмет көрсетеді. Оның ішінде 4 мыңы Нұр-Сұлтан қаласында еңбек етеді. Бір қызықты жайт, 90-жылдары жастар бизнес­ке ұмтылған болса, келесі онжылдықта бұл вектор ауы­сып, жастар өз болашағын күш құрылымдарындағы жұмыспен байланыстырды. Енді, міне, жаңа онжылдықта мемлекеттік қызметке келгісі келетін жастардың саны артып келеді. Себебі мемлекеттік қызмет – тұрақтылық, қазіргі дағдарыстардың толқын­да­рында нық сенімділіктің кепілі.

Болашақта ел тізгінін ұс­тай­­тын азаматтар – бүгінгі жастар. Мұның бірден-бір дәлелі – Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мемлекеттік қыз­мет­­шілердің 36%-ы 29 жасқа дейінгі жастар. Олардың саны ғана емес, сапасы да өсіп жатыр. Яғни, білімді, ал­ғыр, бәсекеге қабілетті жас­тардың қатары артты. Қазіргі таңда елордада 19 қызметкер «Болашақ» бағ­дар­ламасының түлегі, 30 қызметкер Қазақстан Пре­зиденті жанындағы Мем­ле­кеттік басқару академия­сын бітірген. Біздің департаментте де білімдерін жетіл­діруге құштар жас қыз­мет­кер­лер көбейіп келе жат­қа­нын мақтанып айтуға бола­ды. Биылдың өзінде екі мама­ны­мыз мұхит асып, Аме­ри­­ка Құрама Штаттарына «Болашақ» бағдарламасымен оқу­ға аттанды.

Жыл басынан бастап тө­мен­гі 45 лауазымға конкурс жарияланып, 518 азамат қатысуға ниет білдірді. Яғни, 1 орынға 12 азаматтан келіп тұр. Бұл мемлекеттік қызметке деген сұраныстың артқанын көрсетеді.

Заңсыз кадрлық шешім­дерді болдырмау үшін меритократия қағидаты енгізілді. Ол адамның қоғамдағы орны әлеу­меттік жағдайымен емес, оның қабілеттерімен және сіңірген еңбегімен анық­та­латын жүйені сипаттайды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің өзінде меритократия қағидаты бойынша атқарған жұмысының тиім­ділігі негізінде мансап жолында төменгі лауазымнан басшы лауазымға дейін көтерілген Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасарын, Есіл, Сарыарқа аудандары әкімдіктерінің қызметкерлерін атап өтуге болады.

Бүгінде елордада мемле­кет­тік қызметке орналасу бойынша жүргізіліп жатқан конкурстарда 100 пайыз бақы­лау­шылар қатысып, олардың объективті өтуін қамта­ма­сыз етіп отыр. Мемле­кет­тік қызметке жаңадан келген қыз­меткерге жаңа жұмыс орнында, бейтаныс ортада, өзіне қойылған талаптар мен міндеттерді бірден кірісіп, қарқынды алып кету оңай болмайтындығы белгілі. Сондықтан алғашқы уақытта мемлекеттік қызметтің қыр-сырын үйрететін, тиісті көмек көрсететін тәлімгер институты мемлекеттік қызмет жүйесіне енгізіліп, өзінің оң нәтижелерін беруде. Бұл тұрғыда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жергілікті атқарушы органдар белсенді жұмыстар жүргізіп, тәжірибелері мол мемлекеттік қызметшілер қыз­метке алғаш келген аза­мат­тарға бағыт-бағдар беріп отыр.

Тəжірибе алмасу жəне кəсіби біліктілікті арттыру мақсатында мемлекеттік қыз­метшілердің квази­мем­­ле­кеттік секторда тағы­лы­м­да­мадан өтуі ұйым­дас­тырылып келеді. Жалпы, тәжірибе алмасу маманның кәсіби деңгейін арттыруға көмектеседі, бұл – тек қызметкер үшін ғана емес, мемлекеттік орган үшін де өте маңызды. Жыл басынан Нұр-Сұлтан қаласы бойынша квазимемлекеттік секторда 22 мемлекеттік қызметкер тағылымдамадан өтті.

Қазақстанда əлемдік тəжірибеге негізделсе де, айрықша белгілері мен құрылымы бар мемлекеттік қызметтің өзіндік моделі жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте факторлық-балдық шкала негізінде түбегейлі жаңа еңбекақы төлеудің қанатқақты жүйесінің жасалуын атап өту керек. Тиімді әрі нәтижелі жұмыс үшін әділ сыйақы беруге бағытталған жүйе қазіргі күні оң нәтижесін көрсетуде.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі тұрғындар үшін қолайлы қаланы қалыптастыру және мемлекеттік басқарудың ашық­тығын қамтамасыз ету бағы­тында ауқымды жұ­мыстар атқарып жатыр. Атап айтқанда, Елбасының мемлекеттік басқарудың тиімді тетігін құру жөнінде берген тапсырмасын орындау үшін құрылымдық бөлімшелерге мұқият функционалдық талдау жүргізілді. Соның нәтижесінде әкімдікте трансформация жүргізіліп, бизнес-процестерді оңтайландыру және мемлекеттік қызметті цифрландыру шаралары қабылданды. Тек соңғы 10 жылда елорда тұрғындарының саны 2 есеге көбейіп, ал әкімдіктің штаттық саны 10%-ға қысқарды. Трансформация нәтижесінде әкімшілік персоналды қысқарту арқылы негізгі лауазымдар 2 есеге көбейтіліп, басқарма саны 24-тен 17-ге оңтайландырылды, басшы лауазымдардың қысқару нәтижесінен 151 млн теңге үнемделді. Бүгінгі таңда негізгі функцияларды – 80% қызметкер, ал әкімшілік функцияларды 20% қызметкер орындауда. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің трансформациялау жүйесі сәтті іске асырылып, басқа да өңірлерге үлгі ретінде таратылуда.

Сонымен қатар «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында «iQala» қалалық қызметтер орталығы ашылды. Орталық – қала тұр­ғындары мен билік өкіл­де­рінің арасындағы қарым-қатынастың жаңа форматы. Атқарушы органдар мен коммуналдық және муници­пал­дық қызметтердің, кә­сіп­керлікті дамыту және қолдау институттарының қыз­меттерін бір жерге тоғыс­ты­рып, тұрғындарға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетеді. «iQala» жұмысының нәтижесі – елор­да­лық ұйымдар ұсынатын қызметтердің тиімділігін арт­тыру, қызметтер алуды жеңілдету, тұтынушыға бағ­дарланған процестердің ашық­тығын қамтамасыз ету.

Қазақтың ұлы жазушы­сы Мұхтар Әуезовтің «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт бар. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек» дегеніндей, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі олардың жұртшылық алдын­да­ғы мемлекеттік басқару орган­дарының имиджін анық­тайтын мінсіз мінез-құлық­тарымен қатар жүруі керек. Мемлекеттік қызметті дамыту бойынша жұмыстар жалғаса береді. Мемлекеттік органдардың қажырлы еңбегі, мемлекеттік аппараттың ашықтығы елдің дамуына зор әсер етеді.

 

Жазира ЖЫЛҚЫШИЕВА,

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы